Клемент Гринберг (Clement Greenberg):Алғадайлық және қарабайырлық

5e6ba4fbd3ee230d68d7c6ff05af10e7.jpg (750×467)

 «Алматы ақшамы» газетінде (11 қазан, №125)  Қазақстан Республикасының Халық әртісі Бибігүл Төлегенованың айтқан ой-пікіріне қатысты «Көптен күткен сөз еді» деген тақырыппен шағын мақала жарық көрген болатын. Бүгінгі сахна мен эфирді алып кеткен эстрада әншілері туралы айтқан Халық әртісінің сөзі жұрт арасында зор дүмпу тудырды. Сахна мен әлеуметтік мәдениеттің байланысын сөз еткенде, батыстық капитализмнің тікелей туындысы — бүгінгі модернистік сана туралы айтпай қалуға болмайды. Қоғамдық модернистік сана әуелі Батыс елдерінде пайда болды. Соған орай «модернизм деген не?» деген сұрақтың төңірегінде үлкен талас-тартыстар өтті. Модернизм ұғымын түсіндіру үшін мәдениеттанушылар алдымен дәстүрлі мәдениет және алғадайлық пен қарабайырлық деген ұғымдарды түсіндіру керек еді. Бүгінгі таңда бірнеше дәуірді басынан өткеріп салып, батыстық капитализмді қабылдаған қазақ қоғамының мәдениеті де дәл осындай көкейтесті сұрақтарға жауап күтіп тұр. Сахна мәдениеті мен әлеуметтік мәдениеттің байланысына барып саятын жоғарыдағы таластың өзі осы сұрақтың тікелей туындысы. Қазақ мәдениеті модернизацияланбай, батыстық модернистік мәдениеттің ішкі заңдылығын игеріп, өзіңде бар мен сырттан алудың арасындағы тепе-теңдікті сақтауды үйренбей, өркениеттің бұл көшіне ілесу қиындықтар тудыруы мүмкін. Айталық, баса көктеп келген жаңа мәдениетті жетік білмеген жағдайда, ырықтылықтан айырылып, өзгелердің мәдениет логикасы бойынша өмір сүруімізге тура келеді. Сондықтан, бұл салаға жан-жақты назар аударып, зерттеу жүргізген дұрыс. 20-ғасырдағы батыс суретшілері, айталық, К.Моне, П.Кесани, П.Пикассо, т.б. туралы көлемді зерттеулер жазған өнертанушы, сыншы К.Геренбергтің  төмендегі мақаласы  аталған тақырыпқа байланысты болғандықтан, назарларыңызға ықшамдап ұсынып отырмыз.

Аударушыдан


Мәдениетте ұқсас мезгілде екі түрлі мүлде ұқсамайтын жәйт бірге жасай береді екен: қазір Т.С.Элиоттың өлеңдері мен Тин Пан Аллейдің жырлары, Ж.Брактың суреттері мен «Сенбілік пошта газетінің» мұқабасы қатар өмір сүруде. Осы төрт дүние біздің мәдениетіміздің логикасына үйлесіп тұр және көріністе мәдениетіміздің бір бөлігі, қоғамның туындысы сияқты сезіледі. Алайда, олардың байланысы бұнымен шектелмесе керек. Қандай мәдениеттік таным бізді Т.С.Элиоттың өлеңі мен Э.Куэстың жырын қатар қойып, олардан  айнымас бірлік табуға негіз бола алады? Жер мен көктей парқы бар дүниелер бір мәдениеттің аясында,  ұзақтан бері солай болуға тиісті сияқты сезілуде. Бұл табиғаттың заңына ұқсаған түпкі заңдылықтың біз білмейтін, тасадағы қыры ма? Әлде, жаңадан төбе көрсете бастаған, заманымыздың өзгеше туындысы ма?

Бұл сұрақтарға эстетиканың ішкі заңдылықтарымен ғана жауап беру мүмкін емес. Меніңше, бұған бұрынғыдан да шымыр жаңа ой, бұрынғы қоғамдық таным мен тарихи танымның шеңберінен шыққан пайым керек сияқты. Төменде мен осы мәселелер туралы тоқталсам деймін.    

