Ardakh Nurgaz. Қалақай шөп (Urtica)

e436247dea2f819b7991d03cc8fe80b5.jpg (773×435) 

I

Тағы бір көктем,

Тағы бір, дейтінім

Есіме Т.С. Элиоттың «Шөл дала» (The Waste Land) поэмасының алғашқы тармағы түсі:

«Сәуір ең бір қатігез ай...» (April is the cruellest month...)

Жер бусанып, тоңның кіреукесі сөкіліп, тіршілік бас көтеріп

Аруақтар тіріліп, үн қатып жатыр.

 

Жоқ, бұл көктем емес,

Әлдеқайда соғыс жүріп жатыр.

«Көктем мен соғыс» бітіспейтін, қиыспайтын

Бірін-бірі көрмейтін де, білмейтін

Күндіз бен түн сияқты екі әлем.

Бірақ, соғыс болып жатыр!

Украина отқа оранып, қирап, адам мәйіті көшелерде шашылып жатыр.

Осы сұмдықты көзбен көргеніме, тіпті, сене алатын емеспін.

Көктемнің, Украинаның қарлы, лайсаң, батпақты даласында

Бас көтерген тіршілік емес, өлім!

Күйреген қала, опырылып ортасына түскен отбасы

Жылаған сәби, зарлаған әке мен шеше!

Айдың-күннің аманында, күллі адамзаттың көз алдында

Өтіп жатыр қанды қырғын.

Бұл соғыс! Бұл қанды қасап!

 

Бұл көктемнің, тіршіліктің үні емес, соғыстың үні.

 

Бұл соғыс бас көтерген,

Жауыздық орнынан тұрған,

Қатігездік атқа мінген,

Адам қаны суша шашылған көктем.

 

Бұл тіршілік өлім құшқан,

От пен оқта

Сәбилердің жаны көкке ұшқан көктем.

 

II

Сәбилер, рух, жан, періштелер деуші еді

Жер бетіне келген...

 

III

Түсімде жүрмін,

Жүремін, тұрамын, артыма бұрылып қараймын

Жол жатыр үнсіз.

Қараңғыдан қай кезде шыға келгені белгісіз үрей,

Соңымнан қуып жетіп,

Алдымда жатқан жолға ұласып, жылжып, кетіп бара жатқандай.

Мен ғана бір орында тұрып қалғандаймын.

Жатқан жол емес, құлап жатқан қабырға-қорған сияқты

Барымды салып көтеріп, орнынан сүйеп тұрғызып

Одан қайтадан құлатып алып, құлап жатқан шетсіз-шексіз қабырғаның үстінде дымы құрып тұрған біреу сияқтымын.

Жол мені қақ бөліп тұрғандай.

Оң-солым анталаған, бірін-бірі жұлмалап, қақтығысқан, бірін-бірі қайталамайтын екі әлем.

Екі кеңестік, ұқсамаған уақыт сияқты.

Бір жағында, үйлер, көшелер, алаң жерден бой көтеріп, тұрып жатыр

Батқан күн мен шыққан күнге ілесіп өрлі-қырлы сабылысқан адамдар.

Екінші жағымда бәрі, бәрі ұсатылып, шөгіп барады.

Бір түп ағаш... желмен жортқан аңыз сияқты...

Алабұртқан мұхиттың сұрғылт айдынында бір тал жапырақ қалықтайды.

Тұңғиық тереңде ескі храмның тасаттық тақтасы,

Әлдеқайда шынжыры үзілген зәкір бұлдырайды.

 

 IV    

Ескі храмда,

Жұлқынған желмен алысып,

Жыртылған жалаудай,

Шырақ тұр жанып.

 

V

Көлдің бетінде жапырақ, айна

Тұнық, бұлтсыз, көгілдір аспанда

Бір түйір ноқат қараяды,

Үйірдің соңында қалып қойған құс секілді,

Ұзақ сапардан оралған сөз.

 

VI

Столдағы ақ қағаздың бетінде жатқан қалам

Домалап жерге түсті,

Қымтанған ой селт етіп ұйқысынан оянып кеткен секілді.

