Хуан Рульфо: Пірімнің әйелдері
Х.Рульфо (1918ж.—1986ж.) Мексиканың модернист жазушысы. «Әдебиет қопарылысы» дәуіріндегі Латын Америкасы жазушыларына үлкен ықпал еткен қаламгер. Жазушының «Петро Балом» (1955ж.) повесі туралы Г.Маркес: «Петро Баломды» оқыған күні түні бойы көзімді ілмедім, повесті бір емес, үш мәрте қайталап оқыдым. Ондағы уақыт пен кеңістіктің қиысуы менің проза туралы көзқарасымды түбірінен өзгертті». «Петро Баломды» мен жатқа оқи аламын» деген. Жоғарыдағы повестен сырт, жазушының «Отқа оранған дала» жинағына кірген 17 әңгімесінің бәрі де өзгеше жазу мәнерімен ерекше. Мексика тарихындағы күрделі кезеңді кестелеген сол әңгімелердің бірі — «Пірімнің әйелдері». Монолог пен диалогтан тұратын бұл әңгімеде де жазушы уақыт пен кеңістікті өте нәзік пайдаланған, соның арқасында шекті көлем ішінде өзі ортаға шықпаса да алаяқ миссионердің бар болмысын көз алдыңа айнытпай келтіреді, қоғамдық тартысты, тағдыры тәлкек болған әйелдердің аянышты халін табиғи, ештеңені жасырып-жаппастан өте әсерлі бейнелеген. Модернизмнің барлық белгілерін бере отырып, көл-көсір мазмұнды сыйдырғанына қарамастан, әңгіме дарамалық тартысқа толы, қызықты сюжетті де сақтаған. Әңгіменің ұзын-ырғасы миссионерліктің айдарынан жел ескен біздің қоғамға да бейтаныс емес.
Аударушыдан
Мынау әйелдер, сайтанның сапалақтары, қаздай тізіліп, ретін бұзбай шұбырып келеді. Шымқай қара киіп алыпты, арбаға жегіліп шаршаған есек сияқты, бәрі алабажақ тер. Әуелде алыстан қарағанда бір үйір мал келе жатқан сияқты қою тозаң көтеріліп еді, соңынан шаң ішінен салаң етіп осылар шыға келді. Беті мен қолының ұшынан басқа жерін тұтастай жапқан қара жамылғылары шаңнан көрінбейді. Амореал жақтан тартылған жолменен ыстық күннің өтінде, еріндері жыбырлап, тынымсыз дұға оқып келеді. Самайдан сорғалаған тер қара желектің алдын көлдей қылып сулап тастапты.
Олар мені іздеп келеді, менің тығыла тұрғаным жөн. Олардың не ойы бары, кімді іздейтіні маған бесенеден белгілі. Мен шалбарымның ауын бір қолыммен көтеріп, жасырына тұруға жорғалаған бетте тауық қораға сүңгіп кеттім. Тіпті қораның ең түбіне барып тығылдым.
Бірақ, көп ұзамай-ақ олар да тауық қораға кірді, мені сол арадан тапты. Шетінен «Періштедей пәк Мәрия анам» деп бірдемелерін ежіктеп жүр.
Олар қасыма келгенде мен шалбарды сыпырып тастап, тас үстінде шоқиып отырғанмын. Ондағы ойым, оғаш түрімді көріп жаныма жақын келе алмас деп едім. Бірақ, ол ойым жүзеге асқан жоқ, олар «Періштедей пәк Мәрия анам» деп гүбірлесті де, баса-көктеп қасыма жетіп келді. Тіпті төбемнен төніп келді.
Ардан безген, лақса салдақылар! Ұялуға тиіс едіңдер ғой! Ал олар болса айшықтарын сызып, иінтіресіп, мені қоралай ортаға алып тұр. Бойларынан қолаңса аралас тер исі мүңкиді, жүзіне қарасаң, жаңа ғана жаңбырдан келген адам сияқты малмандай су.
—Лука Лукастыло, біз сені іздеп жүрміз, арнайы сен үшін сонау Амореалдан келдік. Біреулерден сұрап едік, осы үй деп көрсетті. Сені үйінде деген еді, бірақ, бөлмеңнен таба алмадық. Тауыққа жем шашып жүр ме екен деп осында кірсек, сен мынадай күйде отырсың. Тауыққа жем шашып жүрген шығар десек. Біз сені іздеп келдік!
Антұрған, қақпастар! Лақса есек құрлы қадірі жоқ малдар сол!
—Маған айтасыздар ма, сіздерге сонда не керек? — дедім мен сыпырып тастаған шалбарымды әлдеқайдан тауып алып киіп жатып, бірден өздеріне дүрсе қоя бердім. Олар беттерін басып ұялғансып, қарамай қалды.
