Ardakh Nurgaz. Ұлттық мемлекет һәм азаматтық қоғам
Сөз түсінікті болу үшін төтесінен мысалға көшейік. Еуропада бірінші болып ұлттық мемлекет жасаған француздар. Француз Ұлы төңкерісі (1789ж.) алдымен азаматтық қоғам жасады. Соған ілесіп келген саяси жағдай (азаматтық соғыс, өзге елдермен соғыс) оларға бірінші болып ұлттық мемлекет жасауға мүмкіндік берді. Француз Ұлы төңкерсіне дейін Еуропада мемлекеттің негізі екі жақтылы одақтың аясында өмір сүрді. Біріншісі, Ватиканның ықпалындағы діни біртұтастық болса, екіншісі, феодалдық-патшалық-киняздықтардан құрам тапқан бірнеше империялардандан тұратын. Байқап отырсаңыз, бұл кезеңде Еуропада мемлекеттік ұғым бүгінгідей анық айқындалмаған, оның орнына билеуші топтың ежелден келе жатқан шым шытырық байланысының көрінісінен туратын босаң-болбыр мемлекеттік ұғым болды. Бұл жағдайды түбірлі өзгертіп, Еуропадағы халықтардың кейінгі шек-шегарасы мен мемлекеттік ұғымын анық белгілеп, халықтардың бөлінуіне жол ашқан француз Ұлы төңкерісі болды. Осы төңкеріс арқылы француздар мемлеке туралы ұғымда бұрынғы билікте патшаға адалдық танытатын, бағынышты болатын жүйенің орнына САЙЛАУ арқылы билеушіні таңдайтын азаматтық қоғамды кіргізді. Бұл өзгеріс Еуропаның тарихын ғана емес, тұтас адамзат қоғамының тарихын өзгерткен, тарихты басқа бір арнаға бұрған оқиға болды.
Француз Ұлы төңкерінен бергі екі жарым ғасырда Еуропа елдерді саяси жүйеде бірнеше кезеңді бастан өткерді.
Тұтас XIX ғасыр ұлттық мемлекеттердің құрылу кезеңі болды. Бірақ, азаматтық қоғам өз деңгейінде қалыптаса алмады. XIX ғасырдың соңында ұлттық мемлекеттердің дағдарыс кезеңі басталды. Айталық, 1914–1918 жылдардағы дүниежүзілік бірінші соғыс Еуропада әлі ыдырамаған империялардың дағдарысы, солардағы әлі де ұлттық мемлекет құра алмаған халықтардың ұлттық мемлекет құруға ұмтылуының тікелей нәтижесі болатын. 1941-1945 жылдардағы Дүние жүзілік екінші соғыс азаматтық қоғам құра алмаған ұлттық мемлекеттердің дағдарысы болды. Азаматтық құра алмаған ұлттық мемлекеттерде билікке сайлау арқылы автакраттық билік келетіні анықталды. Оның ақыры ұлттық мемлекеттердің арасындағы қанды қырғын соғысқа апарып соқты. Соғыстан кейін Еуропадағы ұлттық мемлекеттерде толықтай азаматтық қоғам құрылды. Арада Кеңес одағымен өткен жарты ғасырға жық уақыттан соң, Кеңес одағының ыдырауымен қатар Еуропалықтар мемлекеттік құрлымда кезекті бір жаңа қадамды жасады. Ол – ұлттық мемлекеттердің одағынан тұратын супермемлекет – Еуроодақты ұру басталды.
Рессейдің тарихы француз Ұлы төңкерінен бергі екі жарым ғасырда Еуропа елдерінің тарихымен біте қайнасып жатса да, XX ғасырдың басында мүлде басқа арнаға бұрылды. Ленин бастаған балшабектер қанды қырғын төңкеріс ұйымдастыру жолымен Рессейдің тарихын басқаша жазды. Олар өзіне дейінгі мемлекеттік жүйені толықтай күйретін, шағып, орнына жұмысшы-шаруаның мемлекет машинасын құруға ұмтылды. Және соны іске асырды. Олар ұлтты «өтпелі дүние» деп түсіндірді, «ұлт жойылады» деп түсінді. Ұлттық біртұтастықтың орнына таптық біртұтастықты қойды. Бірақ, бұл қоғамның даму заңдылығына қайшы еді. Балшабектер қиратуды білгенімен құруды, жасауды білмейтін. Сондықтан Кеңес одағының экономикалық негізі басталмай жатып дадғарысқа ұрынды. Бір мезгіл жарты әлемді жаулаған коммунистік елдердің қатары Кеңес одағының ыдырауымен құрдымға бет алды. Қытай сияқты бірнеше коммунистік ел жоғарыда айтылған дәстүрлік мемлекеттердің даму жүйесіне – батыстық нарықтық қоғамға қосылу арқылы ғана өзін сақтап қалды.
