Күн шуағындағы екі əйел қолы

144b48d4d5bc06f6dfa04aa4a36c3da0.jpg (509×339)


Өнерге кино келгеннен кейін, біраз нəрсенің өзгергені белгілі. Соның ішінде əдебиеттің өрісі кеңейді. Үздік шығармалар экранда жаңа бір өмір бастап қана қалмай, əдебиеттің өзі экранның аясында ойланатын болды. Бұнда талантты режиссерлердің орнын бөлек атамай болмайды. Əлем киносының тарихында бөлекше із қалдырған сондай тұлғалардың бірі швециялық кино режиссер Ernst  Bergman.

Өткен ғасырдың 60-шы жылдарының басында E.Bergman бір тосын жағдайда екі актрисаның күн шуағында қолдарын салыстырып тұрғанын көріп қалады. Бұл көрініс оны қатты тебірентеді. Екі əйелдің күн шуағындағы қолы! Ол неде болса күн нұры астындағы осы екі сүйкімді де нəзік қолдарды тақырып етіп сценарий жазу бекіміне келеді. Кейін E.Bergman осы сценарийі бойынша «Бет перде» фильмін түсірген. Кинода  күн шуағында екі əйелдің қол салыстырған көрінісі кездеседі. Кино сыншылары бұл фильмді E.Bergman-ның ең таңдаулы туындыларының қатарына жатқызады.

Фильмде екі əйел кейіпкер бар. Элизабет атты əйел бас кейіпкер рухани ауруға шалдыққан, қашанда үнсіздігімен көзге түседі. Бұл оның жандүниесіндегі дағдарыстың себебінен бе, əлде басқадан ба, оны режиссер ашып бермейді. Фильмде осы əйелге дəрігер ұзақ демалысқа шығуға кеңес береді. Оған Арма деген мейірбике қарайтын болады. Кинода Арма тіл қатпайтын Элизабетке мүлде қарама-қайшы бейнеде көрінеді: ол көп сөйлейді, ашық-жарқын көрінеді. Күні кешке дейін өз басынан өткен істерді ауыз жаппай Элизабетке сыр ғып айтады. Əу баста Арманың бұл ұзақ баяны киноның жалпы барысына еш қатыссыздай əсер қалдырады. Арманың сөздерінің көбі кейде сөйлеу үшін сөйлеу сияқты сезілсе, кейде тіпті мағынасыз шатпақ, түсініксіз, бей-берекет бірдеңе болып шығады. Бірде Арма бар сырын айтқан адамның (Элизабеттің) өзіне бұрын-соңды бір ауыз тіл қатпағанын ойына келтіріп қалады. Бұл оны дегбірсіздендіреді. Элизабеттің өңіндегі қатулылық пен мазақ оның жан сарайын тас-талқан етеді. Содан бастап Арма біртіндеп Элизабетке соқтығуды бастайды. Оған жағымсыз сөздер айта бастайды. Соңында Элизабеттің дəрігерге өзі туралы жағымсыз ниетпен əлденені айтып жатқанын көрген соң, тіптен қозады. Элизабетке енді тіке тисетін болады, тіпті қайнаған сумен шомылдырамын, деп сес көрсетеді. Бүкіл кинода Элизабет «жоқ!» деген жалғыз ауыз сөзді ғана айтады. Кино сыншылары E.Bergman-ның бұл шығармасы туралы түрлі-түсті пікірлер айтқан. У.Глигер: «кинодағы Элизабет Армаға сүйеніп өмір сүреді, оның ойнағаны қан сорғыш құрттың рөлі. Осы арқылы режиссер басқалардың еңбегі есебінен күнелтетін, өзі аз еңбектеніп, көп нəпақа түсіретін өнер иелеріне сын айтқан» –деп қарайды. Десе де, бұл тұжырымнан басқаша ой айтатындар да бар. Біраз сыншылар Элизабет пен Арма əсілінде бір адамның екі түрлі болмысы, киноның тақырыбының өзі соны көрсетіп тұр. Киноны түсіруге себепші болған «күн шуағындағы екі қол» да екі əйелдің қолы. Автор күннің нұры астындағы ұқсамаған екі қолдан ортақтық тапқан, ол ортақтық бір-біріне айна болады, бірін бірі көрнектілендіреді. Мұндай қолтаңба E.Bergman өзге киноларында да көптеп кездеседі. Айталық «Сиқыршы» фильміндегі найзағайлы дауылдың көрінісі, «Жабайы бүлдірген» фильміндегі кейіпкердің түсінде көре беретін табыт ағаш, «Үнсіздік» фильміндегі көшеде жүйткіп жүретін танк, міне осындай деталдар.

Жазуға қарағанда Швеция жер бетіндегі бұйығылық ауру ең жиі кездесетін ел. Оған себеп осы елдің тым солтүстікке орналасқанында, күндізден түннінің ұзақ болуында, деп қаралады. E.Bergman кейіпкерлерінің көбі осындай жалғыздықтан жабырқаған, рухани жақтан тұйыққа тірелген жандар болып келеді. Бұл кейіпкерлердің бəріне ортақ бір нəрсе жетпей тұрады. Сонау өткен ғасырдың 50 жылдарының басында түсірген алғашқы фильмінің өзінде E.Bergman адам бойында кездесетін осы ерекшелікті ашуға тырысқан. E.Bergman-ның: «сенім мəселесі мені бастан ақыр мазалап келеді. Менің оған соқпай өткен кезім жоқ» –дегені бар. 1962 жылы түсірілген «Қысқы шуақ» фильмінде E.Bergman қарапайым көріністерді құраумен адам жанының күрделі бейнесін ашқан. Фильмдегі бас кейіпкер діндар тақуа. Бұл адам өзінің бойында болуға тиісті сенімнен тұратын сүйіспеншіліктен айрылып қалған, басқаша айтқанда құр сүлдері ғана қалған жан. Бірақ ол өз бойындағы мұндай құлдырауды сезінбейді. Фильмде тақуаны ядролық жарылыстан есі шыққан балықшының бейнесі қатты шошытады. Енді бір жақтан тақуаның қандай адам екенін алдынан көлденең шыға қалған махаббат ашып тастайды. Тосын махаббат алдында тақуа дəрменсіз, қатып-семген, сүйіспеншіліктен арылған бейнесін ашып алады. Фильмде не істерін білмей, дағдарған тақуа соңғы сүйеніші жаратушыға жалбарынады... Бірақ, жаратушы үнсіз... Тіл қатпайды.

E.Bergman -ның туындыларында жеке адамнан қоғамға дейінгі бір аралықтың тасадағы сыры ақтарылған. Əлем киносының тарихындағы айтулы режиссерлер сияқты E.Bergman да өз тақырыбын жеткізудің «E.Bergman» қолтаңбасын тапқан. Сондай-ақ оның өзіне тəн символдық тұжырымдамасы да болған. Жиып келгенде E.Bergman əлем киносының тарихына өзінің қарапайым, бірақ, терең ой айтатын ойланымпаз стилімен қалды.     



Əсет ОРАЙЗАЙ

Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті ©Білге - Мәдениет пен өнер сайты