—Біз сені іздеп жүрміз. Сантьяго мен Санитаға барған едік, ондағылар сені ол арадан көшіп кеткен деді. Осы ауылда деген соң, соңыңнан келіп тұрмыз. Біз Амореалданбыз.
Мен олардың қайдан келгенін әу баста-ақ білгенмін. Олардың кімдер екені де түсінікті. Тіпті бір-бірлеп атын атап, түсін түстеп те бере аламын. Бірақ, ештеңені түсінбеген адам кейпіне кіріп алдым.
—Лука Лукастыло, былай, құдайға шүкір, біз ақыры сені таптық-ау!
Мен оларды үйдің төр бөлмесіне ертіп апарып, отыруға бірнеше орындық бердім. Қарындарың ашқан шығар, әлде, бірер тостаған су ішіп тамақтарыңды жібітесіңдер ме деген болдым. Олар орындыққа отырып, терлерін сүртті.
—Пейіліңе рахмет, қажет емес! — деді олар. — Біз саған әурешілік тудырайық деп келгеніміз жоқ. Біз сенің асыңа да мұқтаж емеспіз. Сен мені танисың, Лука Лукастыло, солай ғой? — деді әйелдердің біреуі.
—Аздап таныс сияқтысың, — дедім мен монтанысып, — тіпті бір жерде көрген сияқтымын. Сен әлгі Ауманбора Ламос басын айналдырып, алдап алып кететін Пеше Ференгос емессің бе?
—Дұрыс айттың, мен соның дәл өзімін. Бірақ, мені ешкім алдап алып кеткен жоқ. Бұның қарап тұрып адамға пәле жабу. Ол кезде екеуіміз жолдан адасып қалмадық па?! Мен дінге адал мүритпін, айтасың, ондайға әсте жол бермес едім...
—Сонда неге жол бермейтін едің, Пеше?
—Е...й, Лука, сен қашанда нені болса жаман жағынан ойлауға құмарсың. Сол әдетіңнен әлі күнге арылмапсың. Бірақ, мені ғой, жазбай таныдың, сол үшін келген мақсатымызды айтайын.
—Сендер су да ішпейсіңдер ме? — дедім оларға жағалай қарап.
—Әуре болмай-ақ қой. Бірақ, болмадың ғой, ішсек, ішейік.
Мен оларға бір тостаған анар шырынын әкеп бердім. Олар оның бір тамшысын қалдырмай сіміріп салды. Тағы бір тостаған әкеліп едім, оны да тауысты. Содан бір шелек су әкеліп орталарына қойдым. Өздерінің айтысынша, аздан кейін, олардың су ішкісі келеді екен.
Әйелдердің ұзын саны он еді. Көгендегі қозыдай тізіліп, томпиып-томпиып қатар отыр, киімдері жаңа ғана жерге аунаған адамдай кір-қожалақ. Өздерінің аттарын білуші едім, Пемсияно, Элинаро, Клинаро және баяғы дүкенші Толлеваро мен шаштараз Анастароның қызы.
Құрып кетсін, бәрі де кекжиіп қалған бірдемелер, байға шықпай отырып қалғандар, түрлері солған сәбіз сияқты, сиықсыз немелер. Көкейге құрт түсірер біреуі жоқ.
—Сонда кімді іздеп жүрсіңдер?
—Біз сені іздеп келдік!
—Ендеше, мен, міне, алдарыңда отырмын, құдайға шүкір, есен-саумын, алаңдамасаңдар да болар еді.
—Сонау қияннан осында, жердің түбіне келіп алыпсың, әдірісің де жоқ, айналаңдағы жұрт та танымайды екен, сені табу бізге оңай болған жоқ, Лука. Әйтеуір сұрай-сұрай таптық.
—Мен ешкімнен жасырынып жүргем жоқ. Осында көңілдегідей өмір өткізіп жатырмын. Ешкім мазамды алмайды. Сұрауға бола ма, сонда не бұйымтайларың бар?
—Былай еді... айтпақшы, бізге ас дайындаймын деп әуре болмай-ақ қой, біз Торокстардың үйінен тамақтанып шықтық. Одан да қасымызда отыр, сөйлесейік, — деді әйелдердің бірі.
Мен тыныш отыра алмадым. Тауық қораға барғым келіп, сабырым кетті. Мекиеннің озандаған даусы естілді, сөзсіз жұмыртқалады, тезірек алу керек, әйтпесе қоян жеп қоюы мүмкін.
—Мен барып жұмыртқаны әкеле қояиын, — дедім оларға.
—Болды, біз үшін әуре болмай-ақ қой, аш емеспіз.
—Осында тіміскілеп жүретін екі қоян бар, тауықтың жұмыртқасын көрсе болды, жеп қояды. Сәл тоса тұрыңдар, мен қазір...
