Самюель Хантингтон: Тағы да өркениеттердің қақтығысы туралы (I)

6a9c711c27c4951d22aab0b438bde7ea.png (564×249)

С.Ханденгтон — АҚШ -тың саяси стратегиялық зерттеулер орталығын ұзақ жыл басқарған кәнігі зерттеуші. 1992 жылы ол «Өркениеттер ара қақтығыс» деген еңбек жазып, Кеңес Одағы құлағаннан кейінгі дүниенің бет алысына өркениеттердің дамуы тұрғысынан талдау жасап, бір ауық елді шулатқан болатын. Арада он жыл өткен соң, автор осы тақырыпқа қайта соғып, «Тағы да өркениеттердің қақтығысы туралы» деген мақала жазып, адамзаттың жаңа ғасырда бет келген мәселелеріне өз көзқарасын білдірген. Төменде автордың осы мақаласының басын оқырман қауымның назарына ұсынып отырмыз.


XX ғасырды идеялогиялардың ғасыры деумізге болады. Коммунизм, социялизм, либерализм, дарабилеушілік, фашизм, демократия, бұл міне осылардың өзара тартысқа түскен ғасыры болды. Қазір біз тарихтың соңғы сатысына əлі жете қойғамыз жоқ, бірақ, идеялогияның соңғы сатысына жеткен сияқтымыз. XXI ғасыр өркениеттер ғасыры ретінде басталып кетті. Əр түрлі ұқсамаған мəдениеттер арасындағы айырмашылық, ықпалдастық, қақтығыстар көрнектеліп майданға шығып жатыр. Бұл — əр түрлі салаларда болып жатқан өзгерістерден айқын көрініс тауып келеді. Белгілі дəрежеден алғанда, оқымыстылар, саясаткерлер, экономистер, əскерилер мен стратектердің барлығы да мəдениеттің адамзат қоғамын, саяси мен эконокикалық іс-қимылдарды түсіндіретін ең негізгі фактор екеніне зер сала бастады. Қорта келгенде, мəдениет маңызды нəрсе, оның өркениеттік түс алатын екі жағы бар.

Мəдениет маңызды нəрсе дедік, ал, сонда мəдениет дегеннің өзі не? Профессор Гарит кезінде бізді қашанда шек-шегара белгілеуге үйір  ұғымдар үшін таластың талқысына түсіп кетпеуге шақырған болатын. Ол, дұрыс айтып отыр. Шынында, мəдениет көптеген мазмұндарды қамтып жатады. Бұл жерде мен үш түйінге ғана тоқталып өтейін: біріншіден, мəдениет бір қоғамның туындысы екендігі, яғни адамдар айта беретін, қоғамның кірпияз мəдениеттерін: өнер, əдебиет, сазгерлік жəне бұқаралық мəдениет немесе халықтық мəдениеттерді меңзейді. Екіншіден, адамзаттың ойшылдары айтатын, бұдан да кең мағынадағы мəдениет. Бұл тұтас бір қоғамның өмір сүру формасын, сондай-ақ, адамдардың оған тарту еткен мазмұндарын меңзейді. Оқымыстылар, əсіресе саясаткерлер, мəдениетті белгілі бір субьективті нəрсе, сенімдерден, құндылықтардан, потенциялдардан, бағыттардан, болжамдардан, пəлсапалардан дерек беріп отыратын белгілі бір қауымның дүниеге көзқарасын меңзейді деп қарайды. Мəдениетті  қаншама аумақтық шекараларға бөлгенімізбен,  шет ауылдарда, əулеттерде, аймақтар мен ұлттарда да кең мағынадағы өздеріне ғана тəн мəдениеттік негіз сақтала береді. Өркениет — адамзаттың жыға танылатын ең кең мағынадағы мəдениетінің тұғырлық тұлғасы. Мен өз кітабымда бұрын жазғанымдай, дəл қазіргі əлемде сегіз түрлі өркениет, немесе сегіз мəнениеттік өңірлер бар. Əрине, əр бір өркениеттің ішкі бөлегінде жəне де сансыздаған қосалқы мəдениеттер бар.

