Мұхтар Мағауин: Кеңестік дүниетаным қазақ өлеңін қалай өзгертті?
Ғалым, жазушы М.Мағауин ағамыздың осыдан отыз жыл бұрын жарық көрген «Ғасырлар бедері» кітабын парақтап отырып, қазақ поэзиясына қатысты «Сөз нарқы – Өлең өлшемі» атты мақаласын оқып, төмендегі жолдарды кездестіріп қалдық. Дайындаған материалдың тақырыбын өзіміз қойдық. Төменде ғалымның мақаласынан шағын үзінді беріп отырмыз. Аталған тақырыпқа қызығатын жандардың мақаланы толық оқуына кеңес береміз.
Редакциядан
Біз – бұрын болмаған ғажайып бақытты заманда жасаған керемет білгір әулет – тым құрыса қазақтың көне поэзиясының әліппесін танитын өреге жете алмай дүниеден көшіп барамыз. Жұрттың бәрі: «Білеміз!» деп ұран салатын Махамбетті ғана алайықшы. Жоғын емес, барын, сақталған, жатталған өлеңдерінің бірін:
«Желден де желгір ақбөкен,
Озса да орғып көлденең,
Құралайына қарайлап,
Оққа ұшпай ма сол үшін...»
Осылай жазып, осылай оқимыз. Шындығында:
Желден де
Желгір
Ақбөкен
Озса да
Орғып
Көлденең –
Құралайына
Қарайлап,
Оққа ұшпай ма
Оғлы үшін!
Жыраулық поэзия үлгісі. Басқы ұйқас, күй әуені, серпін, екпін, қайырым – төрт тұрманы тең. Тереңіне бойлауға санамыз жетпеген тұңғиық, биігін шалуға жанарымыз жетпеген заңғар. Классика!
Ескі әдебиет тарихына қатысты, оп-оңай көрінген кез келген құбылыстың астарында өте күрделі қатпарлар жатуы мүмкін. Бұл әсіресе, көркемдеу жүйесіне қатысты сөз.
...
Біздің әдебиетші ағайындар кез келген өлең – азды-кемді ұйқасқан сөздердің тіркемесі ғана деп қарайтын сияқты. Қалыптасқан стереотиптен шыға алмаймыз. Шәкерімнің жас кезінде жазылған ең озық туындыларының бірі - «Шын сырым» деп аталатын өлеңінің айрықша әуез, ырғағы, биік көркемдігі бірден-ақ көзге ұрып тұр. Ырғақ екпіні де үйреншікті үлгіден басқаша. Бұл өлеңнің Шәкерім есімі алғаш бір жарық еткен 1959 жылы «Қазақ әдебиеті» газетінде (№2) ең таңдаулылардың қатарына ілінуі кездейсоқ емес. Онда былайша таңбаланған:
«Жиырма үш жасымда бұл өлең жазылған,
Басында табылмай өзіне лайық ән...»
Арада отыз жылдай уақыт өткен соң жарық көрген, біз қарастырып отырған жинақта («Шәкерім шығармалары» бір томдық, Жазушы баспасы, 1989ж. 43-бет) басқаша жіктеліпті:
«Жиырма үш жасымда
Бұл өлең жазылған,
Басында табылмай
Өзіне лайық ән.
Мұңлы, күйсіз,
Жесір боп жатыр еді,
Мінеки, ойланып,
Өз әні табылған».
Алғашқы үлгідегі 12-12-11-12 буынды, а-а-ә-а ұйқасты төрт тармақты шумақтар, соңғы нұсқада сегіз тармаққа көшірілген; бұл сегіз тармақта аттамалап үш-ақ жол ұйқасады, екпін, ырғақта шалыс, бұрыс, кіді көріністер толып жатыр. Сонда... Соңғысы қате, алғашқысы дұрыс болғаны ма? Ары қарай оқып көрелік. Тайпалып тұрған сұлу әуен, ішкі ұйқас. Бір емес, екі емес, өлеңнің өн бойында.
...
Қазақ уәзініне Шәкерімнің енгізген ең қарапайым үлгінің бірі – ежелгі қара өлеңнің бірінші, екінші, төртінші тармақтарын бір-бір буыннан үстемелеу нәтижесінде жасалған мүлде жаңа құрлым – ақсақ ұйқасты, 12-12-11-12 буынды, ғарзу (әр қайсысы үш буыннан тұратын төрт бунақты мутадарик) рәуішті өлең. Бұл жағына ой жүгірітпеген ағайындар үйреншікті он бір буыннан асып кеткен тармақтарды әр қилы мөлшерде бұтарлап, жаңа өлең жасамақ болған.
«Бостандық таңы атты,
қазағым, көріңдер,
Арға ие басшының
соңынан еріңдер.
Таң артынан ақиқат
күн шығады,
Еріншек, жалқаулық
Әдеттен безіңдер». (185-бет)
«Білімсіз, өнерсіз» бөлшектемей, өзінің табиғи қалпында таңбаласақ, былай болар еді:
«Бостандық таңы атты, қазағым, көріңдер,
Арға ие басшының соңынан еріңдер,
Таң артынан хақиқат күн шығады,
Еріншек, жалқаулық әдеттен безіңдер.»
...
Мағауин М. «Ғасырлар бедері», (Жазушы баспасы. 1991ж. 409-бет.)