Солай дедім де, тауық қораға қарай ызғыта жөнелдім. Мен қайтып оралмауға бекідім. Ауланың тау жаққа қараған шағын есігінен шығып тайып тұрғым келді. Үйірлі салдақыны осында қоралап тастап кетпекпін.
Аулаға шыққан соң, там іргесінде жатқан үйме тасқа көзім түсті. Аздап бейітке ұқсайды. Соны ойладым да, үйілген тасты бір-бірлеп жан-жаққа лақтыра бастадым. Бәрі малта тас, лақтыруға қолайлы. Мүмкіндігінше алысырақ лақтыруға тырыстым. Құрып кеткірлер, мені осылай арам терге түсірген сендер, мен ойларыңа қалай түстім екен.
Біраз тасты лақтырып тастадым да, жұмыртқаны алып үйге оралдым.
—Сен қоян біткенді таспен ұрып өлтірдің-ау деймін. Біз сенің тас лақтырып жатқаныңды байқадық. Жұмыртқаңа рахмет, бұлай әуре болмасаң да болар еді.
—Жұмыртқаны әсте кеуделеріңе қоя көрмеңдер, балапандап кетуі мүмкін, одан да үстелге қоя салыңдар, — дедім мен тыныш отырмай.
—Лука Лукастыло, қашанда жөн сөйлеуді білмейсің, балапан басып шығаратындай, біз тауық па едік?
—Ол туралы бірдеме дей алмаймын, бірақ, күн шыжып-ақ тұр.
Менің олардан тезірек құтылғым келді. Не де болса сөзді басқа жаққа бұрып, бастарын айналдырып, қайта қайырылып келместей етіп шығарып салуға бекіндім. Бірақ, сөзді қалай бастарды білмей отырмын.
Рас, Анакламонто Маноросо жоғалған қаңтар айынан бері олар мені шарқ ұрып іздеу үстінде. Біреу маған Аморон сектасының әйелдері сені іздеп жүр деп баяғыда-ақ айтқан болатын. Анакламонто Маноросоның мұрны тесілген құлдары осылар. Міне, ақыры мені де тапты.
Менің оларды сөзге салып, қас қарайғанша айналдыра тұруым керек. Кеш болса, олардың бәрібір кетуіне тура келеді. Олардың бұнда қонуға дәттері жетпейді.
Бұлай дейтін себебім, сөз арасында олардың асығып отырғанын аңғардым. Анастароның қыздары жұмысты тезірек бітіріп, ертерек қайтсақ дегенді айтып қалды. Мен оларға асықпасаңдар да болады, жатарға орын жетеді, бәріңе де төсек-орын салып берем деп, қу сөзден қуырдақ қуырып, желпілдедім. Олар «бұлай етуге болмайды, сенің үйіңде қона алмаймыз, жұрт білсе не бетімізді айтамыз» деп азарда-безер болысты.
Ендігі мәселе қас қарайғанша сөзге айналдыра тұру еді. Қас қарайса, олардың басқаша сайрауына тура келеді. Содан араларында отырған біреуіне жақындай түстім:
—Күйеуің аман ба? — дедім мен оған.
—Менде еркек болған емес, Лукас. Сен менің күйеуге шықпағанымды жақсы білесің. Мен сені қанша тостым, сенен үміттендім, бірақ, сен әлдеқашан басқа біреумен некеленіп қойыпсың. Содан кәрі қыз атандым, мені әйелдікке алатын еркек шықпады.
—Ол кезде мен жұмыс басты болдым, саған қарауға мұрсам болған жоқ. Дегенмен, міне, енді орайы келіп тұр...
—Бірақ, сен тұрмыстанып алдың ғой, оның үстіне Піріміздің күйеу баласы атандың. Енді келіп, былай сөйлеп отырысың не, оның үстіне сенен үміт үзгенім қашан.
—Солай да, мен сені ұмытқам жоқ. Сенің атың кім еді?
—Лауренс... Мен қазір осы есімді қолданамын. Толық аты-жөнім Лауренс Гарсия. Мені жылатпа, Лука Лукастыло, сені ойласам болды жанарыма жас толады, айтқан тәтті сөздерің есіме түссе болды, ренжи бастаймын.
— Әй, Лауренс, Лауренс, мен сені қалай естен шығара аламын? Сені мәңгі ұмтпаймын... Сол кезде қандай сұлу едің, құшағыма құлаған сәтіңді ойласам, торғындай үлбіреп тұратынсың. Әр рет менімен кездесуге шыққанда тәніңнен бір түрлі қош иіс аңқитын еді ғой. Түнді менімен бірге өткізуден ешқашан қашқан емессің. Құшағыма тығылып, сүліктей сорып, өліп-өшуші едің. Сол есіңде ме?
—Лука, жетті, айта берме. Мен кеше ғана тәубеге келіп, құдайға жалбарынып шыққанмын, бүгін сен аздырып, мені басқа жаққа бастап тұрсың. Мені күнәкәр болсын дейсің бе?
