E.Bolatkhan. Назарбаевтың жартасы немесе ертең не болады?
Қазақстанды отыз жылға жуық басқарған Н.Назарбаев елде автократиялық жүйе орнатып биліктен кетті. Қ.Тоқаев билікке келгелі үш жыл уақыт өтсе де, Назарбаев орнатып кеткен жүйеде өзгеріс болған жоқ. Назарбаевтың отыз жыл бойында қазақстандықтарды алдауда қолданып келген тәсілі - «Қазақстан-2030», «Қазақстан әлемдегі дамыған отыз елдің қатарына қосылады», т.б, өтірігі тәрізді, құрғақ уәде – «Жаңа қазақстан» деген ұраннан басқаны көре алмай отырмыз. Сол баяғы Назарбаевтың жартасы, сол жартас. Одан құр жаңғырықтан басқа ештеңе шықпайды.
Орталық Азияның өзге елдерінің де оңып тұрған жағдайы жоқ. Өзбекстанда И.Каримов орнатып кеткен диктаторлық жүйе Ш.Мирзаев кезінде автократияға көшіп қана қойған жоқ, ақыры демократия мен адам құқықтарын белден басып, азаматтық қоғамның үнін тұншықтырып, қан төгуге дейін барды. Қырғызыстан билігі Путиннің халықаралық заңдарды белшесінен басып Украинаға шапқыншылық соғыс қозғауын ашықтан ашық қолдап шықты. Әзірбайжан елін жарты ғасырға жуық билеген И.Әливтер отбасында өркениетті азаматтық қоғам құруға деген құлықсыздығын ашық тантып отыр. Түркменстанда билікті «сайлау арқылы ұлына өткеріп беру» сынды адам сенгісіз ақымақтық, бірақ шынымен жүзеге асқан саяси жағдай орын алды.
Орталық Азия елдеріне ықпалы бар Иранда «саясат пен дін бір тұлғаланған» саяси жүйе де бүгін-ертең өзгеріс болмайтыны анық аңғартады. Ресей болса Украинаға қарсы қозғаған шапқыншылық соғысымен толықтай адамзат өркениетінің көшінен қалған, жабайы, құндылықтардан құралаған қоғам санатында екенін көрсетті. Қытай бүгінге дейін жұмыс істеп отырған халықаралық нормалардың бәрін жойып, өзінің әлемін орнатуға ынталы екенін байқатуға. Қытайдың болашақта құратын әлемінің сықпыты белгілі. Гонкоңда және Тивет, Шинжаң, т.б. Қытай қарамағында қоныстанған аз ұлттардың мәдениетін, тілін, дінін жойып, толықтай қытайластыру, қытайластырып қана қоймай коммунистік дүниетанымнан басқа екінші бір құн көзқарасқа орын бермейтін қоғам құруға барып саяды.
Бірақ, мұның бәрі өзгеретін түрі бар. Украинадағы соғыс жағдайы мен оның халықаралық саясатқа жасаған әсері алда үлкен өзгерістердің орын алатынын білдіреді. Қазақстан үшін табылмас тарихи орайдың сын сағаты соғып тұр. Ол Франция Ұлы төңкерісінен бастау алып, XX ғасырда адамзат өркениетінің даму ауанына айналған, дамыған батыс елдері толықтай қабылдап үлгірген саяси жүйе – демократиялы, зайырлы ұлттық мемлекеттердің қатарына қосылу мүмкіндігі. Алда Ресей, Қытай, Иран және Түркия қатарлы империя ауруымен ауырған елдердің Орталық Азия елдеріне ықпалы әлсірей түсетіні анық болуда. Бұған дейін Орталық Азия елдерінде демократиялы, зайырлы ұлттық мемекеттердің пайда болуын тосу осы елдердің ортақ ұстанымы болып келді, деуге болады. Ұлттық мемлекеттер құрылса империялық саясатпен бір қазанда қайнамайды, қайта батыс елдерімен одақтасатыны белгілі. Бұл олар үшін тиімсіз, тіпті қатерлі болмақ. Бірақ, Қазақстанды қамтыған Орталық Азия елдері үшін ұлттық мемлекет құру ғана мемлекеттілікті баянды сақтап, айналасындағы империялардың жұтып қоюынан сақтайтын бірден бір шығар жол деуге болады.
Айталық, өткен ғасырдағы Польша елінің тарихы бізге таныс. Поляктар XIX ғасырдың соңында ағылшындардан үлгі алып өздерінің ұлттық мемлекетін құруға кірісті. Екі империя - Ресей мен Германия поляктардың сол ұлттық мемлекетін екі рет тәуелсіздігінен айырды, бірақ соңында Польша бәрібір тәуелсіз ел болып қалды. Бұл тарих кімге болса да сабақ болады. Осы тұрғыдан алғанда Қазақстанда уақыт берген орайды мықты пайдаланып толық ұлттық мемлекет құрудың маңызы зор.
Қ.Тоқаевтың «Жаңа қазақстан» бастамасы Қазақстанда ұлттық мемлекеттің негізін күшейтуге жұмыс істейді, деп айта алмаймыз. Қ.Тоқаев пен оның камандасы ұлттық мемлекеттің басты құндылығы – ұлттық тілге қырын қарайтынын жасырмайды. Мәдениет, ғылым, білім, спорт, әлеуметтік салада қазақ тілінің жағдайы Н.Назарбаев дәуірінен бетер кері кетпесе, алға жылжыған жоқ. Бұл жағдайды өзгертуге құлықты екенін байқатқан билікті тағы көре алмай отырмыз.
Қазақстан үшін уақыт сын сағатына таяп келеді. Мүмкін, алдағы уақытта тарихи орайды мықты пайдаланып Қазақстанның саяси бет-бейнесін толық өзгертетін жағдай орын алады. Өркениеттің көшіне еріп дамығысы келетін, саяси жүйені жаңғартатын, шынайы ұлттық мемлекет құруға ынталы саяси күштер ортаға шығар. Бұл бір жағынан уақыттың талабы. Жағдай соған келе жатыр.