Wang Xiaoyu. Тәуелсіздік кезеңіндегі қазақтың ұлттық болмысының әдебиеттегі көрінісі

000c652f9fd6a71a5a4fb2df94aee35c.jpg (600×625)

(Жазушы Төлен Әбдіковтің шығармалары туралы зерттеу)

Кіріспе

Еуразияның кіндігінде орналасқан қазақ даласы ежелден-ақ әскери стратегтердің шайқас алаңы болды. Қазақ тіліндегі «қазақ» терминінің түбірі «қаз», яғни «еркіндік» дегенді білдіреді. Сондықтан «қазақ» термині «кең даланы ен жайлап, емін-еркін көшіп-қонған, азат, кезбе, ержүрек халық» дегенді білдіреді. Ұлттық тәуелсіздік пен еркіндікке ұмтылу - қазақтың болымысындағы басты мақсаты. Қазақстан егемендік алғаннан кейінгі тарих оқулықтарда, орыстандыру саясатының кесірінен, жергілікті халық ғасырға жуық уақыт езгіге ұшырап, қасірет пен қорлық көргенін, сонымен қатар, империялық Ресей мен Кеңес Одағы дәуірін «отарлық кезең» деп ашық жазған. Қала берді, Қазақстан астанасын Арқаға көшіру, қазақ әліпбиін латынға көшіру, қазақ, ағылшын және орыс тілдерінде білім беруді ілгерілету, астананың атын өзгерту сияқты шараларды дәйекті түрде жүзеге асыру арқылы, Ресейдің ықпалынан арылуға тырысып келеді. Тұңғыш Президент Назарбаев: «21 ғасырдың орта шенінде «Қазақстанның әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына кіру» Ұлт жоспары - қазақстанды дамытудағы бірден бір ұлы жол», - деп көрсеткен. Сондай-ақ, ел бірлігіне апарар жол - азаматтық бірегейлікке негізделетінін, «болашағы біртұтас ел», «Мәңгілік ел» қағидаттарына сай, қоғамдық даму арқылы ұлттық бірегейлік пен ұлттық бірлікті нығайту қажеттігін де атап өткен.

Әдеби шығармаларды «орыссыздандыру» (орыс тілінен, орыс мәдениетінен алшақтау - ауд.) Қазақстан үшін ұлттың өзін-өзі тануын жүзеге асырудың және ұлттық ұжымдық танымды біріктірудің қажетті жолы болып табылады. Егер қазақ даласына табандап кірген славян өркениеті үрдісін, орыс әдебиетін қазаққа сіңірудегі алтын көпір дейтін болсақ, онда қазақ халқының өзіндік мәдени болмысын іздеу үдерісі, табиғи түрде қазіргі заман қазақ жазушыларының дербес мәдени ошағын қалыптастырудың, ұлттық әдеби атмосфера қалыптастырудың жолы дер едік.

Кеңестік кезеңде көптеген этникалық ұлт жазушылары өздерінің әдеби шығармашылығын биік деңгейге көтере алды, олар үкіметтің этникалық топтар әдебиеті мен жазушыларына қолдау көрсету саясатын мықты пайдалану арқылы, әртүрлі этностарара әдеби достық орнатып, әр ұлт қаламгерлері өздерінің ұлттық жазба әдебиетінің негізін қайта қалыптасыруға күш салды. 1990 жылдардың басында 70 жылға жуық дәурендеген Кеңес Одағы әп-сәтте ыдырап, оның қанды шеңгелінен босаған жаңа ел ретінде, Қазақстан өзінің әлемдік тарих сахнасындағы орнын тез арада қайта тіктеуі қажет болды. Ал Кеңестік кезеңдегі этникалық ұлт жазушысы саналатын, Кеңес Одағының ыдырауын да, тәуелсіздікті де қатар көрген Төлен Әбдіков сынды жазушылар, кеңестік идеология мен ұлттық саясаттың ықпалында өсті. Т.Әбдіков бастаған қазіргі заман қазақ жазушылары, өз шығармалары арқылы қазақ болымысының өзгеру жүйесіне қалай әсер етіп жатқанын бағамдау - Қазақстандағы ұлттық бірегейлікті зерттеуде тиіптік және бірегейлік мәні бар. Т.Әбдіков Қазақстандағы ең беделді жазушылардың бірі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері (2002ж.). 2002 жылы жарық көрген «Парасат майданы» атты повесі Қазақстандағы ПЕН клуб сыйлығын, халықаралық Ф.Кафка атындағы орденін және Еуропалық алтын медалді иеленген (2003ж.). 2004 жылы осы шығармасымен Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атағын алған. Шығарманы орыс тіліне аударған ресейлік прозаик, аудармашы Анатолий Ким: «Шығарма күрделі де шиеленісті, оқырманды метафизикалық әлемге жетелейді... Автордың шығармашылық философиясы символдық мәнге, өмірдегі трагедиялық тартысқа толы... Бұл - адамдардың жүрегіндегі жарық пен қараңғылықтың күресі» деген екен. (Орыс тіліндегі «Дружба народов» журналының 2007 жылғы №6 саны)

Ұлттық мемлекеттер әр түрлі айла-тәсілдерді жұмылдыру арқылы қиялдағы қауымдастықты үлгісін жасайды, сол арқылы азаматтар өздеріне және отандастарына ортақ тарихи танымды қалыптастырады. «Бірегейлік - көп жағдайда құрастырылған ұғым дегейтін мәнге ие.» «Әдебиет - көркемдік пен сезімнің ерекше формасы арқылы, адамдардың негізгі және жалпылық болмысын айқын бейнелейді,» қазіргі Қазақстан жазушылары өздерінің мәдени дәстүрлеріне қайта оралу, бүкіл адамзатқа ортақ күрделі мәселелерге атсалысу, ұлттық бірегейлікті құру және бұқаралық тарихи көзқарастарды әдеби тұрғыдан қайта қалыптастыру үшін қандай көркемдік және мәдени стратегияларды үңіледі. Мақаламыздың басты мақсаты да осы.

