Оуянг Ю (Ouyang Yu): Өлең көкжиегі біз ойлағанға қарағанда кең, шексіз...

284c9b0c769b4f508d8b4a6432ab5c03.jpg (2560×1803)

Ақын, жазушы, аудармашы (Австралия)

(Әуелгі тақырыбы «Көркемсөз хақында «Ақ ордалы Астана» поэзия кешіндегі ой»)


Әдебиет деген не? Күнкөріс үшін жазыла ма? Егер түбінде пайда көру мақсаты жоқ бір шығарма дүниеге келсе ше? Демек, ақшамен өлшенбейтін дүниені өліммен де өлшеуге болмайды.

Бір кездері Қытайда «бүкіләлемдік әдебиет» деп таныған әдебиет қазір әлем әдебиеті болып өзгерді. 1900 жылы сегіз мемлекеттің альянсына кірген Жапония, Ресей, Ұлыбритания, Франция, АҚШ, Германия, Австро-Венгрия, және Италия мемлекеттері. Жуырда Андре Жид, Исикава Точиги, Д. Лоуренс, Уилл Гомперц, Вальтер Беньямин, Ева Герольд, Умберто Эко шығармаларын оқыдым. Дегенмен бұл мәдениет төңкерісі кезіндегі үш мемлекеттің (Вьетнам, Солтүстік Корея, Албания) ғана әдебиетінен тұратын «әлемдік әдебиет» түсінігіне қарағанда жақсы.

* * *

f979e395399588dd5b9390350caa5dcb.jpg (624×425)

ХХ ғасырдың басында Лу Шин мен Мао Дуньның тірі күнінде әлем әдебиеті деген түсінік мүлде өзгеше болатын. Қыспаққа ұшыраған Австралия, Дания, Эстония, Литва, Чехословакия, Румыния, Малайзия, Болгария, Португалия, сонымен қатар Азия мен Латын Америкасының көптеген елдерінің әдебиетін 1949 жылы ҚХР құрылғаннан кейін ғана айта бастады. 

Өз басым 1966 жылы мәдениет төңкерісі қызған шақта әлем әдебиетінің бір бөлігі өртелгенін көрдім. Мектептегі тәртіпке бағынып, әкемнің кітаптарын алып макулатураға өткіздім. Есімде қалғаны: оның арасында «Тынық Дон», Крыловтың мысалдары сияқты кітаптар болды. Көбін ұмыттым. Сол кездері В. Кочетовтің «Ағайынды Ершовтар», Ф. Гладковтың «Цемент», В. Кетлинскаяның «Мужество» романдарын оқыған едім. Осының бәрі мені ерекше әсерде қалдырды.

* * *

80-жылдары Қытай әлемге есігін ашқанда, халық өзіне таңсық жаһанға ақылсыз, бағдарсыз ұрынды. Әрине, мен де ол толқыннан тыс қалған жоқпын. Дегенмен 90-жылдардың басында мен Австралияға кеттім. Ол жерде ағылшын, америка әдебиеттері бойынша бакалавр білімін алдым. Магистрлік тақырыбым Австралия әдебиетімен байланысты болғандықтан сол жерде қалып, білімімді жалғастырдым. Сол жерде ұзақ тұрып қалғандықтан әлем әдебиетінің бір бөлігі саналатын қытай әдебиетінен алыстай бастадым.

Дегенмен мен қытай тілінде де ағылшын тілінде де жазатын ақын, жазушы болдым. 

* * *

Әдебиет туралы ойым Австралияға барғанда өзгере бастағандай болды. Жазушы һәм оқырман ретінде мен бір елді оның әдебиетін оқығанда ғана танимын. Әдебиетін білмей тұрып, көзбен елестетіп ештеңе де айта алмаймын. Әдебиетін оқып, ақын-жазушыларымен араласып, жаңашыл, әдеби тәжірибеге жиі баратын қауыммен етене танысып, өлеңдерін, әңгімелерін аудара бастағаннан кейін маған бөтен әлем есігін аша бастайды. WeChat желісіне арнайы топ құрып, пікірлерімізді де ашық, әрі айқын жазып отыруға тырысамыз. 

Өлең көкжиегі біз ойлағанға қарағанда кең, шексіз. Өлеңнің түрі көп: қара өлең, ақ өлең, әлеуметтік өлең, екі тілді және экрафтық, пиньиньдік өлеңдер бар. Баллада, поэма бар. Осы поэзияның бәрі қаламмен де, компьютермен де, аудио және видео түрінде де жазыла береді.

