Мағжан Жұмабаев. Мені де, өлім, әлдиле

7fdf2db1532be3d2a76b6ad96355dc2b.jpg (800×597)

Қажыдым енді, күш бітті,

Көңілсіз, салқын, күн бұлтты,

Жел бұйығып тербелед,

Әлдекімнің өлгенін,

Оны қалай көмгенін

Әңгіме ғып күңіренед.


Жел, күңіренбе, жасың тый,

Өлім күйі – тәтті күй,

Балқиды жаным бұл күйге.

Мені де, өлім, әлдиле,

Әлдиле, өлім, әлдиле!


Қара орманның шетінде,

Нағыз желдің өтінде

Өскен жалғыз жас қайың.

Былқ-сылқ етіп билеген,

Сылдыр-сылдыр күйлеген,

Болсын онда не уайым.

Сол жас қайың құлапты,

Жанында жел жылапты,

Балқиды жаным бұл күйге.


Мені де, өлім әлдиле,

Әлдиле, өлім, әлдиле.


Қолына ала ту алып,

Қылышын қанға суарып,

Тау суындай тасыған,

Қарақат көзін қан жауып,

Қабағынан қар жауып,

Ойын салған жас ұлан –

Майданда ұлан қайтыпты,

Жел иманын айтыпты...

Балқиды жаным бұл күйге.


Мені де, өлім, әлдиле,

Әлдиле, өлім, әлдиле!


Әлдеқайда бетпақ шөл,

Бетпақ шөлде жалғыз жол,

Сол жолменен жалғыз жан

Түн бойы талмай жүріпті,

Табанын тастар тіліпті,

Келгенде атып алтын таң,

Сорлы, шөлде өліпті,

Жел құмменен көміпті,

Балқиды жаным бұл күйге.


Мені де, өлім, әлдиле,

Әлдиле, өлім, әлдиле!


Бетінен алма қан тамған,

Тілінен тәтті бал тамған,

Бұйра толқын шашы бар,

Күлкісі меруерт шашылған,

Өзі – гүл жаңа ашылған,

Дәл он бесте жасы бар –

Сұлу көз жас төгіпті,

Тұншығып жасқа өліпті...

Балқиды жаным бұл күйге.


Мені де, өлім, әлдиле,

Әлдиле, өлім, әлдиле!


Талпынған жаңа нәресте,

Ақ қанатты періште,

Былдырлаған бұлақтай,

Көрінген жанды күлдірген,

Жаңа піскен бүлдірген,

Балауса нәзік құрақтай,

Қайтыпты қозы көз тиіп,

Бетінен кейде жел сүйіп...

Балқиды жаным бұл күйге.

 

Мені де, өлім, әлдиле,

Әлдиле, өлім, әлдиле!


Алыста айдын шалқыған,

Көбігі меруерт балқыған.

Сол айдынның астында

Бар екен алпыс ақ отау,

Алтын уық, жібек бау.

Бәрі он алты жасында –

Отау сайын толқын шаш,

Толқын шаштар жалаңаш...

Балқиды жаным бұл күйге.


Мені де, өлім, әлдиле,

Әлдиле, өлім, әлдиле!


Жаңа піскен балдырған,

Сүйсе, мейір қандырған,

Айдынға барып түсіпті.

Отауларды аралап,

Жас жүрегін жаралап,

Сұлуларды құшыпты.

Құшыпты да өліпті,

Жел толқыннан біліпті...

Балқиды жаным бұл күйге.


Мені де, өлім, әлдиле,

Әлдиле, өлім, әлдиле!


Балдырғанмен бастасып,

Сұлумен қол ұстасып,

Жас ұланмен жолдас боп,

Жас қайыңды қолға алып,

Баланы сүйіп бір қанып,

Жолаушымен мұңдас боп,

Мен де тезірек өлейін,

Әлі жаспын демейін,

Балқиды жаным бұл күйге.


Мені де, өлім, әлдиле,

Әлдиле, өлім, әлдиле!


Бетімнен тәтті бір сүйіп,

Алдыңа алшы әлдилеп,

Келші, өлім, тезірек.

Жан ұшудан тоқтады,

Жынданып енді соқпайды

Кешегі асау жас жүрек.

Бетімнен тәтті бір сүйіп,

Алдыңа алшы әлдилеп...

Балқиды жаным бұл күйге.


Мені де, өлім, әлдиле,

Әлдиле, өлім, әлдиле!


