Б.Пастернактың Н.Хрущевке жазған үшінші хаты

Төмендегі мына хат Б.Пастернактың Нобель сыйлығын алғаннан кейін, қуғынға ұшырағанда Хрущевке жазған үш хатының соңғысы. Хрущевке жазылған бірінші хат «Ақиқат» газетінің 1958 жылы 2 қараша күнгі санында жарияланған. Бұл кезде ақын елден қуылып шығарылу хаупіне ұшырап тұрған еді. В.Ивановтың сыпаттауынша, бұл хатты бірнеше адам бірігіп жазған, мұның ішіндегі «менің туылуым, өмірім және қызметім түгелдей орыспен байланысты еді» –деген бір сөйлемі ғана Пастернактікі екен. Тап сондай сыртқы дүниенің қысымы астында жазылған екінші хат төрт күннен кейін «Ақиқат» газетінде жарияланады. Пастернак хатында: «жат ел, шет жерге қуып жіберсеңіздер, төзіп тұра алмаймын», –деп жазуға мәжбүр болады. Екінші хат негізінен оның өз қолымен жазылған деп қаралады. Үшінші хаттың бар екенін жұрт Кеңес Одағы құлағанға дейін білмейтін. Хаттың көшірмесі ақынның естелігінен табылған (машинкаға басылып, екі жеріне болмакшы өзгеріс енгізілген). Төменде осы хатты оқырман қауымның назарына ұсынып отырмыз.

Аударушыдан 


Сүйікті Никита Сергеевич!

Өзіңізді тебіренткен, бүкіл дүниенің болашағы үшін өлшеусіз маңызы бар Өкілдер құрылтайына қарбалас дайындалып жатқан күндеріңізде өзімнің болмашы істеріме бола əурелегеніме кешірім сұраймын.

Мен де шарасыздықтан сізді тағы бір рет əурелеймін ғой деп ойламаған едім. Өзіңізге жолданып, əлдеқашан əшкере жарияланған хаттарымда сізден кең, мейірімді, жомарыт болуды өтінген едім. Енді қосарым, қазірше, өз басым да, тұрар жайым да аман. Бірақ, маған шабуыл əлі де жалғасып жатыр. Тіпті, тырнақ астынан кір іздеп, өш алуға сұқтана бастады. Мұндай шабуылдарда қаншалықты əділдік барын біле алмадым. Тергеу жүргізілетіні — бір кітап екен, бірақ, сол кітапты ешкімде ұғынған емес. Кітаптың мазмұны сыңаржақтылы алынған үзінділер арқылы бұрмаланып жатыр. Кітабымның тағдыры да қырсыққа жолықты. Роман батыста жарияланудан бұрын, кітаптың тексерілген нұсқасын басып шығару жайында тоқтам жасасқан мемлекеттік əдебиет баспасы бір жарым жылдан бері талас-тартыстан көз ашпай, созып келеді. Мен бұл іс жайлы айтыс жасағым келмейді. Мəселе айқындалудан əлі де алыс тұрған мұндай кезде талдау жасауға зауқым соқпайды. Оның үстіне, мұндай айтыстар жаңа түсінбестіктерге апарып соғады. 

Сіздің алдыңызда ақталмақшы болып арпалысқа түсіп отырған күндер де өзімнің қалайда бір бодаулар төлеуге тиіс екенімді, істеген ісімнің қарымы ретінде лайықты бір жазаға тартылуымның керек екенін түсінемін. Мен идея жақтан басыма қатысты жұмыстарыма қош айтысып болғанмын, соған ілесе, мен жазған дүниелердің бəрі енді қайта басылудан қалды. Кейінгі ұрпақ ол дүниелерді енді мәңгі-бақи көре алмайтын шығар деген ойға келе бастадым. Бұл бір жазушы үшін орны толмайтын зиян бола тұрса да, мен ол құрбандыққа мойынсал болып отырмын.

Бақытыма жарай, бірнеше шетел тілін білемін. Жазушы ғана емес, аудармашымын. Мен: олар осындай жартылай қолөнер тəрізді еңбектің, жеке көзқарасыммен қатысы жоқ, өзім жөнінен алғанда ақша табудың ғана тəсілі болатын еңбектің есігін жаба қоймас, деп ойлаймын. Менің осындай ешкімге залалы жоқ, қатерсіз, бірден бір тіршілік жолымды, жұмыс істеу құқығымды мен жөнінен тек арам ниетті адамдар ғана тартып алуы мүмкін. 

Мен өзімнің бұл салада істеген жұмысымды көрсетейін деп отырғам жоқ (Шекспирдің жеті трагедиясын, Гетенің толып жатқан шығармаларын аудардым). Жəне редакциялар мен баспалардың тоқтамды жыртып тастау, тізіліп қойылған беттерді бұзып жіберу, бұрынғы өмірімнен із қалдырмау үшін басқалардың шығармасын менің шығармамның орнына қою тəрізді əр алуан, шектен асқан қылықтарды тізбектеп, басыңызды ауыртқым келмейді. Егер сіз осы жағдайларды өзгерткіңіз келсе, онда тек қана айқын нұсқау түсіріңіз, одан кейін қызметкерлеріңізді жіберіп, барлық ұсақ-түйектерді қалпына келтірсеңіз болғаны, бəрі де сабасына түседі, бұл іске бола өзіңіз бас қатырып əуре болмаңыз. 

Сіздің қандай шешім жасағаныңызды мен істің нəтижесіне қарай білемін. Маған берген жауабыңыз сол болсын. 

Егер, ешқандай жауап қайтарылмаса, сізге мынадай кепілдік етемін: маңдайыма жазылған тағдырға ешқандай өкпе-назсыз, қайғы-қасіретсіз көне беремін, əрі барлық есек дəмелерден, қажетсіз теріс ұғымдардан аулақ боламын.

1959 жыл 26 қаңтар Мəскеу, Бележеркино

Аударған Г.А. 

Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті ©Білге - Мәдениет пен өнер сайты