Vargas Llosa. Мұзтаудың табиғаты

a7627dc4408094a6005ecd9ae79487c4.jpg (800×697)

«Жас прозаикке жазған хаттар» — Перу -Испан жазушысы М.Варгас Льосаның жазушылыққа қызығатын жастарға арнап хат үлгісінде жазған шығармасы. Автор бұл еңбегінде прозаны өнердің биік деңгейінен ала отырып түрлі жақтан ақтара жазған. Жазушылықтың атақ пен мал жиятын қолданбалы дүние емес, рухтың тереңінен бастау алатын асау өнер екенін сипаттап беруге тырысқан. Жазушы бұл еңбегінде әсіресе өткен ғасырда үздік жетістіктерімен көзге түскен модернистік романдарға көптеп тоқталып, келешек прозаның бағытынан өзіндік ой қорытады. Кітаптың соңында “Әдебиетке құштар жас досым, сенен тілейтінім менің хатымда айтқан әлгі көп үлгілердің бәрін де санаңнан шығарып таста, тағы айтарым дайындықсыз бірден роман жазуға әсте кірісе көрме” деп кеңес береді. Төменде оқырман қауымның назарына осы кітаптан үзінді ұсынып отырмыз.

Құрметті досым: Э.М.Хемингуэй: шығармашылықпен алғаш айналысқан кезімде, басыма бір ой келе қалды: жазып жатқан əңгімемнен əлде нені алып тастауға тиіс болдым. Кейін бұл тəсіл менің романымда да, əңгімелерімде де жиі кездесетін болды деген еді. Мынаны кесіп айтуымызға болады: Хемингуэийдің ең таңдаулы шығармаларында мəнісі терең өзгеше бір үнсіз тыныстау кездеседі, мұнда шебер жазушы өзінің тақырыбына қатысты біраз материалын əдейі тасаға сырып қояды, мұнысы басқа үшін емес, əлгі материалдардың себебінен елең еткен оқырманын онан ары өзіне тарта түсу үшін, ортада қалыптасқан бостықты əдейі оқырманына толықтату үшін солай істейді. Біз бұл тəсілді əзірше “материалды тасаға ұстай тұру” деп атай тұрайық. Бұған бір қыстыра кетеріміз, бұл əдісті Хемингуэй жеріне жете пайдаланғанымен (кей шығармасында жазушы бұл тəсілді шырқау шыңына жеткізгенін айта кетейін) ол Хемингуэйдің ғана меншігінде емес, қайта бағзы заманнан бүгінге жалғасқан прозаның еншісіне тəн дүние. Десе де, шындығын айтайық, осы заманғы шығармалардың ішінде бұл тəсілді «Теңіз бен шал» дағыдан артық қолдана алған ешкім жоқ. Хемингуэйдің тағы бір таңдаулы шығармасы бар, ол əңгіменің аты «Қанішерлер», бұл əңгімені сен оқып көрген боларсың? Бұл əңгімеден үлкен бір сұрақ туындайды: қолдарында тапаншасы бар екі сұмырай шеткері қыстақтың біріне орналасқан дəмханаға баса көктей кіреді де, жайғасып отырып алып, өздерінің кезекті құрбанын тосады, болар істен біртіндеп хабардар болған Жек Адамыс əлгі өлім қаупі төніп тұрған Шветтікке барып болған жағдайды хабарлайды, бірақ əлгі Шветтік бұның бəрін елең құрлы көрмегендей, сақшы шақырып бас сауғалап та жатпастан өзінің тағдырына үнсіз ғана қарсы жүреді. Əңгімені оқып болған біз өзімізге “неге?” – деген сұрақ қоямыз. Егер əлгінің бəрін жазушы бізге жіпке тізгендей қылып айтып берсе, біз одан не ұтып, неден ұтар едік? “Материалды тасада ұстау” немесе əлде нені жазбай ақ қалдыру сынды бұл баяндау тəсілін еріккенің ермегі немесе екінің бірінің қолынан келе беретін дүние деп қарасақ қатты қателесеміз. Баяндаушының əдейі əлде нені жазбай-ақ қалдырып тыныстаған шағы қашанда əңгіменің ең ұрымтал тұсымен тұстас келеді де, оқырманының жүйкесін бір сілкіп алады. Хемингуэй міне осы тəсілдің айтулы саңлағы. Оның жоғарыдағы «Қанішерлер» əңгімесі бұл тəсілдің жарқын