—Сенің әдемі балтырларыңнан іискегенім әлі есімде, сен олай істеуге болмайды, қытығым келеді деуші едің ғой. Қазір де қытығың келе ме?
—Лука Лукастыло, енді сөйлей берме, Жаратқан екеуміздің істеген ісімізді әсте кешірмейді, сен түбі күнәкәр боласың.
—Сонда мен не істеп қойдым, әлде саған істеген жамандығым бар ма?
—Менің жұрт алдында масқарамды шығарма. Неге сен осы солай істеуге құмарсың?
—Солай де, сусын ішкілерің келмей ме? Міне, қазір әкелемін. Сәл күтіңдер.
Мен тауыққораның қасындағы анар ағашына барып бірнеше тал жеміс үзіп алдым. Олардың ашуы тарқасын, сабасына түссін деп дүзде біраз жүрдім. Үйге оралсам, әлгінде тілдескен әйелім кетіп қалыпты.
—Ол қайда?
—Қайтып кетті, сенің сөзіңнен соң, ботадай боздап кетті, — деді отырған әйелдер.
—Әсілінде, менде оны жылатайын деген ой болған жоқ, үндемей отырғанша сөйлесіп отырайық дегенім еді. Біздің бұл жақта жауын жаумағалы көп болды, сендер жақта жауын-шашынның жағдайы қалай?
—Бізде жауын бар, кеше ғана нөсер болды.
—Онда, жақсы-ақ болған екен. Жауын жауса рахат қой. Мен ант етемін, біздің түймедей бұлт көрмегенімізге біраз болды. Карло әлі ауылнай болып жүр ме?
—Иә.
—Ол бір жақсы адам.
—Қателестің, ол барып тұрған оңбағанның өзі.
—Мүмкін, ал Едмонте қалай, ол дәріханасын ашып тұр ма?
—Ол өлді. Өлгені дұрыс болды, бұлай айтуға болмайды, бірақ, ол да оңбаған адам болатын. Ол біздің пірімізді жеккөреді. Шімірікпестен пірімді «алаяқ, алдамкөс, суайт» дейтін. Ол кезіккен адамға осылай деуден танған жоқ. Ақыры құдай жазасын берді, құтырып өлді.
—Құдай оны тозаққа тастасын деп тілейік.
—Енді бас судья Лион Лопес құрыса екен деп жүрміз. Ол Едмонтені жақтап, пірім, қасиетті Анакламонто Маноросоны абақтыға жапты емес пе?
Олар жамырай сөйлеп, шулап кетті. Еркінше сөйлей берсін деп отырмын. Тек мен туралы айтпаса ғана болды. Кенет олардың біреуі:
—Бізбен бірге жүруге дайынсың ба? — деп қалды.
—Қайда?
—Амореалға. Біз сені ертіп кету үшін осында келдік.
Менің тауыққораға кеткім келді, ашық тұрған терезеден қарғып түсіп зытуға шақ қалдым. Құрып кеткір, албасты, сайқалдар сол!
—Амореалда менің нем бар?
—Біз әр күні тоғыз мәрте жаратушыға жалбарынып, қасиетті ұл Анакламонто Маноросоның «Құдайдың ұлы» болып қайта оралуын тілеуге дайындалып жатырмыз. Бізбен бірге болсаң, жақсы болар еді. Сен пірімнің ең жақын серігісің, қасында жүрдің, оның қасиетін сенен жақсы білетін адам жоқ. Піріміздің ат-атағы шықпай тұрып-ақ сен онымен жолдас болғансың. Оның жұртқа істеген жақсылығын сенен артық ешкім білмейді. Біз сенің көмегіңе мұқтажбыз, бізге қолғабыс етуге тиіссің.
Құрып кеткірлер, ертерек айтпайсыңдар ма бұларыңды.
—Мен сендерге еріп бара алмаймын, — дедім мен оларға, — үйіме қарайтын адам жоқ. Бәріне қолымды бір сілтеп кете алмаймын.
—Біз бұл жағын ойлап қойдық, арамыздан екі адам осында қалып сенің үйіңді күзетеді, айтпақшы, сенің әйелің бар емес пе еді?
—Менде әйел жоқ.
—Қалайша, сенде әйел жоқ болады? Піріміз Анакламонто Маноросоның қызын алмап па едің, әлде ол да өліп қалды ма?
—Ол жөніне кетті, мен оны қуып жібердім.
—Бұның жарамайды, Лука Лукастыло. Бейшара қыз қатты қиналған шығар. Ол жақсы қыз болатын, жас әрі сұлу еді. Оны қайда тентіретіп жібердің, Лука?
—Мен оған қараңды батыр дедім. Қазір ол өзі сияқты жезөкшелердің ортасында жүрген шығар...
