Омарғазы Айтан (Omarkhaz Aytan). Жылыну ма, махаббат па?
Тұрған едім Чаң Анжиенің бір бекетінде,
Януардың кешкі ызғары бетімді қарып.
Оңай ма
Елуінші жылдардан қалған бір ақынға –
Егде тартқанда сүйегі жұқарып.
Тықыршудан басқа не бар,
Жайлы-жылы қонақүйге тез асығып.
Жылт ете қалды сонда
Ұмыт болған бір кәрі лирика,
Сындардай екі жас
Көзіме оттай басылып.
- Не арман бар болсын! – дедім ішімнен, -
Сол жігітте,
Топ ішінен сырттай тұрып,
Сүйене жұғыстырғанда оған тал бойын
Аққұба бір ару
Аққудай мойынын иіп.
Жылыну ма, махаббат па?
Тоса қалды қалыңдығы оң жақ бетін.
Үлгірді жігіт те
Өз бетін тез басып.
От болып жанды екен қанша қызулар,
Қайталап жатқанда осы тиісулер
Екі беттерге кезек алмасып.
Кім келіп сейілтер шықпаған жанды?!
Көріп кеудемнен
Ұшқандай ең соңғы бір жалын.
Бұрыла бердім үнсіз
Троллейбус есігіне,
Бай саудагердей бір кездегі
Тонап кеткен қарақшылар
Бар қазына малын.
Жылжып кетті жеңіл доңғалақтар,
Екі зарият қосылудан
Қозғалғандай
Көк темірге жан кіріп.
Тұр екен әлі сол орнында
Екі жас
Қарағанымда артыма сәл бұрылып.
Қайда менің жастық шақтарым?
Есіме түсіре алар емеспін
Бірақ, қазір
Ол шақтарды.
- Жүр ме екен, - деймін, - әлде кезіп
Такламакан құмдарында.
Отырған шығар, бәлкім
Бір адырында
Жоңғарияның қатпарлы.
Алыстай берді троллейбус,
Әкетіп бара жатқандай ол мені кәрлікке,
Жуас өгіздей мойныма мойынтұрық кигізіп.
Қалды бірақ ең соңғы сезімім
Сол бекетте –
Тұрғандай әлі сол екі жас
Беттерін беттеріне тигізіп.
Асықтыра алмас оларды кешкі ымырт,
Тоңдыра алмас және
Табиғаттың қысқы ызғары.
- Бақытты болсын солар!
Не бар енді менде мұнан басқа,
Жібімесе де мейлі,
Қала берсін кеудемде
Махаббаттың ескі мұздары.
1985ж.
«Ағамды (О.Айтанды айтады) 1976 жылы 8-шi айда түрмеден шығады екен, деп естідік. Біз жанұямызбен қуанышымызда шек болған жоқ. Үй тазаладық, ағама жаңа киім-кешек сатып алып дайындық істедік. Бірақ, мәлім себептермен кешігіп 1976 жылдың 10-шы айында ағамды жұмыс орнына әкелді, деп ұқтырды. Менімен бірге Болат та (Омарғазының жиені) барамын деп ілесті. Ағаммен кезігуім өңім бе, түссім бе, деп есеңгіреп келе жатсам, алдымыздан Жуңлу (Омарғазының Жазушылар одағындағы қызмметтесі, ұлты қытай) аға шықты. «Ағаңды алғалы келдің бе?» деп құлыптаулы есікке қарай жүрген еді, мен тағы да қамап қоя ма, деп шоши бастадым. Сөйтсем ол Жуңлудың кабинеті екен. Есікті ашқан соң Рахметолла (Р.Әпше) аға мен ағамның орын көрпесін көрдім. Жуңлу:
- Ағаңды қайтесің? Бізде асхана да, жатақ та жоқ, - деді.
- Рұқсат етсеңіздер әкетемін, - дедім. Ол және:
- Жолдасың қалай қарайды? – деді.
-Ол тура түсінеді, - дедім.
- Ағаң түрмеде ұзақ жатты. Денсаулығы нашар, көргенде жылама, мәселелері әлі бір жақтылы болмады, әзірше үйіңе апара тұр, - деді.
Расында ағамның өңі аппақ шөлмектей, өң-реті қатты нашар екен. Ағамды көргенде жүрегім тағы еріксіз езіліп кетті. Ағам есіктен кіргенде «Болат деген сен бе?» деп, Болатты құшақтап «өзім де сорлы екенмін, бір қалада тұрып туылып сегіз жасқа келгенше көре алмаған недеген қорлық» деп жылап кетті. Мен тауқыметті ауыр жылдарда ағамның жылағанын көрмеген едім. Үйге келгенде Ғайнижамал апай, Байақымет Әлияны алып алдымыздан шықты. Ағам олардың да бетінен сүйіп құшақтасып амандасты. Кеште Солтан, Сәбиқа, Дәлел, Әмір, Шәріп, Мақсұт, Мақсұтбек, Райымбек қатарлы университеттің мұғалімдері амандасуға келді. Ағам қатты көңілді, біз де қуанышта, жанұйямыз дыр-думанға бөленді.
Ертесі қалған жүктерін әкелуге асықты. Мен: «қойшы, молда аға, түрмеден шыққан нәрсені күйдіріп тастайық», - дедім. Ағам: «бәрін жоғалтсаң да сырмақты жоғалтпа», - деді. Сөйтсек түрмеде жазған көлемі шағын өлең, дастандарын қағазды уқалап босатып, оны орап, өте шеберлікпен сырмақтың оюын сөгіп, арасына кіргізіп, қайтадан өзіндей етіп сырып қояды екен. Түрмедегі кезінде бірнеше рет шуда жіп пен тебен сұратқан. Мұны неге істетеді екен, деп ойлаушы едім. Сөйтсем бұл еңбектерін сақтау үшін тапқан айласы екен. Сондықтан ағамның жазған шығармалары сиямен емес, жүрек қанымен жазғандай сезіледі маған. «Құсжолы», «Түйе», «Сәукеле» жинақтарындағы 1968 – 1976 жылдар аралығында жазылған өлең, дастандары сол сырмақтан шыққандар.
...
Ақынның қарындасы Гүлзада Айтанның «Қайран аға» атты эссесінен үзінді.