Roza Mukanova. Өзің

 33389c110155a667f9b3d337c4fa282e.png (512×271)

                                            Әкім Таразиге 

Алабұртқан көңiлiң жаныңды жаншып, көше бойын кезiп келесiң. Мынау дүниенiң мазмұнсыз тiрлiгiнен баз кешiп мүжiлiп қалыпсың. Кездейсоқтықпен күн кешiп жүргенiңдi кiм бiлсiн, арлы-берлi толқыған көлденең жұртқа жаттай қарадың да кiдiрiп тұрып қалдың. Көктен түскендей осынша таңырқадың-ау. Қақшиып қалған сенi айналып өтiп жатыр басқа жұрт. Алақаныңмен бетiңдi бастың. Әлденеден қорқып тұрсың ба, саусақтарыңның арасынан жан-жағыңа сығалай қарайсың. Көз алдыңдағы лекiлдеп ағылған тобыр бiртiндеп жансыздана бастағандай. Ендi бiреулерi қатып-семiп, қыбырсыз қалған. Лезде қолыңды алып, аңтарыла, шошына көз салдың.

– Апыр-ау, жаңа ғана лек-легiмен өңмеңдей ағылған бұл жұрттың тасқа айналғаны қалай?

Көңiлiңдi алыстан сыңғырлай шыққан әлдекiмнiң дауысы бөлдi. Ойыңмен адасып тұрған Сен бақ iшiдегi бiр топ әйелге қарадың. Әлде жасанды, әлде кекесiн күлкi бiр үзiлiп, бiр жалғасты да әлгi топ кекiрейiп, кекжиiп қатты да қалды.

Айналаң жансызданып тас бейнелерге айналды. Сен сүйсiнiп тұрып күйiндiң, күйiнiп тұрып сүйсiндiң. Күйiнгенiң олар кәдiмгi, қарабайыр тобырдың өзi едi. Сен үнемi осы бiр ығы-жығы жұртты жансыз бейнелерге айналдыра салатынсың. Құлап қалса да, күлiп жатса да, алаңсыз отырса да Сен үшiн иесiз, тiлсiз сурет-тұғын. Мынау тiршiлiктiң қозғалысы Сен үшiн түп-түгел жансыз бейнелерге айналған. Сендегi сезiм мен қиял өрiлiп түсiп алдыңа кескiн жасайтын. Бәлкiм, санаңды сергiтпей, адымыңды аштырмай тұсап қойып, әлекке салатын осы сезiм үнемi жеңiлiске итермелеп отыратын болар. Өйткенi сен бақытсызсың. Ыржалақтап күлдiң.

– Репиндi айтам. Жаман шал... маған қадалып тұрып шаншылып айтқанын бiлемiсiң. «Сорлы бала-ай, мұны қайтiп жасағансың. Бұл дүниеге қайтiп барып жүрсiң. Мынауың ғажап қой, ғажап... О, сорлы бала...» – дедi. Осы шалдың не қырсығы бар екенiн қайдам. Талантты шәкiрттiң исiн сезсе-ақ «О, сорлы бала! О, сорлы бала!» – деп құлаш сермеп аянбай сөйлеп кететiн. Содан берi еш уақытта сорлы болмайтынымды, бақыт деген табанымның астында жататын нағыз таланттың өзi екенiмдi, Домье мен Руо, Утрйлло, Курбе, Пикассо сынды ұлылардың қатарынан құйрықты жұл-
дыздай жарқ етiп бiр-ақ шығатынымды мынау әңгүдiк шал қайдан бiлсiн. Бiлмек тұр ғой, сезбейдi-ей... Неге сезбейдi менiң кiм екенiмдi. Менiң... Мына менiң кiм екенiмдi...

Тежелiп қалдың. Қолыңды жоғары сермеп қанаттанып бара жатқаныңда дүлей ой санаңды бөлiп, сабаңа түсiрдi ме, тамағыңа әлдене қадалғандай. Түңiлiп, өкiнiшпен қолыңды сiлтеп, «Бекер! Бәрi бекер!» дегендей ишарат жасадың.