Мəдениеттің ғаламдануы

Мəдениеттің өзекті екі тетігі бар. Ол — тіл мен дін. Олар ұқсамаған қоғамда айқын айырмашылықтарға ие болады.  Ғалымдар көптеген ұқсамаған мəдениет өңірлерін негізге ала отырып, мемлекеттерді топтарға бөлгені бар. Сонымен бірге, дарашылдық пен ұйымшаңдық, теңгермешілік пен дəрежелік түзім сынды түзімдерге де; көп негіздік жəне бір негізді, əрекетшілдік пен тағдыршылдық, дарқандық пен қытымырлық, сенім мен күмəн, ұят пен қылмыс қатарлы əр түрлі ұқсамаған тұрғылардан да оларды бөлген болатын.

Алайда, жақынғы бірқанша жылдан бері, көптеген адамдар дəл қазір, əлемдік аядағы жаңа бір түрлі ғаламдасқан мəдениет жарыққа шығып келеді деп қарауда. Біз бет келгелі отырған бұл жаңа дүниенің мазмұны да түрлі-түсті болуы мүмкін.

Ең алдымен, ғаламдық мəдениеттің шарпуына ілесе келген, əлемдік аядағы игі жақсылардың экономикаға, қоғамға, саясатқа қаратқан көзқарас-болжамдары, құндылықтары негізінде туындап отырған мəдениет — əлемдік экономикалық жиналыс Дауоста өткеннен кейін, мен бұл мəдениетті Дауос мəдениеті деп атадым. Дауостағы бұл жиналысқа əлемнің əр шалғайынан жүздеген елбасылар, банкерлер, саудагерлер, саясаткерлер, оқымыстылар, зиялылар мен журналистер қатынасты. Бұл адамдардың барлығы дерліктей физика, социология, экономика мен заң ғылымынан атақтары бар, жазатын немесе есептейтін жұмыспен айналысатын, ағылшын тілінде мүдірмей сөйлейтін, халықаралық деңгейдегі үкіметтік немесе компания, ғылми мекемелерде жұмыс істейтін, сонымен бірге, шетелдерге үнемі сапармен шығып тұратын адамдар. Бұлар жалпы жақтан,  даралыққа үйренген, нарықтық экономика мен демократия турасында ортақ сенімі бар адамдар. Ал бұлар батыс мəдениетін баршаға ортақ құндылықтар деп қарайды. Дауос мəдениет тобы, ісжүзінде барлық халықаралық құрлымдарды, көптеген əлемдік басқарушы мекемелерді жəне басым көп санды жаһандық экономика мен əскери қуатты уысында ұстап отыр. Сондықтан, Дауос мəдениетінің салмағы ауыр. Бірақ, ғаламдық кеңістіктен алып қарағанда шағын бір топ адамдар ғана бұл мəдениеттен игіліктене алады. Бұл тіпті де ғаламдасқан мəдениет емес. Оның үстіне, Дауос мəдениеті жағында ортақтыққа ие болған осы жетекші адамдар өз қоғамдарында билікті бастан ақыр өз бақылауларында ұстап отырулары да нағайбыл. Дей тұрғанмен, бұл таяудағы бірқанша он жылдан бергі экономикалық іс-қимылдардың, ғаламданудың маңызды мазмұнға ие нəтижесі болып табылатыны да шындық.

Екінші түр, ғаламдық мəдениет көзқарастары мен басты назарын Батыстың тұтыну формасы мен бұқаралық мəдениетінің жаһанға жайылуына аударып отыр. Тарихта мəдениеттердің бел алуы өзге өркениеттерге де ықпал етіп, бір өркениеттегі жаңалық басқа бір өркениетте қабылданып отырған. Бірақ олар мəдениет нəтижесі емес, техникалар, немесе бір мезет соғып өткен ұшқындар есебінде ғана болаған да, қабылдаушының негізгі мəдениетін өзгерте алмаған. Тағы бір түрлі, ғаламдық бұқаралық мəдениет туралы, бір шама күрделілеу көзқарас бар. Ол басты назарын, тұтыну тауарларына емес, насихат жағына, кокаколаға емес, голливудқа аударады. Құрама Штаттар ғаламдық кино, телефильм мен бейнефильімдерді дерліктей үстемдікден қарап өз уысында ұстап отыр. Солай дегенмен, бүкіл ғаламдық байланыстың жарыққа шығуы, көзқарастар мен сенімдердің тоғысуына апарады деп мөлшерлеуге ешқандай негіз жоқ. Табиғи реттелу тұрғысынан қарағанда, ғаламдық байланыс арналары адамдардың құндылық көзқарастары мен сенімдерін тоғысуға қарай бағыттауы мүмкін, бірақ, бұл аса ұзақ уақытты талап етеді.

