Е.Болатқан (E.Bolatkhan). Майкл Помпео не деді немесе бізге бірдеңе жетіспейді
Қазақ саясатына бірдеңе жетіспейді. Қазақта мемлекет бар. Соған қарамастан мемлекеті жоқ халық сияқты. Басындағы мәселенің бәрі мемлекеті жоқ халықтардікі тәрізді: өз тілінде сөйлеуге еріксіз, саясатта басқаларға жалтақтап тұрады, ұлттық байлығын ұлт мүддесіне жұмсай алмайды (биліктегілер өз басын, жеке мүддесін бірінші ойлайды, жемқор келеді), алты бақан алауыз, сырттан түртіп қалса, ала бүлініп – іштен іріп шыға келеді.
Бұл жиып келгенде қазақта мемлекет болса да философия жетіспейтіндігін аңғартатындай. Қоғамдық ғылымда арнайы бір сала бар. Оның атауы саяси философия (Political philosophy). Былайғы жұртқа күрделі көрінеді. Бірақ, басқалардың тәжірибесінен алып байқасақ, түсіну қиын да емес.
Айталық, француздар бүгін «Төртінші Француз Республикасында» жасап жатыр. 1791 француздар бірінші Француз Республикасын құрған екен. Содан бері француздар конституциясын төрт рет өзгерткен. Бәрінде алдыңғысын негізінен түбегейлі терістеп тастап отырған. Оны «Төртінші Француз Республикасы» деген атаудың өзінен де байқауға болады. Содан да Францияның соңғы екі ғасырлық тарихы төңкерістен көз ашпайды. Енді бір жағынан қоғамдық ғылым саласында (философия, әдебиет, өнер, т.б.) француздар басқа халықтарға дес бермеген деңгейде жаңалық ашумен келеді. Өткен ғасырда көзге түскен батыс философтарының үлкен шоғыры осы елден шыққан. Содан байқайтынымыз француз ұлтының саяси философиясы өткенді үнемі терістеуге, сол барыста қоғам заңдылығына сай жаңа көзқарастар ұсыну.
Ағылшындар болса француздардан мүлде басқаша бағыт ұстанған. Соңғы төрт ғасырда әлемді билеген Англиядан бүгінде АҚШ, Канада, Австралия, Жаңа Зеландия, т.б мемлекеттер бөлініп шықты. Соған қарамастан ағылшындар өз тарихында конституциясын өзгертпеген екен. Жоғарыдағы әлдеқашан тәуелсіздігін алған елдердің біразы қазірге дейін Ағылшын патшасын өздерінің ең жоғарғы билеушісі ретінде таниды. Осы елдер негізінен ағылшын заңын өз елі зағының негізі етіп қалдырған. Осыдан сұрақ туады. Заман өзгермей ме, қоғам жаңармай ма, соған сай заңның да өзгеруі тиіс қой? Я, уақыт талабына сай заң да өзгереді. Бірақ, ағылшындар Ата заңды өзгертуге емес, оны қажетке қарай жамап-жасқап, толықтырып отыруға жұмыс істеген. Ағылшын саяси философиясының басты құндылығы да осында. Содан да Англияның саяси ортасы қашанда Conservatism болып келеді. Саясатта үлкен бетбұрысқа барудан сақтанып отырады.
Мұнан байқайтынымыз жоғарыдағы екі елдің саяси философиясы ұқсамайды. Мұндағы саяси философияның басты ерекшелігі қанша уақыт өтсе де, билікке кімдер келсе де, елдің саяси бағыты өзгермейді, үлкен сорап өз арнасында жата береді.
Біздің қоғам Кеңестік жүйеден шыққаны себепті саясатта жоғары жақтың бұйрығымен қозғалатын, бір таяқпен айдауды қажет ететін саясатқа үйренген. Мұның астарындағы дүниені Автократияға тән саяси философия деп атауға да болады. Н.Назарбаев Қазақстанның Сингапурдан үлгі алу керектігін жиі айтатын. Неге Сингапурдан үлгі алу керек, деген сұрақтың туындайтыны заңдылық. Басты себеп осы елді басқарған Ли Куан Ю-дың билікте отыз жыл отырғандығында болса керек. Осы кезеңде Сингапурда үлкен саяси тұрақсыздық болмаған. Бірақ, ескеретін жағдай Сингапурдың қала мемлекет деуге тұрарлық шағын ел екені. Оның үстіне Ли Куан Ю-дың заманы «Қырғи қабақ соғысы» кезіне тура келген, үлкен аумақта батыстық жүйеде тұрып өзіне тән рол ойнағаны тағы бар (Ли Куан Ю-дың: санасы үшінші әлемде қалып қойған халық бірінші әлемге ешқашан жете алмайды, деген сөзі бар). Бірақ, бұлардың бәрі басты себеп емес. Басты себеп Ли Куан Ю-дың ел басқару саясаты жеңіл түрдегі автократиялық саяси жүйе екені. Оның саяси философиясы соңындла бәрібір автократиялық жүйенің қашып құтылмайтын тағдыры – биліктің орталыққа барынша шоғырлануынан туындайтын саяси теке-тіреске апаратыны. Бұған бүгінгі таңда Сингапурда Ли Куан Ю-дан қалған жүйенің үлкен сынақтарды бастан кешіп жатқанын айтсақ та, жетіп жатыр.
Кеше ғана АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысы Майкл Помпео Қытайдың саяси жүйесін «әлдеқашан ыңыршағы шығып тозған Лениндік дектаторлық саяси жүйені жалғастырушы» деп ашты сынады. АҚШ пен өзге де өркениетті Батыс елдері үшін Автократиялық саяси жүйе бүгінгі таныммен айтқанда қабылдауға болмайтын нәрсе. Осыдан-ақ бізді де өзгелердің қалай бағалайтынын сезе аламыз.
Осыдан барып бір ой туады. Біздің алдымен басты шешіп алатынымыз мемлекеттің саяси философиясын анықтау, соған сай нақты жұмыс, қадамдар жасау. Конституциямыздың үлгісін француздар мен ағылшындардан алсақ та, іс-әрекетіміз, жалпы саяси тірлігіміз Қытай елінің дектаторлық саяси жүйесіне жақын. Бұл «есегіне шомы» сая кемлегендей кереғарлыққа апарып тұр. Осындайда «екі кеменің құйрығын ұстаған суға кетеді» деген тағы бір мақал еске түседі. Конституциямыз демократиялық жүйеге тән болғанымен, оның нақты атқарылуы көңіл көншітерліктей емес. Бізде бір ғана сайлау бар. Ол ел президентін сайлау. Соның өзін сайлаудың нақты талабына сай анық та, таза өткізе алмай, қара құрықтапып жібереміз. «Сайлауды төмменен бастаймыз, ауыл әкімдерін сайлаудан басталады» деген сарындағы сөзді өткенде Н.Назарбаев айтқан, бүгін Қ.Тоқаев та айтып жатыр. Бірақ, нақты қадам жоқ. Бұл біздің тап-таза автократиялық ел екенімізді анықтамай ма?!
Өркениет көшінен қалмаймыз десек, мемлекеттің ертеңгі болашағын ойласа, билеушілер жеке бас мүддесін кейін сыра тұрып, ұзақ болашақтық, ірге тасқа жататындай мәселелерді шешеуге тиіс. Соның бірі және бірегейі мемлекеттің саяси философиясын анықтау. Ол анық болмағанда тірлігіміз оңға баспайды. Қашанда бір орында тыпырлап тұрып қалған жандай, саясатта дағдарыстан көз ашпаймыз.