Juan Rulfo. Иттің үргенін естідің бе?

d2d11442d4bad44345d83e00cb1f487b.jpg (1200×900)

- Егнасю, арқамдасың ғой, әлденені естісең, болмаса жарықты көзің шалса маған айт.

- Ештеңе көрмедім.

- Жетейін деп қалдық.

- Иә, бірақ, ештеңе естімедім.

- Анықтап қара.

- Ешнәрсе көрінбейді.

- Неткен сорлы едің, Егнасю.

Екі адамның қараңдаған көлеңкесі, шағын өзен бойындағы жартаста бірі биік, бірі аласа болып қозғалып, бірде ұзарып, бірде қысқарып, әрлі-берлі ырғаңдаған қара сұлба құраған. ай қып-қызыл от шар сияқтанып жер бетінен көтеріліп келеді.

-       Егнасю, әлгі қыстаққа жетіп қалдық, құлағыңа сақ бол, иттің үргені естіле ме екен. Есіңдеме, біреулер бізге Тонияға таудан ассаңдар жетесіңдер, деп еді ғой. Таудан асқанымызға қанша болды, ойлашы, Егнасю.

-       Иә, бірақ, мен ештеңеде көрмедім.

-       Шаршадым.

-       Онда мені түсірші.

Қарт адам артына қарай шегініп, үлкен тасқа артын сүйеп тоқтады, арқасындағы адамды түсірген жоқ, қайта жоғары қарай көтеріп-көтеріп қойды. Аяқтары ауырып, дірілдеп тұрса да отырғысы келмеді, бір отырып қалса ұлын арқасына қайта көтеретін шамасы жоғын білді. Ұлын бірнеше сағаттың алдында басқалар көмектесіп арқасына салып берген. Содан бері түсірмей арқалап келеді.

-       Қалың қалай?

-       Жаман.

Ұлының сөзі аз еді, енді тіпті азайып барады. Кейде ұйықтап кеткен тәрізді, кейде суықтан қалтырағандай. Ұлының қай сәтте өзінің қозғауынан дірілдеп кететінін әбден біледі, өйткені, оның қос сирағы үзеңгі сияқты оның құймышағында салақтап келеді, мойынын құшақтап алған қолдары басының екі жағында қамшыдай салаңдайды.

Тілін тістеп алмау үшін тісін-тісіне басып сұрады:

-       Қатты ауырып келеме?

-       Азырақ ауырады,— деді үлы.

Әсілі, ұлы оған: «мені түсір, осында қалдыр... өзің кете бер! ертең азырақ жақсы болсам сені қуып жетемін»,— деген. Бұл сөздерді кем дегенде елу рет қайталаған шығар. Енді айтуды да қойыпты.

Ай оларға қарсы көкте ілініп тұр. Бұл қызара толған жарық ай еді, ай нұры көздерін жарқыратып, жердегі көлеңкелерін одан арман ұзартып, қап-қара қып көрсетеді.

-       Жолды анық көре алмай қалдым,— деді ол.

Бірақ ешкім жауап қатқан жоқ.

Оның арқасындағы жігіттің тұтас тұлғасын ай нұры жарқыратып жіберді, Аппақ жүзінде қан-сол жоқ, қоңырқай нұр шағылысқандай. Денесі қайта-қайта төмен қарай сырғи береді.

-       Егнасю, сөзімді тыңдап келесің бе? жолды көре алмай қалдым деймін.

Ұлында үн жоқ. Ол адымын әзер ашып, әрең алға жылжып келеді. Еңкейеді, қайта түзеледі. Бір басып, екі басып алға аттайды.

-       Мынау жол емес ғой. Адамдар бізге таудан ассаңдар ғана Тония, деген. Таудан асқалы қашан, Тония әлі жоқ, қарасы да көрінбейді. Сен арқадасың, не көргеніңді маған неге айтпайсың?

-       Мені түсірші, әке!

-       Бір жерің ауырды ма?

-       Жоқ.

-       Не болсада сені, сөзсіз, Тонияға арқалап апарамын. Сол жерден адам тауып емдетемін. Онда бір дәрігер бар деген, соған жеткіземін. Сені неше сағат көтердім, енді бұл араға тастап, біреулердің жазым еткеніне қарап тұра алмаймын.

-       Ол теңселіп кетті, өрге қарап екі-үш аттап барып денесін түзеп алды.

-       Сені, сөзсіз, Тонияға арқалап апарамын.

-       Мені түсірші!

Оның дауысы тым ақырын, күбірге жақын:

-       Азырақ ұйқтасам деймін.

-       Арқамда ұйықтай бер! Сені құлатып жібермеймін.

