Ardakh Nurgaz. Тыңдауға және оқуға арналған мәтін

1ef92737374a46568c86302874c02f07.jpeg (1080×1341)

 

Әдебиетте, әсіресе поэзияда сөздің өзіндік болмысы бар. Ол ерекшелік сөздің беретін мағынасымен тіке қатысты. Поэзия мәтінінде сөз екі жақтылы мағынаға ие. Оның бірі сөздің берер мағынасы болса, екіншісі образы. Поэзияда сөздің образын біз мағынаның шалықтауы немесе құбылуы, деп те түсіне аламыз. Басқаша айтқанда ол сөздің бірінші ерекшелігі - беретін мағынаны толық қайталай бермейді. Оның өз алдына да мүмкіндігі болмады. Сөз дара өмір сүрмейді. Ол қалай да белгілі бір ортада өмір сүруді қалап тұрады. Сол ортада ғана оған жан тібеді, мән-мағына алады, ықпалдасады, жалпы қозғалады. Сөздің болмысы пайда болатын осы орта поэзия мәтінінде форманы құрайды. Форма сөздің жеткізер мағынасынан образға өтуде үлкен рол ойнайды. Поэзиялық мәтінде форма сөздің қозғалыстағы, өмір сүрудегі белгісі. Сөз образға айналғанда оған әуен бітеді. Осы әуен поэзияның жаны – лириканы құрайды. Формаға сіңген, образда өмір сүретін, қозғалыста ғана туындайтын лирика поэзияның түпкі болмысын әйгілейді. Қазақ поэзиясында мұндай лирикалық әуенді біз Абай Құнанбаевтың «Желсіз түнде жарық ай...» өлеңінен кезіктіреміз.

 

Желсіз түнде жарық ай,
Сәулесі суда дірілдеп,
Ауылдың жаны терең сай,
Тасыған өзен күрілдеп.

Қалың ағаш жапырағы
Сыбырласып өзді-өзі,
Көрінбей жердің, топырағы,
Құлпырған жасыл жер жүзі.

Тау жаңғырып, ән қосып
Үрген ит пен айтаққа.
Келмеп пе едің жол тосып
Жолығуға аулаққа?

Таймаңдамай тамылжып,
Бір суынып, бір ысып,
Дем ала алмай дамыл қып,
Елең қағып, бос шошып.

Сөз айта алмай бөгеліп,
Дүрсіл қағып жүрегі,
Тұрмап па еді сүйеніп,
Тамаққа кіріп иегі?

 

 

Жоғарыдағы өлең бізге ән мәтіні ретінде жақсы таныс. Ән танымал, жанға жақын ерекшелігімен ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келеді. Бір ескеретін жағдай мұнда сөздің берер мағынасынан образдың әлдеқайда алға шығып кеткені байқалады. Образ толықтай лирикалық әуенге айналғандай. Содан да тіпті өлеңнің махаббат сезіміне құрылғаны көп жағдайда ескеріле бермейді. Оны жас ерекшелігіне сай емес бастауыш және орта мектеп оқушылары да топтық қор қылып та айтып жатады. Біраз жұр өлеңнің алғашқы үш шумағын ғана қайрып ән қылып айтуды қалайды. Ән де осы шумақтарда өте әсерлі естілетіні бар. Негізі мәтін бас-аяғы түскен өлең ретінде кем-кетігі жоқ толық шығарма. Бірақ, әнге айналғанда көбінде оның осы толық бейнесі, берер мағынасы көрініс таба бермейді. Мұның себебі жоғарыда айтылған лирикалық әуеннің толық басымдық алуы өлеңнің поэзиялық біртұтастығына ықпал еткенінде. Өлең мәтіні (ән) мағынадан (махабат) гөрі образдың (табиғат көрінісінен туған) әуеніне жақын қасиет танытады.

