Омарғазы Айтан (Omarkhaz Aytan): Далалар

ade209e34fa48833104e5de55077daf2.jpg (1152×648)

Қаңбақ па, домалаған? 

Далалар - таңғы түс. 

Ұзатылған қыз, 

Ол және

Қанаты талған құс. 


Жеңілген көшпенділер - 

Далалар

Солардың жығылған туы. 

Оққа ұшқан арғымақтың— 

Далалар соның 

Тершіген буы.


Жым-жырт адырлар – 

Ұйқысы.

Отыншының балтасы қалған,

Кәрі жыңғылдың таты –

Соның қызыл қанына боялған. 


Түйелердің сірі табаны ма

Қоңырау үні құмға басқан?

Басы жоқ, соңы жоқ

Қара жолдар –

Ұзын-ұзын ескі дастан.


Далалар – таулардың анасы,

Ұсақ төбешіктерде

Кіндігін кескен. 

Үйсін обаларынан да үлкен 

Оның жасы.

 Ағын, ағын ой шұңқырлар — 

Қыпшақтардың аттарының 

Тұяғы тескен. 


Далалар – осы,

Тасбақаның аузы ма ашылған? 

Бір сынық жебе, 

Бір тас оба, 

Ескі құдық. 

Далалар міне, осы— 

Аппақ қу сүйек шашылған.


«Егер поэзияны рух пен тәннен жаралған тұлға десек, оның жаны ырғақта. Ырғақ қана поэзияның өзіне ғана тән ұйқасы мен формасын туғызады. Поэзия деген көрінбейтін рухтың толқыған сәтте жылт еткен сәуледей елесінің ырғақ пен ұйқаста белең беруі. Сондықтан да болар поэзия үшін ырғақ пен ұйқас көзбен көріп, қолмен ұстауға келмейтін жұмсақ нәрсе. Оның бар екенін тіпті ақынның өзі де тек жан-тәнімен берілгенде ғана аңғарады. Оны ақынның бойындағы өзіне ғана тән бояу мен жеке басының зердесі ғана жаратады. О.Айтанұлы поэзияда зәр шағына жеткенде осы түйінді анық аңғартқан. Ақынның 90 жылдарда жазған бір қатар қысқа өлеңдерінде «қаншалық аз болса, соншадық көп дүниені қамтиды» деген эстетикалық өлшем негіз етілгген. Бұл өлеңдерде ақын болмыс жөніндегі қалыпқа түскен, тұрақтанған көзқарас айтудан гөрі, болмысқа үңілу, болмыстың бір бөлегіне айналуға бейім тұрады. Сондықтан да оқырман бұл өлеңдерді оқыған сәтте оны салған жерден түсініп кете алмайды. Қайта, арада көлеңке, перде тұрғандай сезімде қалады. Дегенмен оқырманның бұлай тоқырауы өлең техникасынан туып отырған жоқ. Қайта ақынның тіршілік, өмір, болмыс, өлім турасында жастық шақтан қарттыққа қарай басқан әр бір қадамында, өз болмысының әр бір парағынан кездестірген түсініктер мен болжамдарынан қорытылып ортаға түскен. Ақын тіршіліктің мәнін қаншалық терең сезінген сайын өзінің шын бейнесіне соншалық жақындайды, өз рухани дүниесін соншалық терең қазбалайды, соншалық тебіренеді. Бұндай тебіреніс қашан да күрделі рухани қозғалысты тұлғалайтын күрделі өнер үлгісінің–форманың болуын қажетсінеді. Мұндай тебіреніс, әсте жаттанды ұйқас пен қалыптасқан ырғақтың шеңберіне сыя бермейді. Қайта ол өзінің ритміне сай тың ырғақ пен ұйқастың болуын қажет етеді. Толқын атқан тебіреніс пен сол тебіреніске сай туған өнер үлгісі қашанда бар мен жоқтың арасында малтығып, ақынның рухын серпілтіп әкетеді, немесе ақын қиялда болса да әлгі «Бір уақытта екі рет кешуге болмайтын өзенді» кешеді...»

Ардақ Нұрғазы. «Поэзия және О.Айтанұлы»

Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті ©Білге - Мәдениет пен өнер сайты