John Keats: Түн бұлбұлы
Әлемде көптеген халықтар ақынды бұлбұлға теңейді. Бұлбұл десе ойыма J.Keats(1795ж.–1821ж.), J.Keats жазған «Түн бұлбұлы» түседі. Құлағыма келіп тұрған 25 жасында көз жұмған ақынның өмірде қалып қойған үні. Батыс пен шығыста, сонау Грек дәуіріндегі аты өшіп кеткен ақындардан У.Шекспиерге дейін, одан қазірге дейін, қаншама ақын бұлбұлды жазды. Десе де, бұлбұл десе бүгінгі жұрт бірден оны J.Keats еншісіне береді. 1819 жылы сәуір айының бірінде ақын «Түн бұлбұлын» іңір қараңғысындағы бақшада екі жарым сағат шамасындағы уақыт жұмсап жазып шыққан екен. Міне, талант деген! Әр дәуірдің таланттарында да осыған ұқсас бір өзіне тән үні болады.
I
Жүрек сыздап
Ауырлап
Ұйып денем,
У ішкендей бір масаң сезімменен,
Иә апиын жегендей жаңа ғана
Өзеніне үміттің* құлап келем:
Емес бұл бақытыңды күндегенім,
Қуанышым өзіңмен бірге менің —
Күмбірлеген күй болып әрбір демің
Көк көлеңке ұйыған қара орманда
Жаз жайраңын сайрайсың қосып жырға.
II
Жер астында сақталған қаншама жыл
Жүзім шарап
Дәриға-ай ұрттасам бір!
Түссе есіме жасыл жер
Ән менен би
Түссе жарық дүние жайраң өмір!
Ромке —
Жылуы бар оңтүстіктің
Лепілдетсе қып-қызыл муза суын**
Шөпілдеген ернеуден көбік атып
Қоп-қоңырқай реңге боялса ернім.
Бір-ақ сарқып
Жылжысам дүниеден
Қара орманға бірге еріп өзіңменен.
III
Кетсем ұзақ
Ұзаққа
Көрінбейтін
Ұмытсам бәрін істің сен білмейтін.
Қажуды
Беймазаны
Тарылуды
Қыршын жастың қиылған мұңды кейпін;
Жатқан шалды топ болып құр сүлдері
Заманды
Қайғымен жұрт ұһілейтін.
Бірақ ұмыта алмаймын
Түссе-ақ ойға
Үзем күдер
Басар қайғы сейілмейтін.
Қара көзді нұрынан тайдырмауға
Әсемдік пірінде де шама бар ма,
Жаңа ғана туылған жас махаббат
Жалыны өшіп жатпай ма қас қағымда-ақ.
IV
Самға!
Самға!
Қалмаймын мен де сенен
Осы қажу қалпымда-ақ басым зеңген
Шығамын өлең пірі қанатына
Шарап тәңірі күймеңді әкет әрмен!
Тарттым міне, соңыңнан!
Қоңыржай түн
Ай қасынан көрінді тұрағы оның,
Төңірегі қама-жау қалың жұлдыз
Солайда
Өшкін екен жарығы тым.
Тек таңғы сәуле ғана бір болымсыз
Ілесіп нәзік самал желмен әлсіз
Өтті аймалап мұң басқан бұраң жолды
Ағашты
Көлеңкені —
Ыңсыз-жыңсыз.
V
Аяғымның астында нендей гүл бар?
Шығып тұрған ағаштан қандай жұпар?
Білмедім қараңғыда
Әйтседағы
Ағаш
Орман
Жайқалған көк шалғындар
Аңқытады хош иіс
Сезінемін:
Раиханды
Долананың ақшыл гүлін,
Еңлікті
Тағы-тағы... маусымдағы
Құлпырған масатыдай басқа түрін;
Көбелек гулеп мамырлап жаздың түні
Мөлдіреп шық аңқиды раушан гүлі.
VI
Құлақ сап түн қойнына тымықтағы
Емреніп әзірейілге әлсін әлі
Есімін жырға қосып мақтап ептеп;
Өтіндім жанымды аспанға ала кет деп.
Тұрғанда сен көңіліңді күйғып сайрап,
Табылар қайдан мұншалық шадыман шақ!
Шаңқай түсте осы бір
Қиналмастан Кетсем өліп недеген зор салтанат.
Сен ғой сайрай бересің
Мен жоқ
Бірақ,
Қалған мола артымда түрер құлақ.
VII
Өлмейсің сен
Сен мәңгі қасиетті құс
Бата алмас саған дүниенің аран тісі.
Бір мен емес үніңді
Хан
Қара да
Естіген талай-талай заман түсі.
Осы үнің талай жүрек қылын шерткен
Осы үнің
Рузды* да дірілдеткен —
Жат өлкенің масағын теріп тұрып
Омырауын көл қылып жасын төккен.
Осы үнің жалғыз арал иендегі
Ашқан бұзып сиқырлы терезені
Сапырып қамаудағы ару көңілін
Көз сүздірген қиянға теңіздегі.
VIII
Жалғыздық!
Осы бір үн қоңыраудай
Саңқ етті
Қыр соңымнан жетті қоймай!
А, қиял
Қош!
Ынтығым періште құс
Тын енді сиқырыңмен сиқырламай.
Дала басқа
Тау басқа
Бұлақ кешіп
Сол үндердің арыздайды
Армандардай
Ақыры кеп тау қойнын қалды құшып
Қош бол енді қош!
Әмісе маған болғай
Қиялым ба, иә
Ұйқыдан ояндым ба?
Ғайып бопты үн —
Түс көрдім бе
Ояумын ба?
Аударған Əзімхан ТЫШАН