I. Өнердегі стратегия: поэтикадағы дәстүршілдік және жаңашылдық

40-шы жылдары дүниеге келген Т.Әбдіков, «орыс әдебиетінің ықпалында өстіңіз бе?», - деген сұраққа: «Менің жазушы болып қалыптасуыма орыс әдебиетінің ықпалы өте зор болды», - деген екен. Қос тілде білім алған ол Гоголь, Толстой, Достоевский, Чехов сынды көптеген орыс классик жазушыларының әдеби шығармаларымен кішкентайынан таныс болған, тіпті орыс тіліндегі кейбір көркем мәтіндерді де бес саусағындай білген. 19 ғасырдың аяғында Ресейде басталған рухани дағдарыс неоромантикалық поэзия мектебінің қалыптасуына ықпал етсе, (Л.П.Сеникова: «Достоевский и неоромантизма русское поэзия 1880 жж. 1890 жылдар») Неоромантикалық тенденция Қазақстанда алғаш рет 1970-1990 жылдары пайда болды (Жанузакова К.Т.Оналбаева А.Т. ), салыстырмалы түрде Ресейден бір ғасырға жуық кеш. Бұл ағым Кеңес Одағының ыдырау қарсаңында пайда болған еді. Мүмкін, Кеңес Одағының этнос ұлттарға қатысты цензурасының салыстырмалы түрде босаңсығандығы болар, мүмкін, социалистік реализмнің бұғауын бұзуға деген романтикалық пиғылдың, ыдырауға дейін пайда болғандығынан да шығар, немесе Қазақстандағы зиялы қауымның діни наным-сенімінің әлсіреуінен бе екен, халқтың ішкі күйі мен психикалық ерекшеліктерінде едәуір өзгерістер болды. Т.Абдіков - неоромантикалық ағымының басты өкілі. Оның шығармашылығы - әлемдік классикалық озық үлгілерін негіз еткен, көркемдік таным мен жазушылық шеберлікті дамытуға бағытталған деуге болады. «Оң қол» мен «Ақиқатты» осы кезеңнің өкілдік шығармасы деуге болады. Соның ішінде, «Оң қолдың» бас кейіпкері Алма шизофрениямен ауырады. Кейіпкер мен оның оң қолы екі түрлі заңдылықпен өмір сүріп жатқан екі «мен» сияқты. Ал «Ақиқаттың» бас кейіпкері Роберт, идеологиялық тұрғыдан қоғамға үйлесе алмайды: ғылыми-техникалық прогрестің заманауи адамдардың өміріне ықпал етіп жатқанын қабылдай алмай, технологиялық өркениетке қарсы екенін, психиатриялық ауруханада тұру арқылы білдіреді. Адамның рухани кемелденуі мен рухани өсуі Т.Әбдіков шығармашылығының негізгі тақырыбы, автордың «Парасат майданы» шығармасы осыған жауап берсе керек. Басты кейіпкері елден ерек, қылығы ақылға қонымсыз, алайда, жазушының әдейі бейнелеген кейіпкерінің романтикалық бейнесі дәл осы жерде. Күнделік авторы мейірімді әрі өнегелі жан, ол бейтаныс адаммен ұзақ уақыт хат жазысып жүреді, хатта адамдардың рухани құндылығы мен жақсылық һам жамандық мәселелерін талқылайды.

Шығарманың басты кейіпкерін суреттеуде қолданылатын «Әлемге көрінбейтін көз жасы», А.П.Чеховтың осыған ұқсас әңгімесінің тақырыбын тікелей пайдаланған, ал Гогольдің «Өлі жан ісі» шығармасындағы «Көз жасын көрмейтін әлем, күлкіні көреді» дейтін ойының деформациясы сияқты. Шығарма жанрлық жағынан да Гогольдің «Өлі жан ісі» сияқты үзік-үзік күнделік стилінде. Ал мазмұндық жағынан да, А.П.Чеховтың «Әлемге көрінбейтін көз жасы» (1884) атты әңгімесіндегідей, ақкөңіл, қарапайым адамдардың тұрмысы мен отбасылық мәселелерінің төңірегінде өрбиді, бас кейіпкерлердің бәрі де типтік шағын кейіпкерлер.

Күнделік авторы, қатгез әрі алаяқ бейтаныс досының басқа бір өзі екенін білгенде, тауы шағылып, өзіне өзі қол салу арқылы, сұрқия өзін жеңбек болады. Алдыңғы «Оң қол» шығармасы қозғаған жеке тұлға тақырыбы, бұл шығармада логикалық түрде жалғасын тауып, кемелденген. Замандас жазушысы Виллевочкиннің «Гогольдің басшысы» атты шығармасында да осы тақырып қозғалады. Газет жұмысшысы «мен», «шындықтың бір бөлігін ғана айтатын» жерден кетуге бел буып, «шындықты мозаика сияқты беттестіру арқылы қалпына келтіретін» жерге барып, тұлғаның екіге бөлінуінің ұзақ мерзімді күйінен арылғысы келеді. Психологиялық аурухана болсын, газет болсын, бәрі бір Қазақстанның өтпелі кезеңдегі әлеуметтік мәселелерін жинақтап көрсетіп отыр. Жоғарыда атап өткеніміздей, Қазақстанның тәуелсіздік алғанға дейін және одан кейінгі әлеуметтік проблемалары 19 ғасырдың соңы мен 20 ғасырдың басындағы Ресейдегідей болды. Қоғамда рухани алшақтық пен жеке тұлғаның екіге бөліну күйзелісі көп болды. Сондықтан 19 ғасырдың екінші жартысындағы орыс әдеби шығармалары, неліктен қазіргі қазақ жазушыларының идеалды нысанына айналғанын түсіну қиын емес.

