Баян Ардақ: Миллиондаған Қытай азаматтары үшін қажет болған зат...
Қытайдың Ухань қаласында таралған қатерлі де, жұқпалы ауруға байланысты жаңа деректер түсіп жатыр. 23-ші қаңтар Қытай билігі Ухань қаласын жабу туралы шешім шығарғаннан, бүгін (30-шы қаңтар) Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымы (World Health Organization) Қытайды «ауру таралған ел» тізіміне ресми енгізгенін жариялағанға дейін бірқатар жаңалықтар орын алды. Осы аптада жұқпалы ауру Қытайдың 31 аймағынан толық байқалып, дерттің бүкіл ел көлеміне жайылғаны белгілі болды. Жапония, АҚШ, Англия, Австралия, Корея, бастаған жиырмадан астам ел Қытайдың Ухань қаласынан өз азаматтарын шығарып алуға арнайы ұшақтар жіберуде. Мамандар Қытайдағы жұқпалу ауру енді шындап күш алуы мүмкін дегенге саятын ой айтуда. Қытай билігі WHO-ның шешімін амалсыз қабылдаған түрі бар. Оған себеп те жоқ емес. Қытайға ауру себебінен «сапарлап бармау» туралы шектеу қойылған жағдайда, оның Қытайдың онсызда қиын жағдайда тұрған экономикасына ауыр соққы болатыны анық.
Деседе бүгінде ауру жайлаған елдің халқы үшін «байтал түгіл бас қайғы» заман туған. Оған себеп жұқпалы аурудың адам денесіне жұққаннан кейін бірден байқалмайтыны және кейбір адам ауруды жұқтырса да өзі ауырмай, оған жақындаған өзгелердің ауыратыны болып тұр. Уханьда көшеде, сауда базарларында тосыннан жығылып қалған науқастар көптеп көзге түскені де содан екен. Жұқпалы аурудың осы «үндемейтін», бірақ бір іліксе алмай қоймайтын ерекшелігі жалпы әлемде үлкен үрей тудыруда.
Осыған байланысты жұқпалы ауруға қарсы медицина саласында бұған дейін онша елеп-ескеріле бермейтін бір зат - сынақ құтысы (diagnostic / test kit) қазір Қытайда адам өмірін құтқарушы басты қажетті дүниеге айналған. Ол болғанда созбаққа салмай аурудан күдіктіге бірден диагноз қоюға, оны жұрттан тезірек оқшаулауға болады деген сөз. Уақытты да, мүмкіндікті де игересің. Өкініштісі Қытай бүгінде осы шағын ғана емдеу құтысының таршылығына кіріптар болып отыр. Қытайлар барын салып жұмыс істесе де күніне бір миллион данасын ғана дайындай алады екен, ал ауру болса миллиондардың арасында өріп жүр...
Бұл дерек бізге де ой салды. Қазақстан Үкіметі мен Денсаулық сақтау министрлігі өз қорында жоғарыдағы заттың қанша данасы барын бір тексеріп көрсе,- деген өтінішіміз бар. Жан қысылғанда жардамшы болатын дүние, кімге болса да керек. Жоқ болса, Үкімет тезірек толықтаудың қамына кіріссе. Аз болса, көбейтсе. Жаман айтпай, жақсы жоқ. Дайындығың, сақтығың күшті болмаса, бұл реткі көрші елді дүрліктірген жұқпалы ауруға әсте сәл қарауға, бойымызды кеңге салуға болмайды,- дегіміз келеді.