Ardakh Nurgaz. Қазақ әдебиетіндегі қарабайырлықтың басы мен аяғы
Реалистік ойлау – тарихи, қоғамдық шындықтың әдебиетке сіңуі, әдебиетте көрініс табуы өнердің өзіне тән талабы, шектемесі негізінде орын алады. Аздап түсінік берсек, тарихи, қоғамдық шындық әдеби мәтінде қашанда шекті негізде өмір сүреді, оған әлгі шындықтың өзіндік болмысы әсер етумен қатар, өнердің қояр талабы басты рөл ойнайды. Осы тұрғыдан алғанда әдебиет қашанда өзі қалап алған дүниесін – тарихи, қоғамдық материалды - сүзгідей өткізбей тұрмайды.
Реалистік ойлаудың осы барыстағы алар орыны туралы зерттеу қазақ әдебиетінде бұған дейін көтерілген емес. Қазақ әдебиетінің төл қасиеті - зерттеудің негізін, тұрғыны реализмнің өзіне тұрақтап, байлап қойып әдебиет – өнер - туралы айту, негізі Марксизмнің Гегель философиясына тән диалектиканы төңкеріп, оны әлеуметтік саяси тартысқа пайдалану сынды қарабайыр орайшылдықан келген. Тарихи себептерден бұл түсінік өз кезегінде тіпті қазақ элитасның дүниетанымына айналды десек те, артық емес.
Дүниетанымдық деңгейге көтерілгені себепті де тәуелсіздіктен кейін қазақ әдебиетінде бұл түбірлі өзгеріп кеткен жоқ. Коммунистік-таптық негізге тұрақтауды ұлттық-саясаттық негізге ауыстыру орын алды. Жазушылар сол баяғы ескі сүрдекпен кешегі коммунист жазушылардың қарсы жағына өтіп, қазақтың жоғын жоқтаушыға айналды. Ақындар да осы ролдың бір пұшпағын ұстады. Драматургтар тіптен асыра сітледі. Олар хан-сұлтан, олардың әйелдері, би-батыр, т.б. сахнада көрстеуді басты мұрат етті. Бірақ, әдебиетке, өнерге тән ештеңе өзгерген жоқ. Әдебиеттің, өнердің өзіне тән болмысы сол баяғысындай ұмтылып, далада қалды. Қарабайырлық қана өріп кетті.