Ardakh Nurgaz. Өнер туындысының үні
(Омарғазы Айтанұлының «Қорқыт күйі» поэмасы туралы шолу)
Бүгін деген өткеннің жиынтығы. Ол уақыт өрісінде, санада, сөз теңізінде шашылып жатыр. Сол шашылып жатқан жүйесіз дүниені іліп алып, іретке келтіріп, тәртіпке салып, жаңа бір шартты тұтастық жасайтын өнер туындысы - поэзиялық мәтін. Өткенге қанық болсаң, әдебиеттің дәстүрін анық білсең, ол айналып келіп саған табан тірейді. Сенімен бірге - поэзияңда өмір сүреді. Поэзияға тән тіке түйсік әлгі кеңістікке алып шығатын бірденбір тетік. Әрине, өлең жазуға машықтану арқылы келгендер үшін бұл асу бермес асқар бел сияқты, ми жетпейтін, түсінуге шарасыз машақатты нәрсе. Жаттандылық, қалыппасздық деген ескінің сорабына түсіп алып, көзді тарыс жұмып, бір әрсекетті (мұнда өлең формасын) ессіз қайталай беру ғой. Бұған қатысты соқыр көргеннен жазбайды, демей ме. Бұл, енді, басқа сөз.
Қазақ поэзиясында мәдениет тарихына терең бойлап, дәстүрдің сарқытын қанып ішкен ақын ретінде М.Жұмабаевтен кейін Омарғазы Айтанұлының есімін айырықша атауға болады. Қорқыт тақырыбы әне соған дәлел. Екі ақын да өз ғасырының шегінен аттап өтіп, үлкен кеңестіктегі поэзияның айдынына еркін шыққан тұлғалар. Екі ақынның бойындағы ортақтық әлгі құндылықтарға олар заманның шектемелігіне қарамастан барғанында, поэзияға не керек екенін шынайы парасат биігінен таныған және соны орындап шыққан тұлға болғандығында жатыр.
О.Айтанұлының өмірі де М.Жұмабаев тағдырымен астасып кеткен. Ақынның 1958-1978 жылға дейін Қытай түрме жазасында өлмегені болмаса, қиындық пен қорлықтың түр-түрін көріп, тән азабы мен жан азабының барлық тақсіретін тартып, соңғы өмірін соның бодауына беріп күн кешкені белгілі. Есесіне ақын одан өмірдің екінші қырын таныды. Әсіресе, кейінгі шығармашылығында ақын әдебиет, поэзияның түп болмысы, саясат пен әдебиеттің байланысы, шығармашылық бостандық, өнер адамының еркі, нені жазу керек, неден бастартқан дұрыс, деген сипаттағы түсініктерге барынша анық ұстанымымен көзге түседі. Әр нәрсенің шегіне жеткенде ғана ол туралы толық ой қортасың, қортынды шығарасың, деген де осы шығар. Кеңестік-коммунистік идеологиялық өтірікке шығармашылығын біржолата беріп, этикасы құнсызданып, өмірінің ақ-қарасы, өтірік-шыны араласып, күңгіріттеп кеткен әдебиеттегі тұлғалар қаншама.
Осы жылы белгілі қазақ ақыны, модернистік позияның дүлдүлі О.Айтанұлының туылғанына 90 жыл, өмірден өткеніне 24 жыл толып отыр. Қазақ поэзиясы тарихында өз орыны бар ақынның бірегей шығармаларының қатарында «Қорқыт күйі» поэмасының ұстар салмағы ерекше. Бұл ақын өмірден өткен тұста, жазу столында қалған шығарма ретінде бөлекше құндылыққа ие. Басқаша айтқанда, осы шығармадан біз ақынның ақырғы сәттегі поэзияға қатысты тасадағы таным-түсінігі мен болмысына көз жүгіртуге мүмкіндік табамыз.