1

Қоғам даму арнасында өзіне тән даралықты сақтауға барған сайын мүмкіндігі қалмаған жағдайда, былайғы жұрт пен өнер иесі немесе жазушы арасындағы әуелгі қалыптасқан байланыс бұзылады. Мұндайда кез келген дүниеге тұрақты анықтама беру қиындайды. Дін, билік, дәстүр, стиль мен барлық ертеден келе жатқан таным-түсінікке сын көзбен қарау басталады, өнер иелері өз қаламынан туған дүниеге былайғы жұрттың не дейтініне көп мән бермейтін болады. Бұрындары мұндай жағдайды біз қатып қалған александризм деп атайтынбыз. Ондай академиялық таным талас-тартысқа түсіп, шындықты ашқаннан гөрі, түсінбейтін дүниені бір шетке ысырып қоюға, шынайы шығармашылықтың орнына ұсақ-түйек әрлеу мен түсіндіруге бой ұрып, барлық ұлы туындыларды бұрын өткен ғұламалар жасап кетті деп, өткенге көзсіз табынуға бейім тұратын. Ондайда өнер туындысы мыңдап кезігеді, бірақ, бәрі бір қалыптан шыққандай, бірін-бірі қайталаған, жаңалығы жоқ дүние болады. Айталық, байырғы Римге тән мүсіндер, қытайдың шығармашылық туралы сегіз тармақтан тұратын өлшемі, академиялық суреттер, жаңа республикалық өлшемде салынған құрылыстар, т.б. осының жақсы мысалы. 

Қазіргі миша былыққан қоғамның біз үміт ететін келешегі тағы сол мәдениеттің түлеуіне қатысты екенін көп адам ескере бермейді. Жоғарыдағы дәуірлеген алекасандризмнен бас тартқан тұста, батыстық буржуазиялық қоғамда бұрын-соңды болмаған дүние пайда болды. Ол — мәдениеттегі алғадайлық еді.  Ол жоғары деңгейдегі  тарихи сана болатын, нақтырақ айтқанда, қоғам мен тарихқа сын көзбен қарау танымының нық басып тұра алуы еді.  Бұл таным көз алдындағы қоғамды бұрынғыдай утопиялық жаттанды түсінікпен емес, нақты тарихи себеп-салдар қатынасына салып, қоғамдық басымдылық алған идеологияны тереңнен бұтарлап талдау негізінде өзінің күш-құдыретін әйгіледі. Сондықтан, біздің бүгінгі буржуазиялық қоғамдық түзіміміздің тәртібі әуелгі дәстүрлі тіршілігімізге ұқсамайды, қайта, ол қоғам дамуының бүгінге дейінгі жаңарған соңғы үлгісіне жатады.  Бұл жаңа көзқарас 19-ғасырдың орта тұсында пайда болысымен, бірден өзін өміршең таным ретінде тұлғалады. Оны біртіндеп өнер иелері мен ақындар қабылдады. Бұл өзгеріс аңдаусыз санада жүрді. Еуропада ғылымда төңкеріс жасаған кезеңде алғадайлық сана онымен бір мезгілде, үндес, қатар шықты. 

Рас, алғашқы алғадайлық ерекшелікті билікпен қатысы жоқ адамдар жасады. Ол адамдар саясатпен байланыспайтын еді. Алайда, олардың бойында төңкеріске бастайтын, қатып қалған жүйеге қауіп төндіретін таным болмағанда, өзгелер оларға «буржуазия» деген лақап тағып, олар да өзін солай атауға көнбес еді. Сол сияқты қоғамды төңкеріске бастайтын саяси сана моралдық тұрғыдан қолдаушы болмағанда, олар бас біріктіріп, батылдықпен биліктің қоғамдық тәртібіне қарсы тұра  алмайтын еді. Негізі, алғадайлық қасиет буржуазиядан бастау алып, өз алдына өріс ашты.    

