Тасқын Төрежанов (Taskhin Torezhan): Күле қарайды жұлдыз
Тасқын Төрежанов - ақын, аудармашы. 1973 жылы Қытайдың Алтай аймағына қарасты Бурылтоғай ауданында дүниеге келген. Іле Педогогика университетінің филология факультетін бітірген. 1994 жылдан бастап өлеңдері жарық көрген. «Жүрек толқыны», т.б. алманақтарға өлеңдері енген. Қазақстанда жарық көрген «Күңгрт от» таңдамалы өлеңдер жинағында бір топ өлеңі енген.
Кеш.
Сам жұлдызы тұрған жанып,
Тілдеседі бір-біріне кұле қарап.
Түсінеді олар
Бірақ түсінбейді оны адам
Ешқашан.
Ала алған жоқ бір де жанына балап.
Тек кәриялар қарайды үздіге іздейді медет,
Тәңірісінің адал құлы,
Өтірік айтпаған.
Ей, екі аяқты пенде
Тықпа саусағыңды қалтаңа,
Арасындағы алдамшылығыңды жайып салам.
Ұяттың беті қызарды
Құлқыныңды толтыруға ұрындың,
Қараңғы түнге құштар үкі пенде
Көріп тұр аспан,
Жер сезеді
Ап кетcең де көрге.
Тұнық бұлақ,
Сынық тас жаңқалары,
Бейнеңді бүркеншік
Бүлік етпес
Тап-таза қар гүлдеріне ұқсас жаса,
Түндер,
Күндер күлкі етпес.
Мүдде - байталдың жал-құйрығы
Қырқылар
Қарлығаш етер ұя өріп әсем.
Қашанғы жолы үзілмес дейсің,
Әділеттің қолында сен.
Деп күле сыбырлайды өзді-өздеріне,
Мазақ етеді пенде қылығын жатсынып.
Бірақ, біз оны сезбестен
Балаймыз мақтана,
Өз сүйген адамды пәксініп.
Жан тынысы...
Кеше ғана осында R.Tagore-дың рух туралы толғамынан үзінді берген едік. R.Tagore-дың дүниетанымында адам санасы негізінен екі жақты болмайды. Ол не бір текті немесе көп текті болуға тиісті. Екі жақтылық Батыстық дүниетанымнан келген. Оның тасасында қарабайыр ғылыми түсінікке арқа сүйеген тарихи-саяси қоғамдық таным бірлігі тұр. Адамды, оның рухын тарихи, қоғамдық, саяси сипаттандыру бүгінге дейінгі кеңестік қазақ дүниетанымы мен әдебиетінде өте таныс нәрсе. Айталық, Абайдан басталған қазақ поэзиясы осы түсінікпен суарылған. Айталық, Абайдың «Қаpа сөзі» мен өлеңдерінің ішкі бірлігін ұстап тұрған да осы дүние. Мұны бірауыз сөзбен адамды қоғамдық-саяси мақұлық ретінде бағалап, талап қою.
Ал дәстүрлік Азиялық дүниетанымда адамды танудың басқаша мүмкіндігі қарастырылған. Ол адам мен табиғаттың біртұтастығы. Оның тасасында рухтың бірлігі туралы пәлсапа жатыр. Кезінде Руми бастаған ойшыл-ақындардың Орталық Азиялық дүниетанымында да, бір ғасыр бұрын ғана өмірден өткен, бірақ, дәстүрлік дүниеатынмды біршама толық негізде сақтап, бүгінге жеткізген R.Tagore-да да осы түсініктің жүлгесі бар. Көп жағдайда Азиялық дүниетаным мен санаға, поэзияға батыстық түсінікпен қарап, сезінетін ұрпақ үшін біртектілікке саятын сананы тереңнен сезінудің мүмкіндігі шектеулі. Себебі, ол бір төбеде отырып, екінші төбе туралы сөз қозғауға барып саятын тірлік.