Т.Әбдіковтің «Парасат майданы» шығармасында кейіпкерлердің ішкі әрекеті мен қайшылығын көрсету үшін тұспалдау, символизм, контраст және сана ағымы сынды бейнелеу формалары қолданылған. Естеліктің төртінші бөлігіндегі «жайсыз түсі» «қусаң кетпейтін шыбын» сияқты мазасыз әрі қорқынышты. «Көзімді жұмсам болды, кесілген жерінен қызыл еті көрініп, орындық үстінде шалқалап жатқан өз басымды қайта-қайта көремін.» дейді. Қазақ ғалымы У.Қалижанов: «Автор заманауи оқырмандарға уақыт пен өмір туралы ойларды ашық көрсетіп берді. Қазақ әдебиетінде модернизм мен постмодернизм тенденциясы күннен-күнге айқындала түсуде» деген екен. [В. Калижанов. Казахская литература в мировом контексте] Сызықтық уақыт әрқашан «тоқсаусыз қайталанса да бірікпейтін, дәстүрі мен мақсатынан айырылған». Орыс әдебиеті бейнелейтін сызықтық классикада «бірыңғай тақырыптық, жалпы тарихы және сюзеринтті кемелдендіріп, отарлықты аластаған айшықты нышандар бар.» (Британия. Терри Иглтон: «Тарихтағы саясат, философия және эрос», аударған Ма Хайлян, Пекин: Қытай әлеуметтік ғылымдар баспасөзі, 1999, 216-бет.) «Парасат майданы» повесінің авторы дәстүрлі баяндаудың сюжеттік сабақтастығы мен тұтастығын бұзып, құрылымдық тұрғыдан кеңейту арқылы, адамды уақыт мен кеңістіктен алжастыратындай әсер береді. Нақтырақ айтсақ, курсив (баяндаушы мен хаттары) пен қарапайым әріптердің (күнделік авторы: психикалық науқастың күнделік мәтіні) өзара конверсиясы арқылы уақыт пен кеңістіктің шектеулерінен шығады. Автор басты кейіпкер мен оқырман арасындағы делдал ретінде - кейіпкердің күнделігін оқырманға көрсетуге және әңгімелеуші ретінде әрекет етуге жауапты сияқты. Басты оқиғаның кейіпкері күнделік авторы болса да екінші айтушыға айналады. Бұл енді оқырмандармен ойнайтын постмодерндік ойын. Мысалы:

“Мен бұл күнделікті таныс дәрігерден алғанмын. Ең ғажабы - күнделік иесін мен білетін болып шықтым... Автор бұл жазбаларды түбінде өзге де біреулердің оқуы мүмкін екенін жоққа шығармаған секілді. ...Оқырман назарына күнделіктің осы соңғы бөлігін ұсынып отырмын. Екі ұдай сезім құшағында - үміт пен күдіктің, шындық пен жалғанның арасында сергелдең болған жандарға, бәлкім, пайдасы тиер.”

Автордың постмодерндік үлгіде шығарма жазуы, белгілі бір стратегияны көздеген сияқты, ол - әрине орыс әдебиетінің дәстүрлі сарынынан алшақтап, жаңашыл қадамға баруы. Дәстүрлі әдебиет пен қатар жаңашылдық, өткен мен қазіргі қатар өріледі. Тәуелсіздіктен кейін «орыссыздандыру» аяқ алысы жеделдеп, әдебиетте «Идеологиялық шектеулер жоқ, жеке шығармашылықта ешкім шүйлігіп отырған жоқ». Дегенмен, 2020 жылғы Мемлекеттік сыйлықтың иегері Бақытжан Қанапиянов: «орыс әдебиетінен үйрену кең етек жайғанын жоққа шығара алмаймыз, ұлттық әдебиетімізді дамытуда орыстың әдебиеті алтын көпір болғаны рас» дей келе, «орыс әдебиетімен байланыс бәрібір үзілмейді... Біздің әдеби санамызды қалыптастырған орыс әдебиетімен байланысты үзетін болсақ, онда ол - балалық шағымыз бен сол кездегі достарымызды ұмыту, тіпті өзімізді де ұмыту деген сөз.» Ол «біздің рухани дүниеміз тек Абайдан нәр алып қана қойған жоқ, сонымен қатар, Пушкин, Цветаева, Платоновтан да нәр алған» дегенді ашық айтып, барша жұртты «атлантиялықтар сияқты, біз және болашақ ұрпақтарымыз үшін ортақ мәдени кеңістігіміздің аурасын сақтауға» шақырады.

Көзіміздің жеткені, қазіргі қазақ қаламгерлерінің шығармашылығы орыс әдебиетінің ықпалынан бөлінбейтіндігі сөзсіз. Кеңестік дәуірдегі социалистік реализм - реализм мен романтизмнің қосындысы деп есептелсе, Кеңес Одағы кезіндегі кітаптар мен мерзімді басылымдарға деген қатаң цензурасынан құтылған Жаңа Қазақстанда, жазушылар ой еркіндігін шектейтін рухани нормаларға тұсалып жүрген жоқ. Әдебиеттегі жаңашылдық пен ұлттық дәстүрді дамыту арқылы, қоғамдағы шынайы да өткір қайшылықтарды барынша көрсетуге тырысып келеді. Бірақ бұл қазақ жазушыларының мәдени санасына әсер етпейді. Олар енді «Ұлы орыс халқы әдебиеті» дейтін қарусыз-ақ, бірегейлікке қол жеткізіп, ұлтты береке-бірлікке шақыра алады. Әдебиет -қазақстандық ұлттық болмысты құру барысында елдің тәуелсіз объективті шындығын, оның тарихи мәдениетімен органикалық түрде байланыстыра алды. Халықты қауымдасуға жұмылдырып, біртұтас мәдени болмысын көрсете алды.