– Шал пайғамбар екен... – дедiң жұтынып. – Ұлылықты берген Құдай дарынсызға тәуелдi етедi. Қиялыммен көктi шарпып, ойыммен әлемдi кездiре алатын шебер Құдай жанымды тәнiме иелiк еткiзiп, табанымды жерге жапсырып қойды. Сосын, сорлы болмағанда...

Iшегiң қатып балаша мәз болдың.

– Жүр, екеумiз тамақтанып алайық.

Соңыңнан ерiп мен де жылжыдым. Үстiңдегi киiмiң әлем-жәлем, басыңа киген қалпағыңа құстың қауырсынын қыстырып қойыпсың. Мойныңа кәдiмгi шүберектен тiгiлген дорбаны асыпсың. Иә, шынында да көктен түскендейсiң. Айтпақшы, сен көктен келдiм деп жиi айтасың. Жаным – Көкте, Тәнiм – Жерде дейтiнсiң. Жұрт жапа-тармағай аңтарылып қарағанда риза болып, басыңды сәл иiп, мезiрет жасап тұрып:

– Мен ғой... Бұл мен... орталарыңда жүрген нағыз адам, – деп сәл ғана езу тарттың. Сәл кiдiрiп қалдың да, соңыңнан енжар ерiп келе жатқан маған көңiлiң толмай қарадың. Сенi осыншалық жек көрермiн бе? Ымдап, менiң тезiрек жүргенiмдi қалайсың. Ал дүйiм жұрт сенен көзiн алмайды. Әлдебiреуi қолын шошайтып: «Ананы қараңдар. Әпенде келе жатыр. Ойбай, қара! Жүрiсiн қара», – деп даңғырлай қарасты. Ендi бiрi жат адамның тiршiлiгiне қарап, паңдана көз тастайды. Өйткенi Сен бұл ортаға жат, түсiнiксiз едiң.

Төрт түлiгiң сай адамдай алшаңдап басып, шолақ шалбарыңды шолтаңдатып, көңiлiңнiң жүйрiктiгiне өзiң iлесе алмай мәз болып ұшып келесiң, құдай-ай...

Мен Сенi жек көрдiм. Бөлек болмысың өзгенiң езуiне күлкi салды. Оп-оңай сайқымазақ, әпенде, әумесер атандың. Бұл өзiң менсiнбейтiн, саған ештеңе үйрете алмайтын ақымақ тобыр болатын. Сол тобыр Сенiң төбең көрiнсе-ақ берекесi кiрiп, құнжыңдасып қалатын. Сенi өздерiнен әлдеқайда ақымақ, төмен санайтын. Сондықтан болар Сен «ақымақ» көрiнуге құштар едiң.

– Мен! Мен ғой... Сергей Иванович Калмыков! Жер бетiне Тәңiрдiң өзi сыйлаған ұлы пендесi. Танысып алыңыздар, өкiнбейсiздер... Дидарымды көргенiңiздiң өзi сiзге бақыт. Мынау алдыңызда тұрған өнер деген сұлу қатынның нақсүйер ғашығы – Сергей Иванович. – Сарнап тұрсың. Сенi ұйып тыңдап қалған бiрлi-екiлi жанға лезде тыйылып, үнсiз қадалып қалдың. Жанарыңа үрей толды. Көзiң жасаурап, жаныңды қоярға жер таппай алаңдап    барасың.

Көз алдыңдағы суретке жан бiтiп, сенiң соңыңнан тұра қуатындай, безектеп кеттiң. Қара терге түсiп, тағы жалт қарадың. Тобыр күлдi. Күлкiлерi осынша дарақы, осынша ойсыз болар ма? Саған тұра ұмтылғандай едi, қолдары жетпедi. Ұмтылысқа түскен ұзынды-қысқалы қолдар қалды санаңда. Әр түрлi тағдырдың сан түрлi жолын әкелдiң өмiрге. Өзiң бас иiп, құлы атанған өнерге Сен тағы да ешкiм мойындағысы келмейтiн табыс әкелдiң.

