К.Фуэнтес (Carlos Fuentes ): Проза өлді ме?

03759b0e213a554002933ec0a603e479.jpg (550×380)

1954 жылы, мен алғаш шығарма жариялаған кезімде біреулердің «проза өлді!» деген сөздерін естігенмін. Бұл сөз болашаққа болжам немесе қабыр тастағы сөзге ұқсаса да, сол тұста мені əжептəуір көңілсіздендірген болатын: не десең де, бұл сөз сені қолыңа қалам алып, проза жаз деп тұрған жоқ қой. Ол кезде бізге айтылған патуə: прозаның ақырғы күні таяп келеді, себебі, бұл жанр өмірге келген сəтте мойнына алған хабаршы міндетін орындаудан қала бастады, ол міндетті қазіргі кезде кейін келген кино, телевизор, газет, немесе тарих, психология, саясат, экономика туралы арнаулы ақпараттар басты, олар өз міндетін прозаға қарағанда əлдеқайда тез əрі нақтылы атқарып жатыр.

Прозаға тиісті кеңістікті ақпарат құралдарының тарылтқаны даусыз. Бүгінде адамдардың рухани дүниесіне тек романдар ғана жол тартпайды, адамдардың қызығу сезімін прозалық шығармалар ғана қанағаттандыратын кезде əлдеқашан өтіп кетті. 150 жылдың алдында жұрт Нью-Йорк айлағына жиналып Диккеністің романы «Кəрі бейбастақтың» ақырының не боларын білу үшін, роман басылып жатқан газеттің келуін күтіп тұрады екен. Жұрт бүгінде романды емес, АҚШ-тық телесериялдарда кімнің кімді өлтіргенін сөз ететін болған.

Ж.Оруелл ертеде-ақ: ақпарат дара билеуші сияқты бəрін басып-жаншиды -деп болжаған болатын. А.Хуһелес тіпті төбесінен түскендей: «ақпараттың дүниені жаулауы түгеп бермейтін тасқын тудыратын музыка арқылы орындалады» –деген-ді. Десе де, келесі дəуір жақсы болсын, жаман болсын, кітаптан көз жазған, жазусыз кезең болғалы тұр. Енді бір сөзбен айтқанда баспа кітабының заманы өтті; Біздің ендігі тірлігіміз Ф.Кафка шығармаларындағы өмір сияқты, өзгешелігі тек айғай-шуға толған заман болғалы тұр.

Алайда, жоғарыдағы кедергі біздің ұрпақтың жазуға деген құштарлығын мұқалта алған жоқ. Кері жағынан айтсақ, бұған дейін біздер бүгінгідей хабар-ошарға қол жеткізе алмағандықтан тар өрісте қалып, көп дүниеден бейхабар отыра бергенбіз.

Есімде қалуынша, ғасыр басында атам мен əкем Еуропадан келетін кемені зарыға күтетін. Ол кісілер француз жазушыларының жаңа романдарын оқуға ынтық еді.

Атам алыстағы Батыс мəдениетінің орталықтары мен біздің қиыр шалғайдағы мекеннің арасында хабар-ошар алатын бір тиімділік туса ғой деп армандайтын. Олардың бұл армандары маған түсінікті де. Атам мен əкемнің сол армандарының менің көкірегімде қадалып қалғандығынан болар, оларды мен бүгінде де біреуі таяғына сүйеніп, енді біреуі ыстық күнде басындағы ши қалпағын қолына алып желпіп, кеменің келуін күтіп жағада тұрған бейнесінде елестетемін.

Бүгін болса, біздің елдің ең кедей деген ауылдарының өзі телеэкраннан XVIII ғасырдың əңгімесін баяндайтын сериял көргісі келе ме, əлде, əн-күй естігісі келе ме, оны өз еркі бойынша шешеді. Мен өзім күнде көріп жүрген каушк жұмысшыларының тұрмысы туралы айта бастағым келмейді, тек қыстыра кеткім келетіні ол жұмысшылардың ішерге таза суы жоқ болса болар, бірақ, көретін телевизоры бар. Десе де, мұнымен кедейлік пен түсінбестіктің орны толып жатқан жоқ: англиялықтар Француз мəдениетін ұнатпайды; француздар іргесіндегі Испанияның не болып жатқанынан хабарсыз; Испания солтүстіктегілердің не күйде екенін білуге құлықсыз... Тек бір ғана нəрсенің жолы болған, ол саржағалы басылымдардың күй талғамайтындығы.

