Әлем Қыдырбек (Alem Kidirbek). Әйелге өзгерген еркектер
(әңгіме)
О, тауба! Дәстүр өз құлағына өзі сенбей аң-таң болып тұрып қалды. Үйге көршінің баласы сәлемдесе кіріп:
- Сүінші! Әкем босанып, бала тапты, – деп келіп тұр.
Ғажап! Ол заман да, бұл заман ер адамның бала тапқанын естіген кім бар?!
- Шын айтып тұрсың ба, балақай? - деді Дәстүр есі шығып.
- Шын айтамын ағай, кеше кеште әкем ауырып емханаға апарған. Сонан соң ота жасады дейді. Мен де көрдім.
- Шешем маған баурыңды көрдің бе? Міне, қарашы саған ұқсай ма екен, – деп үлкендігі маған таяу, бір көзді, ұзын шашты, қуыршақ филімдердегі құбжықтарға ұқсайтын баланы көрсетті, – дейді.
Астапралла! Не болып кетті бұл дүние. Өз құлағым, өз көзім, өз басым ба бұл. Әлде жынданып қалдым ба?!- деп күбірлеген Дәстүрдің дауысы анық естілді. Әлгі көршінің баласы:
- Рас айтамын ағай. Шешем маған, көрші үйлерден сүйінші сұрасаң көп ақша береді деген соң, барлық көршілерге бардым, - деп қайталай ескертіп тұр бала.
Дәстүрдің әйелі Жаңагүл де жүгіріп шығып сөзге араласып: - Ой, балақай жарайсың, бауырыңның бауы берік болсын, –деп жатыр. Одан күйеуіне:
- Оған несіне сілейіп тұрсың ей! Соған да таң қалатын барма мына заманда. Әнеу күні саған айттым ғой. Біздің мекемедегі Алгүлдің күйеуі Ағымбек те босанып, басы қазандай ұл бала тапты деп, сүйінші берсеңші балаға, - дегенде, ес-ақылын жинағандай болған Дәстүр, аузына түскен бірдемелерді көкіп:
- Жарайсың балақай. Бұл күнде сүйінші сұрайтын бала да қалмаған еді. Бауырың атақты адам болсын, - деп қалтасынан тиын-тебен алып балаға ұстата берді де қайтадан жын соққан адамдай мең-зең күйде отыра кетті.
Неткен ғажайып іс. Әйел бала табатын заман өзгергені ме сонда, жоқ, әлде түсім бе?! - деп қайта-қайта күбірлеген Дәстүр басын қатты-қатты сілкіп қояды. Бәрі шын. Шынайы өмір. Сәл ес-ақылын жинаған соң көршісі Аспанбек көз алдына келді. Қарыны қабақтай болып жүрушы еді. Неше күннің алдында ғана тілдескенбіз, қап құрсақ адам шығар дейтін едік. Сонда бала көтеріп жүрген болды ғой – дейді өз-өзіне сұрау қойып, өзі жауап берген Дәстүр. Осылай көп ойлардың жетегінде отырған да әйелі Жаңагүл келіп:
- Ей, сені жын соққан ба?! Есің дұрыс па сенің?! Неге меңірейіп әлі отырсың. Ауылға барып соғым соямыз деген едің ғой. Тез керек-жарақтарыңды даярлап, ертерек барып сойып алмайсың ба. Үлгіре алмай қаласың ғой. Мен Сыңғат пен Құрақгүлдің соғым басы қонағына барамын. Бара салмасақ ұят болады ғой. Сен тез бар. Мен де барсам болар еді. Оған мыналардың соғым шайы болып тұрмай ма. Бармасақ және ұят. Ренжіп қалса қайтеміз, - деп қорыс-қопасы шыққан үйдің шашылғанына қарамастан, базарда сататын киімдердей ілінген қалың киімнің ішінен әр қайсысын бір киіп алмастырып, айна алдына алайда бір, бұлай да бір ойқастап, жирен айғырдың жалындай қөпірген шашын ары-бері сілкіп шыр көбелек айналды. Ұйқыдан енді көзін ашып, еркелеп жатқан ұлына:
- Құлыным, мамаң бір қонаққа барып келеді. Әкең ауылдағы атаның үйіне барып соғым сояды. Сен бармай-ақ қой. Барғаныңмен, онда саған қарайтын адам жоқ. Қарының ашады. Ауылдағы адамдар саған тамақ та істеп бермеуі мүмкін. Олар тәңертеңнен кешке дейін шәй іше беретін адамдар. Оған сен үйренбегенсің. Бекер тозып қайтесің. Онанша үйде отыр. Сабағыңды қара. Зеріксең телевизор көріп, компьютер ойнасаң болды ғой. Біреу-міреу есік қақса, ашушы болма. Бала ұрлайтын жаман адамдар көбейіп кетіпті дейді. Құдайым сақтасын. Әй, Дәстүр, сен езбектеп әлі жүрмісің. Тез барсаңшы. Ана қоңыр столдың сурмасында сегіз мың бір жүз юань ақша тұр. Әлгі сиырды сол айтқан бағасында ал. Әйтпесе, сәл түсіріп бер десең болды ғой. Неткен қымбат. Ит жегір. Тапқан айлығымыздың барын осы үйдің боқ пен сідігіне жұмсап не бір жөндеп киіне де алмайтын болдық. Ана жүз юаньды жол кіре қыл. Сиыр соятындарға арзан темекі мен арзан арақтан ала барсаң болды ғой. Бір бөтелке ғана арақ апар. Көп апарып қайтесің. Осы күнде біреуге арақ берсең де қиын. Көп ішіп алып өліп қалып, құнын төлеп жүрме. Бекер де жүретін ауыл адамдары емес пе. Көмектесіп жіберсе болды ғой. Мен барғаныммен де малдың ішек-қарынын аршуды білмеймін. Апам аршый салар. Болмаса ерлер де аршый береді екен. Әнеу күні Арынның үйінде ерлер аршыды. Сондай таза, әдемі аршыйды екен. Ал мен кете бердім. Келіншектер тосып қалды ғой деймін. Ұят болды ғой. Осы моланың жұмысы түгеп бермейді. Уәй (Алло), Қынагүл, қайда тұрсыңдар, я, я, сол арада тосып тұрыңдар, ұят болды ғой сендерден, қазір барамын, міне үйден шыққалы жатырмын, - деп бір мұнша ақыл-тәрбие айтып есіктен шыққан Жаңагүлдің қабат үйдің баспалдағынан тық, тық, тық етіп кетіп бара жатқан аяқ дыбысы Дәстүрдің жүрегіне шеге қақандай, әр реткі тықылдаған даусынан өне-бойы селк-селк етіп аз-кем отырды. Әйелінің айтқаны бойынша сурмадағы санап қойған соғымның сомасын алып, мықтап қалтасына салып, ұлына:
- Балам, атаң мен апаңның үйіне барып қайтпаймыз ба? Соғым соямыз, қуырдақ жейсің. Ауылдағы балалармен бірге ойнайсың, жүре ғой, - деп еді.
Көзін ұйқыдан аша сала телевизорға телмірген баласы бір сөзді екі-үш қайталағанда барып әрең естіп, қытайша:
- Мен бармаймын! - деді.
- Неге бармайсың?! Барайық, -деп қайталай ескертіп еді.
- Ол арада компютер бар ма? – деп өз алдына сөйледі.
- Білетінің сол екен. Болды бармасаң қой! - деп баласына өкпелеген Дәстүр нарау пиғылмен үйiнен шығып ауылға тартты .
Ауылға баратын жолда алыстағы ақбас тауларға көз қыдыртқан Дәстүр жаңағы көңілсіздіктен арылып, бала күндерінде жайлауға баратын кезі, көркіне көз тоймайтын жайлаудың мың бояулы көрінісі мен дарқан тірлігі көз алдына келіп санасы айрандап, сағыныштың сәлемін жолдап толқып отырып ауылға келді.
Қаладағы қара бастың қамын жеген қортық тірліктен жүнжіп қалған Дәстүр өз туған ауылын жанының шуағындай көретін. Оншалық алыста болмаса да әке-шешесін, ауыл адамдарын әр күн сайын ойлап, сағынатын еді. Туып-өскен үлкен үйінің қақпасына кіре бере көзіне мөлт етіп жас оралғанын сезбей де қалды. Үлкен үйдің ағаш қақпасының сыртына дейін сыпырып тазаланғанын, үйдің кірпіш моржасынан будақтаған түтінін көріп адымын жиілетіп келе жатыр еді. Ішкі аулада есіктің алдын сыпырып, даңғырлап сөйлеп жүрген әкесін көрді. Сәлемнен бұрын:
- Ой, балам-ау, Жай келдің ғой? Түс болып кетті емес пе. Кеше келіп алсаң болыпты екен. Көлік шықпай қалды ма? Келін қайда? Әлгі тентек қайда? - деді.
