Күндәулет Әлімәжі (Kundaulet Almazhi). Шамдану

c89d301f493ae2a21d0208bb1cafa81b.jpg (512×377)


(фантастикалық әңгіме)


Барлығымыз да Ахмет бақсының келуін күтіп отырмыз. Керегесі кең жайылған ордадай ақ үйдің іші лық толған кісі. Кәрісі де, жасы да бар. Бәрі де әлде бірдемеден медет тілегендей ауыздарын жыбырлатып мөлиіп отыр. Екі иығынан екі жігіт басып әрең-әрең ұстап отырған жынды Бекей ғана ара-тұра аузынан ақ көбігі ағып айғайлап, түсініксіз бірдемелерді айтып жан таласады. Бұрын жұрт оны «саудагер Бекей», «жылпос Бекей» деп айтатынын білетінмін. Қалайша бұл күйге түсті екен десеңізші деген ой келе берді маған. Осы кезде төрде отырған сом денелі қызыл шырайлы қария менің ойымды сезе қойғандай:

-Байқұс бала-ай, өзін таза ұстамай осындай күйге түсті ғой, әйтпесе еті тірі жігіт еді өзі, ішімдікке де жоламайтын. Пері де кішкене кезінде талдап әкетіп еді. Қасиет қонайын дегенде әлгіні шегіп, немене еді өзінің аты? – деп қасындағы жігітке бұрылды. 

-Хройын деңіз, - деп қарияның ұмытқанын есіне салды. 

-Е, қырамын дей ме соны шегуге үйренді де ақыры иесі шамданды ғой, - деді хройын дегенге тілі де келмей өкінген қария.  

Бағана осылай келудің алдында шешем байқұс маған: 

-Балам, көрші ауылға Ахмет бақсы келіпті, ойнайды екен, тәрізі Бекейге бола келген ғой. Бар, сен де барып қатынас, бір сауабы тиер, - деген. 

Мен әсілі толық ортаны осы ауылда оқып Шыңжаң университетінің өзім қызығатын тарих факультетіне барып оқуға түскенмін. Бірақ, көп өтпей мені де Құдай ұрды. Қазіргі көп жастар шалдыққан дертке мен де кіріптар болдым. Яғни ішімдікке қатты беріліп кеттім. Тіпті, атағым да шығып «алқаш» атана бастадым. Университет басшылары да тәрбиеден жалығып мені қуаланды қылу жағына өте бастағанын да білетінмін. Міне осы жазда каникулға үйге қайтып келсем, шешеме менен бұрын университеттен бір парша хат та келіп үлгіріпті. Істің бәрін білген шешем менен қатты алаңдап ұзынды күні ой соқты болып жүретінді шығарды. Міне, енді көктен тілегені жерден табылғандай бар үміті сол бақсының құдыретінде қалған тәрізді. 

-Кішкене кезінде Ахметті пері алып кетіп, алты айдан соң қайта әкеліп тастаған. Содан бастап бәрін де дәп басып айтып, дәл табатын құдірет иесіне айналған кісі болды. Егер тыныш жүріп өзін таза ұстаса Бекей балам да осындай бақсы болып шықбас па еді, - деп күрсінген шешем жаулығының ұшымен көзін сүрткіштеп. 

Бекей буырқанып басын оңды-солды шайқап, әлде нелерді күбірлей бастады. Жұрт тегіс үрейленіп, оған көздерін жыпылықтата қарайды. Дәл осы шақта сырттан ұзын бойлы қара жігіт үйге бас сұқты да: «бақсы қазір келеді, отырғандар ішінде дәрет алмағандар болса, арақ ішкендер болса шығып кетсін!» деді, бұйыра сөйлеп. 