Біздің төбемізден төгіліп жатқан ақпарат теңізінде не жоқ дейсіз: қанпезерлік пен қатыгездік; атыс-шабыс; террористік оқиғаларды ашық көрсетіп уағыздау мен сол көріністермен лəззат бағыштау; ал бұның керісінше дүниелер тіпті аз. Саны бар болса да, оны дұрыстап насихаттауға пейіл жоқ.

Өткен ғасырдың 50 жылдарында біз мынадай мəселеге қайта-қайта соға беруші едік: проза өз тəсілімен нені айтуы кере?

Латын Америкасының өзге елдерінде қалай болды, білмеймін, біздің Мексикада бұған төмендегі үш жақты жауап болды. Бұл жауаптар көріністе дұрыс сияқты сезілгенімен, проза жанрының табиғатына сай келе бермейтін:

1.Шығарма реалистік бағытта болуы керек; қиял немес қияли дүниенің қажеті жоқ.

2.Ұлттық түс алуы керек; жалпы сипатта болмауға тиіс. 

3.Қоғамдық міндет арқалауы керек; «өнер үшін өнер» дегендей жолдармен қоғамдық қайшылықтардан қашқалақтауға болмайды.  

Осындағы үш түрлі «болады!» мен үш түрлі «болмайды!» деген тиым, ойланып қарасаңыз негізінен саяси ойынның қуыршағы сияқты екен. Арада қырық жыл өткенде, сонда айтылған бұл ойлар бүгінде күлкілілігімен ғана ерекшеленеді. Шаңы шыққан бұл дəріптемелерді қайталап ауызға алып отырғанымыз тағы сол əдебиеттің қамы, келер күнде əдебиетімізді тағы сондай томаға-тұйыққа ұрындырып алмау үшын, өткеннің кілеңсіздіктерін қайта айтуға мəжбүр болып отырмыз.     

1954 жылы менің алғашқы əңгіме жинағым «Бет пердесі бар күндер» жарық көрді, бұл жинақтағы біраз əңгімелер сол тұста сынға ұшыраған болатын, оларға тағылған айыптаудың басым көбі жоғарыдағы талаппен үндесіп жататын еді. Сыншылар ол əңгімелерді реалистік емес, ұлттық сипаты көрнектіленіп тұрмайды деп сынады. 

Бірақ, екінші романым «Ең тыныш өңір» жарық көргенде дəл мұның керісінше жағдай туды. Сыншылар ол туралы шынайылықты пайдалануда асырып жіберген, икемсіз, қатып-сенген шығарма деп жазды. Мен бұл романда ұлтыма сын айтқан едім, оным айналып келіп саяси көзқарасымды анықтады, бірден кері төңкерісші болып шыға келдім — романда Мексика төңкерісі кезінде солшыл бағыт ұстанатын саяси тұлға сөз етіледі, бұл адам қолындағы қаруын мол ақша үшін ғана АҚШ-тықтарға сата салады, жиып келгенде ол Латын Америкасындағы төңкеріске теріс боран тудырған біреу болып шығады. Біздің елде реалдыққа болған қате түсініктің етек алғаны соншалық, бір кезде төңкеріс пен құрбан беруден басқаның бəрі қажетсіз нəрсе болып дəріптелді, ұлттың бар мақтанышы өткенді еске түсіріп той-томалақ өткізу мен гүл шеңбер қоюдан ары аспайды. Ал, шынайы ұлтты сүюдегі У.Соуинк (1986 жылғы Нобель Əдебиет сыйлығының иегері — ауд)   айтқан ескертпелер: ұлтқа сын айту оның болашағын ойлағандық; ондағы кемшіліктерді көріп тұрып, көрмеске салыну трагедия; ұлтқа сын ең əуелі ұлттың отбасын оңаудан басталуы тиіс екені – ескерусіз қалған. 

Жиып келгенде ол кезде саяси қара құрық көркем шығарманың өлшеміне айналған. Жұмысшылардың көрген жапасын жазып, оларды төңкеріске дайындау көркем шығарма деп дəлелденді. Дегенмен мұндай шығармалар қанша көп жазылғанымен, жұмысшыларға бостандық əкелген жоқ, əдебиетті де көгертіп көктетпеді. 