Жырақта қалған иесiз тоқал тамның есiгi ыңырсып әрең ашылды. Сенi iздеп келдiм. Қолың қолыңа тимей, көйлекшең қалпы жұмысқа кiрiсiп кетiпсiң. Сыз тартқан күңгiрт бөлмең өзiңе ханзаданың сарайындай, жүзiң бал-бұл жанады. Жанарың жарқ етiп маған қарадың.

– Қашан келгенсiң?.. Ендiгiде бұлай үн-түсiз отырма! Келге-
нiңдi бiлдiрiп қой. Мен кейде өзiм жалғыз екенмiн деп... – Мәз болып күлiп алдың. Иә, кейде күлмеуге болатын тұста да жын ұрғандай есiре күлетiнiң түсiнiксiз. Бiрақ тез тыйыласың.

– Берi жүр...

Әппақ жайманың бетiн аштың. Басым айналып көзiмдi жұмдым. Теңiз. Суретке жан бiткендей толқын атады. Сыбдыр-сыбдыр... сылдырап кеп күлiп, сыбырлап тiл қатады. Долданып, қайта бұлқынып жұтып жiберердей шүйiлiп келiп, төменге сұлап құлайды. Жаным алқымыма тығылып, теңiзден үрей алдым. «Өлдiм», – дедiм. Тынысым тарылып, соңғы рет тұяқ серптiм. Өмiрiмде сурет атаулыдан дәл осылай қорықпаған болармын. Әуреге түскен менi қалт жiбермей аңдып қалыпсың.

– Ұнады ма?.. Неге осынша...

– Теңiз тiрi... тiршiлiгiнен қауiптендiм.

Сен терiс қарап жылап жiбердiң.

– Жұрттан осы сөздi ғана күтетiнмiн. Маған керегi өнерге жан бiтiру. Дертiмнiң емi ғой, бұл. Оу, балақай... бүгiн өзiңнен үлкен баға алдым. Өнерге жан бiтiру кез келгеннiң маңдайына бiте бермейтiн қасиет. Тәнге жан бiтiру – Алланың ұлылығы, өнерге жан беру – менiң ұлылығым.

– Сен маған жұмбақсың.

Таңдана қарап қалдың да:

– Талай айттым емес пе? – дедi сыбырлап. – Леонардо да Винчидiң жердегi жанымын. Қиялым мен сезiмiм Көктiң иелiгiнде. Мен алатын мәлiмет те сол жақтан. Ол да Көкте... Леонардо да Винчидi айтам.

– Сiз осы ғашық болып көрдiңiз бе?

– Өнер деген сұлу қатынға. Талантты ғана таңдайтын паң, өзiмшiл, кексе қатын бар – өнер деген. Соған қызмет етiп, жағынғым келдi. Бар қасиетiммен оны байыта, көркейте түскiм келдi.

Оқыс шыққан есiрiк күлкiңмен шаттана күлдiң де:

– Өнердiң нақсүйерi болғым келдi. Ол сайқал менi қабылдаса, өңiрiне қол салып, тәнiнiң қызығын бөлiссем деп арман еттiм.

Орныңнан тұра берiп, терезеге ұмтылдың. Мелшиген қалпы қатып қалыпсың. Қозғалар түрiң жоқ, жансыз қалғандайсың.

– Не болды? Не көрдiңiз? – деп ұмтыла бергенiмде ғана қолыңды сыртқа безеп.

– Байқайсың ба? Әне, анау... Көрдiң бе, фургонның үстiнде бiр қыз Леонардо да Винчидiң нәскиiн жамап отыр. Хэ... хэ... хэ... хэ... – Иығың селкiлдеп, күлкiңдi тыяр емессiң. Ал мен пақыр сен көрiп тұрған ғажайыпты мүлде көре алмадым. Саған қараймын, сосын лезде сен көз салған сыртқа қараймын. Жым-жылас...

