E.Bolatkhan. Джо Байден тарихты жаңарта ма?

25e6f8ed0964ab65c3280435ef2f7e38.jpg (1080×608)


Жарты ғасырдан артық уақытқа жалғасқан үш жақты - АҚШ пен Ресей (Кеңестер одағы), Қытай қатанасына Байден нүкте қоятын түрі бар. Путинге байланысты қатты айтқан АҚШ президенті Қытайға да сұсты қабақ танытып отыр. АҚШ жоғарыдағы екі елді қатар қойып, қарсылас ретінде бір бағалауға дайын сияқты.

Сонау өткен ғасырдың 60-шы жылдарында АҚШ пен Кеңестер одағы «қырғи қабақ соғыстың» ең бір шарықтаған тұсында Вашингтон мен Қытайдың арасы жақсарып сала беріп, есесіне Қытай идеологиялық жақта өзімен аталас болсада Кеңестер одағынан жалт беріп, орыстармен жауласып, тіпті шекаралық қақтығысқа (1969 жылы) дейін барып, соңында толықтай АҚШ жағына шығып, біртіндеп батыстық нарықтық жүйеге қосылып кеткен болатын. Оның ақыры не болғаны жұртқа белгілі: 1991 жылы Кеңестер одағы тарап тынды. Қытай болса сол тұстан бастап экономикасы шарықтаған үстіне шарықтады. Ресей болса өзінің шыт жаңа болмысын бастан кешті. Саяси жүйеде батыстық құндылықтарды қабылдаса да толықтай жаңа жүйеге көшіп кеткен жоқ. Екі арада қалып қойған Ресей қоғамы бүгінге дейін түрлі қиындықтадан көз ашпай келеді. 

Соңғы отыз жылда батыстық нарықтық қоғамның айнымас бір бөлегі болған артықшылықтың арқасында Қытай экономикасы қарыштап дамыды. Бүгінде бұл ел экономикалық салмағы жағынан әлемде АҚШ-тан қалса екінші орында. Бірақ, соңғы кездерде Батыс елдерімен Қытайдың арасынан ала мысық жүгіріп өтті. Батыстық капитализм мен коммунистік идеологиялық қызыл Қытайдың арасында әлемдік тәртіпке байланысты қақтығыс туды. Оның ақыры АҚШ бастаған капиталистік елдер мен коммнистік қытайдың арасында кешегі Кеңестер одағы мен АҚШ-тың арасындағы «қырғи қабақ соғыс» тұсындағы сияқты тартыс басталып та кетті. 18 наурызда Аляскада өткен АҚШ пен Қытай сыртқы істерге қатысты шенділерінің арасындағы кездесуде отаспайтын қайшлық күллі әлем халқының алдында бұрық етті. Кездесуден кейін АҚШ жақ өзінің өткендегі одақтастары – Еуропа мен Азиядағы Жапон, Оңтүстік Корея, т.б елдермен арадағы байланысын нығайтатынын анықтады. Қытай жақ кездесу аяқтасымен бірден Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавровтың Қытайға үш күндік ресми сапармен келетінін дабырайта жариялады. Сонымен жарты ғасыр бұрынғы үш жақты тартыс қайта шарықтайтын сияқты. 

Дегенмен, бұл жолы АҚШ президенті алдыңғы жолғы Кеңестер одағын күйрету үшін Қытайды өзіне тартқан саясатты қайталамайтын түрі бар. Оның орнына Ресей мен Қытайды қатар қойып, бір қарсылас санайтын сияқты. Бұған бірнеше себеп ықпал еткендей. Айталық, бүгінгі Ресей экономикасы күйреудің алдында тұрған, түрлі қайшылықтардан шаршаған әлсіз ел. Оның үстіне Ресейді басқыншы, жау санайтын Еуроодақ бар. АҚШ сыртқы саясатта Еуроодақты алға шығарып, өзі артта тұрса, Ресейдің оған істер шарасы жоқ. Тіпті ол Қытаймен одақтастыққа барса да, оның келер-кетері шамалы. Еуроодақ тұрғанда Ресейден келетін қатер шамалы.  

Ал Қытайлардың орыстарды өз жағына тарту саясатының өнімді болары да екі талай. Себебі, Қытайдың бір кездегі сатқындығы орыстар үшін өшпейтін сабақ. Қытайдың күшейуі Ресейдің қиыр шығыстағы жеріне төнер қатердің де қарасын молайтқанын орыстар күн сайын сезіну үстінде. Бір кезде орыстар тас-талқан болып жеңіліп, күйреп жатқанда Қытайлар соның жемісін жеп, мәз болып, осы күнге жеткені белгілі. Енді кезек Қытайға келіп отыр. АҚШ-тың жан-жақтылы құрсаулау, соққы беруінде Қытай күйресе, оған бола орыстардың қайғырып кетпейтіні анық. 

Сонымен Байден жаңа тарих жасауға мүдделі. Ол Қытай мен Ресейді қатар қойып, бір қарсылас санайтын түрі бар.                

Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті ©Білге - Мәдениет пен өнер сайты