Мұндай сорақы ұстанымның шырқау шыңын Францияның Сталинизмшіл əдебиетшілері жасады. Олар: «Ф.Кафканы өртеп жіберейік» –дегенге дейін барды. Біздің елден де бұған қолдау білдірген сайқымазақтар шықты. Кафка бірден «реализмге қарсы жазушы» болып шыға келді, тіпті ішкі істер министрі болған біреудің желпініп тұрып жұртқа: егер Кафка Мексикалық болғанда, мықтағанда ортанқол жазушы болып қала берер еді –деп көкігені бар.

Бүгінде Ф.Кафканың XX ғасырдың ең ұлы жазушысы екенін кім терістей алады. Оның қиялы, қоғамдық түзімнің ішкі мəнін ашуы, зорлықты күштің сипатын көрнектілендіруі, қай тұрғысынан айтқанда да мейлінше дəл келіп отырған жоқ па? XX ғасырдың заң, мораль, саяси, сондай-ақ адам басындағы жалғыздық пен күңіреніс, қорқынышы, жиып келгенде өмірдің қай саласы Ф.Кафканың дүниесінен тыс қалды? Ф.Кафка артына болмашы үміт қана қалдырып кеткен жазушы. Оның үміті үмітсіздікке сайған ескертпелерден тұрады. Ол адамзаттың да үміті. 

Өткен ғасырдың орта кезіндегі мұғалімдер бұндайды білген жоқ, олар жалған екеніне өздерінің көзі əбден жетіп тұрғанына қарамастан, сондай бір мейірбандық дегенді жатып кеп оқушысының мыиына құюға тырысатын. Олар проза деген көзің жеткен реалдың қыры-сырын ашу; осы тұрғыдан алғанда бұл жанрға көз көрген дүниеден басқа еш нəрсенің қажеті жоқ -деуші еді. 

Көзсіздікпен дəріптелген əлгіндей бақыт пен келешектің басының қосылатынына еш кепілдік болмаған жағдайда; дүниенің мейірімділікке қарай бағыт алатыны туралы аңыз XX ғасырда тас-талқан болған да, біздер əдебиет туралы жоғарыдағыдан өзгеше үш түсінікке ие болдық. 

Біріншісі, зорлықты күшке құрылған жүйе түптеп келгенде прозаны қолшоқпар етіп, оны өз идеологиясын насихаттауға жұмыс істетеді. 

Екінші, жоғарыдағы жағдайдан кейін қарсы бағытта дамыған прозаны тек ойын-күлкінің дүниесі деп сипаттау етек алған. Бұндай əдебиет У.Милл айтқан «машина адамының» лəззатын қанағаттандыру үшін ғана өмір сүретін əдебиет болды. «Машина адам» басқа үшін емес, тек лəззатқа батып, күлген үстіне күле беру үшін ғана өмір сүрмек.  

Үшінші, прозаның өткеніне бір қарап алып, келешектен тек қана қараңғылық көретін бірыңғай түңілімпаздық етек алды. 

Кезінде Ж.Башерлад философияның, саясидың, немесе белгілі бір қоғамдық мүдденің мақсатына орай жазылған əдебиет, əдебиет емес деген болатын. Бұнда ол прозаны өзіне тəн табиғатынан айырып, оны ақпарат беретін құралға айналдыруға қарсы шыққан. 

Маркстың өзі «заттық тұрмыстың дамуы мен өнердің дамуы бір келкі бола бермейді» -деп жазған болатын. Бірақ, ол мына сұраққа жауап бермеген: «өнер туындысы əлдеқашан өтіп кеткен дəуірді бейнелесе де, онда бар дүниелер тек тарихшыларды ғана қызықтырса да, ол бізді неге баяғысындай өзіне тарта береді?»

Бұл сұрақтың жауабын кейін Чех философы К.Косис тапқандай болды: əрбір өнер туындысы «бөлінбес бір тұтастықтың ішінде екі жақтылы сипатқа ие болады» –деп жазды ол. Өнер туындысы бір жағынан реалдықты бейнелесе, енді бір тұрғыдан реалдықтың өзін де жасайды. Бұл реалдық өнер туындысының сыртында өмір сүріп қалмастан, ішінде де өмір сүреді деген сөз. 

