Ardakh Nurgaz. Мақатаев немесе шеңберден шығудың азабы мен мазағы
Мұқағали Мақатаевтың ақын Фариза Оңғарсыноваға қарата айтты дейтін «шеңберден шығу керек» деген сөзі бар. Негізі бұл сөзді ақын өзіне қарата айтқан. Онда да шығармашылығына ғана емес, өміріне де бағыттап айтқан. Осы сөздің тарихи артқы көрінісіне үңіліп көрейік. Негізі шеңберден шығу оңай шаруа емес. Себебі, шеңберден шығу тұрақсыздық басталды, дегенді білдіреді. Шығармашылықта да, өмірде де солай. Таланты асып-төгіліп тұрған ақындардың басында екі түрлі жағдайдың орын алатыны бар. Біріншісі, еркі сөзінде болады, соған сай өмір сүреді. Екіншісі, еркі өзінде болмайды, соған сай өмір сүреді. М.Мақатаев осының кейінгі түріне жатады.
Таланты асып-төгіліп тұрған және еркі қолында бар әдебиетшілер шығармашылықта өзін толық көрсетеді. Айталық У.Шекспир әне сондай тұлға. Әдебиеттің болуы мүмкін шек-шегарасын, күрделігін, сан алуандығын шығармашылық тұлғалардың жасаған әлемі белгілейді. У.Шекспирдің шығармашылығы арқылы сен әдебиет әлемінің шек-шeгарасын анық көрмесең де, сезіне аласың. Мұндай тұлғалар әлемдік әдебиетте бар. Ф.Кафка, Г.Маркестер осы санатқа жатады. Олардың таланты біреуіне 37 пьеса, 116 сонет жазуды бұйыртса, екіншісіне «Қамал», «Айытпалу» сынды екі роман жазуға, үшіншісіне «Жүз жылдық жалғыздық» романындай шығарманы жазуға мүмкіндік берген. Талант асып-төгіліп тұрса да, оның да шегі бар. Соған қарамастан біз оларды бір-біріне қарсы қойып, салыстыра алмаймыз. Себеп жоғарыдағы шығармалар әдебиетте жалғыз, дара. Жалғыз, дара дүниенің салыстыруға тұратын сыңары болмағаннан кейін ғана жалғыз, дара.
Екіншісі, таланты асып-төгіліп тұрса да, еркі өзінде емес, соған сай өмір сүрген ақындар. Мұндай ақындарға қашанда бірдеңе жетіспей тұрады. М.Мақатаев осы топқа жатады. Ақын 45 жыл өмір сүрді. Соңғы он бес жылға жалғасқан шығармашылығында 5-6 кітабы жарық көрді. Дантенің «Құдіретті комедия» шығармасының «Тамұғын» аударды. Орыс тілінде жинағы жарық көрді. Ақынның бүгінде қолда бар шығармалары толықтай көзі тірісінде басылым көрген туындылар. Бұлар М.Мақатаев көзі тірісінде ақын ретінде танылғанын, мойындалғанын көрсетеді.
Соған қарамастан ақын өзіне бірдеңенің жетіспейтінін аңғартады. Ақын «шеңберден шығу керек» дегенді осы негізде айтқан. Негізі ақынға жетіспейтін нәрсе соған дейін жазған дүниесінен асып түсетін, жаңа шығарма жазу. «Моцарт. Жан азасын» біз М.Мақатаевтың «шеңберден шығуының» нәтижесі деп қарасақ та болады немесе ақынның қандай деңгейде жаңа дүние жазғанын осы шығарманың табиғатынан танимыз. Ақынның партия билетінен айрылуы, Жазушылар одағынан шығарылуы, т.б, «басбұзарлыққа» баруы, соңынан Қонаевқа хат жазып, өзіне демеуші-қорған болуды сұрағаны оның шеңберден шыққан, бірақ тұрақсыз ортада көп аялдап тұра алмай қайтадан өзіне таныс дүниеге қайтқысы келген көңіл-күйінің көрінісі. Осы арада әлгі «шығармашылық адамның еркі» деген ұғым көрнекіленеді. Шығармашылық еріктің жеке басқа тән да, қоғамдық та негізі бар. Олар қабаттаса келе ақынның жалпы болмысын белгілейді.
М.Мақатаев сияқты Ф.Кафкада 45 жаста өмірден өтті. Ф.Кафканың өмірден өтерде шығармаларын жарыққа шығарғысы келмей, өртеп жіберуді өсиет еткені бар. Жазушының өмірінен аз хабары бар адамның бәріне белгілі Кафка бастан-аяқ өзіне сенімі жоқ, тұрақсыздық жайлаған көңіл-күймен өмір сүрген. Бірақ, шығармашылықта еркі өзінде болған. Еркі өзінде болмаса, одан бөгенайы бөлек «Қамал», «Айытпалу» романдары тумас еді. Еркі өзінде болған соң, шығармаларын өртеп жіберуге де үкім шығарған ғой. Ерік деген нәзік мәселе. Ол таланттың көрнеудегі емес, көмескідегі шындығы. Маған М.Мақатаев еріктің жетіспеушілігінің картинасы сияқтанса, Ф.Кафка еріктің асып-төгіліп жатқаны сияқтанады.