Батыс ақындары модернизм кезеңіне аяқ басқан тұста, өздерінің тар мағыналы екі жақтылыққа құрылған дүниетанымын жаңартуға барын салғанын білеміз. Олар үнді, қытай, жапон, парсы, т.б. мәдениеттерінің тасасындағы дүниетанымға үңілді. Содан поэзияға жаңа мүмкіндік ашты. Ол сырттай қарағанда батыстың дәстүрлік поэзиясынан басқаша сипатта өрілген өнер сияқты болғанымен, түп мәнінде дүниетанымдағы ерекшеліктің, эстетиканың, т.б. өзгерісіне апарып соғады.
Тасқын Төрежановтың өлеңдерін сайтқа дайындап отырғанда ақынның жоғарыдағы «Күле қарайды жұлдыз» өлеңі назарыма ерекше ілінді. Өлең ақиқатты аяқайлап айтатын баяндама да, көзқарас та, қалаберді түсінігі де болмауы тиіс. Поэзия түйсік, түйсік болғанда түсініктердің тасасындағы болмысқа үңілуге апаратын түйсік. Осы тұрғыдан келгенде поэзия жеке адамның қалыптасқан әлеуметтік түсініктегі тәртіпті бұзуы. Айталық терезеден сыртқа қарағанда өзіңді емес, өзгені көруің. Сен өзің бола алсаң ғана өзгені көре аласың. Ұқсас нәрселерде парық болмайды. Парық болмаған жерде баға да, құн да болмайды. Оның бір атауы көшірмешілік, еліктеу, қайталау, өзгені ұрлау, жаттандылық. Қарабайыр ақындар жалаулаған өлкеде поэзияның осы ұқсамау қасиеті күңгрттеніп, тозып, тұнығынан айрылып қалады. Оның орнына поэзия емес, басқа дүниелер (тарих, саяси, пәлсапаны қайталаған, қала берді жаттанды түсініктерден тұрған поэзияның формасын жамылған ақиқатты тақпақтаған дүниелер) басады. Жоғарыдағы өлеңде ақынның сіз бен бізге алдын ала дайындап алған ақиқаты жоқ. Оның орнына әлдебір дегбірсіздік, әлдебір баянсыздық бар. Өлеңнің бар тынысы да сол дегбірсіздіктен тұрады. Бұл өлеңнің мені қызықтырған жері де сол. Ақынның нені айтқысы келгендігі емес, қайта оның сол дүниені қалай жеткізгендігі. Ақын санасында поэзиялық түйсіктің жебеуінде оянған сөз толқын ата келе (сөздің, сөйлемнің үздіксіз бөлініп және тұтасып отыратын үзік-үзік дүние eкенін еркеше ескертемін) өз арнасын іздейді (Бұл арада біз сөздің тағы бір ерекше қасиеті - адамның тірі екенінің бір көрінісі тыныс алу ерекшелігіне ұқсайтынын да ескеруге тиіспіз). Айғайлаған ақиқат жоқ жерде, бостық басталады. Оқырман ретінде біз өзімізден өзге бір жанның рухымен, жан тынысымен, ұшырасамыз, қауышамыз. Ол сөз арқылы өз жанының қабат-қабат пердесін ашқан. Әрине, түсіне алсаң.
Мұндай бөгенайы бөлек өлеңдер біздің дәстүрлік талғамдағы оқырман үшін ауыр соғады. Қарама қарсылықты дәріптейтін өлең «Айтыстан» шыққан оқырмандардың бұл өрісте құлақ керең болып, құралақан қалатыны анық нәрсе. Бірақ, поэзияның арыда жатқан лирикалық қасиетінің түп қайнары осы ерекшелікпен байланысатынын ескерсек, Тасқын Төрежановтың өлеңдегі бұл түйсігі бағалауға тұрады. Себебі, ол ақындық, поэзиялық түйсіктің дәл өзі. Өкініштісі, мұндай шығармалар бүгінгі қазақ әдебиетінде өте аз ұшырайды.
Ардақ Нұрғазы