- Ассалаумағалайкум! Амансыздар ма, денсаулықтарыңыз қандай? - деп сәлемдескен Дәстүр құды бір алыс сапардан келген адамдай әкесін құшақтап амандасты. Шешесі Гүлсім де есік алдына шығып баласының бетінен сүйіп амандық жасады. Әкесі Мұрабек пен шешесы Гүлсім 60 тан асып бара жатса да балаларының бақыты үшін солардың тілеуін тілеп, қорадағы шағын бас малға қарап жүріп жатқан. Дәстүр үшін алғанда үлкендердің аман-сау жүріп жатқаны үлкен қуаныш еді. Алғаш азамат болып, қалада оқып, сол арадан қызмет тауып қаланың қызу тірлігіне қызыққан Дәстүр кейінтіндеп қала өмірінен қажый бастаған. Ауылда, әке-шешемнің қасында қазақи тіршілікпен мал быйып, әке-шешеме қарап жүрсем де болар еді, - деп сан рет ойлаған. Оған енді амал не? Тағдырдың жазуы бойынша болды бәрі де. Адамның басы Алланың добы деушi ме еді. Құдiреті күшті жаратушының орналастыруынан кім артыла алсын.
Әке-шешесінің ұзақ амандық сұрасуынан кейін барлығы әңгімелесе отырып қазақи дастарханнан шәй ішті. Маңайдағы көрші-қолаңды шақырып қойған екен. Олар да келіп бір шәугім шай ішілген соң соғым сойылды. Ауылдың ақ жарқын адамдары сен-мен десіп жатқан жоқ. Түс ауа соғым да сойылып болып қалды. «Соғым шүйгін болсын!» айтып жатқан көршілер келіп жатыр. Қуырдақ қуырылды. Дәстүр қуырдақ турап жатқан көрші ауылдағы келініне қуырдақты көп жасауды айтып жатқан еді. Сиырдың ішкі майын асқан шеберлікпен аударып жатқан шешесі:
- Ой, балам-ау, әлгі келіннен ұят болады. Етінің бәрі қайда кеткен деп жүрмесін, - деді.
Жаңагүлдің жоқтығынан пайдаланған Дәстүр:
- Өзі келіп істемеген соң қайдан білсін, турай бер, - деп ерлік істеп еді.
- Жоға, ұят болады. Көп адам жоқ, қалыпты болсын. Ол балалар қайтеді енді, қалада өскен, малдың ішек-қарынын аршып көрмеген. Оған не кінә, - деп жатыр. Қашан болсын балаларының бақыты мен берекесін ойлайтын әке-шешенің қызғыштай қорыған жайына қарап Дәстүр жаны ашыды. Осындай жұмысқа ебі жоқ, еркегін құрша жорғалататын, жарытып тәрбие алмаған жаңа заманның әйелдерін ауыл-қыстаққа түсіріп тәрбиеге жіберсе деп те ойлады. Амал не?! Әйел би болуға қарай көшкен заман. Отбасыңның берекесі үшін керкілдесе беруге және болмаған. Елдің бәрі әйелінің айтқанынан шықпай, береке-бірлігі, махаббаты құп жарасып жүріп жатса, сен қалайша бұл салтты бұзасың, заман осылай болған соң көнесің де деп ойлады Дәстүр.
Десе де ауылға келген соң әйелінің өктемдігін ұмытқан Дәстүр күн кеш болып кеттіні сылтауратып қонып қалуды ойлап, мал сойып жатқан жігіттерден бір жілігін айырым алдыртып, әкесі мен шешесінің қарсылығына қарамай қазанға салып жіберді. Жұмыс аралығында, әкесінен сұрап Дөң шидің қабағында отыратын әңгімешіл қарытты бала жіберіп соғымның бір жілiгін жеп қайтсын деп шақыртты. Сонымен қуырдақ желініп болған соң, «соғымның етін бірер апта қатырып қоямыз» деп арсаға іліп, ауылдың кешкі қарбалас тірлігінен соң әкесін ортаға алып әңгімешіл Құраң қарт, қиқар сөйлейтін, қалжыңбас Асын аға және соғым сойысқан екі жігіт бәрі отырып әңгіме-дүкенге бас қойды.