Жалаң аяқ дiрдек қағып, ақжаймаңды аштың. Намаздың уақытын асыға күткен дiндар адамдай iштей күбiрлеп тұрғандайсың. Сенiмен бiрге болуға ынтықсам да, сенен бөлек екенiмдi сезiне түскендеймiн. Арамыз алшақ, тым алшақ... Сен биiктей түскен сайын, мен құлдырап төмендей бердiм. Босаға жаққа жылжи бере Сенiң тап-таза, бала жанарыңды көрдiм. Иә, тап-таза кiршiксiз, бейкүнә жанар.

Мынау сұрғылт үй, сүреңсiз тiрлiк маған жат, менен алыс сияқты. Жылуы жоқ, сыз тартқан салқын сезiм кеудемнен итерiп тастап, «аулақ жүр!» деп адуынды мiнез танытқандай. Селтиiп тұрып қалсам керек. Сен: «Қал!» демедiң. Мен: «Қалайын!» демедiм, сытылып шығып қаша жөнелдiм. Бiрақ... бiр жапырақ жаным үзiлiп түсiп жаныңда қалғандай елегiзiп келем.

Санасының жүгенсiз екенiн айып көретiн, Сен сақтықпен қарайтын тобыр арасында мен де жүрмiн. «Тобыр туралы айтпауға да болады, – дедiң бiрде. – Тобыр билiктiң құрбаны. Тобыр – соқыр, саңырау, дөрекi, күлкiшiл, опасыз, арсыз. Суреткер тобырдан ештеңе үйрене алмайды. Тобырдың адамшылыққа жетуi ұзақ уақыт. Ол үшiн тобыр – алдымен суреткер болуы керек», – деп едiң. Сол күнгi ұзақ әңгiмең, мазасыз келбетiң көлденеңдеп көз алдымнан кетпей қойды. Жаныңнан шыққан әр сөз – жұп-жұмыр, тас-түйiн едi. Ұзын-сонар етiп әшекейлемей, тап-тұйнақтай етiп шығара саласың. Сен жасай бiлген өнер билiгi топас билiктiң менмендiгiнен әбден қысастық көрген бе екен... Өйткенi, «Өнер мен билiк бақталас, күндес», – дедiң.

– Сондықтан да, балақай, билiк тұрған жерде өнер сорлы үнемi қайыршылықта, ең төменгi сатыда өмiр сүредi. Өмiр сүредi дегенiм жәй әншейiн. Өнер – өледi. Дiнбасы Дантенi неге жындыханаға қаматты? Челлинидi қараңғы қапасқа қамай-қамай, екi көзiн неге суалтып тастады? Бұл топас билiктiң сұлулыққа деген өшпендiлiгi».

Мәз болып, өзiңмен-өзiң мәре-сәре күлiп алдың да: «Өнер – өктемдiк пен билiкке ешқашан бас ұра алмайды. Билiк суреткердi бағындырамын деп әуре болмау керек. Керек десеңiз, билiк суретшiге қызмет етсiн. Суреткер өзi аңсаған әлемде тұрмыстың күйкi тiрлiгiнен азат болып, алаңсыз ғұмыр кешсiн. Өнерге осылай қызмет еткенде ғана әлемге әйгiлi туынды келедi дүнияға. Сонда ғана әлгi ақымақ тобыр басын тiзесiне дейiн иiп, көздерi ала-
йып, Өнер деген жабайы ұлылыққа ғашық болады».

Есiрiк күлкi ойымды бөлiп жiбердi. Бәлкiм, сенен алшақтат-
қан осы бiр оспадарсыз, күдiктi күлкi шығар. Бұл не күлкi? Ойлы сөз, сосын лезде құбылған есiрiк күлкi... Кейде менi, кейде өзiңдi мазақ қылғандай бiр сыр жатады мынау күлкiңнiң астарында.

Шат-шадыман, зiлсiз, бала күлкi... Өзiңмен мәңгi бiрге сақталып қалған ұлылықтың сәбиге тән пәк, бейкүнә мiнезi болар.

