Е.Болатқан (E.Bolatkhan): Қара ниет шеневниктер қара тізімге кіріп жатыр...

67c9eddef6d074bd285928ffe2d64631.jpg (650×433)


Қаржы саласының маманы Серге́й Магни́тский Ресей билігінің ұшар басында отырған адамдардың жемқорлығын әшкерлегені себепті, 2008 жылы тұтқындалып, 2009 жылы 6-қарашада түрмеде қайтыс болған. 2015 жылы 17-желтоқсанда АҚШ-тың Кеңес палатасы (United States Senate) мен Қауым палатасы (United States House of Representatives) әлемдік деңгейдегі бір қатар жобасын мақұлдады. Бұл заңға сай АҚШ әлемде адам құқығын аяққа таптаған билеушілер мен олардың жандайшаптарына қатысты бірқатар заңды жазалау шарасын қабылдайды. Бұл заңның толық аты «Әлемдік деңгейдегі Серге́й Магни́тский атындағы адам құқығын тектеу заңы» (The Global Magnitsky Human Rights Accountability Act) деп аталды. Ол бойынша адам құқығын аяққа таптағаны себепті жазаланған тұлғалар АҚШ-қа кіре алмайды, олардың батыс елдеріндегі қаржысы бұғауланады және АҚШ-тың қаржы нарығына шығып жұмыс істей алмайды. Бір ауыз сөзбен айтқанда АҚШ-тықтар үшін «жағымсыз тұлға» ретінде қаралады. 

Заң қабылданғаннан кейін оны батыста Канада, Франция, Голандия, бастаған бірқатар елдер қостап, өз елдерінде де атқарылатын заң ретінде мақұлдады. Сол жылы Ресей президенті В.Путиннен тыс, оның айналасындағы біраз чиновниктер осы заң жобасына сәйкес, «адам құқығын аяққа таптағаны» себепті жазалау тізімдігінен орын алды. Бұл өз кезегінде Ресейдің бүгінгі билеуші тобы үшін төбелерінен жай түскенмен бірдей шаруа еді. Жазалау тізімдігіне кірдің деген сөз бет-беделден де, ақшадан да құлан таза қағылу дегенді білдіретін еді. Өзің ғана емес, әулетіңе дейін байланысады. Және оны енді қайтып өмір бойы жуып-шаюға мүмкіндік те жоқ. Тарихқа жаман атымен қалған масқара жағдай деген осы шығар.  

«Серге́й Магни́тский заң-жобасы» жарыққа шыққан соң, оның қамтыр аясын кеңейту туралы ұсыныстар болған. 2017 жылы АҚШ президенті Д.Трамп аталған заң жобасын барынша күшейтіп іске асыратыны туралы мәлімдеме жасады. Ол мәлімдеме Қытайда жаза лагерлері жұмыс істеп жатқаны белгілі болып, аз ұлттар ұлттық-дінни өзгешеліктеріне байланысты қуғындалып жатқаны аныққа шыққан кезеңмен тұспа-тұс келді. Өткен жұма күні АҚШ-тың Кеңес палатасының республикашылдардан тұратын 150-ден артық сенаторларының қолдауымен адам құқығын аяққа таптаған Қытай шеневниктерін жазалау қарары мақұлданды. Бұл жолы да АҚШ-тықтар өз ұстанымдарын анықтауда кібіртіктеп қалған жоқ. Алдыңғы кезекте Путиннің өзінен басқа, оның жақын саяси серіктері мен атқосшыларын қойдай көгендеп тізімдікке кіргізгенін қайталап, бұл жолы да сондай қадамға барды. Қытай көсемі Си Цзиньпиннен тыс, оның өкшесін басып тұрған жоғары дәрежелі екі шеневникпен қатар, бірқатар лаузымды тұлғаларды «Әлемдік деңгейдегі Серге́й Магни́тский атындағы адам құығын тектеу заңы» аясында қара тізімдікке кіргені анық болды. Жағдайдың бұлай ушығары қытайлықтардың ойы тұрмақ, түсіне декірмеген түрі бар. Қытайлардың осы аптада сасып қалғаны байқалып тұр. Соңғы күндері АҚШ пен Қытайдың арасындағы тілдесудің ауаны шұғыл өзгергені байқалады. Әлемдік саясат түбірлі өзгеріске ұшырап жатыр десек, артық айтқандық болмас. 

1991 жылы Кеңес одағы дырағаннан кейін, әлемде «идеологиялық теке-тірес осымен аяқтады, капитализм жеңді, енді саяси қарама-қарсылықтар деген болмайды, әлемді бір ғана еркін нарық жаулайды, ақша тапқаннан басқа жұмыс қалмады!» деген ұғым үстемдік алған. Арада отыз жыл өткен бүгінгі таңда батыс дүниесі өзін ұйқыдан жаңа оянған адамның күйінде елестетіп отыр. Қараңғылық, жабайылық, диктаторлық, адам құқығын таптау қайта бас көтерді. Мына әлем олар ойлағандай тыныш, мамыржай емес еді. Біреулер олардың үнсіз іргесін қазып, орнатқан түзімдерін бір-бірлеп күшінен қалдырып, әлемдік деңгейде өз тәртіптерін енгізуге әлде қашан жұмыс істеп кеткен болатын. Оған да берісі он-жиырма жылдың жүзі болған. Осыны батыстықтар, әсіресе, АҚШ саясаткерлері енді шын түсінген сыңайлы. Олар шыт жаңа, батыл қадамдар жасап жатыр. Бір кездегі Кеңес одағына қарсы пайдаланған шараларды қайта тірілту, гуманистік құндылықты қайта тіктеу ғана батыстықтарға бұл тіресте күш-қуат беретіні анық. Одан өзге тиімді жол жоқ десек те болады. Сол қадамның бірі адам құқығына байланысты Қытай чиновниктерін жағадан алуға барып сайып тұр. 

Айтбақшы, билеушілердің жемқорлығын атағаны себепті түрмеде жантәсілім болған Серге́й Магни́тскийдің тағдыры менің ойыма Дулат Ағеділдің өлімін салды. Біздің биліктегілер де халықтың құқығымен, еркімен ойнауға үйір. Жиі асыра сілтейді. Құқық қорғаушылар халқтың қорғаушысы емес, азаматтардың құқығын басып-жаншушыға, тұншықтырушыға көбірек ұқсайды. Халық атынан «Жер сатылмасын!» дегені үшін азаматтарды түрмелеп, жыл кесіп жіберу деген не сұмдық? Мұның аяғы билік пен халықтың үлкен көлемдегі теке-тіресіне апарып соғып, оның ақыры біздің шеневниктердің аты-жөнін «Әлемдік деңгейдегі Серге́й Магни́тский атындағы адам құығын тектеу заңының» (The Global Magnitsky Human Rights Accountability Act)  қара тізімінен бір-ақ шығарып жүрмесе болды әйтеуір. Билеуші топ қолдарындағы мүмкіндікті ақылды баспен пайдаланбаса, есерсоқ, әулекілікке барса, «тайыншаның мұрынын жұдырықпен тесеміз» десе, онда біз үшін ол күн де қашық емес, деп ойлаймын.  

Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті ©Білге - Мәдениет пен өнер сайты