—Мен сенің сөзіңе сенбеймін, Лука, тіпті сенбеймін. Мүмкін ол бөлмелердің бірінде дұға оқып отырған шығар. Сен қашанда өтірік айтасың және соныңа сендіресің. Біз сенбейміз.
—Онда, менің Амореала ға баруымның қажеті жоқ болды ғой.
—Сен әуелі тәубеге келіп тазаруың керек, сонда ғана біз сенің сөзіңе сенеміз. Сенің тәубеге келмегеніңе қанша болды?
—Мүмкін, 15 жылдай болған шығар. Исаға сенетіндер менің көзімді құртқысы кететіндерін ашық айтқан күннен бастап мен тәубеге келген емеспін. Олар тапаншаны менің шүйдеме тақап тұрып, дінбасыларының алдында мен істемеген істі де істеді деп мойындатты. Мен содан кейін тәубеге келуді қажет етпейтін адам болып шықтым.
—Егер, сенің піріміздің күйеу баласы екеніңді ескермесек, сені тіпті іздемес едік. Сен сайтаннан да залымсың.
—Қалай болғанын өзім де білмеймін, бір кезде мен Анакламонто Маноросоның қолғанаты болдым. Расымды айтсам, нағыз сайтан Анакламонто Маноросоң.
—Сен енді пірімізді қорлауға көштің бе?!
—Сендер ештемені білмейсіңдер.
—Ол біздің піріміз.
—Бірақ, оның қойдың басын асып, иттің етін сатқан неменің өзі екенін білмейсіңдер.
—Лука, сен сонда не демексің?
—Сендердің көп жағдайдан хабардарың жоқ. Пірім деп жүрген сол адамдарың кезінде алаяқ саудагер болатын. Біз ауыл-ауылды кезіп алып сатарлық істейтінбіз. Бір күні жолда шаршап келіп демалып отырсақ, алыстан бірнеше діндардың қарасы шалынды. Содан Анакламонто Маноросо қулыққа басып, өзі білетін әдісімен құмырсқаның илеуіне бетін баса қойды да, тіліне құмырсқаларды қаптатты. Әлгі діндарлар бұны көріп «қалай сонда, құмырсқалар сені шақпай ма?» деп сұрады. Бұл сұраққа Анакламонто Маноросо құлашын кең жайып, айшық сияқты қалып танытып тұрып, «Мен Румнен келе жатқан діндармын. Осы өлкеге құдайдың мейір-шапағатын әкеле жатырмын. Менің бойымда адамды таңқалдыратын қасиет жетерлік» деп уағыз айта бастады. Діндарлар оның сөзін естіп, естерінен тана таңғалып, оның етегіне бас қоя бастады. Осылайша, біз өтірікпен алдап-арбап, тірі құдай болудың жолына түстік.
—Сен, енді, асып кеттің. Сені қасиетті пірімізді бұлайша аяқасты етеді деп ойламап едік. Пірімізбен танысудан бұрын, сен кім едің, сіңірі шыққан кедей, жалаңаяқ қасапшы емес пе едің? Пірім сені лықсыған байлыққа кенелтті, бәріне қолыңды жеткізді, енді келіп сенің айтып отырғаның мынау.
—Жасаған жақсылығы үшін оған айтар алғысым шексіз, рас, қарнымды тойғызған сол. Алайда, бұл оның барып тұрған албастының өзі екенін жоққа шығармайды. Мейлі, ол қайда құрыса да айтатыным осы, құдай атқыр жүзіқараның дәл өзі болатын.
—Не десең де бәрібір, ол қазір аспанда, қор қыздарының ортасында, пейіштің рахатын көруде.
—Мен оны түрмеде деп жүрсем...
—Олай емес. Пірім түрмеден әлдеқашан қашып шығып, із жасырып үлгірді. Қазір ол көкте, бейіште бізге атап дұға оқуда. Қыздар, келіңдер, бәріміз жабылып піріміздің атына тілеу тілейік, көктегі ол кісінің құлдары бізге мейірімі түссін...
Әйелдер тізерлеп отыра қалып дұға оқуға көшті. Көтеріп жүрген Анакламонто Маноросоның тастан қашалған мүсінінің баспайын жағалап сүйіп жатыр.
Бесін ауып, сағат үш болып қалған еді. Әйелдер дұғамен айналысып жатқанда, мен асүйге кіріп, бұршақ ботқасы мен жүгері нанын жеп, әлденіп шықтым. Қайта оралсам, отырғандардан тек бес адам ғана қалыпты.
—Қалғандары қайда? — деп сұрадым мен отырғандардан.
Үстіңгі ерніде түкті қалы бар әйел қалын сылап қойып, маған бұрылды:
—Кетіп қалды, олардың сенімен сөйлескісі жоқ, — деді.
—Бұлары жақсы екен, мен де оларға тамақ дайындап әуреленбейтін болдым. Сендердің анар шырынын ішкілерің келмей ме?