 

VII

Құстың ұшар жолы өзгермегенімен,

Қадам сайын тұзақ.

Жалғыздығым көлеңкесімен

Төбелеседі.

 

Тас баспалдақты тасырлатқан

Дүбір,

Ішімде біреу таудан домалаған тас сияқты

Құлап келеді.

 

Баспалап, түрменің темір торын

Таба алмай жүрмін.

Құмнан алтын екшеген адамның көзін сығырайтып

Өртенген қағыр күнге қарап тұрғаны сияқты.

 

Есікті ашып-жауып тұрып

Өзімді жоғалтып алдым.

Қараңғыда ысқырып бара жатқан біреудің

Салған әні сияқты.

 

Ағаштың басында отырған топ қарға

Дүр етіп ұшты.

Қорқып кеттім.

Сансыз көшірмем сияқты әр жаққа тұра қашқан.

 

Күз, бақшадағы көлдің бетінде

Уақыт тоқтап тұрғандай.

Көз алдымда үйріліп ұшып жүр аққулардың

Елесі.

Үнсіздік кейде төгілген жапырақтар секілді,

Ұйтқи соққан желде

Қанатын қағып ұша жөнеледі.

 

Мұражайда қамалған уақыт,

Келген-кеткендерді табалдырыққа дейін шығарып салады.

Балық су бетіне шыққан сайын,

Шындық өліп, қайта тіріледі.

 

Жұрт қайшалысып жатқан көшеде, біреу

Өзін парақтап отыр.

Қайраңғы шығып қалған акула

Қайта шабатын теңіздің толқынын күтуде.

 

Алапат күннің өтінде,

Жапанда, жалғыз ағаш.

Ағашта тәнге ілінген рух салбырап тұр.

 

Беттерін қан-жоса етіп төбелескен тән мен рухтың арасында,

Арашашы болып тұрмын.

Айнала ақ тұман.

Ақ қағаздың үстінде тамған бір тамшы қан сияқты

Ақ қардың үстінде бір сабақ роза гүлі жатыр.

 

Сөз иірімді айналып,

Өзен арнасымен жөңкіліп барады.

 

Дәрияның қаңсыған,

Тақыр табанында отырмын.

Шөліркеу деген

Тостағанда мөлдіреген теңіз.

 

Құм төбелер

Жиналып қалған уақыт сияқты.

Тасқа қашалған ескі жазудың аяғын оқығанымда,

Басы желмен ұшып кетіп жатады.

 

Өлім туралы ойдың ұшығы

Бірде анық, бірде күңгіріт

Дөңгеленген ай астында арқандаулы тұрған

Ат сияқты.

 

VIII

Ертектен оқиғаны суырып алғандай,

Алдыңнан кездескен біреу

Тас мүсін сияқты.

Бір ғасыр бұрын ба, әлде екі ғасыр бұрын

Әлде кімнің қолынан ұстап,

Жылқылар жатқан өзенді сайға қарай

Жүгіріп бара жатқандай сезіндім.

Түсіңде тісің ауырған жан сияқты,

Санаңда кимелеген күндерді

Итеріп тастайсың.

Театр сахнасында жарық өшіп, қайта жанғандай болды.

Кейде, шындыққа бір табан жақын тұрған кейіпкермен

Орын ауыстырғың келетіні бар.

Кітап пен құс,

Коридорда тас қараңғылық,

Столдың бетінде ақ қағаз бен қалам.

 

IX

Жақын келіп

Шекара сызығын басып тұрдым.

Қорқынышты түстен шыға келген көлеңке сияқты

Аржақта да біреу шекара сызығын басып тұр.

 

От орныда қалған күлде

Ормандағыдай тыныштық.

 

Сұлулық, кейде сызықты бойлап жылжиды

Әйел тәнінің өрнегін қуып.

Қараңғы шүңетке, өзегіне тартқан құштарлық

Бұрқ еткенде,

От тұтанған саусақ ұшында ләззат, тоятын табады.

 

Сезім

Тастан тасқа өткен жылу,

Жүрек лап еткен жалынға көміліп кеткенде

Орнында қалған күл,

Ұшып шыққан жасыл құс.