Алайда, алғадайлық өнер өз алдына өріс ашып, қоғамнан салыстырмалы тәуелсіздігін жариялаған сәттен бастап, саяси буржуазиядан бөлектеніп, саясаттан бойын аулаққа салды. Төңкерістік сана қоғамның шеңбері ішінде, идеологияның бір тармағы ретінде мәдениетке саяси тұрғыда ауыз салғанда, өнер мен поэзия одан бет бұрып шықты. Жұрт біртіндеп алғадайлық өнердің шынайы маңызы мен салмағы оның жаңалыққа баратынында емес, қайта, сірескен идеология себебінен зорлықты күшке бара жатқан қоғамнан шығар жол іздейтін қасиетінде екенін түсінді. Қоғамнан тәуелсіздігін бір жариялап алғаннан кейін, әлгі алғадай ақындар мен өнер иелері өнерді өз алдына тұлғалап, оны ерекше тәсіл деңгейіне көтерді, өзіне ғана тән осы биікте тұрғанда ол бойламайтын тереңдік, шартты түрде шешімін таппайтын қайшылық қалмады. Осы бағыт асыра сілтеуге ұрынғанда «өнер үшін өнер» немесе «таза поэзия» деген ұғымдарға жол ашты, оның арты мүлде даралануға да апарды.

Даралануға барар жолда алғадай өнер иелері мүмкіндігінше жаратушыға ұқсап жаңа дүние жасауға,  бейне табиғаттың туындысы сияқты толыққанды көрініс қалыптастыруға ұмтылды, айталық, жалаң емес, эстетикалық тұрғыдан толықтай өзін-өзі түсіндіре алатын жалпы көрініс жасауға мүдделі болды. Мазмұн толықтай формаға сіңіп кеткені соншалықты, мұндай өнер туындысы мен әдебиеттің толық емес, бір бөлегінің өзінен сыртқы дүниені көру дегенің мүлде мүмкін емес еді. 

 Дегенмен, барынша дараланды дегеннің өзінде, алғадай ақындар мен өнер иелері мүмкіндігінше қоғамдық құндылықтан бас тартқан жоқ, қайта, әуелгі қоғамдық құндылыққа сын айта отырып, өздерінің шартты құндылығын немесе эстетикалық құндылықты алға шығарды. Бұл тұрғыдан келгенде, олар Аристотельдің пайымдауына сай келетіндей Жаратушыға еліктеген жоқ, қайта,  әдебиет пен өнердің ішкі заңдылығына бой ұрды. Міне, бұл — алғашқы дараланудың төбе көрсетуі. Ақындар мен өнер иелері өмірден жиған тәжірибесін материал ретінде пайдаланғанда, бірте-бірте әлгі өздері тұлғалаған эстетикалық құндылықтың көзімен қарайтын болды. Өзгеге еліктемейтін немесе басқаны көшірмейтін өнердің эстетикалық нарқы дара тұрғанымен, сыртқы дүниемен белгілі ара байланысты сақтап қалды. Осындағы аралық байланыс әдебиет пен өнердің негізгі өрісіне айналды. Егер Аристотельден бастап біз барлық өнер түрі сыртқы дүниеге еліктеуден тұрады деп білсек, ендігі жерде оны еліктеуге еліктеу деп түсінетін болдық. Ақын У.Йейтістің сөзімен айтсақ:

Шарықтатып ән салуды үйреткен мектеп болған емес,

Шұқшиып зерттелген жәдігерге оның өткендегі шұғылалы тарихы ойып жазылған.