Әйелдердің арасында біреуі келгелі жұмған аузын ашпай отырған. Оның аты Филомина. «Өлік» деген лақап аты бар еді. Сол әйел өзіне жақын тұрған гүлтекшесіне еңкейіп, аузына саусақтарын жүгіртіп, әлгінде ішкен асын қайтаруға құлшынып жатыр.
—Құдайдан безгір сұмпайы неме! Сенің берген асыңның өзі харам. Құрып кет! — деп күбірлеп қояды «Өлік».
Әйелдердің бірі әлгінде мен берген жұмыртқаны өзіме қайтарып берді.
—Жұмыртқаң міне, өзің ал, мен де кеттім, — деп жұлқынды ол.
Сонымен бөлме ішінде тек төрт әйел қалды.
—Менің де құсқым келіп тұр, бірақ құса алатын емеспін, — деді қалы бар әйел. — Біз сені өзімізбен бірге әкетеміз. Себебі, сен қасиетті пірімнің көзін көрген жалғыз куәгерсің. Пірімді біз өз шіркеуімізге мүсін етіп тұрғыздық, сенің соны көруің керек.
—Бұған мені әуре қылмаңдар. Менің оған шапағат тілейтін жәйім жоқ.
—Бұл не дегенің, пірім сенен ештеңесін аямады, тіпті ұрпағымды жалғасын деп қызын да саған жұбай етті ғой.
—Оны айтпай-ақ қой, оның маған сыйлағаны әлдеқашан қашқан байтал болатын...
—Құдай жар болсын, бұл не дегенің Лука Лукастыло, тіпті жаратқаннан қорықсаңшы.
—Мәселе былай, ол қыз маған қатын болғанда, менің ішімде төрт айлық бала бар деді ғой. Бұған не дейсің?!
—Сонда қалай, пірімнің қызы пәк емес пе?
—Ол қоқсық сияқты сасық әрі лас болатын. Көрінгеннің алдына тұра қалып, шермиген қарнын көрсетіп, «Міне, менің ішімде бала бар, қалай пайда болғанын білесіңдер ме?» деп ыржақтайтын. Барып тұрған бетсіз салдақының өзі еді. Міне, сен айтқан Анакламонто Маноросоның қызы...
—Сен расында құдайдан безген екенсің, сенімен сөйлесудің өзі күнә, ең жақсысы, саған жын-шайтан қашыратын жамылғы әкелген жөн екен, соны жамылып тәубеңе кел...
—Әкесіне аумай тартқан салдақы соңында шырмаған көп шайтанның біріне еріп көзі жоғалды. Әлгі шайтан оған «Мен сенің ішіңдегі түйнекке әке болуға даярмын» десе керек, содан алды-артына қарамай ерді де кетті...
—Пірімнің қызы айдай ару, шықтай пәк болатын, келешектегі үмітіміз де сол еді. Бар мал-мүліктің иесі еді.
—Оттапты!
—Не дейсің?
—Анакламонто Маноросоның қызының құрсағын томпайтқан да сол әкесімін деп жүрген Анакламонто Манросоның өзі!
—Пірімізді қаралау үшін сенің айтпағаның қалмады-ау!
—Мен жала жауып отырмын ба? Осында отырған бәрің мені жақсы білесің. Ол әр күні араларыңнан біреуіңді өзімен бірге түнімен құдайдан тілеу тілеп, дұға оқып шығуға әкететін, сонымен бұл өңірде ары тапталмаған қыз қалды ма?! Айтыңдаршы өздерің?!
—Ол біздің қамымызды ойлайтын. Пірім өте пәк адам еді. Бізді өзімен бірге түнді көз ілмей өткізуге сол үшін шақыратын...
—Бұл сөзге, мен сенеді дейсің бе? Мүмкін ол сені түнге шақырмаған шығар.
—Ол мені шақыраған, — деп қалды отырған әйелдердің бірі, — біз түнді бірге өткізгенбіз .
—Сонда не болды?
—Ештеңе де болған жоқ. Тек түнде тоңазығанымда ол мені құшағына алып жылтты. Мен оған құшағында бақытты сезінетінімді айттым, одан басқа ештеңе бола қойған жоқ.
—Шамасы, сен оған кәрі көрінгенсің ғой. Ол жас қыздарға құмар болатын. Ол құшағына алып, астына басқанда кімнің болса да сүйегін сықырлататын.
—Сен барып тұрған оңбаған дінсізсің, Лука Лукастыло!
Бұл сөзді айтқан «Жетімек» деген лақабы бар әйел еді. Оның өң-тұрқы қашанда жылап-сықтап жүрген адамның кейпі сияқты пәс көрінетін. Отырғандардың ішіндегі ең жасы үлкені де сол еді. Қазір де оның екі көзінен жас моншақтап, қолдары діріл қағып егіліп отыр.
