Л. Пиранделло (Luigi Pirandello): Әкенің ұлы

ce392261a33d127399f296e923d13e1b.jpg (957×662)

(Итальиян драматург-жазушысы, 1934 жылғы Нобель сыйлығының иегері) 

«Құдіретті комедия», «Он күндік хикая» сынды классикалық шығармалар берген Йтальия әдебиеті XX ғасырда күшті қарқынмен дамып, модернистік түлеуді бастан өткерді. Л.Пиранделло осы үрдісті алғаш бастаған қаламгердің бірі саналады. «Алты кейіпкер авторды іздеп жүр» (1921ж.)  сынды сахналық шығармаларымен танылған қаламгер көптеген прозалық туындылар да жазған. Сол қатарда, «Басы байлаулы әйел» (1901ж.), «Өмірде жоқ жан» (1904ж.) романдарымен қатар, 1915 жылы жарық көрген 100 әңгімеден тұратын жинағын атауға болады. Л.Пиранделло әңгімелері, негізінен, Еуропаның ғасыр басындағы рухани дағдарысты көңіл-күйін шебер бейнелеуімен ерекшеленеді. «Әкенің ұлы» әңгімесі осы жинаққа кірген.

Аудармашыдан

 

Тез пойызға отырып, түн қата Римнен аттанған жолаушылар таң ата Уаблыро кентіне тоқтап, сол арадан жүрісі шабан, ескі пойыздың біріне ауысып, Сурмона жаққа бет түзейтін еді. Таң атқан кез, ауасы әбден ластанған, темекінің қолқаңды жаратын иісі кернеген екінші дәрежелі вагонда елуге тарта жолаушы мазасыз ұзақ түнді өткізіп салып, қалғып-мүлгіп отырған еді. Есіктің көзінде етжеңді, толықша келген әйел көрінді. Өңінде сары уайымға түскен адамға тән қайғының зілді ізі бар. Әйелдің артынан күйеуі болуы керек, қаңылтақтай арық еркек еріп келеді. Оның бозарған өң-түсіне қарап, ұзақ ауырған немесе денсаулығы нашар адам болар деген ойда қаласың. Еркек тынбай әлденелерді айтып, күбірлеп келеді.   

Бос орын тауып отырған соң, еркек әйеліне орын көрсеткен кісілерге ризашылығын білдіріп, бас изеп рахметін айтты. Одан соңына бұрылып, әйелінің кең қаптал шапанының көтеріңкі тартпасын төмен түсіріп, жұмсақ, жағымды дауыспен «Қымбаттым, жағдайың тәуір ме?» — деп тіл қатты.

Әйел жауап қайырған жоқ. 

Құрып кеткір дүние-ай, — деп күбірледі еркек. Болмашы жымиып, жәйсіз езу тартқан болды. 

Еркек айналасында отырған жандарға өз бастарына келген қиындықты, әйелінің жайсызданып отырған себебін түсіндіргенді жөн көріп, сөйлей бастады. Соғыс олардың жар дегенде жалғызын, қарашығындай көретін 20 жастағы ұлдарын олардан айырып әкетті. Бала үшін ерлі-байлы екеуі бұл өмірде бәрін арнап, бәріне көніп келген еді. Баланың оқуы үшін Сурмонадағы үй-жайын тастап Римге де көшіп барған. Олар ұлдарының әскерге шақырылғанына да көнген еді. Себебі, шақыртуда бала алты айдың ішінде алдыңғы шепке жіберілмейді деп анық жазылған болатын. Алайда, тосыннан келген хабар бойынша, олардың ұлы үш күн ішінде соғысқа аттануға тиіс. Енді, міне, олар ұлдарын қан майданға шығарып салуға бара жатыр. 

Кең шапанның ішінде жардай болып отырған әйел әлсін-әлсін ыңырсып, әлдебір жағымсыз үн шығарады. Ол айналасында отырғандар біздің басымызға түскен қасіретті қайдан түсінсін, олар бұндай жағдайға жолығып көрмесе деп ойлап отырған сыңайлы. Күйеуіне жақтыртпай қарап қояды.  Еркектің сөзіне үнсіз құлақ түрген қасында отырған жолаушы ақыры тіл қатты:

Онда сенің Жаратушыға алғыс айтқаның дұрыс екен. Менің ұлым соғыс басталған күні-ақ алдыңғы шепке кетті. Екі рет жарақат алып оралды, сауыққан соң тағы әкетті, — деді әлгі адам.

