Жазушы Борхестің Х.Л.Борхес туралы айтқандары

55a89332f6f12b2dd4707449605369d6.jpg (1200×800)


Барлық білімнен еркінше қанған бір адам өмірден өтіп, бейіштің қақпасына келеді.

Алдынан шыққан періште оған:

— Әй адам пендесі, кідіре тұр, ең әуелі өзіңнің бейішке кіруге лайық екеніңді дәлелде -  дейді.

Әлгі адам оған:

— Ендеше, сенен сұрайтын менің де бір бұйымтайым бар, сен бұл араның шынымен бейіш екенін дәлелде, мүмкін бұл менің өлер алдымда есеңгіреп жатқандағы елесім шығар? – дейді.

Періште бұл сұраққа жауап беруден бұрын, ішкі жақтан біреудің: — Оны тоспай жібере салыңдар, ол бізге лайық адам – дегені естіледі.


                                   Сопизм сүресінен


Мен Борхестің жазғандарын онша ұнатпаймын, дегенмен одан бас тарта да алмаймын. Мен сексеннен асқан адаммын, жалғыздықтан жабырқаймын, көзім де көрмейді, оның үстіне ауқатты да емеспін. Мен ат басын бұрған жер əсілінде қазіргіден де көп болуға тиіс еді, мен саяхаттауды ұнатамын, дегенмен шақырған жерге ғана бардым.

Борхестің кітаптарының ішінде, аты құлағыма жылы тиетіні «Жолбарыстың алтыны» кітабы, одан өзгесі тылсым болып кетпегенің өзінде, түшіркенетіндей сырлы болып келедi.

Дегенмен, əр адам жазсам дегенін емес, жаза алатынын ғана жазады. Бұл мені де біраз дегбірсіздендіріп қойған: аты айдай əлемге танылған Борхес өз дегеніне жете алды ма екен?

Борхес жазған əңгімелердің ішіндегі мен тəуір көретіндері «Оңтүстік», «Орлука» мен «Құм кітабы». Айтпақшы Борхестің «Құм кітабы»  деген жинағы бар. Бұл кітап қара сөз үлгісінде жазылған, кейін бұл үлгіден ол бас тартты, себебі жазушы ретінде ол фелиятоншы емес болатын. Қара сөз жазатындар көбінде өз ойын ғана ортаға салады, ал мен оның ойының бұндайға тұратын, тұрмайтынын білмеймін; мүмкін кезінде олар авторды тебірентсе тебіренткен шығар, бірақ көзқарас қашанда өзгеріске ұшырап тұрады ғой, ең кемінде ақылды адамдардың көзқарасы солай болады.

Борхес өмірінде газет оқыған адам емес, газет оқуды дəріптемеймін де, себебі газет жалт етіп жанып, ізінше сөнетін дүниелерді жазады, ол зулап бара жатқан дүниені ұстап қалғысы келеді.

Борхес жазады, ол жазбаса, мен өзімді бақытсыз сезінемін, мұндағым ол керемет шығарма жазғандығынан емес, оның шығарма жазғаннан басқа қолынан ештеме келмейтіндігінен.

Əдебиеттің ауласында жетпіс жылға тарта қыс пен жазды өткізген соң, мен Борхестің жазғандары оның бетіне шіркеу келтірген жоқау деп ойлаймын; оларды жазған адам өз ісінің шебері саналады, нені жазып, нені қою керек екенін де біледі, жазғандарының əдебиеттегі орнын да сезінеді. Мен көптеген адамдардың Борхес айтқан дүниелерді одан да керемет қылып айта алатынына сенемін, дегенмен, мен оның өз тəсілімен қала беруі керек деп ойлаймын, ол айтылған дүниелер маңызды болмауы мүмкін, десе де Борхестің өз стильін сақтағаны тəуір.

Борхес өз тұрмысынан шығармаға арқау іздеп көрген жан емес, менде мұндай ой тіпті болып көрген жоқ. Біреулер əлде бір ел туралы шығарма жазбақ болса, сол елге барып көзден кешіреді екен, бұл маған күлкілі сезіледі.

