Ardakh Nurgaz. Қазаққа жаңа театр доктринасы керек-ау

47afdb7bee8511cef588b7dfde739c22.jpg (1264×867)

Қазақтың алғашқы кәсіби театрының шаңырақ көтергеніне де ғасырға жауық уақыт толыпты. Содан бері еліміздің мәдени өмірінен театр алыстаған емес. Ұлттың рухани болмысынан да театр ойып орын алды десек, артық айтқандық болмайды.

 Бүгінде Астана мен Алматы шаһарларында, аймақтарда елуден артық кәсіби театр ұжымы жұмыс істейді екен. Қарап тұрсаң, үлкен сала. Тарихы да ауыз толтырып айтуға болатын тарих. Мыңдаған спектакль қойылды, бірнеше ұрпақ өнер адамдары – актерлер мен актрисалар барлыққа келді, олардан, тіпті, актерлік мектеп қалыптастырғандары да жетерлік. Бірнеше ұрпақ режиссерлер де жетілді. Бірақ, ғасырға жуық осы тарихта қазақ театрынан жөні түзу драматург шықпапты. Әр кезеңде жақсы драматургтар болды, айталық, алғашында М.Әуезов, Ғ.Мүсірепов, одан кейінгі он жылдықтарда Ә.Тәжібаевтар, одан кейінгі онжылдықтарда С.Жүнісов, Т.Ахтанов, О.Бөкеовтардан бүгінгі Ә.Тарази, Д.Исабеков, т.б. дейін. 

Драматургтар бар, бірақ, нағыз талант - қазақ театры «мынау біздің Гоголь, Чехов» дейтін драматург шықпаған. Содан да жоғарыдағы драматургтардың көзі кеткен соң, спектакльдері негізінен сахнадан түсіп қалғанын байқаймыз. Осының өзі олар жазған дүниенің бірдеңесінің жетіспейтінін білдірсе керек. Айта берсең, бұл салаға қатысты сөз көп. 

Бірақ, бұл «қазақ қаламгерлерінен драматург шықпайды немесе қазақтар пьесса жаза алмайды» деген сөз емес. Қайта, мұны қазақтың жүз жылдық тарихы бар театр саласы нағыз драматургтың шығуына жұмыс жасамады деп түсінген дұрыс шығар. 

Тарихқа назар салсаң, өткен жүз жылға таяу уақытта қазақ театрлары әлемдік драматругияның биік шыңы Шекспир, Чехов, т.б. сахналап, солармен мақтандыактерлер өз өнерінің биігіне көтерілді, режиссерлер өзін көрсетті. Қазақ классикасын қойып, сонымен ұлттық театрмен айланысып жатырмыз деді. Одан кейін ғана шынайы қазақ драматургиясына кезек келген сыңайлы. Басты назарда тұрмағаннан кейін, уақыттың, ортаның, қажеттіліктің себебінен – «бүгінгі драматургия сахналанбайды» деген сөздің алдын алу үшін ғана ойластырылғанан кейін сахнаға уақыттық драматургия ғана тартылып отырғандай сезіледі. Уақыттық болғанан кейін, әрине, уақытпен бірге сахнадан кетіп жатқан ғой драматургтарымыз.

 Жоғарыдағы жұмыс барысы қазақ театрында өткенмен өмір сүретін, классикамен басты айналысатын, бүгінгі және ертеңгі жиып келгенде заманауи театр өнерінен алыс тұратын, жаңа дүние жасауға тәжрибесі де жоқ жағдайды қалыптастырды. Уақыт өте келе, ұлттық драматургия дамымай қалды да, оның орнын пыспаған дүниелермен сахна толтыра салу басты. Бір қайнауы ішінде шала жазылған, кемтар пьессалар да ауырдың үсті, жеңілдің астымен жүріп сахнаға шыға беретін болды

Әсілінде, театр өнері кешенді өнер. Олмемлекеттің театр туралы саясаты және үзбей қаржылай қолдауынан, театрдың материялдық базасынан, актерлерден, режиссерлерден, одан соң драматургтардан тұрады. Осылардың ішінде саясаттық, қаржылық және материялдық шарттан тыс жұмыстың негізгі сентірі қазақ драмтургиясына жинақталуы тиісті. Себебі, біздің айналысып отырғанымыз Қазақ театрыұлттың театры ғой. Әлгі база, адами факторактерлер мен режиссерлердің жұмысының түп мақсаты соны дамту болуы тиіс қой. Бірақ, жоғарыда байқағанымыздай, бізде басқаша қалыптасты. Соның салдарынан қазақта үлкен театр мәдениеті бар, материялдық базасы да бар, бірақ, соған сай уақыттың, өнердің бүгінгі талабына сай келген, шет елдік және классикамен иық тіресе алатын спектакль жоқ жағдай орын алып отыр

Сондықтан, театр саласына үлкен бетбұрыс керек. Қазақ театрын заман талабына сай жасаудың доктринасы жазылса деймін. Ол қазақ драматургиясын заманауи, ұлттық театр базасының қажетіне сай деңгейде дамуын айқындап беруі тиіс. Бұл түйін анық жазылуы керек. Себебі, әлемдік драматургияның шоқтықты туындылары мен ұлттық классиканың сахналану мектебі, тәжірибесі бізде әлдеқашан қалыптасы. Ол бүгінгі қазақ театры үшін алынбас қамал болудан қалды. Бізге ендігі жетпей тұрғаны заманауи, сапалы, шоқтықты шығармаларды көптеп сахнаға тарту. Біз осының жолын ашуға тиіспіз. Жалған, жарамсыз дүниелердің «бүгінгі заманның шығармасы» деген уәжбен сахнаға шығуына нүкте қойып, уақытпен бәсекелесетін, аты-затына сай қазақ театр өнерін дамытуымыз тиіс. 

Егер олай болмаса, енді бір ғасырдан кейін де «қазақта екі жүз жылдық театр тарихы бар!», «мынадай ұлы актеріміз бар!», «мынадай ұлы режиссеріміз бар» деп мақтанамыз. Шындап келгенде, нағыз ұлт театрына қатысты өзімізге тиеселі ештеңеміз жоқ, дәл бүгінгі сияқты ауыз толтырып айтар спектакль жоқ жағдайдан арылмаймыз. Әлгі мақтанның бәрі өзгенің өнерін өркендеткен, өзімізден ештеңе жоқ, құр қаңқадан тұрған бос мақтан болып шығады да қалады.


30.10.2018

Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті ©Білге - Мәдениет пен өнер сайты