 

X

Үрген иіттің үнінен шыға келген көшпенділер

Батар күннің қызыл арайында,

Жылқы айдап барады.

Осы түйсіктің қайдан келгеніне таңым бар,

Оның бүгінгі өміріммен көп қатысы жоқ.

96 жасқа қараған шағында Ағылшын патшайымы өмірден өтті.

Кейде, жүрегіңнің төмен тартқанын анық сезінесің,

Иілген жеміс ағашы сияқты тосынан

Салмағың ауырлап.

 

Картадан

Тамыры тереңге тартқан бәйтеректің орынын

Таба алмадым.

Үйдің төбесі бар, төрт қабырғасы жоқ

Барлық қараңғылық жиналып

Жанып тұрған шыраққа анталай ұмтылып жатыр.

 

Дән өзін оятатын топыраққа түспесе,

Жараның орыны ғасырлар бойы жазылмауы да

Мүмкін.

Жаңғырық қайтып оралғанда,

Таудың да селк ететіні бар,

Кейде көлеңкең өзіңнен озып кетеді.

 

XI

Сайда қарауытып бір бұлақ су ағып жатыр.

Таудан түскен өзен қаланы аралап,

Осында жеткен.

Қызарып батып бара жатқан күннің нұры

Жылғадағы қамыс басына еппен көтеріліп барады.

Тағы бір күн аяқталудың аз-ақ алдында тұр.

 

XII

Қоршаудың түбіне бір түп қалақай шөбі өсіпті.

Қасына барып қарап тұрдым.

Бала кезімде санымды қалақай шағып алып, жылағаным

Есіме түсті.

Домбыққан, дуылдап удай ашыған жерге қарап жалап тұрмын.

Кенет, артыма бұрылып тұра қашқым келді.

Қалақай шаққан соң, қалақай көрсем

Жалт бұрылып ауаша кететінім күнім сияқты.

Бірақ, бойымда қорқыныш, сасу, жалтару жоқ.

Қайта қимастық,алағызу, әлдебір сағыныш бар сияқты.

Артыма бұрылдым да, келген жолыммен кері қайттым.

Жаздың ортасы ауған шақ.

Тоғай іші мүлгіп, бір тұста құстың шықылықтағаны дауысы естіледі.

Алдымдағы шөптесінді жолдан көз алмай келемін.

Көз алдымнан ащты әрі тәтті қалақай шөбі кетпейді.

 

XIII

Күн батып барады

Жаздың ми қайнаған аптап ыстық бір күні

Сөніп бара жатқан күнмен бірге

Ақырласудың аз-ақ алдында тұр

Күннің қылауы өлеусіреп барып үзіліп кетті

Жарық күн өшіп, жоқ болып кеткенімен

Қыр астында тұрған қараңғылық әлі төбе көрсете қойған жоқ

Аспан мен жердің арасында ақ нұр

Айнала әлі де маңғаз, мамыржай, үп еткен жел жоқ

Тылсым тыныштыққа малынып тұр

Бүгін түн тынық болатын түрі бар

Кенет, ойыма бір елес келіп, өтті

Осылай тоқтап қалса не болады?!

Көреде, тыңдайда, ұстай да алмайтын, тіпті тыныстау да жоқ әлем

Өзіңді жоғалтқан, бар мен жоқтың арасында мамырлап қалған

Бір күй, немесе мәңгілік

Жағажай, теңізге шығатын өткел сияқты, кеме күтіп тұрсың

Бірақ, кеме көрінбейді, артыңа қайтарға, бұрылып қарауға

Немесе, бәріне мүмкіндік жоқ, келген жолың опырылып күйреп, тосылып қалған

Көгілдір ніл сейіліп, аппақ дүниеге айналып кеткен әлемде

Табаныңды басып тұрған аядай таяныш та жоқ сияқты

 

Бойымды жиып алған сәтте, күн толық батыпты

Айналада түн шымылдығы тартылып, қараңғылық келіп үлгіріпті

 

Қараңғы түнге шомып, қарайып, үнсіз отырмын

Десе де, ішімде бір шөкім жарық сәуле мамырлап жүрген сияқты.

