Ardakh Nurgaz. Өлеңде ұйқас пен форманың байланысы

ae5767b10c6ce6407f0c1f18048c2d22.jpg (623×644)

Поэзияда мазмұн мен форманың таласы бүгін ғана көтеріліп отарған жоқ. Сол таластың бір парасы өлеңнің ұйқасымен байланысып жатыр. Бүгінде ұйқасшылдар «Қазақтың қасиетті қара өлеңі» дегенді жиі ауызға алады. Қазақ поэзиясына, қала берді жалпы поэзияға сонымен анықтама бергісі келеді. Қара өлең болмаса, поэзия құрып кететін сияқты сезінеді. 

Алдымен қазақ поэзиясы тек қара өлеңнен ғана тұра ма немесе қара өлең қазақтың ғана меншігі ме? Қара өлеңге тоқталсақ, ол төрт тармақтан тұратын AABA үлгісін қуып ұйқасатын өлең формасы. Қош! 

Қазақтың төл поэзиясы қалыптасудан бұрынғы Орталық Азия поэзияның түркі, парсы, арабтық философия мен мәдениетін жүлге еткен әдебиетінде поэзияның формасы тек жоғарыдағы қара өлең үлгісімен ғана шектелмейді. Орталық Азия поэзиясының жарқын өкілдері Хафиз, Сағди, Науаи, Омыр Һаям, Руми, т.б. шығармашылығында екі тармақтан, үш тармақтан, төрт тармақтан (қара өлең) және бес тармақтан, көп тармақтан, т.б. тұратын өлең формалары ұшырасады. Руми өзінің жеті том, елу мың жолды құраған шығармасын екі тармақты үлгімен шығарған. Шығыстан шабыт алған Дәнте «Тәңір комедиясын» үш тармақпен түсірген. Омыр Һаям әлемге рубайы (қара өлең формасында) арқылы танылды. Ол төрт тармақтан тұрады. Бұдан байқайтынымыз қазақ поэзиясының дәстүрі қара өлең үлгісінен ғана тұрмайды. Қазақ поэзиясын қара өлеңмен ғана қаңтару барды бағалай білмеу, қала берді қараңғы сауатсыздық болар еді. Ал қара өлеңді тек қазақтікі деу мүлде сорақы түсінік. Құр тұлыпқа қарап мөңіреудің тап өзі. 

Қазақтың эпостық хиса-дастандары да тек қара өлеңнен тұрмайды. Қара өлеңмен қатар, түрлі ұйқасты қамтыған алуан фомадағы өлең үлгілері, тіпті, қара сөздер жүреді. «Қобланды», «Ер Тарғын», «Алпамыс», т.б. шығармаларда қара өлең көп үлгінің бірi ғана. Бұл әдебиетте тынысы кеңдік, энциклопедиялық ерекшелік дегенге бастайды. 

Ендеше біз неге қара өлеңге ғана тістей қатып аламыз? Оған себеп қара өлеңнің икемділігінде. Өлең формасы ретінде қара өлеңде тұтастық, қалып бар. Және екі, үш тармақты формаға қарағанда өрісі кеңірек. Сол қалыптың, шеңбердің ішінде ақын өз ойын айта алады. Қалып болған соң, одан пайдаланып қалғысы келетін, айтары жоқ болса да тыраштанып қалғысы келетіндердің шығатыны анық. Содан да қара өлең шығармайтын қазақ жоқ. Сол жолда ұзақ машықтанғандардың өзі ақын болып танылып кеткені де тағы шындық. Айталық, бізде формасы өлең (қара өлеңсымақ) сияқты қампиған, бірақ, ішінде іліп алар жаңалығы жоқ, мықтағанда өткендегі ақындар айтып кеткенді өзінше қайталап қалыпқа түсірген, тіпті, қарапайым, мылжың дидактикаға салынған дүниелер қаншама. 