- Я, Дәстүр балам аман-есен жүрсіңдер ме? Қызметің қарбалас па? Қаланың жағдайы қандай, ел қандай, қоғамның беталысы қалай болып барады? Бізге қарағанда оқыған, көргенің көп қой. «Көп жасағаннан сұрама, көпті көргеннен сұра» дейді, - халқымыз, әңгімеңді айта отыр, - деп бастады Құраң қарт жартылай жамбастап жатып көтеріңкі дауыспен.
- Е, ата, біз қанша нәрсе біледі дейсіз. Қабат үйге қамалып, тордағы құс құсап тәңертең қызметке асығыс кетіп, кеште қарадай шаршап келіп есігімізді тарс бекітіп алып, шақырған қонаққа болмаса, көрші-қолаңның есігінен де аттамай інге кірген суырдай күн кешіп жүрміз де, - деді Дәстүр сөзін бір үзіп.
- Қызметті сұрасаңыз баяғы бір сыдырғы. Ел қатарында айлық ақы үшін болса да қалмай титықтаймыз. Қалаға барып алғандардың бәрінің де күні сол. Аядай қабат үйде қамалып, бойың да ойың да өріс жоқ отырасыз. Әсіресе, ауылдан бала оқытып барған қарттар бастабында үйірлесе алмай қиналатын көрінеді. Бара-бара үйірлесіп, баяғыдан бері далада бекер қаңғырып, тозып жүріппіз, ертеректе білсек, жанның тыныштығы деген осы екен, - дейтіндер де бар. Адамдардың көзқарасы ұқсамайды ғой. Десе де өзіміз ауылды сағынып тұрамыз, - деп Дәстүр ойға түйгендерін тізбектеді.
- Е, балам-ай айтқаның дұрыс қой. Әр адамның көзқарасы ұқсамайды. Қазір көптеген адамның бойы жаңа дәуірге, жаңа дәстүрге, жаңа көзқарасқа үйреніп те қалды. Бұл болса да қоғамның дамуы емес пе. Халқымыз: «елу жылда ел жаңа, жүз жылда қазан жаңа» деуші еді. Расында қоғам шыт жаңа бейнеге өзгеріпті. Адамның ақылы жетпейтін жаңа дүниелер мен осынша жасқа келгенше естімеген жаңалықтар мен сұмдықтарды естіп қайран қаламын. Ертеректе, ауылдан біреу алысқа барып келсе, ауыл үйдің барлығы сол үйге жиылып көрген-білгенін айтқызушы еді. Ал, қазір еш нарсе де таңсық емес. Бұрынғы алты айшылық жолға, алты сағатта барып келіп қояды. Неткен дамушылық, ешбір қағары жоқ асфальт жолдар, жүрдек пойыз, аспанда ұшатының және бар. Қайшалысып жатқан дүние. Расында ғылым-техниканың құдіретіне мойынсал болмай тұра алмайсың. Ғаламат тез дамушылық болды ғой мына заманда. Ал, телевизорды ашып кеп қалсаң төрткіл дүниенің төрт бұрышынан хабар дегеніңді саңқылдатып тұр. Дүниені аралап көрмедім деп қамығудың қажеті қанша бұл заманда. Шынында қайран қаласың. Бала күнімізде ертегі мен аңыздардан еститін ғажайыптар бүгінгі таңда бәрі шындыққа айналыпты. Е, бұл да болса заманның жақсылығы, елдің тыныштығы емес пе. Өткен зар заманда ата-бабаларымыз бала-шағаның қамы үшін қаншама азапты басынан кешті ғой. Қайран арыстар, - деп Құраң қарт терең бір күрсініп қойып әңгімесін жалғай берді.
Құраң қарт осы ауылдағы көрген-білгені көп, оқыған, көзі ашық, көкірегі ояу өткендегі қоғам мен қазіргі қоғамның ара жігін анық білетін, өз заманына өзіндік көзғарасы да бар философ адам еді. Жаңағы заман жайлы толғамнан кейін және де қазіргі ел жадайы, жер жағдайы, халықтың әл-ауқаты, шаруашылық, кәсіп, халықарадағы ірі уақиғаларды шолып-шолып баяндай келе тағы бірталай жаңа тақырыптарға қарай әңгіменің тиегін ағытты.