II.  Мәдени стратегия: ұлттық өзіндік сананың оянуы мен қиындығы

Тарихтың ұлттық жады - өткен, бүгін және болашақ арасына көпір салу. Дегенмен, Қазақстан тарихының ерекшелігі - қазақ жазушылары тарихтың шынайы мәнін әдетте кәсіби тарихшыларға қарағанда ертерек жасайтын сияқты, олар әрі тарихшы әрі зерттеуші де екенін көрсетіп келеді. Демек, тәуелсіздіктің 30 жылы тарих үшін түк емес, қазіргі әдебиеттің белгілі бір бейнелеу тәсілі ретінде, «әлеуметтік-тарихи өтпелі кезеңде, классикалық тарихи тақырыпты қалыптастыру арқылы «Тарихи гендік банктің» өткенін еске салады. Осылайша, тұлғалардың білімі мен біліктілігі арқылы, қиын кезеңдерден өтудің жолын табуға тырысады. Қазақстанның қазіргі ұлттық сана-сезімі мен тарихи жады әдеби тұрғыдан ерекше рөл атқарады. Яғни, әдебиетшілер - әлеуметтік-адамгершілік мәселелерді философиялық-эстетикалық деңгейде бейнелеп, бүгінгі күннің тыныс-тіршілігін қазақ жадындағы көне аңыздар арқылы бейнелеу, көшпенділердің рухани өмірі мен ерлік істерін жаңғыртуға баса назар аударып жатқан сияқты. Сол арқылы, романтикалық формамен тарихтан заманауи жауап іздестіру үстінде.

«Қазіргі тәуелсіз Қазақстан ежелден-ақ қазақтың жері.» (Н.Назарбаев.«Қазақстанның егеменді мемлекет ретінде қалыптасуы мен дамуының стратегиясы» 1992ж.) Ирландия әдебиеті ағылшын әдебиетінің төл дәстүріне ұқсайтыны сияқты, бір кездері отарланған қазақ жазушылары да орыс әдеби дәстүріне сырттай болса да қанық. Немесе «өз мүддесіне жақындау болса объективтеу, алыстау болса сол үрдіске қайта қосу» деген ұстаным. (ағылшынша Терри Иглтон: «Тарихтағы саясат, философия, эрос», аударған Ма Хайлян, Пекин: Қытай әлеуметтік ғылымдар баспасөзі, 1999, 209-бет.) Тәуелсіздік тұсындағы қазақ қаламгерлері рухани болымысын материалдық жазу арқылы танытуға тырысты, жат әдеби ағымды жергілікті ағымға сай етіп өңдеп, ұлттық болмысты қайта жасады.

Жазушының әдеби шығармалар жасау барысында қабылдаған мәдени стратегиясы, қазіргі қазақтың ұлттық санасының типтік көрінісі. Біз Т.Әбдіков шығармасынан, орыстық санадан бөлінген, өз алдына бір әдеби дискурс құруға күш салғанын көреміз. Осы себепті жазушы «батысқа бет бұр», «ішке қарай иіл» дейтін мәдени стратегияны ұстанған. Бір жағынан батыс әдебиетінің поэтикалық әдістеріне сүйеніп, батыс әдебиетінің болмысын бойына сіңіргенін көрсетсе, екінші жағынан саналы түрде үзінді келтіріп, ұлттық әдебиетке қайта оралуға тырысады. Тағы да «Парасат майданы» туралы айтсақ: Бұл шығармада Гоголь, Толстой, Достоевский сияқты орыстың классикалық әдебиетшілерінің сарыны бар, сонымен қатар, ағылшын жазушысы У.Шекспир (1564-1616), американдық ақын Уоррен (1905-1989), француз ақын Бодлер (1821-1867), жапон жазушысы Рюносуке Акутагава (1892-1927), үнді ақыны Ганди (1869-1948), неміс жазушысы Готфрид Де Бенн (1886-1956) және басқа да орыс емес жазушылардан еркін пайдаланған. Нақты байқағанымыз, шығарманың шығар түйінінде, орыстың жазушылары емес, батыстың У.Шекспирі мен Уорреннің сөздері қылаң береді.

«Парасат майданында» «мен» бір мақтаншақ аңшыны  психологиялық ауруханасынан жолықтырады, оның мақтанатыны - ата-бабасын орыс патшасы қабылдаған. Бұл сюжет - қазақтардың Ресей отарында ұзақ уақыт болғандығының метафорасы екені даусыз. «Адам өмірін тағы да көзге көрінбейтін ұлы және мәңгілік күштер анықтайтын сияқты. Ол контингентті шындықта шырмалған...» (Британия, Терри Иглтон: "Тарихтағы саясат пен философия" «Эрос» , аударған Ма Хайлян, Бейжің: Қытай әлеуметтік ғылымдар баспасөзі, 1999, 217-бет.) Дерттен жаңа айыққан жаңа Қазақстан, қазіргі заман жазушыларының қаламының ұшымен қайта тіріліп, бойына нәр жүгіре бастады. Сайын сахараның төсіндегі жайлау табиғаты мен жайлаудың тыныс-тіршілігін бейнелейтін «жайлау, жайылым және ауыл, қазақ тарихы және бүгін» деген сияқты сөздер, еркіндіктің өзекті образы сияқты. Кезінде орыс мәдени ағартушылығы басып тастаған сол қарабайыр мифтер жұртшылық пен оқырман қауымның назарына қайта ұсынылды.