Жоғарыдағы өлеңде поэзия мен ән бір мәтінге сиып, көрініс тауып тұр. Бірақ, оларды бөлініп жарылмайтын біртұлға, деп қарауға келмейді. Жоғарыдағы мәтінді оқығаннан, ән қылып айтқан әлдеқайда әсерлі. Мұнда ән алға шығып, поэзиялық ерекшелік тасаға түскен. Ән арқылы жеткен мәтіннің алғашқы шумақтарының жатталып, жаңғырып жан сарайыңда қалатыны, оған салыстырғанда соңғы шумақтардың оншалықты әсер етпейтіні де осы түйінмен байланысты. Әуенді сақтап тұрған форма ретінде қара өлең ұйқасы мұнда поэзиядан гөрі әнге барынша қызмет ететінін анық әйгілейді. Жыр қылып айтатын классикалық жыр-дастандардан осы заманғы ән мәтіндердің көбінің қара өлең ұйқасымен жазылатынының сыры да осында жатыр.

Жоғарыдағы өлеңнен біз поэзия мәтіні мен ән мәтінінің белгілі деңгейде айырмашылығы барын аңғарамыз. Айталық, өлеңнің алғашық үш шумағын ән ретінде, толық күйін поэзия ретінде қабылдауға болады. Және бұл мәтін поэзиядан гөрі ән ретінде әлдеқайда тартыдмы сезіледі. Екінші бір тұрғыдан айтқанда поэзия мен ән мәтіні ұқсастық жақтары болғанымен, айқын парқы да бар екі басқа дүниеге жатады.  Ендеше, мұндай парықтың өмір сүруінің сыры неде?

Жоғарыдағы өлеңде алғашқы үш шумақ әнге айналып әсерлі шығатыны, ол әуен соңғы шумақтардың болмысын тасада қалтырып, көміп кететінін айттық. Бұлай болатын себебі алғашқы үш шумақта сөз негізінен табиғат көрінісін, түнді, түндегі сұлулықты әйгілеуден біртіндеп образдар шерушіне айналады. Ол образдарда айқын жақындастық, ұқсастық бар. Және бір көріністен екінші көрініске өткенде тұнық ықпалдастыққа ие сезім ауанын сақтайды. Бұл жерде, сөздің мағынасы, образ бен әуеннің арасында жік жоқ. Тыңдарман ән әуеніне ілесіп сөз бен образ шеруі арқылы тамылжыған түнгі табиғат көрінісі мен адам болмысына беріліп кетеді. Сондықтан да ол тыңдарманның жүрек қылын шертеді. Ал осы біртұтастық төртінші шумақтан бастап бұзыла бастайды. Ондағы себеп жаңа сөз жаңа мазмұнды әкеледі. Сөздің мағынасы мен образ, әуеннің арасында жоғарыдағы біртұтастыққа жік түседі. Бұл жерде тәбиғат көрінісі емес, адам мен адам арасындағы сезім-түйсік алмасу сөз бола бастайды. Басқаша айтқанда сыртқы - табиғатқа қатысты көңіл-күйден, ішкі – адам мен адам арасындағы сезім алмасуын бейнелеу басымдық алады. Алғашық шумақтардағыдай образ толықтай әуенге айналып кетейді. Соның нәтижесінде соңғы шумақтар тыңдаудан гөрі оқып, оқу арқылы образды ойлауға берілгенде ғана көз алдыңа келеді, жүрекке сіңеді. Басқаша айтқанда өлең мәтіні күрделескендіктен тыңдаудан гөрі оқуды көбірек талап етеді. Поэзия мен ән мәтінінің айырмашылығын да біз осы түйінде аңғара бастаймыз.

Қазақ әдебиетінде тыңдауға арналған танымал мәтіндер баршылық. Айталық,  халық әні «Жезкиік» шығармасының мәтіні соған анық мысал.

 

Жез қанат күміс бауыр киік көрдім,
Дәруі сол ма дерсің күйік-шердің.
Жез марал жүреді екен арасында,
Қартаған Бетпақтағы киіктердің.
    

Қайырмасы:
Жезкиік біздің жаққа қалай келдің?
Жолымды тіке кесіп жанай бердің.
Адамның көздеріндей екі көзің,
Япырмай дәтім шыдап қалай көрдім.
    

