Seamus Heaney. Тілдің құдіреті

76690a4285a31d91e546d248e8be3f2c.jpg (624×491)


Біздің ұрпақ Т.С.Элиотты және ол туралы жазылған шығармаларды оқып өсті. Солардың ішінде Жаңа Зеландиялық ақын, сыншы К.Стендер жазған  «Модернистік поэзия туралы» деген еңбекті бөлек атауға болады. Мен ол кітаппен өткен ғасырдың 1960 жылдарының басында таныстым. Кітаптың аты сол айтулы әдеби қозғалыстың атымен аталған, әдебиеттегі ол бас көтеру XIX ғасырдың аяғында-ақ көзге түсе бастаған еді, ол кәдімгі  ақыл айтатын   поэзияға қарсы  нысайдағы поэзия  болатын. Стендердің пайымынша, Англияда бұл қозғалыс 1922 жылы «Шөлдің» өмірге келуімен шырқау шыңына көтерілді. Кітапта автор Элиоттың сол тұста баса билеген дәстүршіл ақындардың қамалын қалай бұзып, қайтып дара шауып  шыққанын баса көрнектілендіріп жазған. Элиотқа қарсы келген сондағы ақындар — орыс ақыны Мандельштам мұндай ақындарды өз кезегінде «біреуден заказ алған саудагер сияқты» деген болатын, — поэзиямен ақыл айтуды көкке көтере ұрандайтындар еді, түбін құғанда олардың ойындағы жүкті поэзия емес, қайта проза көтеруге тиіс болатын. Стендер келтірген тағы бір қызықты мәлімет кезінде «модернистік поэзия» мұрынын шүйіре қараған сол тұстағы жыр жинақтар мен сын кітаптардың тізімдігінде деуге болады: олар Анна Бенстонның «Жаратушы мен адам туралы жыр», кезінде бұл кітап дәстүршіл сыншылар жағынан «жаңашыл, рухани дүниесі бай» деп бағаланады екен; О.Ханкеттің «Балаларға арналған базарлық»; Э.Делдің «“Титаник” кемесінің апатқа ұшырау жағдайы», бұл кітап туралы біреулер кезінде «мүмкін, бұл өлең апатты бастан кешкендер ортасында ерекше алқау тудыруы мүмкін», — дегендей, күлкілі ойлар айтқан. Айдарынан жел ескен сол жырлардың (1913 жылы ақпан айындағы) ортақ ерекшелігі — олардың бәрін де жоғары дауыспен айқайлап оқуға болады. Бұлар тұрақты ұйқас дегенді ту етіп көтеретін, жұрттың бәріне түсінікті ойды құлаққа үйіп-төге беретін жырлар болатын. Мұндай түсінікті әрі қалыпқа түсірілген өлеңдер үшін, «Шөлдің» пайда болуы айтып-айтпай төбелеріне тоқпақпен ұрғанмен бірдей еді. Дегенмен, Элиоттың бұл поэмасы дәстүрлі шығармалардың талғамының өресінде қалған әлгіндей адамдарды былай қойғанда, оны дұрыс қабыл алуға тырысқандарға да оңайшылықпен қол ұшын бере қоймаған. Стендердің тағы бір түйгені, қалай дегенмен де жұрт сол кезде осындай бір дүниенің келуін күткен, оны қабыл алуға дайын да болған. Сондай адамдардың бір шоғыры егер поэзия дегеніміз түсінікті тілмен жазылған дисертатция болса, онда «Шөл» сол дисертацияның дәл өзі, бірақ, бұл дисертацияның біраз тұсы түсіп қалған сыңайлы деп қараған. Бұл түсінікке Стендер: «Жоқ, олай емес!» дейді. Бұл жырды  дисертация ретінде оқысаң толық түсіне алмайсың, себебі, онда «мазмұндарды тұтастырып тұрған» бөлектер «жоқ болып» кеткен; Кімде-кім бұл жырдан жұрттың бәріне түсінікті «мазмұн мен мән» іздеймін десе, теріс кетеді, жырдың нақты болмысынан да шет қалады, – дейді Стендер.Стендер «Шөлдің» елеске, астарға құрылған; серпінді, шабыттан туған; өзін өзі дәлелдеген жыр екенін айқындайды. Онда адам санасы әлсіздігін танытқан, ақылдық сананың орнын жандүниенің терең түкпірінде жатқан сезімдер мен символдық сәулелер басқан. Ақылдық танымның торын тасадан бас көтерген өзгеше екпін сөгіп кеткен. Бұл жыр парасатты ғана алаулатпайды, онда поэзиялық көңіл күй мен сезімнің парасат-пайымға бас ұрғаны менмұндалап тұрады. Бұл жыр өзіне тән әуеннің, музыканың келуін күтеді, тасадағы елесті де, өзін де ол сонысымен оятады.т.б. Стендер осылай деп Т.С.Элиоттың бойындағы романтиканы көрнектілендірген. Оның ойынша Т.С.Элиот түс деуге тұрарлық қиялға құштарлық пен ақылмандыққа күмән келтіру жағынан У.Уоруорттың кейіпкерлерінен бір мысқал да кем түспейді екен...

1942 жылы қазан айында, Т.С.Элиот соңғы поэмасының ақырғы тарауын жазып жатқан күндерінде А.М. Бронға мынадай деп  хат жазады: «Көз алдыңда болып жатқан істерге назар аударып, жазу үстеліңнің қасында отырсың, мұндайда әр күн сайын әсем сөз бен тамылжыған ырғақтың буына балқып кете аламын деп айта алмайсың — өйткені, бәрі де әдіре қалуы мүмкін ғой. Онан сырт, былайғы бас қатырар әлеуметтік істердің өзі адамды мезі етеді, ондайда еш мағынасыз деген сөз кеңістігіңе қайта қайтып келесің».Бұл поэзия, поэзияның кеңістігі туралы айтылған тамаша пайымдаулардың бірі.  Тарихтың жан алып, жан берген парақтарына поэзия ештеме істей алмайды. Бірақ, ол бізді өзімізге жақындатады, таныта түседі. Белгілі мағынадан алғанда поэзия өте әлсіз — ол бұрын-соңды бір танкты тоса қалған жоқ; енді бір тұрғыдан айтқанда, оның құдіреті шексіз — бейне пайғанбардың жерге жазған жазу сияқты, айыптаушының да, айыпталушының да аузына құм құяды...

Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті ©Білге - Мәдениет пен өнер сайты