Бұларды неге айтып отырмыз?
Жоғарыда шолып өткен тарихи өзгеріске назар салсақ, заңдылыққа, болмай қоймайтын бірнеше түйінге көз жеткіземіз.
Бірінші, империялар ыдырайды. Орнына жаңа ұлттық мемлекеттер құрылады. Осы тұрғыдан келгенде қазіргі көп ұлтты мемлекеттер (Қытай, Ресей) ыдырайды. Ыдырамаса, дағдарыстан көз ашпайды, заман талабына сай, дені дұрыс мемлекет құра алмайды.
Екінші, ұлттық мемлекеттер азаматтық қоғам құра алмаса, автократиялық билік пайда болады, оның соңы азаматтық соғыс немесе саяси дағдарысқа ұрынады. Бұл дағдарыс ұлттық сипаттағы азаматтық қоғам құрумен ғана аяқталады.
Үшінші, ұлттық сипаттағы азаматтық қоғам құрған елдер уақыттың, қоғамдық дамудың қажетіне қарай ұлттық мемлекеттердің суперодағын құруға бағыт алады. Бұл болашақта Орталық Азиядағы елдер ұлттық-азаматтық қоғамын құрып болған соң, түркі тектес халықтар Одағын құруға бағыт алуы мүмкін, дегенді білдіреді.
Деседе, көз алда Орталық Азиядағы ұлттық мемлекеттер үшін азаматтық қоғам құрудың күрделі кезеңі жүріп жатыр. Ұлттық мемлекеттердің бүгінгі билеушілері – кешегі кеңестік коммпартияның саяси хатшылары, завод, фабрика, колхоздардың басшыларынан құралған билеуші топтың ұлттық сипаты әлсіз болды. Олар тіпті ұлтқа қарсы, десек те болады. Сол себепті де, айталық Қазақстанда ұлттық мемлекет құрудың аяқ алысына кедергі келді, өз деңгейінде болған жоқ. Тәуелсіздікке отыз жыл болса да, мемлекеттік тілдің үкіметтік жұмыста, заң шығаруда іске аспауы соның көрінісі. Отар кезеңінен қалған, ұлттық бірлікке қарсы ауру - орысшылдық, тәуелсіздіктен соң ендеп кірген, ұлттық бірлікке қарсы жұмыс істейтін халқаралық сипаты бар исламдық-арабшылдық, әлі де отар кезеңнен қалған таптық дүниетаныммен өмір сүруге үреніп қалған бір қауымдар, т.б. мен азаматтық қоғамның негіздері бүгінде біздің қоғамда күшті қақтығысты бастан кешіп жатыр. Бүгінгі таңда бізде ұлттық мемлекет құру мен азаматтық қоғам құруды қатар жүріп жатыр.
Егер, осының бірі толық орындалмаса, біздің мемлекеттігіміздің негізі әлсірейді. Ұлттық біртұтастықты алғы шарт, ол қалыптасса ғана азаматтық қоғам нық қалыптасады. Азаматтардың саяси белсенділігі ұлттық, нәсілдік қайшылықтардан қоғамдық саяси-экономикалық қайшылықтарды шешуге ауысады. Ұлттық, нәсілдік қайшылықтары шешілген қоғамның саяси-экономикалық қайшылықтары азаматтық қоғамның қайшылықтарына айналады. Таптық қайшылықтар асқынбайды. Ал азаматтық қоғам толық қалыптасқан жағдайда кез-келген саяси тартыс Ата заңның аясынан шығып кетпейді де, мемлекетің негізіне қатер төнбейді.
Сондықтан біздің көзалдағы басты міндетіміз барлық мүмкіндікті пайдалана отырып тездетіп ұлттық мемлекеттің негізін нығайту, сол барыста толық азаматтық қоғамға өтуге күш жұмсау.