Мүзафар Əлімбаев. Ақын Омарғазы Айтанұлының поэзиясы

af56f1a6a7b3e8134c1616fff897b2f0.jpg (960×482)

Иə, ол сонау 1957 жылдың сары күзі еді... Отыз-отыз бестегі өрен жастар — жас-жас ақындар жалаң қаққан жас бөрідей кезіміз... Жаңа бір атау сөзді құлағымыз шалса да, елең ете қаламыз; газет-журналдан тосын тынысты, оқыс ойлы бір өлең оқысақ та бір жасап қаламыз. Ол-ол ма, редакцияға келген хаттар ішінде жылтыраған моншақтай бір түйірі көзімізге түссе де бірімізге біріміз тамсана айтып, əңгіме етеміз.

Ойда жоқта бір бума поэма қолымызға түссін! Қолжазба күйінде. Көркем əдебиет баспасына сонау қытайдан келіпті. Кезекке тұрып, бірімізден-біріміз қағып алып оқимыз. Бір күні əлгі қолжазба менің де портфеліме сүңгіді. Үйге келген соң оқуға кірістім. «Менің шығысым» атты публицисткалық дастан екен. «Сөйлер сəмед воргұн тырна көзді бұлақтарынан, алып өт, Мұқтар аға, Абай ағаңды ай астының ақ жал атымен». Қалай-қалай шалқиды сабазың! Қандай биік өрлік! Асқан романтизм лебі еседі. Сол күнге жоспарланған шаруам далада қалды. Жазамын деген жаңа өлең жазылмай жатты. Түнімен отырып, жас ақын Омарғазы Айтанұлының «Менің шығысым», «Табиғат философиясы», «Найзағай» поэмаларын оқып шықтым. Өйткені ертеңгі кезегін күтіп, қомданып отырған əріптесім бар...

Шынымды айтсам, мен лепті поэзияның, өктем дауысты поэзияның  ауылынан алыс қонған адаммын ғой, кеше де, бүгін де... Менің ақындығым  майда қоңыр. Əндерге көбірек ұқсайтын болар... Соның өзінде де соныны сонылаған автордың сөз сілтесі, қиял серпіні мені еліктетті, еліктірді. Сол күнгі түйген ойымның негізі өзегі: қазақ поэзиясына төл тума дастандар, өзгелерге атымен ұқсамайтын, тынысы мен тумысы бөлек ақын келген екен. Үйреншікті өлшемге яғни қазақтың қара өлең шеңберіне симай бұлқынған, екі иығымен кезек осып-іреп өзіне жол ашқан бір бұла күш көзге елестейді. Не керек, сол қолжазба қолдан-қолға көшіп кете берді. Бүгін бүкпей айтатын шындық біреуі: Омарғазы Айтанұлының «Менің шығысым», «Табиғат философиясы» атты туындылары кезінде ұстаздық рөль атқара дүниеге келген дастандар болды. Қазақстанның бір топ жас талаптары Омарғазымен өнер жарысына, өлең бəйгесіне түсті дей аламыз. Тегеуірінді талант Төлеужан Сымайылов, сырттай момақан, іштей қайсар, Шақар Кашшаф Туғанбаев, бертініректе адуын ақын Мұқағали Мақатаев, төскей өрге салсаң да тасырқамас Төлеген Айбергенов қазақ өлеңіне ғажап өрнектер қосты. Көркемдеме құралдармен байытты.

. . . Содан кейін ондаған жылдар бойында «асау ақын» Омарғазы Айтанұлынан көз жазып қалдық... «Жазушы» баспасы шығарамыз деп жоспарлаған кітабы да əлде қандай себептермен жарық көрмеді...

Кейін естіп-білуімізше оған бөгет болған: замандас ақын зобалаң заманының зардабын шеккен екен... Міне енді «Шалқар» газеті «Табиғат философиясын» жариялап, оқырманды қуанышқа бөледі дей аламыз. Арада 35 жылдай өткенде ескі танысыммен қайта қауышқандай болдым. Сол дастан менің күнделікті көп қағаздарымның арасында жүргеніне бір сыпыра болды. Түкпірдегі папклердің біріне сырғытқым келмейді. Андасанда бір көз жүгіртіп қоямын.Тағы да қайталап айтайын, табиғат жаратылысы басқарақ, ақындығы мен стиль бөлек ақынға, өзімен іштей жақындық таппасам да, сөз зергерлігіне көп тұста көңілім көншитіндіктен, сыйлай қараймын. Ондай құрметке өлең иесі татиды да! Сонымен «Табиғат көрпесінің салқын астары тіршілік төсегін тоздырмай бүркеген, шегіртке сирағы сарғайып бүктеледі, қанша жыл жоғалмай топырақ мүлгіген». Қарапайым ұғым, қазақы ұғым:  табиғат, көрпе, төсек, тозу, бүркеу — ежелгі ескі лексикамыздың ескірмес біріндіктері (единицалары). Ал сол үйреншікті сөздер ақын түзілімінде түрленіп, жүк арқалап, назар көзін өзіне бұрғызады... Табиғат көрпесі, тіршілік, салқын ашар қара байыр, қалыпты дүниеден бойын оздырып, осы ақын өзге бір дүниені сөз еткелі отыр-ау дегізіп, алаңдатады. Ырғақты өзгешелікке əуелінде ынта қоймай өте шығамыз. Сөйтсек, алғашқы жол мен үшінші тармақ əр қайсысы он үш буыннан екен, ал екінші жəне төртінші жолдар он екі буыннан.Сонымен, бірден тұяқ түспеген соныға ендей бастаймыз. Дастанды бір сыдырып-ақ оқып шыққаныңда қортындылайтының: шығарманың құнарлы ойларының молдығы əрі олардың қолтумалылығы, өзіндігі яғни автордың бұл — қорғаламай-ақ айталық — ойшыл екендігі, анықтап тұжырымдасақ, философ екендігі! Барды бар деп айту да — сауап! Пəлсапа қазақ баласына бұйырмаған дəмдей көріп, төменшіктеп, өз халқымыздың ұл-қыздарының парасаттылығын ауыз толтыра айтуға келгенде келін мінезбен кішірейе беретінімізге түсінбей келем. Біздің  Асанқайғы, Бұхар жыраудай, Төле бидей, Қаз дауысты Қазбектей, Əйтекедей, Жиреншедей дəнішпандары барлары бүкіл дүние жүзіне айғайлап, жар салып жария етіп, жақсыларын баяғыдан-ақ жаппай танытып үлгерген! Ерте туып кеш қалып жүретін біз ғанамыз! Қазақ қана! Жарайды, негізгі əңгімемізге оралайық.