Айталық М.Жұмабаевтың «Мені де, өлім әлдие» өлеңінде, «әлдиле» сөзін ұқсас мағынасы бар «тербет» сөзімен ауыстыра алмайсың. М.Мақатаевтың «Моцарт. «Жан азасындағы»» «бір жақынын жоғалтқан» деген тармақтағы «жоғалтқан» деген сөзді мәтіндегі нақты мағынасы «өлген» деген сөзге ауыстыруға болмайды. Екі ақын да өлеңде осы сөзддерді тылсымдік деңгейінде қолданған.

Дегенмен, екі ақында сөз қолдануда айқын ерекшелік бар. Байқап отырсаң, екеуі де өлім туралы айтады. М.Жұмабаев өлімді тіке ауызға алған. Оны жатырқамайды, жатсынбайды. Мұнда ақынның дүниетанымы тұр. Ол бойынша өлім сырлы, жұмбақ, адам баласы түсініп болмайтын, басқаша айтқанда санадан, таным аясынан тысқары қасиеті бар дүние. Ақын сол үшін оған қызығады, соның шеңберіне, кеңістігіне кіргісі келеді. Бұл түсініктің бір бұтағы «өлімді аяқталу емес», дейтін ұғыммен де байланысады. Мұндағы «өлімді» ақын рухтың бір белгісі ретінде, тылсым күш ретінде қарастырған. Оны өзінен тыс немесе өзіне қарсы (айталық біржола жоғалу-өлу) ұғым ретінде қарамайды. Бұл қазақтың арғы дәстүрлік дүниетанымымен байланысты. Осы арада біз М.Жұмабаевтың өзіне дейінгі ақындардан бір белес биік тұрғысына да көз жеткіземіз. Бұрынғы кітаби ақындар сөз осы араға келгенде қалай да исламдық түсінікті алып шығар еді. Бірақ, М.Жұмабаев оның орнына адамзаттың XX ғасырға тән модернистік танымына сай ортаға шығады. Өлім тақырыбын ол исламдық-теорияланған түсінікпен емес, таза ақындық рухани болмыспен – түйсігі негізінде түйіндейді. Өлеңнің әрбір шумағы аяқтағанда ақын «Мені де, өлім әлдие» деп қайталаған. Бұл қайталаудан біз әлгіндегі «әлдиле» сөзінің бойына жасырынған құдіреттің бүкіл өлеңнің бойына тарап, біртұтас мәтін деңгейіне көтерілген болмысқа куә боламыз. М.Жұмабаев аталған шығармасында поэзияның рухани болмыспен үндестігін қайталанбас бік деңгейде берген.     

М.Мақатаев болса, өлімді тіке атамайды. Оны басқа бір сөзбен меңзейді. Бұл ақынның өлімді өзінен алыс қойып, бөлек, басқа дүние ретінде қарайтынын білдіреді. Онда және өлімді аяқталу, біржола жоғалу, дегенге саятын түсінік те қылаңдайды. М.Мақатаевтың санасында өлімді қорқынышты дүние ретінде қарау бар. Оны (өлімді) рухани (өлмейтін-өшпейтін) күйден гөрі заттық дүние (материяның уақыт шегі бар, бірте-бірте тозып, өзін жоғалтуы оның қасиеті) ретінде қарастыру басым. Бұл таза адамның өзін (негізі тәнді, материяны) негіз ететін материалистік дүниетанымның тікелей көрінісі. Адамның, оның сөзінің рухтан заттық болмысқа ауысуының белгісі.  

Жоғарыда «Поэзияның тарихы рухани болмыстан материалдық болмысқа қарай құлдырау тарихы екенін байқайсың» деген едім. Екі ақын шығармашылығынан соған көз жеткізесің. М.Жұмабаев пен М.Мақатаевтың аталған өлеңдері өткен ғасырдағы қазақ поэзиясының жалпы барысын айғақтайды. Негізі ақын сөзді қалай сезінсе солай оған жан, әр береді. Бұл күйді біз «сөздің рухтануы» деп атасақ та болады. М.Жұмабаев дәуірінде арғы дәстүрмен жалғасқан сырлы рухпен суарылған сөз М.Мақатаев дәуірінде одан айрылған. Қазақ сөзінің түпкі рухани болмысы жоғалып, біртіндеп заттық (қоғамдық-саяси, тарихи негізде ғана қолданылатын) негізге ауысқаны байқалады. Қазақ поэзиясының  тәуелсіздіктен кейін тарихи-әлеуметтік, саяси дидактикалық-насиқаттық деңгейден көтеріле алмауының себебі де осында жатыр...

Ardakh Nurgaz. Орталық Азияға тән поэзияның шешілмейтін шиесі

https://www.thebilge.kz/e/action/ShowInfo.php?classid=3&id=3780

Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті ©Білге - Мәдениет пен өнер сайты