Мен қыбыжықтап қозғалақтай бердім. Кеше кешке әбден ішкен арақ басымды ауыртып исі мұрыныма келгендей болды, мен ешкімге қарамастан айқара ашылған есіктен қарауыта көрініп тұрған алыстағы маңғаз тауларға қарап сазырайып отыра бердім. Бекейдің шешесі болса керек, ат жақты келген ақ шашты әйел сары қу шетендері айқастыра қалап лаулатып от жақты.  Үйдің іші жарқырап кетті де, Бекей енді маздап жанған отқа тесірейе қарап ыржақтап күлді. Шешесі оған қарап ішінен әлде бірдеңелерін күбірлеп майысқан жаман күректі отқа салып қыздырып қойды. Осы кезде, кенет, үй сыртынан тасырлаған ат тұйғының дыбысы естілді де, іле-шала үйге көк ат мінген дембелше тақырбас біреу ат-матымен бірақ кіріп келді. Менің жүрегім тас төбеме шықты. Үйдегілердің бәрі қорыққандарынан төрге қарай жапырылды. Бірақ, төрдегі шал қозғалған жоқ, ол бақсының осылай келетінін білетін ұқсайды, басқаларға «қорқпаңдар, орындарыңа отыра беріңдер» дегендей ишарат білдірді. Тақырбас бақсы атынан лып етіп түсті де атының құлағына әлде нелерді сыбырлағандай болды. Құрық-жалы төгілген тарпаң көк ат көзі қанталап осқырынып алды да үйден ойнақтап шыға жөнелді. Шошығандардың енді жүрегі орнына түскендей болды да, бәрі бірдей әуенмен «Лаилаһа иллолла» деп жітірмелете зікір соға бастады. Мен де ілесе бердім. Ал, Ахмет бақсы аузынан ақ көбік бұрқырап, қоралай отырғандарды шыр айнала жүгіріп, қолындағы сары ала қамшысымен жасқай өтіп тынымсыз әрекетке көшті. Сығырайған көзінен от ұшқындап шеке тамырлары білеуленіп кетті. Отырғандардың ішінде кейбіреулердің дауысы зорайып қозғалақтай бастады. Бір уақытта, ол отта тұрған әбден қызарған темір күректі жұлып алып тілімен сүйкей жалап әр кімге бір ұмтылып зарлы әуенмен әндете бастады: «лаилаһа иллолла, көш сайтандар көшіңдер, өкпе-бауырлардан көшіңдер, қолқа-жүректерден көшіңдер...» қатты шыңғырған Бекей де қос дауысқа түскен әншідей оған қосылып ілесе айғайлап, екі етегін сабап жүгіре бастады.

-Жыным айтады, жыным... м... иеңді шамырқандырыпсың...ң...ң..., - деп дауысын соза түскен Ахмет бақсы енді Бекейді қамшымен сықпырта қуалады. Кірерге тесік таппаған Бекей шаңырақтан жымыңдап көрінген жұлдыздарға екі қолын созып желбаудан ұстап жоғары қарай тырмыса бастады. 

-Шаңыраққа шығып кетті, бақсы да шықты, - деп шулады отырғандар. Кенет, менің де көзім қарауытып өне бойымнан мәлім сырлы ағыс бойлап өткендей болды. Үй ішінде  болып жатқан айғай-шуғадан еліріп есім шығып кетті...

Мен де телміре көкке қарап, шаңырақтан шетсіз де шексіз әлемге көз тастадым да, мәлім бір күш тартқылағандай болған соң орнымнан еріксіз түрегелдім. Желбаудан ұстап өрге тырмыстым, ғажап, жеп-жеңіл көтеріліп барамын. Міне, ә дегенше шаңыраққа да жетіп бардым. Төмендегілердің «шаңыраққа шығып кетті!» деген айғайлары құлағыма келгендей болды. Қазақ үйдің әлемді бақылауға арналған шағын күмбезшеге өте ұқсап кететінін, шаңыраққа шыққанда сезіндім. Төбемде шексіз әлем, мен түсейін деп қанша тырыссам да суға батпайтын жеңіл жаңқадай шаңырақтан төмен түсе алмай қалқып тұрдым да қалдым. Осы кезде, артына создақтаған жасыл жолақ қалдырып әлдебір нәрсенің сонау алыс кеңістіктен маған қарай тақап келе жатқанын көріп өз көзіме өзім сенбей үрейлене бастадым. Әлгі құбыжық маған таяп келген соң өзінің көшкен бұлт формасынан басы адам, денесі құс формалы ғажап мақұлықа өзгеріп, дәл төбеде далақтап тұрып маған адамша тіл қата бастады: 

-Сен қорықпа, мен Алланың тың тыңдап, он сегіз мың ғаламды шарлаушы періштесі Исраиыл боламын. Маған ілесе берсең болды, - деді де мені өткір тұяқтарымен айқастыра қысып, алдыдан боран соқтыра ұша жөнелді. Бастабында жүрегім аузыма тығылып, өне бойым қалтырап айқасқан тырнақтар арасында біраз тыпырладым да, аздан соң оған да көне бастадым. Астыма көз салып барамын, бастабында ақ үй ақ жұмырытқадай болып көрінді де кейін мүлде көрінбей кетті. Енді, міне, жалпы Азия құрлығы көз алдымда көлбеп барып жұмыр жердің өзі де доптай домалақ шарға айналып қала берді. Мөлшермен күн жүйесінен шыға бергенде:

-Сен алты қабат аспан дегенді білуші ме едің? Біз бірінші қабат аспаннан енді екінші қабат аспанға кірдік, бұл сендердің түсініктеріңде Құс жолы жүйесі болып табылады. Ал Құс жолы шеңберінен шықса үшінші қабат әлемге өтер едік. Адамзат әне осындай қабат-қабат шеңберлік жүйемен қоршалады. Басқаша айтар болсақ, адамзат мәңгі осындай қабат-қабат дөңгелектер ішінде дөңбекшүумен өтеді. Бүгін сені екінші қабат аспанға ғана алып барып қайтамын, - деді Исрайыл зор дауыспен. Мен енді төтенше көңілденіп әрі қызыға қалдым да:

-Неге басқа қабаттарға өтпейміз? – деп сұрадым. Жылдамдығын тіпті де тездете түскен ол:

-Мен сені саяхатқа алып бара жатқаным жоқ, жұлдызыңа апара жатырмын. Ал сенің жұлдызың осы екінші қабат аспанда, - деді, мен оның сөзін түсіне алмай өте ғажаптанған бейне байқаттым. 

-Жұмыр жердегі барлық жұмыр басты пенденің тағдыры әлемдегі жұлдыздармен байланысқан болады. Бәлкім сен білмейтін боларсың, сол жұлдыздарда тұрып сенің тағдырыңды белгілейтін, сендер мүлде көз алдыларыңа келтіріп түсіне алмайтын жан иелері жасайды. Жер шарындағы кейбір сұңғыла адамдар мұны біледі. Олар бұл ғажапты өздерінше түсініп, өздерінше сезінеді де «адамның иесі» дейді. Ал мәлім бір пенде жаман жолға түсіп азғындағанда сол иелерінің қатаң жазасына ұшырайды. Басқаша айтсақ, кейбір пенделер «иесін шамдандырып» алады. Сен бүгін өзіңнің иеңмен жолығасың, - деді ол тағы да түсіндіре сөйлеп. Осы кезде едәуір алыстан өшкіндей жымыңдап сары жұлдыз көріне бастады. Біз енді тіпті де сұрапыл жылдамдықпен сол жұлдызға қарай шүйілдік, ол көз алдымызда біртіндеп барып шаңытқан сары далаға айналды. 

-Мынау сенің жұлдызың, яғни, бүкіл әлемдегі сан-санақсыз жан иелерінің ішіндегі сен тектестердің тағдырын белгілеушілер тұратын жұлдыз, - деді де Исрайыл айқасқан тырнағын босатып мен сол жұлдыздың сары даласына тастай салды. Мен құлдилап отырып шетсіз де шексіз кең жазиралы дала төсіне бір-ақ түстім. Бір ғажабы еш жерім де ауырмады. Орнымнан тұрып едім тіземнен жерге кіріп борпылдап жүре алмадым. Дәл осы шақта, қайдан шыққаны белгісіз жер әлемді күңіреніткен зор дауыс құлағымды жарып жібере жаздады. 

-Тізерле, көзіңді жұм, қозғалмай отырып тыңда сөзімді! Сен бұл жерге не үшін келгеніңді білесің бе? Енді көзіңді ашып жауап бер! – деді әлгі дауыс. Мен талықсыған адамдай өзімді өзім билей алмай иіліп кетіппін. Басымды зорға көтеріп, көзімді әрең ашсам, ғажап! Дірілдеген аппақ нұрдан жасалған ақ сарайдың ішінде отырмын. Қарсы алдымда ерекше үлкен мөлдір орындықтың үстінде белбеуін мойнынан буынған, өңі сүттей аппақ дәу адам мені сұраққа тартып отыр екен. Ақ түктері бет терісін тесіп шығып тікірейіп тұрған бұл алыптың дауысы ерекше қатты болып қалмастан, маңдайындағы тік біткен жалғыз көзі де өте сұсты екен, өңменімнен өтіп барады. Мен жалтақтап екі жағыма қарасам екі қапталымда да қолдарына сәби жасын шашқан ұзын қамшы ұстаған екі дәу тұр екен. Олар да белбеулерін мойнынан байлапты.  

-Тақсыр білмеймін, рас сөзім, не үшін келгенімді білмеймін, - дей бердім мен жалбарынып. 

-Сенің жағдайыңнан әбден хабардармыз, сен осыдан үш мың жыл бұрын жасаған Орталық Азия сақтарының азғындаған әулетісің, сенің рухани дүниең мен жүйке-жүйеңнің тозғаны соншалық ендігары сені сол заманғы өз ерліктеріңмен қас батыр атанған қас сақтардың ұрпағы деп айтуға болмайтын дәрежеге жеткен, - деді әлгі дәу бір түрлі кейіген раймен. 

