Е.Болатқан (E.Bolatkhan): Биліктің ойыны немесе бұқа сиырды сүзбей қойса не болады?
Өткен жылы Н.Назарбаев елде ушыққан саяси жағдайға орай белсенді әрекетке барды. Президенттіктен бас тартып, өзі бір адым артқа шегініп, Қ.Тоқаевты алға шығарды. Бұл президентіктен кетсе де, биліктен кетпеу үшін арнайы жобаланған қадам болатын. Н.Назарбаев осындай бір жүріске бармағанда, елде төңкеріс болатыны анық еді.
Дегенмен, Тоқаевтың президент болуымен елдегі саяси жағдай оңалып кеткен жоқ. Жұрт оны ескі жүйенің адамы және ескі жүйенің экономикалық мүдделерін қорғау үшін отырған адам дегенге, сенеді. Елде төңкерістің алғышарты әлі де бар. Оның басты көрінісі саяси жүйе сол баяғы Н.Назарбаев дәуіріндегі жүлгеде, сол баяғы адамдар. Қоғам мұны анық көріп отыр.
Бірақ, Тоқаевтың камандасы да қарап отырған жоқ. Олар барлық мүмкіндікті пайдаланып халықтың назарындағы саяси ренішті бәсеңдетуге күш салуда. Осы мақсатта олар бірнеше тәсілді сәтті іске асырды.
Президент сайлауы кезінде Ә.Қосановты қолдан жасап, Қ.Тоқаевты аман-есен көпірден өткізіп жіберу соның бір көрінісі. Екіншісі, сайлаудан кейін елде халықтың атынан сөйлейтін «билікке қарсы» тұлғаларды іске қосты. Сайлау кезінде ондай тұлғалар (Р.Зайтовты көз алдыңызға келтіріңізші) қарсылас, тіпті биліктің әрекетіне қарсы батыл қимылға бара алатын адам болып көрінсе, сайлаудан кейін әлгі адамдарды (Ж.Мамайды көз алдыңызға келтіріңішзі) біртіндеп халық ренішін тарататын саяси рөльге бейімдей бастады. Бұл да жағдайға қарай ойластырылған қадам.
Қазақ қоғамында қазір билікке деген үлкен реніш бар. Сайлаудың алдында ашық көзге түсіп, уақыт өте келе үлкен күшке айналған саяси реніш бүгінде буырқанып тұр. Ол күш шегіне жеткенде жарылуға тиіс. Мұны билік те жақсы біледі. Бірақ, оған жасар амалы да шекті. Себебі, қайшылықтың қайнары тереңде, оны түбегейлі тарату оңай емес. Назарбаевтың саяси мұрагері болып отырған билік үшін, тіпті, мүмкін де емес нәрсе.
Біздің қазіргі саяси жағдайымызды түсіну үшін Испанияның бұқамен сайыс ойынын көз алдыңызға келтірсеңіз, біраз дүниеге көз жеткізесіз. Адуыны қатты, долданған, әбден ызыланған (халықты айтамын) бұқамен ойын басталардан бұрын алаңға алдымен сайыскер шықпайды. Қайта бұқаны жіберуден бұрын алаңға әлсіз сиырдың біреуін кіргізіп қояды. Долданған бұқа алаңға кірісімен бірден ашуын тарататын нысана іздейді. Бұл кезде сайыскер майданға шықса, оны бұқа бірден қалпақтай ұшырып мерт қылар еді. Осы кезде әлгі алаңға күні бұрын кіргізіп қойған сиыр өз рөльін ойнайды. Анау ашу қысып, ұрынарға қара таппай тұрған бұқа алдымен соған шүйлігеді, соны соққылайды. Бар ашуын сиырдан алады. Уақыт өтеді, бұқаның да алғашқы арыны қайтады, күші кемиді, ашуы да сабасына түседі. Содан кейін бары сайыскер ортаға шығады...
Біздің саяси жағдайда Мамайлар қазір бұқаның да, сиырдың да рөльін қос қабат ойнап жатыр. Билік ойнатуда. Сонымен халықтың ашу-ызасының асып-төгіліп кетпеуін қадағалаған болып отыр. Бірақ, саяси жағдайды толық бақылауда ұстау, деген мүмкін емес нәрсе. Оның үстіне Ә.Қосановтың лаңынан кейін халық оянды, кімге болса да көзсіз сенім артпайтыны анық. Енді бір сөзбен айтқанда биліктің алдам қалтасына оңайшылықта түспеуі мүмкін. Бұл жаңа мәселенің басын қылтитады. Биліктің «Халық ешкімге сенбеген жағдайда, елде саяси толқу болса, не болады?» деген сұрақты төңірегінде бір ойланып қойғаны да дұрыс сияқты. Ұсақ қулықтан аспайтын мына түрімізбен біз түбінде соған да барамыз.