- Я, Дәстүр, сен өзің мұғалімсің. Осы ауыл қыстаққа шыт-жаңа мектеп салып қойды. Ауылдағы мал шаруашылығы, егін шаруашылығымен айналысатын отбасыларға ерекше қолайлы жағдай болды. Ал, менің таң қалатыным, елдің көбі неліктен, баласын ауылдағы мектептерден оқыта бермей, бір отбасын нешеге бөліп қалаға барып тозады деймін. Біреуге барып ақыл айтатын емес, осы іске қарадай таң қаламын. Жоқ әлде, қаланың оқытуы мен ауылдың оқытуында ұқсамастық, мұғалімдерінің сапасында парық бар ма? Жоқ әлде, қабілеті жақсы мұғалімдерді қалаға алып қалып, нашар дегенін ауылға жібере ме? Осыған ақылым жетпей жүргені, - деді. Әңгімеге қызыға кеткен қалжыңбас Асан аға да сөз қыстырып:
- Құра, сіз әрқандай істі білгенде осыған да бас қатырасыз ба? Қаланың мұғалімдері ақшаны көбірек берсе балалардың миына езіп құйып жібереді дейді. Ғаламат жасалған аспабы да бар деп естиміз . Ал, ауылдың мұғалімдері дегеніміз менің досым Қалдыбек тұрса, ол нені біледі?! - деп әдейі әңгіменің көрігін қыздырды.
- Жоға, Құра, қаланың мұғалімі болсын, ауылдың мұғалімі болсын бәрі бір педагогикалық жоғары оқу орынынан оқу таусып, толымды болғандары қызметке қатынасады емес пе. Бұл меніңше, елдің дүрмекке ергені де, - деп Дәстүр де өз көзғарасын білдірді.
- Айтқаның дұрыс. Мұғалімнің бәрі бір. Мектептің де тәрбиесі ұқсас қой. Бәрі де баланы жақсылыққа, өнер-білімге тәрбиелейді де. Қаланың мұғалімі баланың мина қақпақ салып, ашып алып құйып жібермейтін шығар. Осы жағдайды бірқанша рет жиын-тойларда әңгімелеген едім. Әр кім әр түрлі көзғарастарын айтқан болып, кейбірі «бұл неменесіне бас қатырып жүр» деді ме, теріс қарап өз алдына кетті. Бұл заманның адамдарына қайран қаласың. Жалпы халықтың қамын ойластыратын адамдар жоқтың қасы. Ертеректе, адамдардың көбі халық қамын ортақ ойластыратын, ал, бұл заманда, адамдар тым өзімшіл болып кетті.
- Әнеу күні, көршіміздің қалада тұратын баласы баласының туылған күні дей ме, бір сылтаумен қонаққа шақырыпты. «Шақырғанға бар, шаққаннан қаш» дейді халқымыз. Бір көлік болып бардық. Үлкен ресторанды жалдап, ұлан асыр той жасапты. Шақырған адамы да мол екен. Сол қонақтан шығып қайтпақшы болып кетіп бара жатқанда бесінші ауылдағы, әлгі семіз Масылбек кезікті. Қолында жылтыр дорбаларға салған қалың көкөніс пен наны бар. Аман-сәлемнен кейін:
- Ой, Мәке, мұның не, немене көтеріп алғансың? Әбден қартайғанда отбасыңның шарусын кемпірiңе істетпей өзің істейтін болғансың ба? Ұят емес пе мұның, - деп қалжыңдастық.
- Е, құрсақтың қамы үшін де. Күнделік осылай көшені бір айналып жүремін. Үйде отырсаң іш пысады. Қорада тұрған мал жоқ қарайтын. Не жұмыс болсын, қабат үйге қамалып отырғанша деп қаланы күніне бірнеше айналып жүріп шығамын. Үйде отыра берсең қаның өрлеп, салмағың арта береді екен. Дәрігер көбірек жүрсең жақсы деген соң айналып жүремін. Кемпір, баяғы аяғынан жақсы баса алмайды. Әлгі бірнеше немереміз оқып жатыр емес пе. Соларға бас-көз болып жүрміз. Өткен жылы күзде келіп алғанбыз. Қарттардың қабатынан бізге де біреу берген. Қартайған да, малмен алысып қайтесіңдер. Осы жасқа дейін ауылда мал мен егіннің артында болып рахат көрмедіңіздер. Енді қартайғанда денсаулықтарыңыз да келмейді. Қалада дәрігер жақын, аурып-сырқап қалсаңыздар алаңдамаймыз деп бала-шағалар осында әкеліп қойған. Сонымен немерелерді оқытып жатырмыз. Қайтып бара жатқан соң базардан ала кеткенім ғой. Осыны келіп алатын бала да жоқ. Оқуынан жәй түседі. Амал не? Көндігіп те қалдық. Маған салса, ауырып өлсем де ауылдағы тұрмыс әдетім жақсы еді. Бұл араға келіп әйелдер істейтін үй жұмысын істейтін болдық, - деп ағынан ақтарылды Мәкең.