Дәл саған құрмап еді торды ешкім,
Ғайыптан душар болдың сорды кештің.
Мен дағы сертшіл едім далада өскен,
Сен дағы жалтармадың жолды кестің.
    
Қайырмасы:
Асықпа көрейінші жөндеп қана,
Кетпесін жаңа тиген меңдеп жара.
Ет кесіп өз өтімнен берсем дағы,
Жөніңе жіберейін емдеп қана.
    
Дедім де қоя бердім ұстамадым

Қасымда қал демедім қыстамадым
Тілейін суық жақтан есен қайтып,
Жылы құм мекеніне қыстағанын.
    
Қайырмасы:
Түс тербеп жаздың мөлдір қысқа таңын,
Тұзақтап жезкиікті ұстатамын.
 Баяғы қызыл ішік киген қызға,
Жез қамзол сол киікті ұқсатамын.
    
Құмарым қайта көріп қанар ма екен,
Әл бітіп салқын жүрек жанар ма екен.
Болмаса суық қолды бір сұр мерген,
Дәл көздеп әлде атып алар ма екен?..
    
Қайырмасы:
Сұлуды адам жаны қимайды екен,
Беймезгіл еске түсіп қинайды екен.
Жезкиік сені аңсаған кездерімде,
Бір өзім кең далаға сыймай кетем.
    

 

Аталған шығарма ән ретінде бас-аяғы толық бір әуенің демеуіндегі керемет туынды. Ән бастан-аяқ Сарыарқаның ұлан кеңістігінде құлаш керіп жатқандай сезіледі. Бұл жағынан ол «Желсіз түнде жарық ай...» өлеңінен басқаша. Бастысы жоғарыда айтқандай ол сыртқы және ішкі әлем болып жарылмай, тұтас бір арна, бір кеңістікте жатыр. Бірақ, оның мәтінін поэзиялық шығарма ретінде оқысаңыз, қарапайым, жеңіл, әндегідей әсерлі сезілмейді.

Абайдың ақын әрі композитор болғаны жұртқа мәлім. «Желсіз түнде жарық ай...», «Көзімнің қарасы», «Қартайдық, қайғы ойладық», т.б. өлеңдері әнімен танымал. Соған қарамастан Абай жазған мәтінде жоғарыдағыдай екі жақтылы ерекшелік – поэзиялық әрі ән мәтінене тән қасиет бірден көзге түседі. Меніңше, мұның себебі Абайдың дәстүрлік әнге, әуенге құрылатын өлеңнен жазба поэзияға ден қойғандығында, бірақ, оған толық ауысып кетпегендігінде, деп білемін. Абай поэзиясының шоқтықты биігі саналатын «Сегіз аяқ» өлеңінің де ән мәтіні ретінде әуені бар. Бірақ, оны ән қылып айту да, тереңіне бойлап бірден түсініп кету де оңай шаруа емес. Басқаша айтқанда өлең ауыр, терең. Жазба, оқуға арналған поэзияның көптеген ерекшелігі сақталған.   

 

P.S. 2016 жылы америкалық муыканыт, ақын Боб Диланға Нобель сыйлығы берілгені белгілі. Сол тұста шығыс пен батыстың көптеген әдебиет зерттеушілері Швед әдебиет академиясының бұл шешіміне сын айтты. Сонда Австрияның белгілі драматург-жазушысы Петер Хандкенің (2019 жылы Нобель сыйлығының иегері атанды)  Боб Диланға баға бере келіп: «Боб Диланның шығармалары поэзия емес, ән мәтініне жатады, ол әуеннен айрылса, бәрінен айрылады. Оның әндерін оқымау керек, қайта тыңдау кере. Швед әдебиет академиясының бұл реткі шешімі әдебиетке, оқуға (кітапқа) жасаған қиянат» дегені бар. Байқап отырсаңыз осында поэзиялық мәтін оқуға, ән мәтініні тыңдауға арналған, деген мағына қылаң береді. Негізі, шындығы да сол.  

Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті ©Білге - Мәдениет пен өнер сайты