Менің жағдайым тіптен оңып тұрған жоқ. Менің екі ұлым мен үш жиенім майданда жүр, - деді жақын отырғандардың біреуі.

Сендердің ойларыңды түсініп отырмын, - деді әйеліне қарап қойып еркек, - біздің жағдайымыз сәл басқашалау. Бізде жалғыз ұл болып тұр ғой.

Онда не тұр? — деді әлгі адам, — сен ұлыңды жалғыз ұл деп өте еркелететін сияқтысың. Егер, сенің ұлың біреу болмай, көп болса, сен олардың бәрін бірдей жақсы көрер едің. Әкенің мейірімі бөліп-жарып, үлестіріп беретін нан емес қой.  Әке деген бар баласына теңдей мейірін төгеді. Мейлі, бес баласы немесе он баласы болсын бәрібір. Мен екі балам үшін қиналсам, онда менің жаным сенен екі есе артық ауырады деген сөз...

Айтқаның орынды, сөзіңде жан бар...-  деп бас изей сөйледі әйелдің күйеуі, — бірақ, егер де, екі ұлың болып, бірі майданда бірдеңе болып, екіншісі аман оралса, онда азырақ азап тартатының мүмкін ғой...

И, - деді әлгі адам аздап сабырсызданып, - ұлдың біреуі аман оралса, ол да демеу. Бірақ, екінші ұл үшін бәрібір қиналмай тұра алмайсың. Ал жалғыз ұл болса, ол майданнан қайтпай қалса, онда қиындықпен біржола қаласың. Не қиындық сені жеңеді, не болмаса сен қиындықты жеңесің. Өзің айтшы, өмір бойы қиналып жүрген тәуір ме, біржола қиындықтан құтылған дұрыс па?

Былжырақ! - деп сөзді бөлді анадайда отырған біреу. Оның екі көзі көп күн ұйқы көрмеген жанның бейнесіндей домбығып, қызарып кеткен еді. Даусында өзгеше бір екпін бар. Әлдебір тасыған қайраттан шығып жатқан үн сияқты сөздері жалынды естіледі.  

Былжырақ! - деп әлгі адам сөзін тағы қайталады, алақанымен аузын көлегейлеп, кетілген екі тісін жұрттан жасырып сөйледі, - сонда біз баламызды өз пайдамыз үшін асырайтын болдық қой?

Жұрттың бәрі оған үдірейе қарап қалды. Әлгі соғыс басталған күні ұлы алдыңғы шепке кеткен әке өкініш аралас тіл қатты: «Дұрыс айтасың, амал не, баламыз біздікі емес, олар — Отандікі...»

Бұл да былжыраған сөз! — деді әлгі семіз адам оған, — біз баланы таптырғанда, Отанды ойладық па? Балалар туылуға тиіс болған соң, туылды! Олар өмірге келісімен біздің өмірімізді ары жалғап әкетті. Біз оларға тиесілі болдық, ал олар ешқашан бізге бұйырған жоқ. Олар 20 жасқа толғанда дәл біздің 20 жастағы кезіміз сияқты болып шыға келді. 20 жастағы кезімізде біздің де әке-шешеміз болды, олар ғана емес бізде басқа да дүниелер бар еді — махаббат, темекі, алып ұшқан арман, алаулаған өмір, жаңа галстук, т.б. дүниелер болды. Иә, солармен бірге Отан да болды. Егер, сол 20 жастағы кезімізде Отан бізді алдыңғы шепке шақырса, біз қайтер едік? Осында отырғандардың бәрі дерлік, біреуіміз қалмай аттанар едік. Тіпті ата-анамыздың сөзіне құлақ аспауымыз мүмкін. Ал қазір, мынадай жасқа келдік, біз Отанды баяғысынша сүйеміз, бірақ, Отаннан гөрі балаларымызды тіпті де жақсы көреміз. Айтыңдаршы, осы отырғандардың ішінде қайсың балаңды өз еркіңмен алдыңғы шепке аттандыруға көнер едің? 

Отырғандар үнсіз қалды.  Біреулер бас изесіп, мақұлдаған болып жатыр. 