«Ескі өлең ұйқастарына жаңа өлең симайды, өлең жолдары күреспен өседі. Табиғат мазмұны мұнда жиналып, ақын қиналып, тағы бір формаға көшеді».

Мынау шумақ түгел — тұтас айтқанда жаңашыл автордың эстетикалық бағдарламасы дерліктей. Замана заказымен туған жаңалық төркінін түптейміз. Тіршілік — қарама-қарсылықтардың қиянкескі күресі, жаңару, жаңғыру, жақсару екенін философ ақын қысылмай-ақ, қисынды-қыбымды жеткізген. Дамудың ірге тасы, кепілі жасанпаздықта; даярды жеп-ішуде емес. Дамудың кепілі əзір бар асылдарды игілікке жұмсай білуде ғанаемес... Дамудың даңғыл жолы — жаңаны жасауда, мол етіп жасауда:

«Кім жасай білмесе, сол құрып бітеді!». Понетика заңдылығын алты сөзді өлеңге сидырып, арамтамақтар мен масылдарға, орашолақтар мен олақтарға тарих атынан үкім шығарғандай. «Соқа табанынан трактор үлкейіп, Платон ақылы мысқылмен жетілген».

Бəрі де эволюциялық жолмен өсіп өркендейді, жетігеді, кемелденеді — осы идеяны Омарғазы өзіндік өрнекпен оқырманға ұсынады.»Ұстаздан шəкіріттің маңдайы үлкендеу, əкенің көргені балаға көшеді..» Мұнда да дəстүр жалғастығы, рухани өзектестік — сабақтастық ұзын желі боп тартылады.Дастанның тұла бойы түгел дерлік палсапалық ойлармен суарылған. Соның бəрін санамалай бермей-ақ қоялық. Туындының түйінді шумағымен бізде негізгі тебіренісімізді шумақтайық:

 

«Дүние тарих — өзгеру тарихы,

 Тіршілік — материя, өнеді, өседі.

 Жаңалық — Заманның бір мықты жігіт,

 Ескілік қирайды, өледі, өшеді».

 

 Айтуда-ақ айтқан! Тереңге бойлаудай-ақ бойлаған! Дастанның ең басты құндылығы — оқырмандар көкейінде дауыл сезімдер тудыратындығы! Алайда кезінде коммунистік идеялогияның қажырлы жауынгерімін деп түсінген автор шынайы ғылым тұрғысынан, өмір шындығы тұрғысынан табанын тайғанатып алған тұстары біршама бар екенін жасырмауымыз парыз. Қайда бір труба түтіні көтерілсе, сол жақта бір шіркеу буынып өледі... Мыңдаған жылдық тарихы бар діндердің буынып өлмей-ақ бүгінге жеткеніне халықтар куə болып отыр... Автордың əлгі сəуегейлігі бүгін жай ғана жымиыс шақырады. «Социализм — дүниенің жаңа бір дастаны. Əр адам алақанына бір сыбаға береді...» Бүгінгі оқырман мұндай түйіндерге басын шайқап қана өтеді. Өз уəждерін де келтіріп, пікір таластыруға енжарланбас шығар... «Коммунизм адрес — табиғат маңайында...» деген жолдар оқырманды ұйту қуатынан ажырап қалғаны да құпия емес...

Қысқартып айтқанда, бүгінгі қазақ оқырманы адуын ақын Айтанұлы Омарғазының бұрынғы туындыларын əділ бағалай да біледі, кей тұстарда сын көзімен қарап уақыт сынағынан өте алмаған идеялық солқылдақтықтарын айыра оқи да алады. Енді «Табиғат философияс» дастанының көркемдік сапасындағы кенеусіз талшықтары жайында бір-екі сөз айту лəзім. Біріншіден, дастанның шумақтары кезекті ұйқаспен көмкерілуі яғни əр төрт жол өлеңді екі-ақ ұйқас орын тебуі туындының күйлілігін, саздылығын солғындатқан. Екіншіден, ішкі үйқастар сиректігі де өлең бұлшық еттерін болбыратыңқырап тұрғаны көзге ұрады.

Омарғазы Айтанұлының өзге дастандары менің қолыма түсе қоймағандықтан «Табиғат философиясы» төңірегінде ғана пікір топшылаумен шектелдім. Біздің мақсат — бейнелі-бедерлі туындыны бүгінгі қазақ оқырмандар қауымы көбірек, тереңірек білсе екен дегендік.

Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті ©Білге - Мәдениет пен өнер сайты