Сот төрағасының «Улиссес» романына жазған пікірі

1933 жылы АҚШ –тың Пингин баспасы Ирландия жазушысы Ж.Жойстың «Улиссес» романын басып шығарады, бірақ кітап бірден үкімет жағынан «зинақорлық сипаты бар» деген айыппен шектеуге ұшырайды. Сол жылы желтоқсан айында кітапты шығарған баспа үкіметтің бұл қаулысын сотқа береді. Арыз талапты Нью-Йорк федерациялық соттың төрағасы Жон Ворс мырза қарап, соңында кітапқа тағылған айыптың күшін жояды. Романға қатысты он жылдан артық уақытқа созылған бұл дау ақыры осылай шешім табады. Əдебиет тарихында елеулі орын алатын осы оқиғаның нүктесін қойған Сот төрағасының кітапқа жасаған шолуы бүгінде «Улиссес» романына жазылған тарихи маңызы бар сын шығарма ретінде қаралады. Сот төрағасы Жон Ворс мырза сонда былай деп жазған: 

«Мен «Улиссес» романын бұрын бір рет оқығанмын, осы жолы үкіметтің «кінәлі деп тапқан» тарауларын қайталап оқып шықтым. «Улиссес» оқуға қиын түсетін шығарма, оны түсінуде оңай емес. Бірақ бұл кітапқа қатысты көптеген еңбектер жарық көрген, кітапқа үкім шығарудан бұрын біздің соларды мұқият оқып шығуымыз ләзім.

Кітапқа «зинақорлықты дәріптейді» деген айып тағылып отырғаны белгілі, ендеше кітапта сондай ойға жетектейтін не нәрсе? «Улиссесте» көп нәрсе жеріне жете жазылғанымен, онда нәпсіні қоздыратын сөз-сөйлем жоқ. Содан да мен бұл романды «зинақорлықты дәріптейтін» шығарма деп есептемеймін. 

«Улиссесті» жазуда  Ж.Жойс жаңаша жазу мәнерін қолданған, бұрын да болған десек те, бұл қолтаңба бізді көп ретте мәселеге жаңаша қарауға итермелейді. Жазушы кітабында «сана» дегеннің бет-пердесін сыпырып алып, ондағы ілездік әрі мәңгілік түс алатын образдарды тасқа басқандай етіп кестелеп шыққан. Кітапта кездесетін кейбір түйсікті бірден парықтай алсақ та, кейбірін тек аңдаусыз санадан ғана іздеуге тура келеді.     

Жазушы міне осыларды бір-біріне балдай батырып отырып, көп қырлы, көп реңді, жарығы мен қараңғысы арбасқан өзгеше дүние жасаған.  

«Улиссестің» оңай шағылмайтын жаңғақ екенін әлгінде айттым. Бұл даңқты, бірақ адамды мазасыздандыратын, саңғырлап тұрған, десе де байыбына барғызбайтын кітап. Романның көп тұсы мені жалықтырып жіберді, сонда да мен одан әлгіндей боқтық сөз кезіктіргенім жоқ. Кітаптағы әрбір сөз Массалардың тас қабырғаларындағы суреттер сияқты, олар Ж.Жойстың көздеген мақсатына жетуде елеулі орын алатыны анық.    

Сенің Ж.Жойстың кейіпкерлерін жақтырмауыңа болады, ол сенің өз ісің, кітапты оқымай қойсаң ғана болды. Бірақ Ж.Жойс сияқты нағыз талант иесі Европаның мәлім бір қаласындағы, мәлім бір қарапайым тұрғынының өмірін өзгеше көркемдікпен суреттеп берсе, біз АҚШ – тықтар неге оған қарап та қоймауымыз керек?...

   Міне осылайша романның АҚШ –тағы тағдыры осылай шешіледі. 

Материалды аударып, дайындаған – Ардақ Нұрғазы 

Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті ©Білге - Мәдениет пен өнер сайты