Қара өлеңнің қалпы ақын еместерді ақын етіп шығарумен қатар, идеологияның талабын орындауға да мол мүмкіндік береді. Кеңес одағы кезінде қара өлеңнің барынша дәріптелуіне осы түйін себеп болды. Ақындар қара өлеңнің шеңберінің ішінде, дәлірек айтқанда коммунистік идеологияның шеңбері ішінде шығармашылықпен айналысуы керек болды. Бұл жаттанды, шайнап берген, идеологиялық оқулықтардың ізімен реалист өлең жаз деген сөз. Бостандықты ұмыт, оқырда көзің байлауыл, алдыңа салған дүниені же де тұр, біз жүктеген жұмысты екі етпей орындайтын бол дегендік. Жалпы, өткен ғасырдың екінші жартысында Кеңес одағы, Шығыс Еуропа, қала берді Қытай сияқты коммунистік билік үстемдік құрған елдерде саясат дәл осы қара өлең сияқты форманы өлеңге тықпалап, формашылдықты дәріптеу жолымен өлеңді догмаға айналдырып, ақынның дербес ойлай алатын бостандығын шектеп, поэзияны өлтіріп отырған. 

Өлең – өнер. Өнер ешқашан қалыппен жасалмайды. Талантты ақындар қашанда қалыпы бұзып, шеңберден шығып отырған. Қалыпта қалса, ақын емес, көшірмеші болар еді. М.Мақатаевтың « Қасиетіңнен, қара өлең, айналайын...» дегенін көлденең тартып, М.Мақатаевты тек қара өлең үлгісімен жазған дейтіндер бар. М. Мақатаев поэзиясы қара өлеңге қорған болады дейді. Бұл да ақынның поэзиясын терең түсіне алмаудың салдары. М.Мақатаевтың жақсы өлеңдерінің дені қара өлеңнің қалпынан шығып кеткен өлеңдер екенін көзге түртіп дәлелдеудің өзі артық нәрсе. Шабытты шағында М.Мақатаев қана емес, Қадыр Мырза Әлі де қара өлеңнің формасына қатып қалмаған. Қаласа барған, қаламаса, жиі кете берген. Еркін болған. Сонысымен олар қалыппаз, формашыл емес. Қазақ поэзиясында бүгінгі үлкен ақындардың дені де қара өлеңге ғана қарап отырған жоқ.

Сонда біз неге қара өлеңге тістей қатып, формашылдыққа салынамыз?!

Қара өлеңге жабысып алу қазақ поэзиясын форма жағында кедейлестіріп қана тынбай, ұйқас мәселесінде де қарабайырлыққа ұрындырып отыр. Формашылдықтың, жаттанпайдықтың, еліктеушіліктің асқынғаны соншалықты, өлеңнің ұйқасы десе, қара өлеңнің AABA үлгісін көтеріп шығып, «қазақ өлеңі осылай ұйқасуы керек, басқаша болмайды!» дейтіндер жетіп артылады. Әсілінде, қара өлеңнің жоғарыдағы үлгісі көп ұйқас түрінің бірі ғана.

Айталық, қазақ поэзиясының дәстүрінде жоғарыда айтқанымыздай AA, ABA, AABAB үлгілері бар. Бұл ұйқастың бәрі дерлік өлең тармағының соңғы буынымен сәйкеседі. Ал әлем поэзиясында жоғарыдағы соңғы буынға түсетін ұйқас формасы таяу екі ғасырда дамып, тармақтың ортасында және басында келетін үндестік формасына орын берді. Бұл өзгеріс өлеңнің соңғы буынына түсетін ұйқастың біртекті, қатып қалған, қалыпқа түскен әуенінің орнын өзгеше ырғақты музыкалық әуенге ауыстырды. Батыс поэзиясында бұл модернизм дәуірімен тұспа-тұс келеді. Модернизм дегеннің енді бір мағынасы жаттандылықтан түбірлі бас тарту дегенді білдіреді.

Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті ©Білге - Мәдениет пен өнер сайты