Ардақ Нұрғазы (Ardakh Nurgaz): Бізге нашар көшірме жасап, уақытты өлтіре беруге болмайды
Әдебиеттің ғажайып құбылыс екені даусыз. Ол өз тәсілімен уақытты өлтіреді. Уақытты өлтіру арқылы мәңгілікті жасайды. Айталық, керемет бір туынды өмірге келді, дейік, ол екінші рет қайталанбайды. Бұл дегенің әлгі шығарма уақыттың әмірінен құтылады, деген сөз. Енді бір сөзбен айтқанда уақыт әлгі шығармаға әсер етуден қалады немесе ол шығарма үшін уақыт өледі. Уақыт не істесе де екінші бір ондай туындыны жарата алмайды. Уақытты мұндай өлтірудің бір аты мәгілікке қалу (шартты әрине). Оны қайталау оған еліктеу, оны көшіру, қала берді копиялау болып шығады. Бұл қанша керемет болғанымен түп нұсқаға копияның бір жері жетпей тұрады, дегенді де аңғартады. Сондықтан да өлмейтін шығарма жалғыз әрі қайталанбайды.
Раса, түпнұсқаға жақын шығармалардың да өзіндік құны бар. Мұны әдебиет зерттеушілер көпке дейін дұрыстап түсіндіре алмай келді. Бірақ, қазір жұрт түсінді. Ол әдебиеттің «парыққа» орын беретіндігінде. Айталық, 1856 жылы Gustave Flaubert «Мадам Бовари» романын жарыққа шығарды. Махаббатқа бола отбасылық, әлеуметтік тиымдарға қарсы шауып, соңында құрдымға құлайтын осындағы әйел образын кейін Л.Толстой қайталады. «А́нна Каре́нина» романын есіңізге алыңызшы. Бірақ, француз әдебиетін қалт жібермей бақылап, өнеге алып, үйреніп, Gustave Flaubert-ді бір тұрғыдан қайталағанына бола Л.Толстойды ешкім «еліктеші» деп кәнәлаған емес. Неге? Себебі, әдебиет ғылым немесе тарих емес: дәлелге, нақтылыққа жабысып алатын, қала берді жоғарыдағылармен қатар оқиға мен сюжетті меншіктеп алатын. Әдебиет жоғарыдағы жалпылық дүниелерге даралық пен жан сыйлайтын, анықтап айтқанда образ жарататын ерекшелігі бар болмыс. Даралық пен образдың енді бір атауы «парыққа» барып саяды. Сөзіміздің басына қайта оралсақ, қайталанбайтын шығарма сирек ұшырайды. Айталық, «А́нна Каре́нина» қанша жерден ұлы шығарма болғанымен, «Мадам Бовари» -ға салыстырғанда тек түпнұсқаға ең жақын шығарма ғана есептеледі. Бұл әдебиеттегі «парықтың» қаншалықты маңызды екенін аңғартса керек. Ол кейде микроскоппен ғана анықталатындай деңгейде өмір сүреді.
Сондықтан да әдебиет тарихында қайталанбайтын шығармалар аз. Түпнұсқаға шексіз жақындаған шығармалар да көп емес. Бұлар үлкен талантты қажетсінеді. Ал түпнұсқадан түрлі деңгейдегі қашықтықтағы шығармалар әдебиет тарихында жетерлік. Олардың біразын біздің көп жағдайда жоғарыдағы ерекшелігінің барына қарамастан «қайталанбайтын шығарма» ретінде қабыл алып та жатамыз. Оған, енді, бойымыздағы шарттылық өз әмірін жүргізеді.
Бұларды атап айтып отырған өзіндік себебім бар. Қазақ әдебиетін биік белеске көтереміз, дейді екенбіз, алдымен «өлшем-бірлікті» ауыстыруымыз тиіс. Енді бір сөзбен айтқанда жаңа шығарма жазсақ немесе жазбақ болып ойланып-толғанып жүрсек, оны қазақ әдебиетінің «классиктерімен» емес, тікелей әлем әдебиетінің қайталанбайтын шығармалары немесе қайталанбайтын шығармаларына шексіз жақындаған шығармаларына қар тартып, өлшеп-пішіп, үйреніп, үлгі алып, толғанғанымыз абзал, шын мәніндегі әдебиетке тән болмысқа бет бұруымыз тиіс. Мен Мұхтарларды, О.Бөкеев, Т.Нұрмағанбетов, Т.Әбдік, М.Мақатаев, Ж.Нәжімиденов, т.б. таным тұрғысынан қайталай бергеніміз жетті, демекпін. Аға буын шындықты айтқаныма бола маған ренжімес, деп ойлаймын: қазақ әдебиетінің жоғарыда аты аталған классиктерінің шығармалары қай тұрғыдан айтқанда да әлемдік әдебиеттің қайталанбайтын шығармаларының түпнұсқасынан тым шалғайда жатыр. Бізге көшірменің көшірмесін жасап, уақытты өлтіре беруге болмайды. Ол өнердің заңына қайшы нәрсе. Жоғарыдағы классиктердің шығармасын оқырман қауым оқи берсін, ләззат алып, құшырланып өз қалауын қандыра берсін. Оған еш қарсылық жоқ. Қайта, қол соғып қуанамыз. Бірақ, әдебиеттегі шығармашылық адам өзгеруі тиіс. Әдебиетші қауым үшін жай пойыздан аса жүрдек пойызға ауысу заман мен уақыттың талабы. Біз сонда ғана шын өнерге, әдебиетке бір табан жақын бара аламыз.