Үшінші, 5000 жылдың алдында, көптеген ұқсамаған мəдениеттер өмір сүрді, бірақ, олардың барлығы осызамандық үлгіде емес, дəстүрлі үлгілерде болды. Кейіннен экономика мен əлеуметтік жақта, осы замандандыру Батыс қоғамынан басталды. Сондықтан, осы заманданған Батыс қоғамы мен осы заманданбаған, батыстанбаған қоғамдардың арасында үлкен бір кедергі бөгет қалыптасты. Кезекте, осы замандану ғаламдық сипат алған құбылыс болып отыр. Барлық мəдениеттер, осы замандануға қарай қадам басуда. Осы мағынадан алып айтқанда, Батыс əлемі мен басқа дүниенің айырмашылығы біртіндеп жойылып келеді. Сондықтан, осы замандану дегеніміз, сөзсіз батыстанудан дерек бермейді. Көптеген деректер, осы замандану қазіргі қолда бар мəдениетті бекемдей түсетіндігін көрсетіп отыр. Сондықтан, мəдениеттер арасындағы айырмашылықтар мəңгі өмір сүре береді деуге негіз бар. Бейне 500 жылдың алдында, көптеген ұқсамаған дəстүрлі мəдениеттер мен өркениеттердің қатар өмір сүргені сияқты, болашақ ғасырларда да көптеген осы заманғы ұқсамаған мəдениеттердің қатар өмір сүргеніне куə боларымыз сөзсіз. Ұзақ болашақтан алып қарағанда, осынау ұқсамаған осы заманданған мəдениеттер тобы бір түрлі ғаламдық осы заманданған жаһандық мəдениетке қарай бет алуы мүмкін. Бірақ, ондай атаулы күн өте алыс, келешекте ғана жарыққа шығатын шығар. Қысқа мезгіл ішінде, осы замандану Батыстан тыс қоғамдар мен мəдениеттердің өркендеуіне түрткі ғана болуы мүмкін.

Бір қоғамның мəдениеті, осы заманданудың немесе бір реткі сыртқы қақтығыстардың салдарынан өзгеруі де мүмкін. (Бейне екінші дүниежүзілік соғыста жеңілгендігі себепті, ең соғыс құмар екі елдің, бейбітшілік сүйгіш екі елге айналғандығы сияқты) немесе, саяси басшылықтың іс-əрекетінен өзгеруі мүмкін. Алайда, қалай дегенмен мəдениеттердің өзіндік ерекшеліктері сол қалпынша өмір сүре береді. Егер, орынды болса, қызығушылық тудыратын құбылыс, ұқсамаған қоғамдағы халықтардың қанағаттандыру дəрежесінің ұқсамастығы да, бұл көзқарасқа дəйек бола алады.

Бұл мəселеге таяудағы он бес жылдан бергі Еуропадағы 9 ел халқының өмірдің жалпы келбетіне қанағаттану білдірген салыстырмасы дерек көзі болып отыр. Осы жылдардың ішінде олардың экономикалық жағдайында орасан зор өзгерістер болса да, бірақ, осы елдердің бұқарасының қанағаттану дəрежесінде, Белгиядан басқасында өзгеріс болмаған. Даниялықтар қанағаттанады, ал, италиялықтар қанағаттанбайды. Бүгін біздің ден қоятын онан да маңызды нəрсе Романд Земгилерхардың алпыс бір мемлекеттің құндылықтары мен көзқарасына жасаған талдауы болайын деп тұр. Оның мөлшер белгілеп, тексеру жүргізген дəйектері менің елестетуімдегі мəдениеттердің қазіргі жағдайын дəлелдеп көрсеткендей болды. Белгілі уақыт аясының ішінде оның санды мəліметтері, бұл мемлекеттердің баюына ілесе  бұлардың барлығы да дəстүрден модернизмге, постмодернизмдік құндылық көзқарастарға қарай өзгеретіндігін көрсетіп отыр. Сондықтан, мəдениет бір келкі бола алмайды. Біркелкілікке бой алдырмаған, бірақ осы замандана бастаған бет-бейне, оның санды мəліметтерінен тағы бір рет бой көрсетіп отыр.