—Мен жетіммін, пірім маған жетімдігімді ұмыттырды, ата-анамдай қамқор болды. Сол күні ол мені түні бойы құшағынан босатқан жоқ, қайғымды әлдилеп отырып жеңілдетті.
Әйел сұңқылдап жылап жіберді.
—Жылама, — дедім мен оған басу айтып.
—Менің жылайтын себебім, ата-анамнан ерте айрылдым, олар мені дүниеге қаңғыған итше тастап кетті, менің барар жер, басар тауым болған жоқ. Анакламонто Маноросоның құшағына құлаған сол түн менің өмірімдегі ең бір бақытты шақ болды. Ал, сен болсаң оны барынша масқаралап отырсың.
—Пірім нағыз пайғамбардың өзі!
—Ол ерекше мейірімді адам.
—Біз сенің сөзіңнен қайтып, оның мұратын жалғастыруыңды тілейміз.
—Мен онсыз да оның барлық жамандығын арқалаған адаммын, сөйтіп жүріп ол талақ еткен әйелдің де иесі атандым. Сендерге қарағанда ол салдақы кәрі болмағанымен, ессіз жынды болатын. Оның көзінің жоғалғаны жақсы болды, ол кетемін дегенде, мен, оған екіленбей есік аштым.
—Сен тіпті мүлде діннен азыпсың, айтқаныңның бәрі күнәға бататын сөз.
Осы тұста отырған әйелдердің қатары сиреп, қасымда екеуі ғана қалды. Кеткендер бөлмеден шығарында шегіншектеп, кеуделеріне крестерін сызып, енді келгенде жын-шайтан қуатын дұғамен келетіндерін айтып кетті.
—Сен менің Анакламонто Маноросоның кереметтері туралы сенімімді жоғалта алмайсың, — деді Анастасроның қызы, — мен оған адалмын.
— Бала таптыруда тұрған не керемет бар, ал ол әне соның маманы болатын.
—Ол менің күйеуімнің мерезін жазған.
—Сенің қашан күйеуің болған еді. Сен мен білетін шаштараздың қызы емессің бе? Менің білуімше, шаштараздың қызының бас бос болатын.
—Менің басым бос, бірақ күйеуім бар. Қыз бен басы бос әйел деген екі басқа нәрсе. Мен қыз емеспін, бірақ басым бос.
—Мына жасқа келгенше сен әлі сондай іспен айналысып жүрсің бе?
—Менің солай істемей, басқа амалым қайсы. Әйел басыммен қолымнан одан басқа не келеді? Құдай сыйлаған дүние болған соң, пайдаланамын да.
—Сенің бұл сөзің Анакламонто Маноросоның аузынан түскендей ғой.
—Рас, осылай істеуге сол кісі насихаттады. Оның ішкі ағзасына пайдасы бар екен. Содан бері әлгі еркекпен бірге өтіп келемін. Елуге келсем де қызбын, бұл да күнә ғой.
—Бұларды саған Анакламонто Маноросо айтқан шығар.
—Иә, пірім айтты. Бірақ бұл жолы біздің мақсатымыз басқа, сені өзімізбен әкету үшін келдік. Сен бізбен еріп барып піріммен арналып оқылатын дұғаға қатысуға тиіссің.
—Одан да мені пір атасаңдаршы.
—Сенде еш керемет жоқ. Анакламонто Маноросо мерезді жазды, сен соны істей аласың ба?
—Жоқ, мен мерез дегеннің не екенін де білмеймін.
—Ол сұмдық ауру. Тұла бойың қотырға айналып, дуылдап шыға келеді, түн ұйқыңды төртке бөледі. Менің еркегімнің мерезін Анакламонто Маноросо емдеп жазды. Ауру шыдатпаған соң біз соны іздеп бардық. Пірім иісті тұтанғыш тұтатты да, қотырдың бетіне түкіріп түшкірді. «Алас-алас!» деп долдана айғай салды. Содан кейін еркегімнің ауруы жазылып кетті. Мен бұны өз көзіммен көрдім, еш өтірігі жоқ...
—Ол еркегің жай қышыма болған ғой тегі, кішкентай кезімізде үлкендер біздің қол-аяғымызға түскен қышыманы да дәл солай түкіріп емдеп, жаза салатын.
—Расында сөз өтпейтін, нағыз оңбағанның өзі екенсің.
—Қалай дегенмен мен Анакламонто Маноросондан асқан оңбаған емеспін.
—Ол сені туған ұлындай көріп еді, ал сен... сенің сөздеріңді тыңдағым келмейді. Мен кеттім, Фанса, сен қайтесің?
—Мен біраз аялдайын, — деді оған қалы бар әйел, — мен оны соңғы рет сөзге көндіріп көрейін.
—Францеска, бәрі кетті, сенің де табаныңды жалтыратқаның жөн. Әлде, осында қалып, менімен төсектес болу ойыңда бар ма?