 

XIV

Қараңғыда ояндым.

Әтеш он бір рет шақырды.

Ояна алмасаң,

Қазылған көрдің аузынан

Төмен қарап тұрғаның.

Құлағыңда қалған дауыс

Өткен күндер сен туралы сыбырласады.

Жолда көлік күтіп тұрған жанға

Қарсы бағытта кетіп бара жатқандар қол бұлғап қояды.

Танымайтын жазуды оқып отырған жанның еріні сияқты,

Бір түнде қартаясың.

Қараңғылық, кілті жоғалған құлып судың түбінде жатыр.

 

XV

Ой-санамда тұтқындалып қалған құс

Тынымсыз қанатын қағады.

Соғыстың енді бір атауы - үрей.

Шеараның аржағында бәрі қирап жатыр.

Гөгалда ойнап жүр балалардың елесі.

Көлдің бетін лақтырған тас аямай жыртып барады.

 

XVI

Ұйқыдан оянғанда,бір сәт

Өзімнің кім екенімді

Ұмытып қалдым.

 

Сол сәтте, біреу:

«Сен кімсің?» деп

Дауыстағандай болды.

 

Тәнім сол дауысқа ілесе,

«Мен кіммін?» деп

Жаңғырды.

 

Әлгі дауыстың тамашасы соншалық,

Оған теңесер әуен жоқ.

Жоқ, оған теңесер әуен әлемде.

 

«Мен тірімін, ояумын» деймін өзіме,

Сол сәтте,

Тағы да өзімді жоғалтып алдым.

 

XVII

Ұшқым келеді,

Қанатым болса.

(Бар нәрсені емес,

Жоқ нәрсені армандағаны несі)

Әлде оны,

Жоғалтып алдым ба?!

Жоғалтып алсам,

Қай кезде жоғалтып алдым?!

Балалық шағымда ма, жоқ

Бала кезімде жоғалмағаны анық.

Анам айтқан ертекті тыңдап жатып,

Қиялмен жарысып, ұшып кететінім есімде.

Әлде адасып артымда қалып қойды ма екен?

Болмаса, сабырсызданып, алдыма түсіп озып кеткен шығар.

Қайда түсіріп алдым екен, деп

Айналамнан жатып кеп іздеймін.

Тап бір соқыр, мылқау, керең адам сияқты.

Өзімде бұрын-соңды қанат болмағанына сене алар емеспін.

Қанат деген ұшқысы келу, ұшу ғой.

Менің ұшқым келеді.

Кім маған айта алады.

Менің қанатым қайда?

 

XVIII

Ағаш басында,

Алмұрт көз ілеспес жылдамдықпен,

Қызарып барады.

 

Күңгіріт, күзгі бақ

Толған ай астында

Мүлгиді.

 

XIX

Жорамал қарудың үңірейген аузында,

Қорқынышты қараңғылық.

Күн қарауытқан бір тамшы қан сияқты

Батып барады.

Санамның аспанындағы жарықта

Тыраулап қайтқан тырналар.

Тұншыққан айғай-шу, дауыс

Қара кітаптың бетінде шашылып жатыр

Сөз.

 

XX

Әр қадамымды аңдып басып келемін.

Таң сәріде, терезе сыртындағы тыныштық

Оянып кетпесе екен, деп

Пыр етіп ұшып кеткен құс қайтып оралған жоқ.

Мағынасын жоғалтқан сөз сияқты.

 

XXI

Көлеңкелерім жан-жағымнан өре тұрып жатыр.

Естілмейтін дауысқа құлақ түрген жандар

Ақ қағаздың бетіндегі қара тізімен

Өз есімдерін іздеуде.

Жарнама тақтасында айғұлақтанып тұрған дектатрдың мүсіні

Тарихқа қол сілтейді.

Таңғы сейілге шыққан ерлі-зайыпты екі адамның баран тартқан қарасы,

Көгілдір түсті көбелекке айналып, қанат қағып кетті.

 

Тоқтаймын, жүремін, тағы тоқтаймын

Дүлей дауыл тосыннан тына қалған сияқты.

