Lucian Blaga: Ұлу қабыршағы
Таң шапағындай күлімдеп,
Аздап тосырқап,
Жүрегімді алақаныма алдым.
Осынау ғажап дүниені құлағыма жақын апарғанымда,
Қолымда мөлдіреген ұлу қабыршағы тұрды.
Ішінде ұлы теңіз буырқанып,
Тылсым бір үн бұлқынады.
Сол теңізге, сол құм басқан жағаға табаным тиер ме еді шіркін.
Мен соны сезіп тұрмын.
Бірақ, сол жағаны көре алмасым жадымда.
Аударған Ардақ Нұрғазы
Lucian Blaga – Румыния ақыны, философ һәм дараматург. «Шуақ жыры», «Ғұламаның ізі қалған...», «Аңсау» жыр жинақтарының авторы. Мұнан тыс «Мәдениет туралы толғаныстар», «Құн туралы» кітаптары жарық көрген. 1936 жылы Румыния Ғылым академияның академигі болып сайланған.
Lucian Blaga. Поэзия туралы толғаныстар
Поэзияның бір тылсым тұсы бар. Жұрт поэзияны тіл өнеріне жатқызады. Рас, оның тілмен қатысы бар. Алайда, өлең тілсіз өнерге де жатады. Үнсіздік қашанда өлеңнің серігі, айталық, өлім өмірдің серігі сияқты.
Белгілі мағынада өлең өзін-өзі түсіндіріп тұрады. Бірақ, бірегей туындылар мұндай шеңберге сия бермейді.
Бір елдің поэзиясының өркендеуі үшін түсінігі жоғары бірнеше оқырман болса жетіп жатыр. Бұл жалпы әдебиет майданының күшінен де жоғары деңгейде жұмыс бітіре алады.
Ұйқастың құпиясы – ұйқас сөзсіз қажет кезінде ғана ұйқас. Ұйқастың кетеуі кеткен әлсіз болмауы үшін мынаған ден қойған дұрыс: ұйқасқан екі тармақтың ішінде екінші тармақтағы ұйқастың салмағы ауыр болады. Әсілінде, алдыңғы тармақ үн шығарады, соңғы тармақ жаңғыртады. Соңғы тармақтың маңыздылығы сол - өлеңді оқығанда оның тек жаңғырық екенін сезбей қалатындай етіп шығаруға тиіссің.
Ақындардан «мамандығың не?» деп сұраушы болма. Ол ақынды масқаралау болады. Сен күн мен айдан мамандық сұрамайсың ғой. Сұрасаң, ол да күн мен айды масқалалау болар еді.
Ақынды керемет шығарма жазыпсың деп, мадақтау бір жағынан оның оқырман үшін қаншалықты тер төккенін бағалауға барып саяды.
Ақындарды біртуар туындысымен ғана бағалау керек. Егер, біреу қайталанбайтын бір шығарма және тоқсан тоғыз нашар өлең жазса, мен оны жүз жақсы өлең жазған ақыннан жоғары бағалар едім. Бірақ, сыншылардың өз өлшемі бар. Олар орташа баға шығаруға бейім тұрады.
Ақын мен шабыт - осы түйіннен асқан ғажайып нәрсе жоқ. Шабытты қатты ұстамасаң, ол саған жұмыс істемейді. Ал қатырақ ұстасаң, ол сені тастап кете береді.
Ақындардың ғана жүрек күйі өзінен тыс болады.
Менің шығармашылығымның жаны үнсіздікте. Мен оларды өлеңдерім мен философиялық еңбектерімнің ішіне құлттап қойғанмын.
Керемет бір күй қарапайым ұйқасқа да мәңгілік өмір сыйлай алады. Бірақ, көріксіз өлеңді қаншалық жатымды, ғажап ұйқас болса да тірілте алмайды.
Аударма өлең алдымен өлең, одан соң барып аударма ретінде қаралуы тиіс. Өлең аударудың қатерлі іс екенін естен шығармаған дұрыс. Аударма өлең түп нұсқадан да артық шығуға тиіс. Себебі, «аудармашы» оның ендігі авторы. Аудармашы өзін автор деңгейіне қойып барып өлең аударуға кірісуі тиіс. Олай болмаса, өлеңді аудармаған дұрыс.