«Қазақтың халық музыкасы, фольклоры, эпостары, ертегілері мен аңыздары уақыт пен саяси жүйеден асып түсетін күштер. Оның енді өлмесі анық.» Орыстың классикалық жазушысы Державиннің шығармалары сияқты, империялық Ресейдің кезіндегі атақты зерттеуші Шоқан Уәлиханов «патша салған сарайда алғаш рет мускусты жегенге дейін, жайлаудың ұмытылмас дәмін бойына сіңірген, жайлаудың әні мен тағамын татқан, көшпенділер эпосы мен жергілікті халық ауыз әдебиетінен қанып ішкен. Т.Әбдіков «Таласбай» дейтін ғұмырнамалық эссесінде: «... Ауадан да, судан да, шөптен де идеологияның исi аңқып тұрған кез.  Апамның зәресiнiң ұшқаны маған қызық болып көрiнiп: «Апа, құдай жоқ!» – деймiн жанына жетiп келiп. Апам елемеген адам болып, жылыстап, сыртқа шығып кетедi. «Апа, құдай жоқ!» –деймiн мен соңынан қуып жетiп. Апам түрi бұзылып, жалғыз ұлына ұрса алмай:«Қарағым, басқа бiр әңгiме айтшы», - дейтiн жалынып» деп, шешесінің тақуалығын суреттейді. Осыдан-ақ, Кеңестік кезеңдегі халық нанымының өзінде ислам дінінің ізі қалғанын білу қиын емес. Тағы осы шығармасында, дүниеде психикалық азапты өлшейтін құрал немесе қару жоқ, ал адамның рухани дүниесінің өсуі табиғи процесс екенін айтады. Әркімнің рухани өсуіне билік тарапынан насихатталып отырған ресми идеология ғана емес, қоршаған орта да әсер етпек. Салыстырмалы түрде, соңғысының ықпалы көп болуы мүмкін. Ауылдағы сол ақсақал, сол кездегі халық тұрмысының, ұлттық мәдени психологиясының типтік өкілі. Ол: «Қорлыққа да, зорлыққа да ет үйрендi. Үйрене алмайтының – жүректi қыжылдатқан бiр сағыныш. Құранның аяттарын, сүрелерiн сағындым. Кейде құран оқып отырған кездерiм түсiме кiредi», - дейді. Бұдан шығатын қорытынды, тек сенім ғана адамдарды өз жанының мекенін табуға мүмкіндік береді. Әбдіков шығармасында - өзінің болмысындағы ішкі қайшылықтары мен діни сенімдерінің арпалысын көрсетеді.

Жазушы Б.Қанапьяновтың «Бахчисарай» шығармасындағы: соққы алған, бірақ денесінде жарақаты жоқ жылан - қазақ ұлтының жат жұрттан зардап шегіп, құлдықтан жапа шеккенінің образдық метафорасы. Сондықтан да қорлық көрген, бірақ қайсарлығымен ел сыйына бөленген бұл қарияның бейнесі «меннің» бала жүрегінде мәңгі сақталып қалған. Қария «Бахчисарай, Бахчисарай...» деп көне қаланың атын көп қайталап, ыңылдап әнге сала беретін. Қазақ елінің тағдыры мен бастан кешкен қайғылы зары сияқты, заман жазушы Әбдіковтың мына ойының интерпретациясына көбірек ұқсайды. Мысалы Т.Әбдіков: «Жер бетінде құлағалы тұрған көне сарайдың қирандылары сияқты, жер бетіндегі ең жақсы және ең асыл нәрселмсавердің бәрі әлдеқашан тозған» - дейді.

«Парасат майданындағы» қарияның қызғыштай қорығаны - М. Жұмабаевтің «Пайғамбар» өлеңіндегі: «... Табынатын құр денеге жануар, болған емес жұмысы оның жанменен», - дегеніне ұқсап кетеді. Саған қарай адымдай басып келе жатқан «Пайғамбар». Қазақстанның тәуелсіздік алуы қазіргі қазақ әдебиетінің дамуы үшін ғана емес, сонымен қатар М.Жұмабаев сынды қуғын-сүргінге ұшыраған ақын-жазушылардың шығармалары қазақ әдеби әлеміне қайта оралып, ең қолайлы тарихи жағдайлар мен мүмкіндіктер жасап отыр. Алаш қаламгерлері мен олардың шығармалары кеңестік әдебиет әлемінде шектеуге ұшырады, кеңес одағы ыдырағаннан кейін ғана алашордалықтардың әдебиеті қалың елмен қайта қауышты. Дәл осындай шығармалар егемендік алған Қазақстан халқының өшкенін жандырып, өлгенін қайта тірілтті. Қазіргі заман  қаламгерлерінің ықыласына бөленген, әдеби нәрге айналатын да дәл осындай шығарма. М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ғалымы Светлана Ананьева «ХХІ ғасырдағы қазақ әдебиеті» деген тақырыппен берген сұхбатында: «ежелгі қазақ әдебиеті дәстүрі менің елімің ұлттық әдебиетін байытып келеді» деп атап көрсетті. Расында да, қазақ - әдебиеттен кенде емес, оның ауыз әдебиеті мен ана тілінде жазылған шығармалар жеткілікті, олар ежелден-ақ, әдебиеттің өлкесі боларлық қауқары бар. Ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан аңыз-әңгімелер, ел аузындағы ертегілер, жергілікті халық үшін өте киелі әрі құнды, шетел әдебиетімен оны салыстыруға да келмейді.