П.Пикассо, П.Мондриан, Ж.Миро, У.Кандинский, К.Бранкучи, одан қалды, П.Клее, Г.Матисс пен П.Кесани, т.б. бәрі өз шығармашылығынан шабыт алды. Олардың туындылары кеңістік пен жазықтықты, форманы, бояуды өздеріне тән тәсілмен пайдалану арқылы әуелден бар делінетін мазмұннан мүлде басқа ұғымдар туғызды. А.Ромбо, С.Маларме, П.Валери, П.Элюар, П.Поунд, Х.Крейн, У.Стивенс, одан ары М.Рильке мен У.Йейтс бастаған ақындар шығармашылықта назарды өлеңнің өзіне, поэзиялық «ілездік» сәттің құдыретіне аударды. Олар дайын ұғымды өлеңге айналдырудан бас тартты. Дегенмен, бұл ақындардың шығармашылықта өзге дүниеге байланысты ой айтуына кедергі келтірген жоқ, себебі, олар бәрібір сөзбен байланысатын еді, ал сөз дегеннің ой алмасатын қасиеті бар екені белгілі. Кейбір ақындарда, айталық, Маларме мен Уалериде, басқаларға қарағанда, алғадайлық ерекшелік басым болды. Олар «таза поэзия» дегенге жақын ұғымдар тудырды. Онда эстетикалық терең мән жатыр. Өнердің мұндай эстетикалық ерекшелігіне басымдық беретін таным прозада да кезікті. А.Жид романын өнер туындысының қалай жазылатынын зерттейтін шығарма етіп жазды. Ал Ж.Жойстың «Улиссес», кейінгі «Финегиннің ақырғы түнін күзету» романдарын, мәлім француз сыншысы айтқандай, «қалай жазуды жазған» шығарма деуге болады. Бұл шығармаларда мазмұнға қарағанда, өнердің эстетикалық ерекшелігі әлдеқайда басымдық алып тұрады. 

Алғадайлық мәдениетің еліктеуге еліктеуін, өзіне еліктеу деп атаған дұрыс. Бұл ерекшелікті сынауға да, жақтауға да болады. Оның бойында александризмнің уақыттың талабынан шықпайтын икемсіздігінен құтқаратын ширақы икемділік бар. Жоғарыда келтірген У.Йейтстің өлеңінде Византия меңзелген, ол Александырия қаласынан онша қашықта емес. Бұл өлеңде еліктеуге еліктеудің көрінісі бар. Айталық, александризмнің жаңа сапада ортаға шығуы сияқты. Атап өтуге тиісті түйін, алғадайлық мәдениет тынбай өзгеретін, ұраны қашанда жаңа өріс ашу болса, александризмнің түп мәні — барды сақтау, ұстап қалу. Ендеше, олардың шартты үндесе алуы да мүмкін ғой. Бүгінгі алғадайлық мәдениет пен өнердің кейбір түрінен біз осы үндестіктің жарқын үлгісін көре аламыз. 

2

Қай жерде алғадайлық пайда болса, сол жерде міндетті түрде қарабайырлық ілесе келетінін байқауымыз қиын емес. Қарабайырлық батыс мәдениетінің өнеркәсіптену дәуірімен ере келген тағы бір туындысы. Немістер оған «Китс» (мағынасыз, қоқсық, қарабайыр өнер) деп керемет ат қойды: эстрада, ақша үшін жұмыс істейтін өнер мен әдебиет, түсті фото, көздің жауын алатын басылымдардың мұқабасы, шарж суреттер, жарнама, анайы дүниелерді жазатын романдар, комедия, көше музыкалары мен билері, голивудтың кинолары, т.б. осы топқа кіреді. Әлі толық ескерілмеген себептерден осы мәдениет бүгінде толықтай өмірімізге араласып үлгірді. 

Қарабайырлық — тікелей өнеркәсіптенудің туындысы. Өнеркәсіптенудің аяқ алысының тездеуі Батыс елдері мен АҚШ халқын қалаға апарып тықты да, жоғарыдағы мәдениетпен көміп тастады.  

