E.Bolatkhan. Тоқаев сабақ алды ма, немесе қазақ неге радикалданды?
Алматыда 5 қаңтарда басталған қантөгіс оқиғаның соңғы нәтижесінен байқайтынымыз, Қазақстан халқының екі жауы бар. Оның бірі Кеңес одағы ыдыраған кезеңде билікті қолдарында ұстап қалған атеист коммунисттер. Олар тәуелсіздік тұсында өз мүмкіндіктерін пайдалана отырып елде билік пен байлықты толықтай монополиялап алған топ. Енді бір тәуелсізідктен кейін, қоғамның либералдық түс алуымен бірге келген халықаралық радикалды ислам террористік ұйымы.
Өткен отыз жылда байлық пен билікті монополиялап алған атеист-коммунист-қызыл капиталисттер қоғамды өз уыстарынан шығармау жағында бар күштерін салды. Соған қарамастан Қазақстан қоғамы демократия, адам бостандығы мен құқығы туралы өркениетті құндылықтарды бойына сіңіре алды. Олар бір кездегі коммунизмнің жалған сеніміне көзсіз сенім артып, биліктің айдағанына жүріп, айтқанына көнетін ойламсыз тобыр емес, өзінің азаматтық талабын сұрай алатын белсенді күшке айнала бастады. Осы реткі Қазақстанда орын алған – Үкіметке қарсы жаппай халықтық наразылық – газ бағасының қымбаттауына қарсы бас көтеруден басталса, соңы Үкіметке саяси реформа жүргізу талабын қоюмен жалғасты. Бірақ, билікті қолдарынан шығарғысы келмейтін атеист коммунисттер мен олардың мүдделі топтары халықтың талабын қанды қырғын ұйымдастыру, жала жауып, арандатып, үкіметтің қарулы күшімен жаныштауға күш салды. Олар үкіметтік қарулы күштерін, айталық Ұлттық қауіпсіздік комитетін қолдарында ұстады, халықты үркітіп-қорқыту үшін мафия мен қатар радикалды исламдық топтарды да қатарға тартты. Алматыда 5 қаңтарда орын алған қиратып-шағу, тонау оқиғалары сол жұмыстың нәтижесі болды.
Президент Қ.Тоқаев 6 қаңтарда К.Мәсімов бастаған Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бірқатар лаузымды шенділерін «Отанға опасыздық жасау қылмысы» бойынша тұтқындады. Бірақ, мұнымен елде жүз берген қантөгісті толық тоқтата алған жоқ. Себебі, радикалды исламшыл топтар елде орын алған жағдайдан пайдаланып билікті қолға алуға ұмтылып жатыр. Олар бұл қадамға «ойланбай барды» деуге болмайды. Мұхаметжан Тазабек сияқты араб елдерінің қаржысымен діни бағытта насихат жүргізетін тұлғалардың Қазақстанның қарулы күштері мен Ұлттық қауіпсіздік саласының қызметкерлеріне дәріс оқып, оларды өз жақтастары етуге жұмыс істеуі, бүгін ғана болған оқиға емес. Қазақстан тәуелсіздігінің 30 жылдығын тойлау қарсаңында президент Қ.Тоқаевтың М.Тазабековтың кеудесіне медаль тағып тұрып «мен сенің жұмысыңды жоғары бағалаймын» деген сөзінен жалпы Қазақстан халқы хабардар. Алайда президент мырза сонда араға он бес күн салмай-ақ радикалды исламшылдардың өзіне қарысы елде кең көлемді бүлік бастайтынын ойлап көрді ме екен?!
Радикалды ислам жалпы осы заманғы өркениетті қоғамның басты жауының бірі. Оның исламмен де қатысты жоқ. Ол исламды бүркеніш ете отырып қан төгетін қанды қол қарақшылардың ұйымы. Оған өркениетті қоғам бірлесе отырып қарсы тұрмай болмайды. Осы тұрғыдан алғанда Қазақстанға АҚШ және Еуроодақ ұйымымен бірлесіп ауқымды жұмыс істеу ерекше қажетті. Қазақстан мен Орталық Азияның зайырлығын сақтап қалу үшін бұл өте маңызды. Сонымен қатар президент Қ.Тоқаев мырзаның да ұйқыдан оянатын кезі болды. Қоғам мен мемлекеттік ұйымдардың барлық саласына дендеп кірген радикалды исламшылдардың алдын кесу, жүйелі жұмыс жасау уақыттың талабы. Қазақ ежелден дінге фанат халық болған жоқ. Соған қарамастан бүгінгі қазақ қоғамы радикалды исламға жол ашып беріп отыр. Президент пен үкімет осыдан сабақ алуы керек. Радикалды исламды құлағына сыбырлау жолымен жеңе алмайтынымызды ұмытпауға тиіспіз.