Енді тіпті де жарқыраған ай көкке қарай тырмысып барады. Ай астында қаряның жүзін тер айғыздап, жалт-жалт етеді. Басын ұлының қолдары қысып алғандықтан төмен қарай алмай, көздерін сығырайтып, ай нұрынан жасқанады.
- Бұның барлығы сен үшін, сенің қаза болған анаң үшін. Оның ұлы болғаның үшін ғана осылай істеп келемін. Саған жолыққан жерден-ақ қарамай кетсем дәл қазіргі сияқты дәрігерге апарып көрсетпесем, ол мені жазғырады. Маған күш берген сен емес, анаң. Сен маған азап, әуре және ұяттан өзге ештеңе бермедің.
Ол ақ тер-көк тер болып сөйлеп келеді. Түнгі жел терін құрғатқанымен тер артынан тер саулайды.

-       Омыртқам үзілетін шығар, бірақ, сені Тонияға арқалап апарып, басқалар зақымдап кеткен жарақаттарыңды емдетуім керек. Жазыла сала жамандық істейтініңді де білемін. Оларды айтып отыратын мұрсат қайда. Менен аулақ кетіп, жамандықтарыңды маған сездірмесең ғана болды. Осы жетеді... өйткені менің сендей ұлым жоқ. Сенің бойыңда ағып жатқан қаныма қарғыс айтқанмын, маған тән сол қанды қарғыстағам... «менің қаным сенің тәніңде шірісін» деп айтқамын. Бұл сөздерді сен жол торып, қарақшылық қылып, адам өлтіргеніңді... оның үстіне жақсы адамды өлтіргеніңді білген соң айттым. Сенбесең поп Тарантинодан сұра. Сені шоқындырып, ат қойған сол. Саған жолыққан соң оны да қара басты. Сол сәттен бастап: «ол менің ұлым емес!»,— дегемін.

-       Қарашы, бірдеңе көріне ме екен, әлде естіле ме екен?! Арқадан анық еститін шығарсың, менің құлағым естімей қалды.

-       Ештеңе көре алмадым.

-       Сен маған ұқсамайсың, Егнасю.

-       Шөлдедім.

-       Шыда! Жетейін дедік. Түн болды, қыстақтың шырақтары сөніп қалған болар. Дегенмен, иттің үрген үнін ести алатын шығарсың. Жақсылап тыңда.

-       Маған азырақ су берші.

-       Бұл арада су жоқ, тас ғана бар. Шыда, су болған күнде де сені түсіріп су ішкізе алмаймын. Маған көмектесіп көтертіп беретін ешкім жоқ, өзім жалғыз көтере алмаймын.

-       Шөлдедім, шаршадым.

-       Туған кезіңдегі бейнең әлі есімде. Ол кезде де осындай болатынсың. Ашықсаң оянып кетесің, тойсаң ұйқтап қаласың. Анаң саған су беретін, өйткені, оның омырауын түгел сарқып еміп тастайтынсың. Үнемі құрсағың тоймайтын. Шарқайа, жылауық едің. Сол ашкөз мінезің ай аунап, жылдар өткен соң басыңа пәле болып жабысарын мен, тіпті, ойлап көрмеппін... не деймін, болары болды. Марқұм анаң сенің сау-саламат өсуіңді тіледі. «Азамат болғанда арқа тірегім болсын» деді. Жалғыз сені ғана босанды. Екінші ұлға босанарда дүниеден өтті. Ол тірі болған күнде де сен оны ызадан өлтірер едің.

Ол арқалап келе жатқан адамның тізесі босап кеткенін сезді, аяқтары да түзеліп, салаңдап бос қалды. Басы да жылаған сынды шайқалып келе жатқанын байқады. Шашына су тамшылары бірден-бірден тамып жатқанын сезінді, көз жасы сияқты.

-       Егнасю, жылап келесің бе? Анаң туралы айтылған сөздер сені жылатты, солай ма? Бірақ сен оған еш жақсылық істеген жоқсың! Асыл үмітіміз ақталған жоқ, біздің саған бергеніміз туысқандық сезім емес, ыза толы жүрек болған сияқты. Енді көзің жеткен болар, өзгелер сені тяаққа жықты. Достарың түгелдей өлді. Олар әке-шешесіз тұл жетім, бұрыннан-ақ «біздің кімге жанымыз ашиды?» дейтін. Ал, сен шы, Егнасю?

Қыстақ көрінді, үй төбелері ай нұрымен жарқырайды. Қыстаққа кірер кезде ол белі үзіліп кететіндей ауырсынды, ұлының зілдей денесі оны басып жығатындай көрінді. Бірінші үйдің алдына жетіп, жол бойындағы решаткаға қырындай сүйеніп, ұлын әрең түсірді. Өнбойындағы қаңқа сүйектері түгелдей салдырап қалған секілді. Мөйынын тас қып құшақтап алған ұлының саусақтарын зорға ажыратты, бар салмақтан босаған кезде, жан-жақтан үрген иттың үні естілді.

-       Иттің үргенін естідің бе?,— деді ол. — осы болмашы үмітті де маған қалдырмадың-ау.



Аударған: Құсыман Құмаш

Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті ©Білге - Мәдениет пен өнер сайты