III. Әдамзаттық мәңгілік мәселелерді шешу жолындағы қазақ ұлты

Қазақ - тарихта буддизм, манихейлік және несториандық сияқты әртүрлі діндердің ықпалында болды. 10 ғасырдан бастап арабтардың ықпалымен ислам дінін қабылдады. Патшалық Ресей қазақ даласында орыстандыруды өркендету үшін православиелік шіркеу шалдырып, оларды шоқындыруға тырысты, десе де, нәтижесі сәтсіз болды. Сол себепті де, исламға түсіністікпен қарауға тура келді. Көшпеліліктен отырықшылыққа біртіндеп ауысуға байланысты, ислам діні бірте-бірте қазақ халқының, әсіресе, қалалық зиялы қауымның сенетін негізгі дініне айналды. Ислам ДСҰ-ға кіруге ерекше мән беріп, «ізгі істерге негізделген діни этиканы...» ұстанады. Жақсылық пен зұлымдыққа деген көзқарас мүміндердің мінез-құлқына әсер етіп, олардың тура жолға түсуінің маңызды өлшеміне айналды. «Адамдардың жақсылық жасауы немесе жасамауы, екі дүниеде құдайдың сүйген құлы болу болмауына байланысты, Алланың рақымына бөленуі оның ізгілігінде.»

Кеңес Одағының шекпенінен шыққаннан кейін, қазақ ұлты тәуелсіз Қазақстанға ғана тәуелді азамат мәртебесіне қол жеткізді. Олар елдің тарихи өзгерістерін тану және аумақтық шекараларды белгілеу барысында өзінің рухани баспанасын табуға тырысып келеді. «Қазіргі таңда Қазақстанда 17 діни секта тату-тәтті өмір сүріп жатыр, оның ішінде ислам, православие шіркеуі және протестантизм сынды үш ірі секта негізін қалаған. ... Қазақстандағы бірегей әрбір дін мен секта тамаша рухани құндылықтарға негізделе отырып, зайырлы ел болып қалуы керек», - депті Н.Назарбаев. Ынтымағы жарасқан этникалық және діни қарым-қатынастар тұтастай алғанда адамдарға және олардың дүниетанымы мен адамгершілік бағдарына әсер ететін қуатты рухани күшке айналады. «Біз, қазақстандықтар, тарихи тағдыр тәлкегін бастан кешіп, ата-бабаларымыздың қаны тамған қазақ жерінде ел іргесін қаладық. Қазақстан Республикасы өзiн демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтiк мемлекет ретiнде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы - адам және адамның өмiрi, құқықтары мен бостандықтары», - делінген.

Ирландия жазушысы Ж.Джойс сипаттаған ақыл-есі кем Дублин сияқты, Абдіков бастаған қазақтың бір дәуірлік жазушыларының кешулері бір, олардың рухани мекеін қайта оралуы да қиын сияқты... Өткенге көз жүгіртсек, ел тарихы мен өткен азапты жылдар салған тауқыметке жаңаша көзқарас орнату керек; олар өтпелі кезеңдегі имандылықтың жоғалуы, дінге деген көзқарастың төмендеуі сынды әлеуметтік мәселелердің куәсі болған жазушылар. Әбдіков шығармасында бейнеленген қорқынышты түс сияқты көлеңкелі әрі ашық реалистік көрініс адамды бей-жай қалтырмайды. Адам өз тағдырына шешім жасай алмайды, ол иррационалды элементтерге толы шындықпен күресуге дәрменсіз. Демек, рухани дағдарыс пен санадағы жатсыну әрекеті сөзсіз қалыптасады. Кең ауқымды тұтынушылық үрдісіне байланысты, бүкіл қоғам психикалық сарқылу мен жоғалту сезімін бастан кешіруде. Бұл жазушының элиталық тап ретіндегі көркем елесі емес, күнделікті өмірде болып жатқан шындық. Оған дәлел:

«Баспасөз беттерінде жарияланып жүрген неше түрлі хабарлардан әлдебір жан түршігерлік рухани күйреудің нышандары сезіледі.»...

«Газет оқудан қалдым. Бетін ашсаң болды небір сұмдық оқиғалар тасқыны сені жаңқа құрлы көрмей ала жөнеледі.»

Жоғарыда қазіргі қазақ қоғамының моральдық экологиясы суреттелсе, төменде халықтың айықпас ішкі хал-ахуалы суреттеледі:

«Жанымдағылар жайбарақат. Осынау жан төзгісіз былғанышты сабырмен «түсінгілері» келетін секілді. Заңдастырғылары келетін секілді... Біз қалыпты әрі шектен шыққан сәттердің қойыртпағында өмір сүріп келеміз, «ауру мен саудың ара жігін ажырата білмейтін кезең. «Көшеде жүз адам тұр делік, олардың әрқайсысымен сөйлесіңіз - барлығы дерлік өзін періште санайды.» Барлық жерде «экстатикалық өзімшілдік, хайуандық эгоизм, хайуандық қатыгездік, асқынған қызғаныш, мейірімсіздік, мақтаншақтық пен билік жарыса жанталасуда.» Жазушы бүгінгі күннің шектен шыққан моральдық жағдайын қолға үйретілмеген қасқырлар әлемімен салыстыра отырып, «Біз бәріміз де қасқырмыз... таза табиғи қалпымызды сақтай алмадық. Фауст сияқты ар-намыс пен тазалықты шайтанға саттық. Дәрмені таусыла айтпақ болғаны да сол ақ пен қарасы ауысқан әлемге шаққан мұңы. Қанша кейісе де, үміт оты бардай: «Кіршіксіз сәбидің жылаған дауысы анда-санда жан дүниемізді жаңғыртады», «лас әлемде ешқандай орын болмаса да».