Поэма Нысан абыз қозғаған Қорқыт пен оның қобызы туралы ел аузында жинақталған аңызды арқау етеді. Шығармада анық желі, оқиға немесе сюжет жоқ. Бұл жағынан мәтін ақынның соған дейінгі лирикалық поэмалары мен дастандарынан айқын парыққа ие. Ұқсастық жағы сөз алысы ақынның бұрынғы реаиалистік стилды жалғастырған. Бір қарағанда поэма әлі аяқтамаған, ақын оны жазу барысында белгілі бір бөлегін қағазға түсіріп, кейбір бөлегін бос қалдырып – кейін толқытап жазатын ыңғай танытып, біз білетін бүгінгі әлетіне әкелген. Әсіресе, поэманы алғаш баспасөзде жарыққа шығарған тұста қатысты адамдар оған осылай баға беріліп, түсінік жасаған. Осы арада бір сұрақ туады. Мүмкін поэманың дәл осы қолда бар нұсқасының өзі ақын танымындағы шығарманың түп болмысы болар. Біз оған «аяқталмаған» деп өз ойымызды қосақтап, тіпті, соны мүлделестіріп жүрген жоқпыз ба?! Бұл сұраққа тұшымды жауап табу поэманың, формалық, құрлымдық ерекшелігінің заңдылығына, оның төл шығарма ретінде табан тіреп тұра алатын-алмайтынына көз жеткізу мәселесіне барып саяды.
Поэмада анық оқиға, сюжет немесе бір ізді желі жоқ. Бұл сөздің ауанын белгілейді. Сөз мәннің материалдық формалық түрінен гөрі әуендік болмысына қарай ауытқығанын, лирикаға басымдық бергенін аңғартады. Жинақтап келгенде айтарымыз «Қорқыт күйі» анық композициясына емес, образды әуенге сүйеніп өмір сүріп тұруға бейімделген шығарма. Оның формасы соған сәйкес келеді. Поэманың болмысын әдеби мәтінен гөрі музыкалық шығармалардың, әсіресе симфониялық шығамралардың қалыптасу ерекшелігіне сай бақыласақ, бұл түйінді анық түсінеміз. Ондағы ақ қалған, әлгі «кейін жазуға ыңғайланып қалдырылған» делінетін тұстардың мәні мен мағынасы да осы тұста өз шешімін табады. Ақ қалған тұстар шығарманың өзіндік қажетінен туған ой-шұңқыр екенін байқайсың.
Музыкалық шығармаларда, әсіресе симфониялық туындыларда желі, сюжет, композицияға сіңіп, тіпті біртұтас тарихи оқиғалар жүретіні белгілі. Айталық, Theodor W. Adorno Бетховеннің «3-Симфониясынан» Наполеонға қатысты тарихи оқиғаларды, «5- Симфониясынан» музыканыттың өз тағдырын атағанын білеміз. Бірақ, ол мазмұндар шығармада көзбен көріп, қолмен ұстай алмайтын үлгіде өмір сүреді. Музыка шекті материяға ие, әуеннен тұратын рухани қозғалыс, үн. Оның формасы мен құрлымын тек тыңдап қана айырып, көріп, тани аласың. «Қорқыт күйі» поэмасын да осы тақлетті оқу арқылы сезіну керек. Оның құрлымдық бөгенайы оқу барысында ой әлеміңде өзін тұлғалайды. Ол тұлғаны сен поэманың сыртқы белгілергі арқылы танып, анықтай алмайсың.
Өнер туындысы шығармашылық адамның тасадағы жандүниесін, рухын көрсете алады. Көрнеудегі адам материалдық болмыстың жиынтығы десек, оның рухы тасада тұр. Өнер туындысынан біз сол тасадағы, көмескідегі жандүниені, рухты тани аламыз. Өнер туындысы жоқ ортаны өзін рухының, жандүниесінің иесі – тұлға ретінде тануға қауқары жоқ, төмен мәдениеттік деңгейдегі адам шоғыры немесе рухсыз, материяға шексіз жақын әлем деп қарауға да әбден болады.
Негізі өнер туындысының үні оны жаратқан ортаның рухани болмысын да айғақтайды. Бұл арада өнер туындысының үнін ерекше атап өтуіміздің өзіндік себебі бар. Мұндағы үн шығарманың ішкі әуенімен қатысты. Ол қатып қалған дүние емес, қайта, қозғалыстағы формаға тән дүние. Біз өнер туындысын – поэзиялық мәтінді оқыған сәтте көз алдымыздан картина өтеді. Ол құлағымызға үн болып келеді. Жалпы шығарма осы қозғалыстағы картиналардың, образдардың үнінен, әуенінен тұрған, көзге көрінбейтін, бірақ, сезінуге болатын шартты форма. Оның енді бір атауы, әрине үн, әуен. Осы әуен, үн мәтіннің құрлымын белгілейді.
Сондықтан «Қорқыт күйі» поэмасының бүгінгі болмысын ақынның мәтінге сіңірген түкпілікті қасиеті, ерекшелігі деп қабылдауға негіз бар. Аталған туындыны толық аяқталған шығарма деп қарауға да әбден болады.