Сөз осы араға келгенде, Дәстүр таңертеңгі ғажайып ісін ортаға салды.
- Не дейсің?! Ер адам бала тауыпты дейді. Астапыралла!! Әй, Дәстүр сен шын айтып отырсың ба, жоқ, әлде, әңгіме болсын деп отырсың ба?! Шыныңды айтшы, - деп үйдегі барлық адам қайран қалды. Көп істің жайын осы кісі біледі-ау деген үмітпен әңгімеде отырғандардың бәрі Құраңа қарады. Орама темекісін асықпай баппен орап тамызған Құраң қарт тағы бір терең күрсініп алып әңгімесін жалғады.
- Бұл расында ғажайып іс екен. О заманда, бұл заман мұндай сұмдықты кім естіген. Бұл да болса Алланың кәрі ғой. Халқымызда: «еркек бас, әйел мойын», «ер адам отбасының қорғаны, әйел адам берекенің ұйытқысы» дейтін аталы сөз бар еді. Ал, қазіргі таңда, әйелдер басқаратын болып барады. Еркегінің кемшілігін айтып жерден алып, жерге салып жататын көк айыл жас келіншектердің талайын көріп қалып жүрміз. Бой бермегендері ажырасып тыным болады. Отбасы берекесі қашып, үйтқысы кеткен соң одан тәрбие алған ұрпақ қалай адам болсын. Сонымен қоғамдық ара қатынастағы қалпсыздық келіп шығып, сан ғасырдан бері атадан-балаға жалғасып келе жатқан тамаша дәстүрлеріміз өзгеріп, ол адамилық жаратылысқа ықпалын тигізген болар. Атақты көріп кел жырауларымыз бен шешендеріміздің сөзі бар емес пе еді халық ортасында: «алуан-алуан заман болар, қарағай басын шортан шалар», «сиыр пұл болар, қатын би болар», - деген. Сол әулиелердің айтқан заманы келе бастаған екен деші. Құдайым, халқымды азып-тозудан, жаманшылықтан, берекесіздіктен сақтағай де. Я, балам, сыйлап шақырғаныңа рахмет! Уақыт та бір жерге барыпты. Ертең қызметіңе баратын шығарсың. Барлығымыз демалайық. Асыңа адалдық, басыңа амандық берсін, әмин! - деп ақ батасын беріп бетін сипаған Құраң қарт бір ғажайып дүниенің келгенін сезсе де, ары қарай әңгімелеуге зауқы соқпай орнынан тұрып тысқа шықты. Қонақтардың барлығы тегіс сыртқа шығып жұлдызы жамыраған ауылдың аспанын жамылып рахмет, хош айтысып тарасыты. Әңгіменің қызығымен уақытының қалай өткенін сезбей қалған Дәстүр ұйықтар алдында да Аспанбектің бала тапқанына сенбей қайран қалып жатып ұйқыға кетті...
Әлем Қыдырбек, жазушы, 1977 жылы ҚХР, Шыңжаң өлкесіне қарасты Тарбағатай аймағының Қобықсары ауданында Сағанкөл ауылында дүниеге келген. 1997ж. – 2000ж. Іле оқу-ағарту инситутының қытай тілі кәсібін бітірген. 2001 жылы «Тарбағатай» газетінде жарық көрген «Ауылымды сүйемін» өлеңімен әдебиетке келген. Қазірге дейін 300 ға тарта өлең, 10 неше кәсіптік-ғылыми мақаласы және әңгімелері басылымдарда жарық көрген. Жас ақындардың «Тарлан тау түлектер» атты жинағына өлеңдері кірген. Қазақстанда жарық көрген «Құбының құжа жоны» (2016ж.) таңдамалы әңгімелер жинағына шығармалары енген.