Omar KHayyam: Рубаилар (The Rubaiyat)

85bda006952c0f492c4050339b89b49a.jpeg (366×500)


Даналар ой маржанын жіпке тізген

Кеңесіп хұда жайын текке бізбен,

Шеше алмай сыр түйінін, ақырында

Кетті ғой талай надан кеткен ізбен.


Жаз өтер, өтер қыстың қар-ақпаны,

Жыртылар өмір-кітап парақтары.

Қайғырма, онан-дағы шарабыңды іш,

«Қайғы-зәр, - дейді хакім, - шарап – дәрі».


Бұл жалған тұрмайды деп жастағымдай,

Не пайда, ойбай салып жатсақ ұдай?

Өмірің өз еркіңде, ойна да күл, 

Жаратты баста солай патша-құдай.


Пайда жоқ бұл заманда толы достан,

Жақсы ғой жұртпен сирек жолығысқан.

Біреуге серігім деп сене қалсаң,

Алдымен саған соның өзі дұшпан.


Аяймын күнім батып, түн болғанын,

Жігері талай жұрттың құм болғанын ,

Айтпайды-ау ол дүниеден келіп біреу,

Кешегі кеткендердің кім болғанын. 


Тағдырдың сыры терең жете алмаймыз,

Жұмбағын түгел тауып кете алмаймыз.

Керулі көз алдында сиқыр перде,

Өлеміз, бірақ әрі өте алмаймыз.


Шіркін-ай, бір саяға келер болсақ!

Ұшығын ұзақ жолдың көрер болсақ!

Жүз мың жыл өткенен соң, о дариға-ай,

Көгеріп жерден қайта өнер болсақ!


Белдегі сұйық едік бірер тамшы,

Тудық қой ләззат оты болып қамшы.

Жел айдап күлімізді кетер ертең,

Жарқыным, шарап ішіп, сермеп қалшы.


Құй шарап! Шүмпілдесін қолда шара,

Ішпейтін мен байқұста бар ма шама?

Ақыл мен дінді бүгін үш талақ қып,

Алайын жүзім қызын мен бейшара.


Аспанға таң арқанын күн тастады,

Кесеге Қай-Хұсрау нұр тастады.

Шарап іш, махаббаттың таңғы дауысы

Әнекей, «Ішіңдер!» деп жыр бастады. 


Жел тербеп, қауыз жарды гүл-жапырақ,

Бұлбұлдың дауысына тұнды атырап. 

Барсайшы байқұс гүлге! Қас қаққанша

Гүл солар, біз болармыз гүл-топырақ. 


Шараппен сыйла мені, бақыт болсын,

Қызарып екі бетім жақұт болсын.

Мен өлсем, сүйегімді шараппен жу,

Көмсеңдер, жүзім ағаш табыт болсын. 


Лайық па жүрек толы нала бізге?

Одан да сауық-сайран саламыз, де.

Білмесең келер күннің сырын анық,

Шарап, қыз, жан рахаты, талап ізде.


Шын сүю көкке балқып күн шығардай,

Сүйгенің күйіп-жансаң, тыныш алмай.

Бұлбұлдай нала шеккен сүйген емес,

Сүйген сол – өле білсең үн шығармай.


Шарап іш, сұлулармен сал да сайран, 

Таңырқап дін жолына, қалма қайран.

Дозаққа маскүнем мен ғашық барса,

Көреді бейішіңді сонда қай жан?


Түн бойы шығам шаршап шер көңілден,

Көзімнен өңіріме көл төгілген. 

Ой деген басқа құяр шарап емес,

Кеседе не тұрады төңкерілген?


Намаздан михрабтағы сенсіз өткен

Сүреңсіз өмір артық елсізде өткен. 

Еркелет мені, Тәңірім, мейлің өрте,

Бәріне әмір еткен сенсің көкте.


Таң атты, жақсы жігіт, оян! Бол, тұр!

Кесеңе қызыл-жақұт шарап толтыр.

Алар дем аманат қой бұ жалғанда,

Бір кетсе, оралмадйы, шарап келтір!


Аударған - Қуандық Шыңғытбаев   


P.S. Омар Һәйя «Рубайларының» нақты саны анықталмағаны белгілі. Бірақ, Омардың өзі жазғаны бар, кейінгі ақындардың қосқаны бар, бәрінде бір ортақ желі тарылған. Ол – рубайдың неден басталып немен аяқталатынына қатысты. «Рубайды» зерттеушілер бұл туралы екі арнаға жіктеледі. Біреулер, «Рубай» кешкі шапақ, раушан, бұлбұл, шарап, әйел, шаттық және таң рауанымен аяқталады, деп қарайды. Енді біреулер, таң қараңғылығы, шарап, бұлбұл, раушан гүлі, шаттық, әйел және кеш шапағымен аяқталады, деп қарайды. Біз жоғарыдағы рубайларды бірінші топтағы зерттеушілердің ұстанымына сай сұрыптап берген болдық.     

Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті ©Білге - Мәдениет пен өнер сайты