Қызығын жоғалтқан жұпыны жалғыз үй маған неге осынша бағалы болды екен? Қағiлез жанның, мазасыз жанның тiрлiгi несiмен тәнтi еттi екен өзiне? Тобымнан жырылып, осылай қарай асыға беретiнiм не? Думанды сәтiмдi аяқ асты мұңға орап, саған қарай алып-ұшып тағы келдiм.

Әлем-жәлем... Сурет салынбаған жер жоқ, үйiңнiң қабырғаларын да, жерiн де, төбенi де майлы бояумен думандатып тастапсың. Картон қағаздарға да, кiтап мұқабаларына да толассыз салына берген сурет. Өзегiн айырып, атылып шыққан бұлақтай ғажайып қиялға еркiндiк берiпсiң. Күн мен түндi, түн мен күндi шатастырып алғанға ұқсайсың. Көзiң суалып, қалжырап отырсың.

– Неге көңiлсiзсiң? – дедiм тiзеңдi құшақтап, состиып қалған сықпытыңа қарап.

– Бояуым бiттi. Бояудың бiткенi – менiң бiткенiм... – дедiң қайғырып.

– Не байқадың?

– Ғажап... Сен бояудың түсiнен мазмұн табасың. Дәл осындай бояуды бұрын неге пайдаланбай жүргенсiң. Мұндай да бояудың түсi болады екен-ау!

Iшегiң қатып, мәре-сәре болдың.

– Бояу азайып бара жатқан соң, не iстерiмдi бiлмей әбден қынжылдым емес пе. Шығарма аяқталмай қалса, Құдайдың ұрғаны деген сол. Сiрә, одан үлкен жаза болмас. Сосын... – жақындап келiп құлағыма сыбырладың. – Өзiмнiң дәретiмдi бояуға қосып, көбейттiм. Әрi түсi де өзгерiп, қиялымдағы қол жетпес әдемi бiр рең келдi ғой дүнияға...

Әрi таңданып, әрi үрейленiп қарап қалсам керек. Сен ештеңеден қымсынып тұрған жоқсың. Әдетiңше қырандай саңқылдап сөйлеп тұрсың.

– Бояу құбылып, шағылысып тұруы керек. Суретшiлер көбiне күңгiрттен, бұйығылықтан шыға алмайды. Интуицияға емес, өнердi ақылға салмақ болады. Ал Өнер – ақылға бағынбайды. Бiреулер жеңiл әдiспен, этюдпен ғана шектеледi. Мен шексiздiкке ұмтылам. Мен әлдеқайда кең ауқымдағы суреткермiн. Нақты айтқанда, Өнердiң көнтерi өгiзiмiн мен.

Сөйлеп тұрсың. Жанарымнан аққан ыстық жас бұршақтап тоқтар емес. Демiмдi iшiме тартып, тереңнен күрсiнiп, сенен жасырмақ боламын.

– Жоқшылық менi ешқашан жеңген емес. Керiсiнше, мен жоқшылықты үнемi жеңiп келемiн, – дедiң. – Өзiм неғұрлым сүйкiмсiз болғаныммен, өнерiм соғұрлым сиқырлы.

Сенiң ойыңды бөлгiм келдi.

– Сергей Иванович, сiздiң үйде жалаңаш әйелдер жиi жүредi.

– Оу, әйелдер ғана ма екен маған келетiн. Ер адамдар да жалаңаш жүргендi ұнатады. Ғажап қой. Ежелгi вавилондықтар сияқты. Сұлулықты бүркемелеуге бола ма екен. Мен жынысқа бөлiнуге мүлде қарсымын. Жынысқа бөлiну ортаға жiк салу.

Жетелеп, терезенiң алдына алып келдiң.

– Қараңызшы, суықтан үсiген жапырақты, бүрiсiп қалатын түрi бар. Мұндай сұлулықты ешқайдан көре алмайсыз. Сарғыш-қара тат басқан, қызыл-сары... нәзiк рең... ептеп жасыл бояудың түсi бiлiнедi. Тәңiрден асқан суретшi жоқ. Бояуына дейiн талғап, төгiлтiп жасағанын-ай! Қараңызшы, жапырақтың жаны дiрiлдеп тұр.

