Вислава Шымборска: Шаттық пен сүюді бетке ұстап біздер...

3f799e14843e853b98b6effcfe0b46b4.jpg (800×653)

(Швеция Əдебиет академиясының Польша ақыны В.Шымборскаға 1996 жылғы Нобель сыйлығын ұсынғандағы арнау сөзі)         


1996 жылдың Нобель әдебиет сыйлығы Вислава Шымборскаға берілді. Польшалық əйел ақын əрі сыншы В.Шымборска 73 жаста, қазір Краскерс қаласында тұрады. 

Ақын 1957 жылы — содан жыл бұрын, яғни 1956 жылы саяси құрсау бұзылып, кітап-журналды ауыздықтау босап қалған еді — онша көлемді емес, солай да өрттей жанып тұрған, тұңғыш өлең жинағын ұсынды. Оның сын мақалалары, француз поэзиясынан аударған сүбелі еңбектері бар.  Дегенмен ақын өзінің 1952 — 1954 жылдарда жазған өлеңдерін қатардан шығарып тастаған. Себебі, олар сол тұста етек алған социалистік реализмнің «ауруымен» ауырған сырқатты өлеңдер еді. 

Ақын «Шығармашылық сыйлаған қуаныш» атты өлеңінде өз көзқарасын тамаша берген.  Өлеңнің ақыры былай аяқталады: 

   . . . . . . . . . . . . . . .     

« Жазудың қуанышы,   

Болмыстың құдіреті,   

Пенденің қолымен ұжданды жуады.»


  В.Шымборска поэзияны қару ете отырып, мейірімділікке өр дауыс беріп, қара ниеттің десін басады, өз жандүниесінің бар болмысын да жеріне жете ақтарады. «Тіршіліксіз мəңгілік өмір жоқ. Болса, болар, ол тек жалт етіп сөну» -дейді ақын. Бұл оның «Өлім, əсте асырып айтқаным емес» деген өлеңінің бір қиығы. В.Шымборсканың өлеңдерінің стильі жиі өзгерген. Содан да оларды тұшымды етіп аудару деген күрделі шаруа. Дегенмен, ақынның өлеңдері қазірдің өзінде көптеген елдердің тіліне аударылып, жұрттың көкжиегін кеңейткен шығармалардың санатына қосылды. Станислав Боронзак пен Келиер Кауанна бірлесіп аударған, В.Шымборсканың  ағылшын тіліндегі жыр жинағы «Түйіршік құмның алысқа самғауына» 100 өлең кірген. Бұл өлеңдер ақынның 1957 жылы жарық көрген «Қар адамы» жинағынан басталып, 1993 жылы жарық көрген «Аяқтау мен басталу» жинағына дейінгі өлеңдерінен екшеліп алынған. Бұл кітап жұрттың ақынды толық тануына жағдай жасады десек, артық айтқандық болмайды. Ақынның алғашқы жинағында айтылатын қар адамы — бірден есіңе Сталинді салады. Бұл оның əлгі «измнен» бас тартқан кезіне тура келеді. Кейінгі бір жинағында ақын «Өзімнің кім екенімді таныдым, қуандым! Қуанғаным соншалық, өзімді ұмыттым» деп жазған.    

Айғай-шуы көп əдеби ортадан алыстау жүрген ақын, өзінің өнер туралы көзқарасын бұлжытпай ұстанған. Табиғаттай қарапайымдылықтың тасасында қашанда бəрін басып түсетін сенімділік жататыны сияқты, ақынның бойындағы сондай ерекшелік шабыт пен ойдан тұратын поэзияда өзіне ғана тəн формаға жетуіне негіз қалаған. Солайда, В.Шымборска поэзиясының тақырыбы сан алуан. Мұндай кемелділік, оның өлеңдеріне өзгеде кездесе бермейтін дарқандық сыйлайды. Ақынның өлеңдері көбіне диалог үлгісінде келеді де парасат пен пайымның, селт еткізер сезімнің үшеу ара тоғысқан — əдебиет пен өнердің қайта өрлеу кезінің қолтаңбасы тəрізденіп, тосын бір кемелділікке жетеді. В.Шымборска поэзиясының осы заманғы мəдениетті метафорамен образдап сабақтайтыны бар. Бұл сабақтау қашанда образдылығымен, өткірлігімен көзге түседі. «Дүние, алуан–алуан тіршілікке толған, десе де онда жоқ, өзін сөккен, қасқыр мен қабылан». Бұл жолдар көз алдыңда өшпейтін өрнек болып қалады. Ақынның меңіреу ғаламның тас керең үнсіздігін бұзып, сыр шерткендегі дəлдігі мен ой тереңдігіне еріксіз тəнті боласың.     

Аудармадан болса да, біздер В.Шымборска поэзиясының орамдылығы мен ұйқасының икемділігіне куə боламыз. Оның өлеңдері құрай салған қуыршақ емес, сорғалаған өнер туындысы. Ол екі ауыз сөзбен–ақ айтсам дегенін, жеріне жеткізе айтады. Ақынның «Төбемде жұлдызым бар» деген шағын өлеңі бар. «Ана тілім, мені сен жек көрме, батпан–батпан сөздерді терсем, оларды ширықтырғаным, одан соң,  қауырсындай қалықтатам» дейді ақын. Жұрт В.Шымборскаға «поэзиядағы Моцарт» деген лақап ат қойған. Өлеңдерінің сезім бояуының қанық, формасының мінсіз, сөз–сөйлемдеріндегі асқан қиялшылдығы тұрғысынан айтқанда, бұл ат оған құп жарасады. Десе де жоғарыдағы өлеңнің бойында Бетховенше өрекпіген сезім де жетіп-артылады.      

Андерс Бодкарн В.Шымборсканың біраз өлеңін Швед тіліне аударды. Кітаптың аты «Утофия», 1989 жылы жарық көрген. Бұл жинақтың жарық көруі бізді ақынға тіптен жақындата түсті. Осы кітапта «Мүмкін» деген қысқа өлең бар, өлеңнің ақырғы екі жолы ақынды бізге басқа қырынан көрсетеді: «Жер басып жүруге лайықпыз ба? ойланам! осы сұрақ алдымда тұрғанда» деген ақын.    

Біраз жылдың алдында Бол Элин Бод пен Лорка Фержеринг бірлесіп ақынның біраз өлеңдерін аударып, «Қайталанбасын» (1980ж.) деген атпен жариялады. Сондағы бір өлең менің есімде қалды, ол былай болатын:   


Шаттық мен сүюді бетке ұстап біздер,   

Кең аспанның астынан мейірім іздейміз. 

Адамдар адам болуымен əр алуан,   

Десе де, екі тамшы бір тектен жаралған. 


Мақаланы аударып дайындаған – Ардақ Нұрғазы. 


Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті ©Білге - Мәдениет пен өнер сайты