Өнер туындысы өзі бейнелеп отырған реалдыққа онда жоқ өзгеше дүниелер сыйлайды немесе реалдықтың реңін қоюлата түседі, дегенмен, əрленген бұл реалдық бірден, нақты күйде, өмірде көзге түсе бермейді. Өнер туындысына айналған реалдық мен мұндалап шыққанның өзінде оның екі ұшы — жеке тұлға мен көптің бейнесі өз деңгейінде анық көрініс таппайды. Содан да, мен əдебиеттің үшінші түрлі мүмкіндігі: көптің бойындағы даралықты ашып беруі реалдыққа қажетті деп білемін. Бұл мүмкіндік біздің жеке тұрғыдан өз мəдениетімізге жеке адам ретінде үңілуімізге орын қалдырады.

Бүгінге дейінгі реализм бізді шекті дүниемен шектелуге мəжбүр етіп келді. Ал, өнердің қасиеті қашанда сені білместі білуге жетелейді. Жазушы мен өнер иелері білімге емес, қиялға сүйенеді. Реалдықты көшіріп алып, деректер теретін қалам иесі ешқашан да бізге Сервантес пен Кафканың дүниесіндей дүние сыйлай алмайды.

Проза дегенің əлде нені көрсету немесе айтып беру емес, қайта, өмірді əлде немен толықтыру. Проза дəуірдің бейнесін көрнектілендіргенімен, алайда,  олар бүкілдей ұқсас нəрсе емес. Егер шығарма тек қана тарихи қайшылықтардың тартысынан ғана тұратын болса, онда уақыт өзгерісіне ілесіп əлгі қайшылықтардың  жойылуымен, шығарма да көк тиындық қасиеті жоқ дүниеге айналған болар еді. Егер Дəнтенің шығармаларын біз қарапайымдастырып діни топтар арасындағы саяси қайшылық өресінде ғана түсінсек, онда ол шығармаларды тарихшылардан басқа ешкім оқымас еді.  Дəл осыған ұқсас, егер Кафка шығармаларын кітаппаздықпен  оқысақ, онда айтылған ұғымдарды оның келіп шығу тарихынан, отбасынан, оның еврей екенінен ғана іздесек, онда əдебиеттегі Ф.Кафкаға мəңгі маңайлай алмаймыз. Ф.Кафка дүниені бейнелеп отырған жоқ, ол дүниені жаңа реңмен толықтырып, біз танып жетпеген жаңа мүмкіндіктердің бетін ашып отыр.

Сонымен, проза өзіне ғана тəн осынау тар соқпағымен тынбай жүріп келеді. Біреулердің прозаның күні бітті деп жариялап қойғаны қашан. Енді біреулер оны ойыншыққа айналдырғысы келді. Десе де, осы барыста дүние əдебиетінде аты-затына сай прозаның не бір майталмандары əдебиет майданына шықты. Ағылшын тіліндегі дүниеде Ж.Стирон, Т.Мориссон, Н.Годимер, В.С.Найпаул, С. Рашид, Ж.Баренс; Испан тіліндегі дүниеде Г.Г.Маркес, Ж.Готисола, М.Б.Лусса, Ф. Дел Поса, Ж.Раус; Еуропада И.Калвино, М.Кундра, Г.Грас, Т.Берхард, Ж.Конрад; Африкада Н.Маһфуз, С.Ибрахим, Ч.Ашбери, Б.Брейтінбарш; Азиядан А. Десал, Би Дау т.т.

Осы адамдардың ұмтылысымен проза қашанда жалындап жанып тұратын, мəңгі жоғалмайтын отты дүниеге айналды: проза бір түрлі мүмкіндік ретінде өзінің қажетті дүние екенін дəлелдеді; реалдықты жаратушы ретінде өзіне тиісті ойып тұрып орын алды. Мен шынайылық турасындағы талас эстетика тұрғысынан əлде қашан шешімін тапты деп ойлаймын.  «Жүз жылдық жалғыздық» немесе «Дон Жулиан графтың қайта келген атақабыройы» романы біз білетін реалдықты жанжақтылы көрсетіп береді, сонымен қоймай олар өздеріне  ғана тəн реалдықты да өмірге əкелді. Соңғы реалдық шығармадан бұрын өмір сүрген емес, бірақ, мүмкіндігі бар реалдық ретінде біздің болмысымызда қамтылып жатыр.   

Өткен ғасырдың 50 жылдарынан бастап дүниені екіге жарған идеологиялар қақтығысы əдебиетті де екіге жарған болатын. Бірақ, нағыз өнер прозаны əлгіндей бөлінуден аман сақтап қалды. Бүгінде Г.Г.Маркес пен М.Кундераның шығармасын ешкім де олардың ел жағдайына қарай бөліп жармайды, қайта, олардағы ортақтықтан лəззат алады.