Жанарыңа жұқалтаң жас iркiлдi. Дүниеге сәби әкелген ананың бусанып, буырқанып, қызылшақа шаранаға мейiрлене қарағанындай елжiреп кетiпсiң. Жаныңда қалғым келдi. Сен ештеңе сезiп тұрған жоқсың. Сезсең дағы ұсыныс жасамайтыныңды бiлем. Жаратылысың, санаң, жаның бөлек сенiң. Сол бөлектiк барған сайын тәнтi етiп, сенiң тобығыңа байланып қалар түрiм бар.

Дедектеп барып, бөтелкедегi айранды ашқарақтана жұттың да, қара нанды қаужаңдап жей бастадың. Екi көзiң өзiң жасап үлгерген шығармаларыңда.

– Жаман шал. Репиндi айтам...  «Сорлы бала, оу, сорлы бала...» – деп едi. Мен жеткен бақыттың төрiн бiлмейдi ғой ол. Сорлы болсам, мынандай ғайыптың дүниесi маған қайдан келсiн.

Сенен сытылып шығып, өзiм үйренген, қарабайыр, арзан тобырыма қосылдым. Бiрiнiң тiрлiгiнен бiрi айнымайтын, бiрiн-бiрi күндемесе сөзi жараспайтын, бiрiн-бiрi оп-оңай аяусыз қаралай салатын осы топтан Сенiң азат болғаныңа қызықтым. Күбiр-жыбыр сөзi көп, бәсекесi мол күншiлдiк сенi тулақтай сүйретiп, жүндей түтер едi. Сен болғым келдi. Бiрақ Сен болу – бақытсыздыққа бел буу. Сен болу – қайыршылықпен күн кешу. Сен болу – мәңгi жалғыздық. Сен болу – нағыз өнердi тудыратын ұлы болу. Тобырдан ғана емес, Сен адам табиғатынан әлдеқайда биiктеп кеткенсiң.

Өзiң талақ еткен тобырдың өсегi күздi күнгi берекесiз жауындай төпеп кеткен. «Әпенде байғұс өз үйiн өзi өртептi», «Оу, есi ауысып, дәретiмен сурет сала бастапты», «Аштықтан қажып, жындыхананы паналапты», «Оның орны баяғыда-ақ сол жер емес пе едi». Сен мазақ еткен, өзiң ешқашан санасымен санаспай кеткен тобырдың бұл әнi бұрынғыдан тым өзгеше едi, әсерлi едi.

Рас, бұл жолғы Сенiң тұрағың қала жиегiндегi жындыхана. Әзiрге «шизофрения» деп диагноз қойыпты. Менi көре сала мәз болып, ұшып келесiң. Дәл бiр хан ордасында күтiмде жатқандай шаттанып келесiң.

– Сергей Иванович, мұныңыз қалай? Не болып қалды, аяқ астынан...

– Үндеме... Жаңалық көп. Диссертация жаза бастадым. Бас сүйектi бiрiктiрiп ұстап тұратын тiгiстердiң эскизiн жасадым. Бас сүйек ешқашан мидан басталмайды. Бас сүйек тiгiстерден құралады. Бас сүйектiн тiгiсi – тiршiлiк белгiсi. Жiп-жiңiшке, көзге әзер көрiнетiн, геометриялық ұсақ сызықтардың ұшан-теңiз атқаратын жұмысы бар. Ғажап. Адамның ақыл-ойының, көргенiн есте сақтау қабiлетi бәрi тiгiстiң жемiсi, мидың емес. Осы тiгiс жолдарынан жылыстап қан жүредi сылдырап аққан бұлақтай болып. Мидың жұмыс iстеуiне бiрден-бiр қызмет ететiн осы тiгiс. Адам өлгеннен кейiн тiгiс жоғалып, бас сүйек иен қалады. Өмiрiмiздi қалыпқа түсiрiп, ұйымдастыратын ми емес, ұп-ұсақ сызықтар, бiлесiз бе?.. Неге жылап тұрсыз? Менiң пiкiрiммен келiспейсiз бе?..

