Ardakh Nurgaz. Құнсыздану теориясы немесе Нұрсұлтан Назарбаевтың тарихи мәртебесі
2014 жылы «Алматы Ақшамы» газетінде жұмыс істеп жүрген кезім. Газеттің 25 жылдық мерейтойына орай «Таңдаулы» деген атпен кітап құрастыру керек болды. Кітапқа газеттің соған дейін ширек ғасыр тарихында жарық көрген материалдардан таңдаулылар кіруі тиіс. Осыған орай менің Ұлттық кітапханада екі апта отырып газеттің өткен сандарын толық қарап шыққан күнім болды. Көп материял оқыдым. Әсіресе, саяси сипаттағы дүниелерге көбірек назар аудардым. Сонда байқағаным 1998-1999 жылдарға дейін газет бетінде Н.Назараевтың аты көп дәріптелмеген. Н.Назарбаевтан ұлы тұлға жасау науқаны 1999 жылдан бастап ресми төске өрлегені анық байқалады.
Осы уақыт аралығында қазақ қоғамында, сірә, не жағдай орын алды? Бұл Н.Назарбаевтың билікте отырғанына 10 жыл толған кезеңге тұспа-тұс келеді. Жалпы Кеңес одағынан тараған елдердің тарихына үңілсек, осы кезеңде одақ ыдырап, демократиялану басталды,бірақ, арада он жыл өткенде жаңа жағдай орын алды. Демократиялану кедергіге ұшырап, тоқырады. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында билікті ұстап қалған бұрынғы коммунистік партияның бірінші хатшылары мен солардың командасы қоғамды одан ары либералдаудан гөрі өз биліктерін күшейтіп, билікте ұзақ отыруға жағдай жасап, автокаратияға бет бұрды. Қазақстанда бұл жағдай 1998-1999 жылдарға тұспа-тұс келеді.
Одан кейінгі жағдай белгілі. Н.Назарбаевтан ұлы тұлға жасау науқаны басталды. Оның билікте мерзімсіз қалуы және билігінің шектемесіз ұлғаюына жағдай жасалды. Соның бір көрінісі 2000 жылы «Тұңғыш президент туралы заңның» қабылдануы, 2010 жылы осы заңның толықтырылып қайта жаңаруын атауға болады. Соңғы жиырма жылда шексіз билікке ие болған Н.Назарбаев саясатта және ел экономикасының барлық табысты саласында өз отбасы мен айналасындағы адамдардың мүмкіндігін күшейітті. Оның үлкен қызы Дарияға Назарбаева биліктегі ең ықпалды адамдардың біріне айналды. Екінші қызы Динара мен оның күйеуі Т.Құлыбаев мұнай-газ, банк, құрлыс саласы, т.б. табысы көп мемлекеттік кірістен игіліктенетін компанияларға иелік етті. Н.Назарбаевтың саясаттағы командаластары елдегі билік пен байлықты толықтай қолдарына алды. 2022 жылы қаңтарда болған қанды оқиға қазақстандықтардың Н.Назарбаевтың осы саясатына қарыс бас көтеру болды.
Мұнан байқайтынымыз Н.Назарбаевтың саяси мұрасы ел билігі мен байлығын өз отбасы мен жақындарына шоғырландырған автократиялық түс алады. Қазақстан конституциясында «Қазақстан – зайырлы, демократиялы ел» деп жазылған. Жоғарыдағы жағдай конституцияға қайшы келеді. Қазір билік Н.Назарбаевтың тарихи орынын Ататүріктің Түркиядағы немесе Вашингтонның АҚШ еліндегі орыны деңгейінде тұлғалауға ұмылып отыр. Ататүрік пен Уашингтон билікті отбасына шоғырландырған, мемлекет байлығын монополиялаған тұлғалар емес. Олар Н.Назарбаев сияқты тәуелсіз мемлекет құруші тұлға болды, бірақ билікте ұзақ мерзімге отыруға жұмыс істеген жоқ, мемлекет мүлкін өз атына және жақындарына жекешелендіріп берген жоқ. Ататүрік пен Вашингтон шынайы демократиялық мемлекет құрған тұлға болды. Н.Назарбаев автократиялық жүйе жасады.
Мұнан шығатын қортынды, Н.Назарбаевты тәуелсіз Қазақстанның Ататүрігі немесе Вашингтоны етіп тұлғалау құндылықтарды құнсыздандыру немесе саясаттағы шалағай қарабайырлыққа жатады. Шынайы демократия мен автократияны айыра білмейтін, ұғым шатысын тудырады. Бұл қазақстанның келешек дамуына, демократиялануына залалын тигізеді. Бүгінгі билік елдің ертеңін ойласа, мұндай қателікке саналы түрде барудан бас тартады, деп ойлаймын.