«Кейбіреулер зұлымдықты жеңгің келсе, басқалармен күрес дейді». Ал Т.Әбдіков болса, әр адамның жақсы және жаман жағы бар, сен өз бойыңдағы жамандықтан арыл дейді. Былайша айтқанда, жазушы, әр адамның екі бағыты бар, бірі құдайға, екіншісі шайтанға барады. Біріншісі - ізгілік жолында арманға жету, екіншісі - азғындыққа бет алау. Ал осы екеуі әр адамның жүрегін мекендеп, қиян-кескі күресіп жүреді. Жазушы адамдарды бір-біріне көмектесіп, жамандықтан алшақтап, жақсылықты дәріптеуге шақырады. «Бір рух екінші бір рухтан медеу тауып... жан азабынан құтқарып жатса - бұл менің бақытым», психиатриялық ауруханадағы дәрігердің «менді» құтқарды, оның көмегі психикалық науқастың жанын алып қалды. Жазушының жақсылық пен жамандық қатар келгенде, жақсылықты барынша жырлауы, ақ қараны жеңетінін дәріптеуі ізгілікке деген құлшынысы екенін білуге болады. Ал жамандықты таусыла жырлаған жоқ, керісінше оған қарғыс айтып, аластауға тырысады.

Шығарма мәтінінде жазушы діни наным-сенімдерді қазіргі әлеуметтік мәселелермен күресу үшін тікелей пайдаланбай, өзгелердің жақсысынан үлгі алып, жақсылық пен жамандық туралы өзіндік көзқарастарын түсіндіру үшін, отандық және шетелдік жазушылардың ойларын мысалға алады. Мысалы, автор үнді жазушысы Махатма Гандидің «Күнәһарларды емес, күнәларды жеңу керек» деген атақты сөзін және француз неоромантик ақыны Бодлердің «Зұлымдық гүліндегі» әйгілі «Жақсылық - жамандық, жамандық – жақсылық» деген сөзін келтірген. Автор осы арқылы өз көзқарасын білдіреді. Шығарманың басында «Гамлеттегі» әйгілі сұрақ «қайда жатыр мәселе - ия, өмір, ия өлім» дегенді келтіріп, адамзатқа тән мәңгілік мәселені көтереді. Шығарма соңын ХХ ғасырдың атақты ақыны М.Мақатаевтің өлеңімен аяқтайды. Өлеңнің лирикалық қаһарманы бүкіл адамзатты зұлым дүниеден құтқаруды өзіне парыз санап, өлгенді артық көреді. Абдіков осы уақытқа дейін, өмір мен өлімнің қайсысын таңдау керек екендігіне өзіндік жауабын берген. «Парасат майданы» шығармасы қанша уақыт пен рухани дайындықтың, тіпті ойға келмес қаншама азаптың арқасында дүниеге келді екен деген сауалға, автор «ұзақ ойландым, бірер жылда туа салған дүние емес» деген, сонымен қатар, ол қазақтың ұлы ақыны Абайдың «Өлсем, орным қара жер сыз болмай ма?» өлеңі сияқты «екі күш арасындағы күрес» екеніне тоқталды. Осы тұрғыдан алғанда, Абай жазушының жақсылық пен жамандыққа деген көзқарасын қалыптастыруда рухани тәлімгері болған.

Жазушы басты кейіпкерді пайдаланып, зұлымдыққа өліммен күресуге деген жігерін көрсетіп қана қоймай, жақсылық пен зұлымдық арасындағы мәселені шешудің қазақша жоспарын, яғни «өзінің туылғаннан кінәлі екенін мойындап», жамандықтың жеңуіне тосқауыл болу үшін «тазалыққа, мінсіздікке ұмтылу керек» деген теріс пікірді жоққа шығарады. «Егер адамдар ізгілікке сеніп, қылмысқа қарсы болса, бір-бірімізді сыйласақ, әлемде соғыс пен террористер болмайды.» Бұл - жазушының адам баласының жақсылығы мен жамандығы туралы мәңгілік мәселесіне деген қазақи көрқарасы. «Қазақ романдарының өмірбаяндық сипатқа бай». «Парасат майданы» шығармасының бас кейіпкері қым-қуыт әлемде адасқан, мәңгілік мекенін таба алмай жүрген басқа планетаның адамын, мәнінде өзін іздейді. Кейіпкерлердің ішкі күйі - жаңа тәуелсіз ел Қазақстанның халықаралық қоғамдағы жағдайының белгісі. Виллевочкиннің «Гогольдің басы» сияқты жартылай шығыстық, жартылай еуропалық «мен» бар. Автордың әдеби шығарма арқылы айтпақ болғаны, Қазақстанның ұлы еуразиялық концепциясын образдық интерпретациялауы, қазақ мәдениеті мен орыс мәдениеті арасындағы айырмашылықтардың қатар өмір сүруінің шынайы бейнесі екендігі. Шындықтың жолы әр қашан күрделі, белгісіздікке толы, қазақ жазушылары әлі де болашаққа сеніммен қарайды, әдеби форма арқылы «сенімі, ұстанымы, құндылықтары мен мінез-құлқы ортақ қоғамды» құруға, жазушының жан-дүниесін қайта құруға ұмтылуда. Қазақ елінің бірегейлігі үшін тер төгуде.

VI. Қорытынды сөз

«Бұрынғы отарлау саясаты жер-әлемді дүр сілкіндірген тарихи өзгерістерден күш алып, өзінің бастамасын дәлелдеп, ойға қонымды тарихты қалыптастыра бастады», Қазақстан тәуелсіздік алған жылдардан бері халықаралық деңгейде танылған әдеби туындылар көптеп шықпаса да, жазушылар әдеби шығармашылықты «орыссыздандыру» арқылы өз бастамаларын көтеріп, өз әдебиетін дамытуға күш салуда.