Соған дейін халықтық мәдениет пен үкімет ұсынған мәдениет лайықты тіл табысып, ықпалдастық негізінде өмір сүретін. Олар бір-біріне толық мойынсұнып кетпесе де, ортақтық қалыптастырған еді. Бұл мәдениеттің жалпылық сипаты болып көзге түсетін. Өнеркәсіптенуге ере келген жаңа мәдениет бұл келісімді бұзды. Мәдениетте жаңа белгілер пайда болды. Айталық, қалаға топталған пролетариат пен ұсақ буржуазия хат танып, кітап оқуды үйренгенімен, әуелден қалаға шоғырланған ақсүйектік мәдениетпен сіңісіп кете алған жоқ. Оларға өз алдарына өмір сүріп, өз талғамдарымен мәдениет жасауына тура келді. Бұл сұраныс біртіндеп нарық қалыптастырды. Нарықтың сұранысы мен қажетіне сай қарабайыр мәдениет өнімдері мен өнер туындылары пайда болды. Бұл біртіндеп ауқым алып, дәстүрлі мәдениет пен алғадайлық мәдениетке бәсекелес қоғамдық болмыс ретінде тұлғаланды. 

Қарабайыр өнер дәстүрлік мәдениет пен өнердің үлгілерін пайдалана отырып талғамсыз көптің қалауын қандырып, шерін шығарудың тәсілін табумен өзіне жол ашып, өріс тапты. Ол мән-мағынасыз қайталаудан, көшіруден, сезімді қытықтаған талғамсыздықтан тұрды. Ол алуан түрлі стильден туындаса да, соңғы қорытындыда парықсыздық пен талғамсыздыққа барып тіреліп отырады. Ол тек ақшаны көздейді. 

Өркен жайған қарабайыр өнер дами келе қаланы ғана емес, ауылды, ондағы дәстүрлік мәдениетті толықтай өзіне сіңіріп, игеріп әкетті. Оның күшті тегеурініне әлемде бірде-бір ұлттық мәдениет төтеп бере алған жоқ. Ол Батыстың дамыған өнеркәсіп өндірісінің екпінінен күш алып, бүгінде күллі дүниені, барлық отар елдерді жаулап үлгерді. 

Қарабайыр өнер туындыларын техниканың күшімен көбейтіп, әрлеп басып шығара беруге болатындықтан, ол қазір біздің басты тұтынатын мәдениет тауарымызға  айналып үлгерді. Алайда, шын мәдениет, шынайы өнер туындысы бұлай қабылдай салуға көнбейді. Біреулер қомақты ақша салып, соның лайықты пайдасын көруді ойлауда. Бұл капитализмнің сауда мәдениетімен үндесе кеткені анық. Олар бірін-бірі қолдап, саудаға жол тауып, мәдениет пен өнердің ішкі заңдылығын бір шетке ысырып қойып, қарабайыр тәсілмен, құндылықты бағалау дегенді ескеріп жатпай, бәрін ақшамен өлшеп, арзан, бірақ, лездік, құны төмен дүниелермен қоғамды толтырып тастады. Қайда барсаң да жалған, жарамсыз, бірақ, құнды, нағыз мәдениет өнімдеріне еліктеген, соны көшірген дүниелер алдыңнан шығады. Осылайша қарабайырлық біздің талғамымызды, ненің жақсы, ненің қоқсық екенін айыратын танымымызды шатастыруға дейін барды. Кейде, тіпті, қарабайыр, қоқсық дүниелер күш алып, нағыз өнер туындыларын терістеуге барғанына да куә болдық. «Нью-Йорк адамы» басылымы әдебиет майданында өте беделді басылым, бірақ, соның мұқабасының өзінен біз қарабайыр мәдениеттің жұмыс тәсілін көріп қаламыз. Бұл нені білдіреді? Бұл — қарабайыр мәдениет пен өнер барлық жерге тұмсығын тығуда дегенді аңғартса керек.      

