Akboken Imanbek.Түстіктің аруы
Көру үшін,
Кезу үшін түстіктегі шаһарды,
Басқан кеше табанымен жалпақ мынау жаһанды...
Қырық өрім қызын сүйіп, шежіресін жастанған,
Түстік барсам, еске аламын өр алашты -Шоқанды.
Ақша жүзін албыратып, тотықтырған ыстық күн,
Жолың болса жолығасың аруына түстіктің...
Көздеріңді ілестірмей он саусағы жаңылтар, -
От үстінде шашлық түйреп ұштарына істіктің!
Шашын өріп,
Допқа киіп бебеулетіп дұттарын,
Бір мақаммен айтады екен түстік жақта құт барын.
Базар барсаң сауда күсет аларманы алдында,
Қаршадайдан жоғын жоқтап жеп үйренген жұрт жамын!...
Атызында жаңғақ, шылан,
Ауласында өріктал,
Өрікталдай келбетінде көз тартатын көрік бар!
Қарлығаштың қанатындай қасын керсе сұл ойнап,
Өн бойыңнан қаның тасып, қиял-дәмең шарықтар.
Түстік жақтың аптабындай қос жанары жанып тұр,
Жүрегіңде отың болса әлденені танып біл.
Шоқан жайлы естуші едім...
Хикайасы мың бір түн, -
Енді бүгін қолдарынан сусын іштім қанып бір!
Десек тағы өткен күннен қалмайды деп еш белгі,
Жек көремін жігерсізді,
Жек көремін өшкенді.
Ұнатамын мәнісі бар сырлы-сыйлы кештерді, -
Ұнатамын жалаң аяқ бурыл құмды кешкенді...
Көзалдымда сырғып, сусып, жалын шашып ыстық құм,
Өтті жылда
Өтті айда,
Өтті-кетті өстіп күн.
Құмның сыры қандай сырлы, қандай ыстық болса егер, -
Сондай сырлы
Сондай ыстық арулары түстіктің!!!
Қашқарядан.
2019 жылы шілде айы