Ardakh Nurgaz. Тасада тұрған сөз...

7dc3072242999483dc3e31f932fcff6c.jpg (720×380)

Поэзия деген поэзиялық сарынның көрнеудегі бейнесі, басқаша айтқанда көлеңкеге бір кіріп, бір шығып жүрген құмырысқаның обыразына жасырынған көңіл-күй. Адамның көңіл-кйі ұшан теңіз, тылсым жандүниенің тымырсық, тыныш күйінен арылып, біртіндер толқын атып тебіренген сәтіңде, өрекпіген сезімнің ұшар биігінде мөлт еткен моншағы. Өмірде екі түрлі тұрғы болады. Бірі сезімсіздік, екіншісі сезіміне біржола ерік беру. Поэзия осында, сезімге біржола ерік беру және оны ұстап қалудан тұрады. Ол әлгі сезім моншағының сөз теңізінде жарқ етіп көзге түсуі. Оның енді бір атауы өнер туындысы. Ақындықтың белгісі де осы түйінмен байланысты. Ақындық сезім алауын қос алақаныңа алып қақбақылдап, қаншалық ұзақ ұстап және оны өшіріп, бықсытып алмай тұратын қуатыңмен дараланады.  

Модернистік дүниетаным өріс алған кезеңнен бастап, ақындар сыртқы ортадан анық ішкі әлемге қарай бағыт алуда. Бірақ, бұл сапардың «соқтықпалы, соқпақсыз» екені анық. Алдымен жандүние қолмен ұстап, көзбен көретіндей матeриaлдық дүние емес. Дәл оның керісінше тасадағы, бұлыңғыр, бұлтты, ой-шұңқыры көп бұл әлем бүгінге дейінгі уақыттың жиынтығы. Дүниетанымның, дін, мәдениеттің, тарихтың, тән қалауынан жан қалауына дейінгі барлық болмыстың із қалдырған мекені. Сенің сансыз «менің» сонда саған үнсіз қарап, бақылап, сенің танй алатын-алмайтыныңды бағып тұр. Сен оның қаншасымен диялок құрып, қаншасына бой алдыра аласың, қуатың, парасатың қаншалық? Мәселе осында. Сондықтан да ол «соқтықпалы, соқпақсыз» мекен. Оған тереңдеп ену, із түспеген соны алапқа дейін бару оңай шаруа емес. Көп жағдайда ақындар жандүниенің осынау тылым шүңетіне батылы жетіп батып кетсе де, соңында бәрібір су бетіне шықпай тұрмайды. Басқаша айтқанда әлгі көлеңкеңе бір кіріп, бір шығып жүрген құмырысқаның образы қайталанады.

Anuar Duisenbinov-тың өлеңі  («Менің ішімде») бір реткі ақталу сияқты. Ақталу деген сөзді арылу, деп түсінсек те болады. Олар бір дүниетің ұқсамаған бетіне жатады. Көлеңкеден шыққан образдың бойында көп түрлі мүмкіндік бар. Өлеңнің сезім алауы да осы түйінмен байланысты. Өлең лирикалық кейіпкердің өмірдегі болмысымен үндескен мазмұннан құралған. Ақталу мен арылудың арасында үлкен кеңестік жатыр. Біз (оқырман) осы жолды - кеңестікті басып өткен тұста, жаңа бір мазмұнға кез боламыз. Тасада тұрған оның аты - Жауапкершілік. Өлең бастан-аяқ осы дүниенің тамырын басып, оятып, оған үміт пен орай сыйлап, оны сенің жандүниеңе сіңіріп, қанат қақтыруға жұмыс істейді. Поэзияның құдiреті де осында. Ол сенің жаныңның түйсігін дәл басады. Сен ақынның өмірімен үндесесің, бірақ ақынның өзінен де көбірек рухани құдiретке ие боласың. Жандүниең сілкініп, тыныш сезімің тасып, рухтанады. Басқаша айтқанда сенің жаның өлең оқудан бұрынғы күйден әлдеқайда салмақ тартып, ұлықталады. «Жауапкершілік» деген, түсінген жанға, үлкен құндылық. Айталық, жауапкершілік сын сағаттарда көзге түеді. Рухы биік ұлы тұлғалардың дені Жауапкершілікті сезінумен өз биігінде қалған. Соған қарамастан, бұл қасиет барлық адам баласына бірдей. Адам баласының бойындағы құндылықтарды өлшейтін таразының бірі Жауапкершілік. Anuar Duisenbinov-нің өлеңі осы күрделі де жалпылыққа жататын аса үлкен тақырыпты ашудан тұрады.

Поэзияда «нені, қалай жазу керек?» дегенге саятын ұлы әрі мәңгілік сұрақ бастан-аяқ өмір сүреді. Кейде, бір сөзге бір кітаптың мазмұны сыйып тұрады. Ал екіншісінде, жүз жол сөз тасада тұрған бір сөзді көрнеуге шығаруға жұмыс істейді. Ақындықтың мұраты осы түйінді сәтімен жүзеге асыруға барып саяды.  Anuar Duisenbinov  («Менің ішімде») өлеңінде осы міндетті керемет деңгейде орындап шыққан.

Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті ©Білге - Мәдениет пен өнер сайты