Әрине, «орыссыздандыру» деген - орыс әдебиетінің ықпалынан толықтай бас тарту деген сөз емес. Мысал ретінде Т.Абдіковтің «Парасат майданы» романын алайық. Шығарма баяндау құрылымы жағынан да, характеризациясы жағынан да орыс әдеби дәстүрінің мұрагері. Дегенмен, орыс әдебиетінің ықпалын былай қойғанда, бұл шығарма Абайдың қара сөздері мен Жұмабаевтың «Пайғамбар» поэмасының және басқа да дәстүрлі қазақ әдебиетінің рухани жалғасы екені сөзсіз. Т.Абдіковтан бөлек, қазақ зиялылары да өзін дамытудың жолдарын іздестіру барысында аянбай тер төгіп келеді. Ол жергілікті дәстүр мен жат мәдениеттің арақатынасы - олардың айналып өтпейтін өзекті мәселесі. Шетелдік мәдениетпен қарым-қатынасты қарастыру, негізінен орыс әдебиеті мен орыс емес әдебиетке деген әртүрлі көзқарасты білдіреді. Біз зерттеп отырған шығармалар, қазіргі қазақ әдеби шығармаларының бір бұрышы ғана, бірақ ол бір жағынан: Қазақстан егеменді ел болғаннан бері орыс әдебиеті, қазіргі жазушылар үшін әлі де нәр алатын маңызды матрица болғанымен, ол енді кеңестік кезеңдегідей, бірден бір қайнар көзі емес. Себебі, бір жағынан Кеңес Одағында өскен қазақ қаламгерлері орыс әдебиетін оқып өскен оқырмандар, оның ықпалынан арылу қиын; екінші жағынан, соңғы 30 жылда орыс әдебиетіне қарама-қарсы еуропалық және американдық әдебиеттер қазақ әдеби нарығына еш қиындықсыз еніп кеткендіктен, қазақтар орыс әдебиетінен әдейі қашып, Еуропа мен АҚШ-қа бет бұрды. Сонымен, қазіргі әдеби үлгі қалыптасты. Бұл бір жағынан бытыраңқы көрінетін әдеби шығармалар, бір жағынан, қазақтың төл әдебиеті мен шетел әдебиетінің үздіксіз күресі мен интеграциясының жемісі, өзара мәдени әрекеттесуінің жемісі болса, екінші жағынан қазақтың ұлттық болмысы мен ұлттық бірегейлігінің белгісі. Ф.Кафка айтқандай: «Кішкентай ұлттың жады үлкен халықтың жадынан кем емес». Қазіргі қазақ қаламгерлері қазақтың «кішкентай ұлт» туралы жадын одан әрі жалғастырып, оны дүние жүзінің оқырмандарына көбірек танытуға тырысуда. «Қазақ әдебиеті - әлем әдебиетінің бір бөлігі. Адамгершілік, сүйіспеншілік сияқты қасиеттер дүние жүзіндегі адамдар үшін бірдей болғандықтан, қазақ әдебиеті тек біздің халыққа керек емес. Гуманистік құндылықтар барлығын біріктіруі керек.» Қазақтар орыс мәдениетінің ықпалын пассивті түрде қабылдаса, тәуелсіздік алғаннан кейін Қазақстан жаһандану үрдісін қарсы алу үшін әлемдік әдеби әлемге белсене араласуға тиісті. Өзіндік ұлттық-мемлекеттік болмысын қалай сақтап, батыс елдері үстемдік еткен осы толқында адасып қалмау - қазақ болмысының болашақ азабы болуы мүмкін. Жаңадан тәуелсіздік алған Қазақстанның мәдени құрылымына жаһандану үрдісі кеңінен тамыр тартып кеткен. Модернизация Қазақстанға көптеген кері әсерін тигізгенімен, модернизациядан бас тарту - көштен қалумен тең. Кеңес өкіметінен ажырап, ұлттық тәуелсіздікке қол жеткізген тұста, қазіргі Қазақстан мәдени қауым ретінде әлі де болса тіл, мәдениет пен тарихи жадты сақтайтын әдеби шығармаларды, ұлттық болмыстың құрылысын күшейту және өзіндік сана сезімін арттыру үшін пайдалануды қажет етеді. Бұл әрине - жаһанданудің кері әсеріне жауап беруге тиімді болу үшін.

  • Қытай ұлттық Қоғамдық ғылымдар академиясы жанынан шығатын «Шетел әдебиеті аужайын зерттеу» (New Perspectives on World Literature) журналы 2021жылы, № 6 санынан алынды.

  • Автордың қысқаша өмірбаяны: Wang Xiao Yu (Ван Сяоюй), Ph.D., Қытай Қоғамдық ғылымдар академиясы Шетел әдебиеті институтының ғылыми қызметкерінің көмекшісі. Негізгі зерттеу салалары орыс әдебиеті мен Орта Азия әдебиеті. Жақында жарияланған мақалалары: «Жан мен жад: Орталық Азиядағы екі совет жазушысы туралы» («Шетел әдебиеті зерттеулері», 2020 ж. 5).

Мақаланың түсіндірме қоры алынып тасталды. 

Қытай тілінен аударған: Нұрбек КЕҢЕСБАЙ.

 

Нұрбек Кеңесбай, 1991 жылдың түлегі.  ҚХР, Текес ауданында туылған, журналист, С.Торайғыров университетінің магистранты.

Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті ©Білге - Мәдениет пен өнер сайты