үлгісіне жатады. Енді бір сөзбен айтқанда, əңгіме мұзтау сияқты, біз оның сегізден бір бөлегін көре аламыз да, сегізден жеті бөлегін тек қана қиялдаймыз. Үнсіздік пен тыныстауды баяндаудың орнына пайдаланып, оқырманын əңгіменің бар болмысына сүйреп кіргізетін бұл тəсіл жазушының белсенділігін қалайдан қалай оқырманның белсенділігіне айналдырып жібергенін кейде аңдамай да қаласың. Хемингуэйдің ең айтулы шығармасы «Күн де көтеріледі» (мен осы шығарманы жазушының ең үздік туындысы деп есептеймін) де жазушының материалды қалай пайдаланғанын есімізге алайықшы. Өзің де білесің, романда соғыстың салдарынан Бас кейіпкердің жыныс мүшесіне зақым келген. Бірақ романда бұл мəселе бірдебір жерде ауызға алынған емес; осы істің шындығы шығарма алға жылжыған сайын күшейе береді — мен мұны тіпті былай айтқым келеді: оқырман шығарманы оқи түскен сайын əлгі жағдай бас кейіпкердің басында болған сияқтана береді; шығармадағы осы ерекшелік əйел кейіпкердің сезімі мен сұлулығын тіптен шыңдап, нұрландыра түседі; егер осы “кедергі” болмағанда біз екі ғашықтың сыр мен сымбатқа толған махаббат шеруін бүгінгідей тамашалай алмас едік. А.Роберт Греллеттің «Қызғаныш» атты романында бұндай тəсілдің енді бір түрі ортаға шығады. Шығармада бас кейіпкердің сөзден тыс қалуы сəт сайын оның өзгеше тұрғыда өмір сүріп тұрғанын əйгілей түседі. А.Роберт Греллеттің басқа шығармалары сияқты бұл романда да жөні түзу сюжет немесе оқиға жоқ; ең кемінде дəстүрлі романдардағыдай оқиғаның басталуы, шиеленісуі, шарықтау дегендей тұстарды кезіктірмейсің. Оның есесіне бізге мүлде белгісіз жаңа үлгі ортаға шығады, шығарманың өріс алуымен оқырман ретінде біз өз қалауымызбен сюжет немесе əңгіме мəтінін құрап шығуға тіиіс боламыз. Енді бір сөзбен айтқанда, А.Роберт Греллет те шығармада материалды сұрыптап пайдаланудың өзіндік мəнерін тапқан. «Қызғаныштағы» ерекшелік бас кейіпкердің орны өгейсіген сайын оқырманың шығармаға ден қоюы соншалық қажет бола түседі. Бұны енді автордың саналы қадамы деп қарауымызға болады. Осы арқылы жазушы бізді: бастан аяқ бар екені шындық, бірақ көрінбейтін бұл кім? Кітаптың тақырыбы айтып тұрғандай ол əлде қызғанышқа бой алдырған еркек пе? Əйелдің қалт еткенін бағып тұрған, солайда өзінің бар екенін аңғартпайтын адам сірə кім болғаны? – деген сұрақтармен алға жетелейді. Кейде бұндай романдардың барлаушылық романдармен үндесіп кететін тұсы да бар. Олардың бəрі де белгілі мағынадан алғанда бір шумақ өлеңге ұқсаған тұнықтыққа талпынады. Осы заман романдарының ішінде өзіндегі материалды сұрыптау жағынан ерен жетістікке жеткен роман деп У.Фолкнердің «Қасиетті орда» романын атаумызға болады. Əңгіменің қызған тұсы үріп ауызға салғандай қыздың пəк тəнін дүлей біреу таптап кеткен тұстан басталады. Осы оқиғаға байланысты романның өн бойынан сыртқа серпілген қорқыныш, үрей, жауыздық сияқты тағы басқа да көзге көрінбейтін бірақ менмұндалап тұратын сезімдердің бəрі де ең əуелгі басы ашылмай қалған уақиға — романда айтылмаған қыздың қорлануы жағдайынан туындап жатады... Міне осылардың бəрі де шығармашылықтың өзіндік мəнерін іздеу жолындағы сəтті қадамдар.

Аударған Гүлнар Ақан.

Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті ©Білге - Мәдениет пен өнер сайты