Бүгінгі дүние əдебиетіндегі проза өз бойындағы екі нəрсені аластауымен көзге түсіп отыр. Бірінші, жалпылық түс алатын ұғымдар болады дегенге шек қойды. Ал, бұл өз кезінде белгілі бір топ пен белгілі бір елдердің сыбағасы ретінде қаралатын. Айталық, Еуропаның ағарту қозғалысы кезеңінде басты роль атқарған орта буржуазияда осындай ерекше құқықтың болғанын білеміз. Сол кезде: «біздің талдау қабілетімізбен эстетикалық талғамымыз, сезіміміз айрылмайтын бір нəрсе жəне олар өзгермейді» –деп жазғандар болды.

Бұл тарихтың көп қатпарлылығы мен мəдениеттің көп негізді болатынына қайшы келетін көзқарас. Адамзат бүгінгі көп үйекті, көп негізді мəдениет дəуіріне қадам тастағанда ғана, кешегі, ағарту дəуірінде алға қойылған саналылық пен парық дегеннің шынайы болмысын танып жете алды жəне соны өз бастарынан кешіп жатыр.   

Осыдан екінші бір керексіз етілген ұғым туады. Неміс ойшылы Делд кезінде: тарих тек Еуропаны тудыруға ғана жаралған -деген ой айтқан еді. Бүгінгі жағдай мүлде оның керісінше: кешегі айдарынан жел ескен елдердің салтанаты əлдеқашан жоғалған, олар мəдениетте мəңгілік үстем тұрады деген сандырақты тіпті ауызға да алмай-ақ қоялық. Дүние ғаламдық мəдениетке қарай қадам басуда, əрі көп түрлілік айқындала беретіні белгілі болып отыр. Бұрынғы өзек жоғалды, бəрімізде дүниенің шеті сияқтымыз, енді бір мағынадан алғанда əрбіріміз өзекпіз.   

Əдебиеттің ұлттық ерекшелігін көзсіздікпен дəріптейтіндердің айтқанына көнсеңіз, бəрін басқаша кесіп-пішуіңізге тура келеді. Өткен ғасырдың 50 жылдарында Мексикалық бір сыншысымақтың: кімде-кім М.Прусттың шығармасын оқыса, сол жезөкше болады –дегені есімде. Бақытқа орай біздің ең үздік жазушыларымыз — Х.Л.Борхес, Лиес, Салема, В.Паз, Х.Кортасар — өз тұрғыларынан дүние əдебиетінің əлгіндей М.Пруст сияқты тұлғаларын қаншалық көп білсе, соншылық алға басатынын, өзін де, өз ұлты мен өз елінің əдебиетін де соншалық жоғары өреге сүйрейтінін дəлелдеп үлгірді.   

Түбін қуып келгенде жазушы ұлтына рухы мен тіл мүмкіндігін бермесе, басқа не бере алады? Бір ұлт рухы мен тілінен айырылса өмір сүре ала ма? XX ғасырдың тарихы, рухы мен тілінен айрылған ұлттың жалғасты өмір сүре алмайтынын көрсетті. Жазушысы көзден кеткен де, сол ұлттың үнінің де өшетіні белгілі болып отыр. Сөз бостандығына шектеу қойылған жерде, қиял құдіретінен айрылып, сөздің қадірі кетеді. Саяси жақтан сөз бостандығын шектеуді көздейтіндердің жетпек болған мақсаты да сол: олар осы қадам арқылы адамға тəн барлық бостандық пен құқықты тұтастай өз қолдарында ұстағысы келеді. Фашистік Германия, Кеңестер Одағы мен Əскери үкімет басқаруындағы Аргентинада жəне сондай жағдай болды. Бұл тізімді əлі де соза түсуге болады.

Өткен ғасырдың 50 жылдарында көтерілген əлгіндей үш түрлі солақай ұран кейін өзге бір қуатты күштің екпінінде өң–түсінен айрыла бастады. Африкадан шыққан Н.Годимер, Ашбери болсын, Шығыс Еуропадағы М.Конрад болсын, бəрі де саясиды өнердің құдіретіне бағындырды. Егер солай істемегенде М.Кундраның прозалық шығармалары өз деңгейіне жетпей қалар еді. Осы жазушылар белгілі мағынадан алғанда ешқандай күштің адамзаттың қол-аяғын матап, тілін байлап қоя алмайтынын дəлелдеп берді.     