– Сергей Иванович, сiз... ұлы суретшiсiз. Неге осынша бақытсыз болдыңыз екен?

Көңiлiңдегi күдiк бiрден сейiлiп, мәз болып күлiп алдың. Өз-өзiңдi әрең тыйып:

– Ұлы... Бұл ғылым мен өнерде жүргендердiң лексиконынан шығып кеткен жай ғана термин. Бұл терминнен мүлде қорықпаңыз. Ұлылық ешкiмге ештеме мiндеттемейдi де жүктемейдi. Ұлы адамдар – кәдiмгi адамдар сияқты, қарабайыр өмiр кешiп жүре бередi. Ұлылықтан қанат бiтiп немесе маңдайға шодырайып мүйiз шығып кетпейдi. Мiне, мен көз алдыңда тұрмын. Ұлымын. Күдiкте-
нiп, қорқудың еш ретi жоқ. Бiз өте тамаша, аққөңiл жандармыз. Әрi қарапайым, әрi кедей адаммын. Жұрт ұлыларды ақшасын шашып жүретiн бай, күннен күнге өсiп келе жатқан атақ-даңқ пен дәреженiң иесi деп, қолжазбасының әр бетi шытырлаған көкала ақша деп, табаны тиген жердiң бәрi иiлiп тәжiм етiп тұрады деп ойлайды. Нағыз ұлылардың тағдырын бiлемiз ғой. Бұтында жұқарып жыртылуға сәл қалған шалбары болады, тозығы жеткен шұрқ-шұрқ нәскиi, кие-кие өңi кеткен пальтосы бар, қайыршылықтың алдында тұрған бейшара, пақыр.

Ұлылық дегенiңiз, балақай, биологиялық трагедия. Басқалар-
ға ұқсай алмайды, қайталанбайды. Сондықтан да оларды күндейдi, өте жек көредi. «Ұлылығы қай жерiнде, түрi – анау, сықпыты – мынау. Не ақшасы жоқ, не қызметi жоқ. Ешкiм бiле де бермейдi өзiн», – деп тоғышарлар менсiнбей күле қарап, жүре тыңдайды.

Ұлылық деген – Жаңалық. Ұлылық – Академия. Ол – әлемдiк жаңалық. Ол – Ньютон.

Ал мынау өнерде жолы болмаған ұсақ бақытсыздар, олар ешқашан ұлы бола алмайды.

Ұлылық – үйлесiмдiлiк. Ол – ұсақ қуаныштарды мiсе тұта салатын, өмiрi тозып еңбек ететiн, бiрақ елеусiз қалатын, жылдам жылап, жылдам күлетiн берекесiз мiнез. Өзiнiң болмыс-бiтiмiне салақ қарайтын, ерекшелiгiн бағаламайтын, өзiн-өзi сақтамайтын әлсiз. Ұлылық – сiңiрi шыққан жалаң аяқ кедейдiң қолындағы алтын қанжар. Басқа iлiп алар ештеңесi жоқ, бар байлығы – алтын қанжары.

Бұрыла берген сенiң өңiрiңнен ұстай алдым.

– Менi жақындатыңыз жаныңызға. Күйкi тiрлiктен, жасандылықтан менi де азат етiңiз.

Сен таңдана қарадың.

– Жындымысың... Жалғыздықты Құдайдан қалап алғам. Жалғыздықтан басқаның бәрi бекер, бәрi лас. Қайт үйiңе! Бақытсыздықтан бойыңды аулақ ұста. Қайт, бар! Бара ғой, тезiрек жет үйiңе.

Бұл жолы жылап тұрсың... Күлкiңнен гөрi жылағаның осынша әдемi болар ма?!

– Ұлылық ешкiмге бақыт болып бiтпеген, – дедiң қоштасып тұрып.

– Қайтып келме мұнда.

Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті ©Білге - Мәдениет пен өнер сайты