Бұлыңғыр тартқан аспан демін ішіне тартып, жауа алмай тұр

Ағаштар бірін-бірі қорғаған жандар тәрізді,

Жапырақтар таң самалында тербетіле сыбырласады.

 

Көлдің беті тыныш, ұмтылған дұға сияқты үнсіз.

 

XXII

Грек трагедиялары ойналып жатқан сахнаны қоралап отырмыз.

Сөніп бара жатқан шырақты аязда тұтата алмай жатқан қол

Діріл қағады.

Тән тәнге соғылған сайын

Ыңырсу, айғай-шу, кесілген бас

Көп дүние өзгерген жоқ.

Қойылым бір сәт толастар емес.

Жаратушының көшірмесі

Өшпенділіктің ауласында тұтқындалып қалған сияқты.

 

XXIII

Стол басында бұрынғы үй иесінен қалған

Орындықтар.

Біреулер тұрып, біреулер отырып жатыр

Айнаға әр рет қараған сайын

Өткен күндер көздерін қысып, сайқымазақ күлкі етеді

Анаңның бір кездегі ас үйдегі дыбысы қасыңда жүр.

Шашыңның әр тал ағын әлдеқашан санамайтын болғансың.

Бұлыңғыр әйнекті қанша сүрткеніңмен,

Өзіңді бәрібір анық тани алмай тұрсың.

Қапалақтаған ақ қарда ақ көбелек қуып жүрміз.

 

 XXIV

Сөздің соңын шақырған құстың дауысы

Үзіп жіберді,

Шарбақтың ар жағында, не бер жағында отыр.

Ағаш бұтағын майыстыра келіп қонған

Көлеңке сияқты.

Көктем мен күздің арасында түс көрген

Роза гүлі күлтесін төгуде,

Ұйтқыған желде жапырақ, әлде құстың дауысы.

 

XXV

Қараңғыда

Шекараны белгілеген қолдар

Жапыраққ жазу жазып жатыр.

Тағдыр мөлдіреген ашты шарап сияқты

Қанша аз ішсең де

Бәрібір мас болмай тұрмайсың.

 

XXVI

Бұл көктем, тіршілік топырақтың тереңінде, тамырдан нәр алатын, өлгендер қайта тірілетін көкем.

 

Бұл қамысты, сулы, сазды жер

Қаланың іргесінде, бір-бірінен үзіліп, қайта жалғасып жатқан оймақ көл.

Жалғыз аяқ жол көктемнің күнінде көзге көп түсе бермейді.

Жердің тоңы жібіп,топырақтың ызғары сөгілген шақ.

Жіпсіи бастаған далада, су жағасында тұрмыз.

Ол ойнап жүр, көлдің жағасына барады, қолындағы шыбығын суға малады, су шашады.

Болар-болмас мүк иісі сіңген суда қыстың ызғары бар.

Таудан құлап, сайды бойлап, жылға кезіп осында жеткен.

Әбден шаршап, шалдығып, тозып, жетер жеріне әзер жетіп, сұлық түсіп жатып қалған жан сияқты.

Көл бетінде әлдебір су құсы жүзіп жүр.

Қыста су бетіне мұз қатқанда, ағыс өтетін тұстың қабыршағы босаң тартады.

Бусанған судың бетінде әлсіз күннің жылтыраған сәулесі шалынады.

Сондай сәтте қар басқан қамыс арасынан,

Әлдебір құстың қыбыр етіп жорғалай жөнелгенін көріп қалғандай боласың.

Иіт ертпегеніңе сонда ішің жылиды.

Нақты ештеңе көріп тұрмасаң да, ағарған далаға

Аязда басындағы үлпілдегін жел тербеген топ қамысқа үмітпен көз сап тұрып,

Құстың сол маңда екеніне сенім артасың.

Енді, міне, кішкентай құс ағарып көл бетінде жүзіп жүр.

Сонадай, алыстау жерде, қамыстың арғы қалқасында сарша үйректер көрінеді.

 

Тоңы жібіген жердің бетінде тіршіліктің тынысы, исі еседі.

Бұл көктем.     

 

21.08.2022ж.  

Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті ©Білге - Мәдениет пен өнер сайты