Ендеше, — деп семіз адам сөзін ары жалғады, — біз неге балалардың 20 жаста не ойлайтыны туралы аз-маз ойланып көрмейміз? Олар қазіргі жасында ата-анасынан гөрі Отанды артығырақ сүйеді. Бұны қате деп айтуға бола ма? Олардың түсінігінде біз, мынау жасы ұлғайған адамдар алысқа ұзап шыға алмайтын адам сияқтымыз. Олардың ойынша Отан болса болды, біз аштан өліп, жұрттан қалмаймыз. Ал Отан болмаса, бәрі басқаша болады. Сондықтан, басты қатерге тігіп болса да Отанды қорғау керек! 20 жастағы ұлдарымыз міне, осылай ойлайды. Олар алдыңғы шепке осылай деп аттанды. Оларға біздің көз жасымыздың қажеті жоқ. Тіпті, майданда өліп кеткеннің  өзінде олар қайғыдан емес, зор сеніммен көз жұмады. Жастықтың құдыреті деген осы. Олар біз білетін өмірдің сүреңсіздігін, қараңғы жағын сезінбей тұрып, үміт селге кеткеннің не екенін білмей тұрып... алып-ұшып кете береді. Сонда біз оларға не деп өкпе артамыз? Нені бере алмадық деп қапаланамыз? Мен осында отырған сіздердің мен сияқты қайғыны қайратқа айналдыруларыңызды қалар едім. Жаратушыға осы үшін де алғыс айтуға болатын шығар. Менің ұлым осыдан аз-ақ күн бұрын майданда өлердің алдында маған жеделхат жолдады. Ол «әке, мен өлімнен қорықпаймын, қайта, оған күліп бара жатырмын» деді. Міне, бүгін мен ұлымның сол сөзі үшін үйден аттанғанда  оған арнап, тіпті, қаралы киім де киіп шыққам жоқ....

Сөйлеп отырған адам осылай деп ақсары түсті жамылғысының етегін бір көтеріп қойды. Оның екі көзінің шанағына жас толып, бозарған еріндері талаурап, болмашы діріл қағып тұр еді.  Оның өр даусы басында қатты күлкіге ұқсап толқып шықты да, соңында булыққан өксікке айналып кеткендей сезілді. 

Айтқаны орынды, айтқаны орынды...- деп жатты отырғандар жапа-тармағай. 

Әлгі етжеңді әйел кең шапанын бауырына тартып қусырына түсіп, еркектің сөзін ұйып тыңдап қалған. Өткен үш айдан бері оған күйеуі мен көңілі жақын жандар тынбай «қайғырма» деп басу айтып келеді. Бұл сөздердің салмағын ол жақсы түсінеді. Жұрт оны «ұлыңа қауіп жоқ, ол аман, тек аздаған қатері бар ортада уақытша ғана жүр» дегенге сендірумен әлек. Бірақ, оның шынайы көңіл-күйін түсінген пенде болған жоқ. Ол әлгіндей сөздерді естіген сайын одан бетер шыдамы таусылып, қинала түсетін еді. Бұл сөздерде шындық жоқ сияқты сезілетін.

Енді, міне, мына адамның сөзі оның төбесінен бір шелек мұздай су құйып жібергендей әсер етті. Ол жан-дүниесінің бір сілкініп өткенін сезді. Ол осыған дейін басқалардың өзіне айтқан сөздерін естірге құлағы болмағанын білді. Оның себебі, ана ретінде ол шын мәнінде баласына, оның еркіне, тіпті, өлімді таңдап алуына құрметпен қарамапты. Ол баласына емес, өзіне күйініпті, өзімшіл болыпты. Баласының не ойлайтынын, нені арман ететінін, қалай өмір сүргісі келетінін тіпті де ескермеген. Ол лайықты ана болу дәрежесіне жете алмапты. Ол балаға өмір сыйлаған екен, оның өзінше өмір сүруіне бар мүмкіндік пен бостандықты да сыйлауы керек емес пе еді? Сонда ғана ата-ана балаға толық мағынасындағы өмір сыйлаған адам болады. 

Әйел жұрт айтқан әңгімеден торығып отырып қалған күйеуіне өзгеше бір мұңайған қиналыспен қарап қалды.  


Тәржімалаған — Ардақ НҰРҒАЗЫ

Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті ©Білге - Мәдениет пен өнер сайты