Бұл қазіргі Қытай мен Австралия әдебиетіне ортақ құбылыстар. Бір жағынан қазіргі Қытайда жарияланып жатқан шығармалар партия мен билікті мақтайтын, сезімтал стильде жазылған, тарихи, саяси жағдайларға көз жұма қарайтын декоративті өлеңдер. Ал Австралияда сыйлыққа неолибералды көзқараспен қарайды. Егер кітап жүлде алса қатал экономикалық климаттан өте алады. Ал жүлде алмаса, көңіл бөлінбей ұмыт қала береді. Соңғы жетістіктің өлшемі ретінде Nielsen BookScan-ды айтуға болады. Ол жерде кітаптар туралы барлық ақпарат сақталған. Баспагерлер соған қарап кітаптарды қайта басып шығуға бола ма, жоқ па деген сұраққа жауап іздейді. Енді біз әдебиеттің болашағына ақша болып аттаймыз, ақшамен есептейміз. Қорқынышты сияқты...

* * *

d11cd1384543dcc7fa9ab83fa522781c.jpg (328×500)

Өз кітабыңды өзің шығару статус-квоға ие жазушылар үшін үміт сыйлайды. Қытайда өзің кітап шығарсаң, халықаралық нөмір ала алмайсың. Себебі ол өте қатаң бақылауда және қымбат. Әдетте 20-30 мың юаньды бір кітап нөмірі үшін төлейсіз (Бұл шамамен 1-1,5 миллион теңге көлемінде). Бірақ ақындар «заңсыз кітап шығару» жолымен жариялылық көріп, соны сатып, күн көріп келеді. 

Австралияда жағдай еркіндеу. Қанша кітап шығарам десеңіз де еркіңіз, бірақ кітабыңыз сыйлық алмаса, гаражда жатқан үйіндіге айналуы мүмкін. 

* * *

Мен енді музыкаға қызығып жүрмін. Бірақ жазуды ұмытардай емес. Енді Қазақстан әдебиетіне жақындап келемін.

* * *

2011 жылы Цинхай аралында өткен үшінші поэзия фестиваліне тұңғыш рет қатыстым. Сол кезде әр елдің ақындарымен таныстым. Әрине, олардың арасында қазақ ақыны да бар еді. Ол жердегі көңіл күйді, әсерді ұзақ айта беруге болады. Бірақ мен нақты екі нәтижені айтқым келеді. Біріншісі, менің өлеңдерім эстон тіліне аударылып басылды. Екіншісі, мен қазақ ақынының өлеңін қытайшаға да, ағылшыншаға да аударып, Қытайда жарияладым. 

* * *

Сол фестивальде жолықтырған көп ақынның түрі, аты есімде қалған. Тек бір ақын ғана есімде сақталмапты. Ол қазақ ақыны – Ардақ Нұрғазы болатын. Тек екі жылдан кейін электронды пошта арқылы хабарласып, жеті жылдан кейін ғана сол фестивальде бірге болғанымызды еске салды. 

Ардақтың алғашқы мен аударған бес өлеңі Cordite Poetry Review әдеби-онлайн журналында жарық көрді. Екі тілді форматта, қытайшасы мен ағылшыншасы қатар тұрды. Маған Ардақтың поэзиясындағы образ байлығы, көркемдігі және таңғаларлық метафоралары ұнайды. Оның өлеңдерінде айқын және жасырынып жатқан сырлары көп. 

* * *

Уақыт өте келе Бақытжан Қанапияновпен таныстым. Оның өзінен бұрын поэзиясына, өміріне қаныққан едім. Жас күнінде бокспен шұғылданып, екі рет Қазақстан чемпионы болыпты. Бірақ ол өлең жазғанда боксшыға ұқсамайды. Нәзік және салмақты жырлар жазады. 

* * *

Менің аудармаммен оның жеті өлеңі «Шилин» (№ 4, 2016) журналында жарық көрді. Бір жылдан соң сегіз өлеңін екі тілге аударып, «Шии-вэньсю» журналында басылды. Бақытжанның өлеңдерінде тарихи ауыр мұң, бәлкім, салмақ, абсурдтық сезім бар. Тіршіліктегі ойы адам жанын ерекше толқытады. Оның өлеңдерін қытайша оқығанда қазақ рухы бейне бір көз алдыма атқып шыққандай болады. 

* * *

Екі ақынның өлеңін қытай, ағылшын тіліне аударған елдің астанасына келдім. Осы елді, жерді көруге ерекше ынтығып, асығып келгенімді жасырмаймын. Бәлкім, осы «Ақ ордалы Астанам» фестивальінен соң көптеген қазақ ақындарымен тығыз шығармашылық қарым-қатынас жасайтын шығармын. 

Келгеніме, көргеніме, білгеніме қуаныштымын. 


Аударған 

Білім АРЫҚБАЙ

 «Егемен Қазақстан» газеті.   07 Қыркүйек, 2018


Материал туралы сітеме: https://egemen.kz/article/174059-korkemsoz-khaqynda-aq-ordaly-astana-poeziya-keshindegi-oy

Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті ©Білге - Мәдениет пен өнер сайты