—Тіпті жаратушының өзі келіп солай істеуге бұйырса да, мен оған көнбес едім. Жұрт не деп ойлайды? Мен сені сөзге көндірейін деп отырмын.
—Ендеше, екеуміз бірімізді-біріміз сөзге көндіріп көрейік. Өзің айтшы, қасымда қалсаң, нең кете қояды? Қартайдың, ешкімге де керегің жоқ.
—Солай дегенмен, жұрттың сөзіне қалғым келмейді. Өсек қылады ғой.
—Жұрт не десе о десін. Бәрібір сен сол баяғы Франса болып қала бересің.
—Қасыңда қалсам, қалайын. Бірақ теқ таңға дейін ғана боламын, онда да сен ертең менімен бірге баруға уәде бер. Мен сонда ғана басқаларға сені түні бойы сөзге көндірумен болдым деп айта аламын.
—Айтқаның болсын, бірақ алдымен анау ерніңнің үстіндегі мұрттарды қырып таста. Мен саған қайшы әкелейін.
—Лука Лукастыло, сен неге мені тәлкек қыла бердің. Қашанда менің кем-кетігімді айтуға құштарсың. Менің қалыммен алыспай-ақ қойшы. Бүгін алып тастасам, ертең елге не бетімді айтамын?
—Қойшы болды, алмасаң, алмай-ақ қой.
Қас қарайып, көз байлана бастады, біз екеу болып тауық қораның төбесіне оны-мұны тастап, қалыңдаттық, қораның ішінде шашылып жатқан тастарды қайтадан әуелгі орнына үйдік.
Қасымдағы қатын өздері іздеп жүрген Анакламонто Маноросоның осы үйме тастың астында жатқанын мүлде сезген жоқ, оның түрмеден қашқан күні осында келіп тығылғанын және сол күні өлгенін мүлде білмейді. Сол күні ол бас сауғалап осында келді, менен бар мал-мүлікті ақшаға айналдырып қолына беруімді талап етті. Ол:
—Сен, дүниенің бәрін сат, маған ақша қажет, менің бөгелмей солтүстікке кетуім керек. Ол жаққа барған соң, міндетті түрде өзіңе хат жазамын, біз тағы да бірлесіп жұмыс істейтін боламыз.
—Сен қызыңды өзіңмен бірге ала кетпейсің бе? — дедім мен одан, — маған қиған ең тәуір дүниең сол болатын, онда да буаз күйінде қойныма салдың. Басқаны қойшы, мені де қолжаулық қылдың.
—Орнығып алған соң, саған хабар берем, айтар сөз болса сол кезде айт, қазір, ақша тап.
—Одан да дәл қазір есеп айырысып алайық. Айтарым аз емес.
—Қазір сенің сөзіңді тыңдап тұратын жайым жоқ, — деді ол, — менің дүниелерімді өзіме қайтар, қолыңда қанша ақша бар, соның бәрін бер, сенде қанша бар?
—Аздап ақша бар, бірақ саған бере алмаймын. Жүзіқара қызыңмен өмір өткізгенім аз болды ма, соны бағып-қаққаным аз болғандай, айтып тұрған сөзіңді қара...
Ол өрттей қызарып, көздеріне қан толып, ашудан жарылардай болып тұрып қалды, асыққанымен жолы кесілген еді...
—Анакламонто Маноросо, алдыңнан жарылқасын!— дедім мен, оны жер қойна беріп жатып. Әр рет құрып қалған өзен арнасынан малта тас теріп әкеліп, оның мүрдесін жасырған топырақтың үстін бастырған сайын, мен оған «Қанша айлакер болсаң да, бәрібір осы арадан ешқайда құтылып кете алмайсың» деуші едім.
Міне, Франса маған көмектесіп мүрденің үстіне тас үйіп жатыр, ол бұл арада Анакламонто Маноросоның шіріп жатқанынан мүлде хабарсыз. Менің күнде мүрдені таспен қайталап бастырып тұратын себебім бар — астында жатқан адамның қайта тіріліп келуінен қатты қорқамын. Қолынан барлық сұмдық келетін ондай адамның өлген соң да қайта тіріліп кетуі әбден мүмкін.
—Шашылып жатқан тастың бәрін осында жинайық, Франса, — дедім мен әйелге, — тастың бәрін осында жинасақ, қора реттеліп, тазарады.
.... Содан бозарып таң да атты. Басын көтеріп отырған Франса бүктетіліп жатқан маған мойын бұрылп:
—Құрып кет, Лука Лукастыло! Түкке алғысыз неме екенсің. Білесің бе, әйелді құшса, өртеп жіберетіндей еркектер бар.
—Кім ол?
—Кім болушы еді, баяғы Анакламонто Маноросо.
Аударған — Гүлнар АҚАНҚЫЗЫ