Қазақ қандай ұлт?
Неміс тарихшысы Oswald Arnold Gottfried Spengler-дың «Der Untergang des Abendlandes» кітабы бір түсінікті ортаға салады. Ол «мәдениет те өледі, біртіндеп құрып, жоғалады» дейді. Оның түсіндіруінше мәдениет үш сапада сақталады. Мәдениет алды, мәдениет пайда болған және мәдениеттің жемісін жеп, құрдымға бет алған тұс.
Тарихшының түсінігінде төрт аяғынан тік тұрған, біршама сапалы мәдениетті туындатқан адамдарда белгілі бір нық табан тіреп тұратын сапалық негіз болады. Сапа, құндылық мәдениет пен оны жаратқан қауымның ішкі байланысына құрылады. Сапа, құндылық қашан да белсенді әрекетті тудырады. Сапалы, құндылығы бар мәдените жарата алған қауым ұлтты жасақтайды. Ол «ұлттық мәдениет» деп аталады.
Қазақ тұрғысынан айтқанда қазақты құраған тайпалар, тайпа мемлекеттер кезеңі мәдениеталды тұсына жатады. Моңғол империясынан бөлініп, «қазақ хандығы» деген атаудың астына бас қосып, қырық ұрудан тұрса да «қазақ» деген атты қалап алған қауым көшпенділерге тән дүниетанымды сақтаған ұлттық мәдениетті қалыптастырды. Ресей империясының боданына өтіп, соңынан Кеңес одағының ұлтсыздандыру саясатының қазанынан шыққан бүгінгі қазақ мәдениеттен кейінгі – үшінші кезеңді бастан кешіп жатыр.
Бүгінгі азақтың алдында үлкен сын тұр. Ол – мәдениетті ұлт бола аламыз ба, жоқ, деген сұраққа жауап. Жоғарыда айтқан тарих қойнауындағы «ұлттық мәдениетті қалыптастырған» сапа, құндылығымыздың арқасында бүгінгі қазақ ұлттық мемлекеттің иесі. Бірақ, соңғы екі ғасырда бастан кешкен «мәдениеттен кейінгі», басқаша айтқанда ұлтсызданған дәуірді өткерген қазақ өзіне қажетті мәдениет жасауды қойғанда, бардың өзін дұрыс жолға қоя алмай жатыр. Бұл Spengler-дың сөзімен айтқанда «мәдениеттен кейінгі тобырға айналған халықтың жаңа ештеңе жасай алмайтыны, тек барды ғана пайдаланып, тұтынып, ішіп-жеп біртіндеп ат-атақсыз құрып жоғалудың (мәдениетін сақтап, күшейген өзге халықтарға сіңіп кету) жолына түсетінімен» қатысты болса керек.
Қазақтың «мәдениеттен кейінгі» кезеңі қай тұстан басталды?- деген заңды сұрақ туады. Меніңше ол қазақты құраған тайпа-ұру көсемдерінің Ресейдің бодандығын қабылдап, қазақтың соңғы ханы - Кенесары ханға сатқындық жасаған тұстан басталады.
Ендеше бүгінгі қазақтың бір сұраққа жауап беруіне тура келеді: өз алдымызға ұлт болып қаламыз ба, әлде басқаларға сіңіп жоғаламыз ба?
Бұл сұрақтың мәнін әуелі ұлттық элита тереңнен түсінуі және оған екі ұшты емес, нақты жауап беруі тиіс. Себебі, мәдениет жалпы халықпен қатысты болғанымен, оны сұрыптайтын, сапаландыратын, жүйелейтін, жиып келгенде жан беретін ұлттық элита.
E.Bolatkhan