-Бірақ, тарихта айтуынша сақтардың ми жүйесі онша дамымаған, тек қарапайым өнерлерді ғана игере алған делінеді, ал қазіргі кезде біздің даму дәрежемізді олармен салыстырғанда өте жоғары екенін білерсіз, тақсыр, - дедім мен енді бағанағы үрейлену сезімімнен біртіндеп арылып. Ол дауысын тіпті де көтеріп:

-Мен қазір адамзат ішіндегі сен сияқты азғын ұрпақты айтып отырмын. Жер шарындағы үздіксі даму барысында рухани жақтан керіне кетудің де адам шошырлық дәрежеде болып отырғандығы бізді қатты алаңдатады. Сен Марс тарихын үйренген боларсың? - деді. 

-Жоқ тақсыр, бізде «Марс тарихы» деген болмайды, біз Жер шарындағы адамзат тарихын ғана үйренеміз, - дедім мен таңдана. Ол енді баппен сөзін жалғады:

-Сендер әлі өте төмен танымда жасап отырсыңдар, өздеріңмен бір күн жүйесіндегі Марс адамдарының ашынышты трагедиясынан бейхабар қалуларыңа таңданудың да орны жоқ секілді. Әсілі, Марс планетасының да жоғары дәрежеде дамыған пенделері болған, олардың даму өресі сендерден әлдеқайда жоғары еді, сенің ата-бабаларың – Орталық Азия сақтары, ғұндар, ұлыүйсіндер, қаңлылар өзара және көршілерімен найзаласып, қылыштасып жатқан замандарда-ақ марстықтар әлдеқашан мәдениетті қоғамға қадам тастаған болатын. Бірақ, ғылым-техника жақтарындағы дамумен қатаролардың қанына сіңген ашкөздік, қызғаншақтық, жауыздық сияқты психикалық аурулар да асқына берді, оны ерте түсініп алдын ала тежемеді. Кейіндеп әр түрлі уақыттық ләзаттарға обырланып өздерінің нерв жүйесін де зақымдай бастады. Қазіргі сендердің планеталарыңда жарыққа шыға бастаған арақ, наша, апин, хройын дегендерге ұқсас уландырғыш химиялық заттарды олар да ерте тапты, жаппай тұтынды, сөйтіп рухани жақтан тұралап писикалық жақтан құтырды, жүйкелері тозып нәсілдері өзгерді, ми системасы қуырылып, арандары ашылып, тіпті өзара қырқысып өздері қол жеткізген жоғары энергиялы құралдарды құтырына қолданды да өздерімен қоса ортаны ластады, бүлдірді. Бастабында Марс шарындағы өздерінен басқа неше миллион түрге жететін Марс организмдерін жойып, соңында сопиып өзі қалды. Ақыры олар тудырған алапаттар мен табиғи апаттар Марс сынды осы бір көгілдір планетаны тіршіліктен ада-күде етіп айырып тынды. Тек Марыс шарының солтүстік жарты шарындағы аз ғана жасыл алқап, айғыздалған арналар мен қызыл қорым шағыл басқан бетбақ дала сол кездегі ұлы мәдениеттің белгісіндей әлі тұр. 

-Сонда, ондай апат жер шарында да болады демекшісіз бе? – дедім мен сабырсызданып.

-Мен осының барлығын саған және сен тектестерге сондай апаттың болмауы үшін айтып отырмын. Жер шарындағы адамзаттың да қазіргі беталысы, мінез-құлқы сол кездегі марстықтарға ұқсап барады, бәлкім бұл күн жүйесіндегі жан иелерінің ортақ ерекшелігі болса керек. Әр түрлі психикалық аурулар, улы шегімдіктер мен ішімдіктер Орта Азияның ең таза былғанбаған пенделеріне дейін келіп жетіп жатыр. Бұл бүкіл әлем жоғары зерделі жан иелерін алаңдатпай қоймайды. Олар Жер шары пенделеріне «өлім жолынан қайтыңдар» деп дабыл қаққысы келеді, - деп кідірді әлгі дәу көзі оттай жанып. 

-Онда адамдар осы қауіпты беталыстан қайта ма? – деп сұрау қойдым мен тіпті де еркінсіп. 