Мен тағы да ілгерлеген түрде Батыстан басқа елдер осы замандануға қарай қадам басқан кезде, олар Батыстың көптеген мəдениет факторларын қабылдай түсуге ұмтылыс жасап отырады деп қарар едім. Мəселен, 100 жылдың алдында, Қытай мен Жапонияның кейбір адамдары өздерінің мемлекеттері осы замандануға қарай бет алар болса, онда, олар өз тілдерінен қол үзіп, ағылшын немесе неміс тілдерінде сөйлеуімізге тура келеді деп айтысып жататын. Ал, бүгінде осы заманданудың алға басуына ілесіп, өздерінің байырғы мəдениеттеріне қарай ойысу бір түрлі үрдіске айналып бара жатыр. Ғалам осы замандануға қарай беттеп барады, бірақ, ол ешқандай тура мағынасындағы батыстану емес.

Мəдениеттердің ұзаққа жалғасушылығы мен олардың тудыратын соңғы нəтижелері 

туралы, мен негізінен үш жаққа жинақтап айтпақшымын. Бұлар мəдениеттердің экономика мен саясаттың дамуына, ғаламдық саясатқа, ұлтты тану жақтарына жасайтын ықпалдары хақында болмақ.

Мəдениет жəне өркендеу

Неше ондаған жылдардан бермен қарай, экономистер мынадай бір мəселені шешуге талпыныс жасап келеді. “Неліктен кейбір мемлекеттердің экономикасы тез қарқын алып, гүлденіп-көркейіп кетеді де, ал, кейбір мемлекеттер сол баяғы мешеулік пен кедейлік қыспағынан құтыла алмай жатады?” Олар бұған күні бүгінге дейін адамды иландыра алатындай жауап таба алған жоқ. Бұл мəселенің маған айырықша сілкініс жасаған себебі, бірқанша жылдың алдында, мен кездейсоқ жағдайда Гана мен Корияның 1960 жылғы экономикасының статистикалық деректемесін көріп қалғаным бар. Ол кезде бұл екі ел негізінен ұқсас экономикалық деңгейде екен. Жан басына шаққандағы жалпы ұлттық табысы мен негізгі салалардың салыстырмалы басымдылық деңгейі, мəселен, өндіруші салалар, қызмет көрсетуші салалар, экспорттың түрлері мен сыртқы көмектерді қабылдау мөлшері жақтарында да негізінен бірдей деуге болады. 30 жылдан кейін Кория жан басына шаққанда кірісі жоғары, көптеген халықаралық-ұлттық компаниялары бар, өнеркасіпте алыпқа айналған, машина мен электронды аспаптарды экспорт ететін негізгі ел болып қалыптасқан екен. Ал, Гана сол баяғы Гана қалпы. Бұл айырмашылықтарды қалай түсінуге болады? Айтары жоқ, көптеген себептерді жинақтауға болатын шығар. Бірақ, мəдениет солардың ішіндегі ең негізгі фактор екендігіне менің күмəнім жоқ. Кориялықтар үнемшілдікті, аманат қоюды, қаржы құюды, қажырлы еңбектенуді, тəртіп пен тəрбиені қадыр тұтатын  халық. Ал ганалықтар ұқсамаған құндылық көзқараста. Басқа ғалымдарда осы тектес қортындыға келіп отыр. XX ғасырдың 80 жылдарының бастапқы кезінде, Харворд зерттеу орталығы Лари Харисонның бір кітабын баспадан шығарғандары бар. Ол өзі халықаралық даму басқармасында лауазымды тұлға ретінде Латын Америкасында көп жыл жұмыс істеген адам болатын. «Дамымау: бір түрлі идеялық бет бейне» деп аталатын бұ кітап Латын Америкасының мəдениетінің Латын Америкасының өркендеуіне басты көлденең болып отырғандығына талдау жасаған. Кітап сол кезде экономистер мен Латын Америкасы халықтарының арасында наразылық, ашуыза мен қарсылық тудырған болатын. Ал, қазір сол адамдардың барлығы оның көзқарастарын біртіндеп қабылдай бастады. Мəдениет қазір эконоимканы дамытудың жетекші тақырыбына айналып барады.