Шабыт мəселесіне келсек, мен оны қайдан алуға болатынын білмеймін. Мүмкін ол мен оқыған кітаптардан, танитын адамдермен əңгімемнен немесе естіген дүниелерімнен келетін шығар...

Мұнан сырт тағы бір айтарым, Борхес ойшыл емес. Ол — ойшылдар талқылаған мəселелерден ой түйіп жазатын жазушы. А.Шопенгауэрдің: «шығарма оқу дегенің басқалардың басымен ойлау» деген сөзі бар, бұл сөзден жалтара айтсақ, мен ойшыл емеспін. Борхес кезінде Д.Хуме (1778—1860 жылдар жасаған Шотландия тарихшы-философы, осы замандық метефизиканың негізін қалушы — ауд), Херакутус (мөлшермен жыл санаудан бұрынғы 540 — 480 жылдар жасаған Грекия ойшылы), Ж.Беркелилердің (1685—1753 жылдар жасаған ирландиялық дін басы, философ) басымен ойлаған, бірақ менің бұған қосарым ол ойшыл емес, ол уақыттан басқа ешбір философиялық мəселе туралы қортынды шығарған емес. Уақыттың сырына үңіле отырып ол біраз дүниелер жазды. Мифтің оған тигізген əсері күшті, ең кемінде реалис жазушылардан үстем тұрады. Одан қалса біздің өзіміз де мифтер дəуірінде жасап жатпаймыз ба. Борхес Сократ өлімінің сырына тоқтала келіп, мəңгілік туралы өзі қызығатын тақырыпқа соққан тұста, абстракт ой мен мифті бір-біріне сіңіріп жіберді. Мұндайда, оқырмандар əлгі екеуінің парқын сезбей де қалады, тек екі түрлі ой жүлгесінің барлығын аңдайсың, дегенмен мұндай ойлаудан бүгінде біздер арыла бастаған сияқтымыз.

Грециялықтар туралы айтсақ та, Платон заманында да əлгі екі түрлі ой жүйесі бір-бірімен аралас-құралас болған, меніңше бүгінгі жағдай да соған жақын, біздер ақылдық танымның көлеңкесінде өмір сүріп жатқанымыз жоқ, қайта мифтердің ортасында өмір кешіп жүрміз. Ұйқыға бас қойған шағымызда, түс əлемінде, рухымыз мифтер дүниесіне қарай қалықтап кетеді. Дегенмен бұның бəрі менің қиялым, мен ойдағы шабыт пен кездейсоқтық бізге осы есікті ашып берсе екен деген үміттемін.

Сын мəселесіне келсек, Борхес шығармалары туралы жазылған сын оның шығармасын байытпаса, қадырын кемітпейді, себебі, олар мен ескермеген, алайда объектив өмір сүріп жатқан дүниелердің бетін ашады. Мен көркем шығарманың автордың ой кеңістігімен шектеліп қалмайтынына бек сенімдімін, егер олай болмаса, шығармаңның көк тиындық құны қалмаған болар еді, сен өзгелердің сен жөніндегі көзқарасы арқылы кемелдене түсесің.

Борхестің əр күні өз жөнімен өтіп жатыр, адамзат тіршілігінің мақсаты, менің өмірім мен оның болмысы туралы Борхестің айта қоятын пəлсапасы жоқ. Бұл жағынан мен де жарытып ештеме айта алмаймын.

Кейде күлкілі жағдайдың орын алатын кезі болады, айталық мен өзім істеген ісіме де сенім арта бермеймін, бұндай жағдайда Борхес кімді сендіре алсын? Сондықтан ол өз шығармалары туралы айтпауға тырысады немесе бұл жағында ауыз ашпайды; Борхес тылсымдендіруші емес, ол киелі рухтың сыбырын да естімегенін айтады. Мен тек қана қаламгермін...


Аударған - Ардақ Нұразы

Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті ©Білге - Мәдениет пен өнер сайты