-Бүкіл ғарыштық ылғары жан иесіндік борышымызды өтеу үшін біз де тырысудамыз. Бұдан бұрын да адамзатты талай мәрте апат аузынан алып қалдық. Ол кездері адамзат танымы қазіргіден де төмен болғандықтан біздің оларға жасаған көмек, ескерту, жазаларымызды барлығын да тек санасыз түрде ғана қабылдап, дін формасында табынды да рухани жақтан азғындау қаупінен құтылып қалып отырды. Ал қазір ше? Олар ғылым-техника жақтан жоғарлағанымен соның есесіне әр түрлі алапаттарға қайта-қайта бой ұруда. Мұндай ауру олардың сонау жаңа жаратылған кезінен тартып-ақ гендеріне сіңіп кетсе керек. Қайта-қайта бейнеленіп шығады да отырады. Сенің мекенің Орта Азиядан да көптеген қағынған адамдарды да алып келіп «ұшықтап» қайтарып жүрміз. Олардың кейбірі ада-күде жазылып басқаларға шапағатшы болып жүрсе, енді біреулеры пендешілігіне қайта басуда, оған біз шамданбай тұра алмаймыз. Бізді қатты шамдандырғандардың көбін мәңгі жазылмайтын мәңгүріт, құтырынған жынды қылып жіберуден басқа шапағат қылуды артық көріп отырмыз. Сенің ауылыңдағы Бекей де солардың бірі, - деді ол маған отты көзін қадап зілдене сөйлеп. 

-Мен, ендігәрі ішпеймін тақсыр, маған шамдана көрмеңіз, мені кешіріңіз, - деп жалбарына бастадым мен, оның от болып лаулаған жанарына жаутаңдай қарап.

-Жоқ, сен енді қате жолдан қайтуың үшін ұшықталуың керек, - деді де ол менің екі жағымда тұрған дәулерге бұйрық бере сөйледі, - қасиетті қамшымен жүз дүре соғыңдар да Жерге апарып тасаңдар!

-Үйте көрмеңіз тақсыр, мен сөзімде тұрамын, ендігәрі ішпеймін, - деп айғайлай бердім. Осы кезде жотама оса тиген қамшыдан шошына селт етіп көзімді ашсам қарсы алдымда аузы көпіршіп, маңдайынан тер моншақтап, сарала қамшысын көтеріп тағы да ұрмақшы болып тұрған Ахмет бақсыға көзім түсті. Баяғы кигіз үй, адамдардың бәрі де сол қалыпты бірдей әуенмен зікір соғып отыр екен. Тек орталарындағы маздап тұрған от қана өшкіндеп, үйдің іші қарауытып қалыпты. Мен өз аузыма әлім келмей тістерім сақылдап:

-Енді ішпеймін, енді ішпеймін, - деп айғайлай бердім. 

Ал, Ахмет бақсы қайтадан дұғаларын оқып, сарынына басып қамшысын басымнан айналдыра үйіріп «жыным айытты, жыным... м...м..., сен де иеңді шамдандырғансың... ң...» деп дауысын соза түсіп маған төніп-төніп кетеді. Осы кезде есік жақтан шешем байқұс жүгіріп келіп мені құшақтай алды да:

-Енді ішпеймін еді ғой, болды ғой, - деп мені үйден сүйреп сыртқа алып шығып кетті. Өне бойым дірілдеп, жаурынымнан суық тер шыққан мен шешеме сүйеніп тәлтіректей басып келе жатып тағы да шетсіз де, шексіз аспан әлеміндегі сан-санақсыз жұлдыздарға қарадым.

Жұлдыздар баяғысындай жымыңдап тұр.                                                                        



Күндәулет Әлімәжіұлы, фантастик жазушы, 1964 жылы ҚХР,  Шыңжаң өлкесінің Іле обылысына қарасты Нылқы ауданында дүниеге келген. Шыңжаң университетінің химия факультетін тәмәмдаған. Химия ғылымдарының докторы. «Скандиттік жиырылу эфкетінің сақталатындығы жөнінде», «Қос қабатты элементтер периодтық кестесі және оның қолданылуы», «Шипагерлік баяндағы тылсым медицина хақында» тақырыпты ғылыми еңбектері әріптестері арасында жоғары бағаға ие. Жазушының «Аласталған апат» атты әңгіме жинағы, «Қазақтың этнохимиясы» атты кітаптары жарық көрген. Шыңжаң Жазушылар қоғамының мүшесі. Шыңжаң Жазушылар қоғамы «Дүлдүл» сыйлығының иегері. Қазақстанда жарық көрген «Құбының құжа жоны» (2016ж.) таңдамалы әңгімелер жинағына шығармасы енген. 

Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті ©Білге - Мәдениет пен өнер сайты