Енді бір сөзбен айтқанда, проза өнер мен қоғамды үндестіре отырып, адамзат болмысындағы көзге көрінбейтін кедергілер мен кертартпа күштердің жолын кесуге; сананың тасқынында ұмытылып қалған дүниелерді арши отырып, адамдық арнамысты қорғауға; жауыздықтың десін басып, адамға тəн өмір мен бостандықтың тынысын кеңітуге бағыт алды. Оның билеуші күштермен жиі-жиі келіспей қалатыны да сондықтан. Себебі проза өз қарсылығын танытпай тұра алмайтын жанр. Прозаның бұл еркіндігіне өткенде қалай  қатер төніп келсе, мұнан кейін де дəл сондай қатер азая қоймас деп ойлаймын.

Испан тілді Латын Америкасы əдебиеті өз сапарын Ламаншадан (Дон Кихоттың ауылының аты, автор мұнда қазіргі заманғы проза Сервантестен басталады демекші — ауд) бастады, ол ешқашан да ойыншық əдебиет немесе көңіл көтеретін əдебиет болған жоқ. Ол өмірге келген күннен бастап қатып-семген реализмнің жаттанды ұрандары мен тар өрісті ұлтшылдардың дарынсыз талаптарының қоршауын бұза отырып алға дамыды. Борхес, Астуриас, А.Карпентьер, Х.Лорф, Бедни сынды саңлақтардың бас болуымен Латын Америкасы əдебиетінің өнер эстетикасының өрісі бұрын-соңды болмаған дəрежеде жаңаланды. Бұл бір жеке тұлғаның ұмтылысынан бір ұлттың, бір құрлықтың əдебиеттегі тағдыры шешілген кезең болды.         

Реализм деген не өзі? Дон Кихот — ет пен сүйектен жаралған көп адамнан əлде қайда шынайы сезілетіні несі? Бұның сыры неде?

Прозада форма мен мазмұнды бір-бірінен айыруға бола ма? Айта берсең сұрақ көп.

Прозаның құдіреті оның қиял — реалға айналатын қиял туындата алатындығында...

Бүгінгі проза бізге: біз əлі де прозамыз, біз проза болып қаламыз! –деп отыр. Ол жаңалық жарату мен дəстүрден ажырамаудың өзіндік жүлгесін тапқан сыңайлы. Бүгінгі прозада келешекке құлаш ұрумен қатар, өткеніне үңілу де бар. Ол дүниеге тар өрістің емес, ашық алаңның көзімен қарайды. Содан да, прозаның өткенен алғаны тастай қатқан,  бір əрпінде өзгертуге болмайтын, Хоменидің С.Рашидті құғындағанындай дəстүрі емес, қайта, ашықтыққа құрылған, бауырмалдық пен сенімді үлгі тұтқан дəстүр.

Күні кешегі С.Рашидтің «Сайтан жыры» романын ислам дінінің сенімін аяқ асты етті деп қарау, кітаптің түп мəніне бүкілдей қайшы келеді. Роман мынау алып ұшқан замандағы ұшарын жел, қонарын сай білген адам тағдырынан сөз қозғайды. Кітапта үнділік екі актер ұшақ апатында бұғазда Лондонның төбесінен құлайды — жазушы осы көрініс арқылы бүгінгі адамзаттың басындағы ең негізгі мəселелердің бірі — қоныс аударушылардың тағдырын жазады. С.Рашидтің қаламынан туған бұл тағыдыр көп қырлы тағдыр — діни, саяси, моральдық, салт-дəстүр т.т. –дың өзгерісі мен күйреуі, сондай-ақ жаңадан тұлғалануы адам тағдырына үлкен бет бұрылыстар əкелетіні белгілі.

Сонымен бүгінгі проза биліктің, діни ұшқары күштердің түрлі-түсті қысымы мен сес көрсетуінен жасқанбай, өзіне тəн мүмкіндігімен, өзінің айтсам дегенін айтып келеді жəне айта бермек. Солай, бұл жолда Дон Кихот тағы да жеңіске жетпек.  Себебі проза адамзаттың мəңгілік мəселелерін айтушы болып қала береді.    

Аударған – Гүлнар Ақан қызы.


Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті ©Білге - Мәдениет пен өнер сайты