Мəдениеттің дамуға болған ықпалын, экономикалық реформалар жасап үлгірген бұрынғы социялистік елдердің салыстырмалы түрдегі алға ілгерлеуінен де байқаумызға болады. Мəселен, бейне өзімізде анық көріп отырғандай, осы елдердің мəдениеттерінде айырмашылықтары болғандықтан, олардың даму деңгейі де ұқсас емес. Əрине, экономикалық реформаларға көптеген факторлар əсер етуі мүмкін. Бірақ, мəдениет шынымен де маңызды рол ойнайды. Польша мен Украинды алып айтсақ, Украин бұрынғы Кеңестер Одағында экономикасы дамыған аймақтардың бірі болатын. Алайда, оның қазіргі экономикалық реформалары мен экономикалық өркендеуі Польшадан көп артта қалып қойды. Бұның басты себебі, Украин мəдениеті бөлшектенген, православие діні жетекшілік орынды иелеп алған. Ал, Польша болса Батысқа тəн қоғам.

Мəдениет экономикалық ұйымдардың формасымен ұқсамаған елдердегі адамдар арасындағы сенімділік дəрежесіне де ықпал жасайды. Фрэнсис Фукуяма адамдар арасындағы сенімділік аясы барынша кең елдер, мəселен, Жапония, Германия, АҚШ -та адамдар арасындағы сенімділік аясы тек қана отбасы мүшелері жəне жақын достарымен ғана шектелетін елдерге — мəселен, Франция, Италия, Қытай –ға қарағанда ірі көлемдегі халықаралық-ұлттық компанияларды көптеп дамыта алады деп қарайды. Егер оның бұл көзқарасы дұрыс болатын болса, осы фактордың өзі-ақ ғаламдық экономиканың мінбесінде маңызды рол ойнағалы отырған Қытайдың дамуына мəдениеті үлкен шектеу жасауы мүмкін.

Тағы да осыған ұқсас жағдайлар бар. Көптеген зерттеушілер жемқорлықтың асқыну деңгейін негізге ала отырып, əлемдегі елдерді сапқа тұрғызады. Бірақ, осы саптың өзін мəдениеттің райы бұзып кетіп отыр. Əлемдегі жемқорлық жайлау деңгейі ең төмен елдер: Солтүстік Еуропа, Скандинауия немесе ағылшын тілінде сөйлейтін елдер. Жемқорлықта алдына жан салмайтындар Азия мен Африка. Ал, осы тұста қызықты тағы бір дерек шығады. Бұл да маңызды түйін: Сингапор, Дания, Филандия, Швеция, Канада, Жаңа Зеландия барынша жемқорлықтан таза елдер. Ал, оның Азиялық көршілері Индонезия, Тайланд, Филиппиндер жемқорлықта алдына жан салмайтын елдер. Бұны сонда қалай түсіндіруге болады? Мұның жауабы əрине саяси билікте. Сингапорды ондаған жылдар бойы билеген Ли Гуаңяу жемқорлығы жоқ ел құруға бел байлаған тұлға. Ол бұл мақсатын орындады да, мəдениет туралы да асқақ үлгі орнатып кетті. Бұл жөнінде Сенатор Даниел Патрик былай деп байымдау жасаған еді: “арыға бармай-ақ бергі тарихтан айтқанда, бір елдің табыстарға қол жеткізуін саяси емес, мəдениеті белгілейді. Десе де, саяси кейде мəдениетті өзгеріске ұшыратуы, сонысымен өз мəдениетін құтқаруы да мүмкін”. Бұл сөзді  Сингапордың тəжрибесі дəлелдеді.

Мəдениет демократияның даму барысында маңызды рол ойнайды. Қазіргі заманғы демократия Батыс мəдениетінің туындысы. Қазіргі   əлемдегі  80% -дан астам демократиялық үлгілер Батыстікі. Немесе, Батыс мəдениетінің терең ықпалына ұшыраған демократиялық үлгілер. Əрине, басқада мəдениетті ұстанып отырған демократиялық үлгілер бар. Жапония мен Үнді бұған айқын мысал бола алады. Меніңше «кейбір өзгеше мəдениет демократияны қалыптастыра алмайды» деу қате, алайда, «кейбір мəдениеттер басқа мəдениеттерге қарағанда демократияға анағұрлым сəйкесе алады» деу дұрыс сияқты.

(Жалғасы бар)

Аударған Əрмиябек САҒЫНДЫҚҰЛЫ

Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті ©Білге - Мәдениет пен өнер сайты