Барлық құндылықты адамзат жаратты.  Құндылықтар салыстырмалы болады. Өнерде де солай. Алайда, тарихтың даму заңдылығы елеп-екшей келе, ненің жақсы өнер, ненің қарабайыр өнер туындысы екеніне өз бағасын беріп отырады. Құндылықтар, әне, осылай қалыптасады.  Көзқарас пен пікір алуан түрлі болуы мүмкін, бірақ, бәрібір, әр нәрсе өз шегінен асып кете алмайды. Қазіргі сыншылар 18-ғасырдағы жапон өнер иелерінің талғамына құрметпен қарайды. Біз, тіпті, ертедегі египеттіктердің көзқарасына таңдай қағып, тамсанатынымызды жасырмаймыз. Рас, біз Б.Джоттоның картинасын С.Рафаэльдің туындысынан артық көруіміз мүмкін, бірақ, сол заманның ұлы суретшісі ретінде Рапхелді атамай тұра алмаймыз. Бұдан өнерге тән эстетикалық көзқарастың ұзаққа кететін, онша өзгере қоймайтын ерекше құндылық екенін байқауға болады. Алайда, қарабайыр өнер ғылым мен өнеркәсіптің, техниканың күшімен осы шекті бұзып жіберді.   

Бір мысал келтірейін. Ресей суретшісі Репиннің «Түрік сұлтанына хат» атты картинасы бар. Осы туынды мен Пикассо салған суреттің алдына бір орыс мұжығын апарып, «Не көрдің?» деп сұрасаң, ол не дер еді? Пикассоның суретінен ол қалыпсыздау салынған сызықтарды, реңді, кеңістік пен жазықтықты көреді. Ол картинада әйел адам бейнеленген дейік.  Сен осы деректі оған айтып берсең де, ол одан арыға бара алмайды. Оған картина жұмбақ сезіледі. Ал мұжық Репиннің картинасына келгенде, елең ете қалатыны даусыз. Себебі, бұл суретте жазылған дүние оған бұрыннан таныс, ол білетін дүние. Айталық, ол — соғыс жүріп жатқан майдан. Мұжықты суретшінің шеберлігінің қаншалықты екені онша қызықтармайтыны анық. Қайта, ол картинадан өзі білетін, таныс оқиғаға кезіккенін түсіне қояды. Мұжық былайғы дүниені қалай түсінетін болса, Репиннің картинасында бейнеленген дүниені де дәл солай түсінеді. Екеуінің арасында аралық, парық деген жоқ.  Картинада соғыс жүріп жатыр, ұшқындаған оқ пен от, шапқан ат, сұлаған адам... бәрі өмірдің өзіндей. Ол туралы ойланудың қажеті жоқ, тек көрсең ғана болды. Бірден түсінесің. Репин өмірді көшіру арқылы орыс мұжығы қабылдай алатын дүниені жасаған. Бары сол ғана. Ал Пикассоның суретінде бұндай даяр дүние жоқ. Оны бірден түсініп, сіңіру мүмкін емес. Ол үшін сен картинаға дейін баратын жолды басып өтуің тиіс. Бұл — үлкен мәдениеттің жолы. 

Жиып келгенде сауатты адам Пикассоның суретінен нені алса, Репиннің картинасынан орыс мұжығы да солай өзіне тиеселі дүниеге қол жеткізеді.  Бірақ, бұл арада өнерге тән мәндік парық жатыр. Айталық, сауатты адам Пикассоның картинасынан құндылық тапқанда, ол екінші қадамда жаратады. Ол тіке түйсіктің әсерінде ойланудан, өзінде бар дүниені өнер туындысымен байланыстырып сараптаудан барып түйіндейді. Мұнымен салыстырғанда Репин картинасында бәрін даярлап қойған. Орыс мұжығы, тіпті, ойланып жатпастан бәрін түсінеді. Бұл тұрғыдан келгенде, Пикассо картинасының беретіні себеп десек, Репиннің туындысының беретіні нәтиже деуге болады.  Репин өнерді алдын ала қорытып, оңайландырып, қарабайырландырып, көрерменге ойланбай жұта салатындай, даяр  етіп ұсынады. Репиннің бұл тәсілі қарабайыр мәдениет үстемдік құрған тұста, өнердің қарабайырлануымен іштей үндесе кетті. Міне, бүгін, осылайша дәстүрлік мәдениеттік таным, алғадайлық пен қарабайырлық бірдей миша былығып, қатар өмір сүріп жатыр. 

Аударған — Ардақ Нұрғазы


Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті ©Білге - Мәдениет пен өнер сайты