Нұрбек Тәлен: Ұқсастыққа қарсылық
«Тобыр - қоғамның жоғары сатысында тұрған белгілі күштерге бойсұнады. Олар өз беттерінше дербес ойлай алмайды. Солардың ішінде әлгілер үшін ойлайтын, ұлттық тобырлық сананы қалыптастырып, қоғамдық қозғалысқа келтіретін аз санды ғұламалар болады. Аз санды кемелдер қоғамды кесіп-пішеді. Қалғандары құп алады. Сөйтіп қозғалысқа түседі... Ал енді айтыңыздаршы, осы біздің ғұламаларымыз қайда, біздің кемеңгерлеріміз қайда?... Қайсымыз бір нәрсеге бас ауырттық, сонда біз үшін басын кім ауыртады?!»
- П. Я. Чадайев
Кейіпкер, деп жүргеніміздің көбі тобырлық сананың насихатшысы болып шықсашы? Ал, енді біреулері сәл шетін қимылымен оқшау тұрып-ақ, ағысқа қарсы жүзіп-ақ, әлдебір, атойшыл ой бұлқынысының бейнесі ретінде көзге түссеші!?
Алдыңғылары «заманға жаман күйлемек, замана оны илемек» дейтін мәнділікті еске түсірер. Немесе Асқар Сүлейменовше: «ду қол шапалақтаудан керең туады; ал шала мен аланың некесінен өзін қоғамның қорғаны санайтын опасыз пысқай туады; тексіздігін тектілікке теңгерер сегіз қырлы серілер туады; туады да, онсызда миы ашыған халықтан ми палау жасайды». «Соңғылары» әркімді заман сүйремек, заманды қай жан билемек» дейтіндей шүңет ойдың иіріміне тартқан «сүйрелмек» үшін емес, «билемек» үшін туған, сарабдал сананың айтқанын істейтін дарынды қаламның перзенті болмақ дүр.
Даралықтың адымын аштырмаудың бапасы - ұқсастық пен біркелкілікке кең жол ашу. Тобырлық сананың салтанат құрмағы үшін жалпылық сипатты түсініктердің туын желбірету-ақ жеткілікті. Сананы мешелдендіру үшін адамның елестету, қиялдау қабілетін құртуымыз, самғап ұшар қиял қанатын қырқуымыз керек. Ал қиял қанаты қырқылған адам - тобырдың артынан жүретін адам. «Тобырдың артынан жүретін адам, тобыр жеткен жерге дейін барады. Өз бетімен жүретін адам, бәлкім, адам аяғы баспаған жерге жетуі мүмкін» (Эйнштейн).
Түрі ғана емес, түсінігі де ұп-ұқсас болса, мөлшері мол болғанымен, оның аты ـ тобырлық топ. Мұндай топтың жетекшіл компос болары, қар бұзарлығы болмайтыны, ұқсастыққа еті өлсе, оның ақыры «қарағайға қырық бұтақ бітеді: біреуі ғана найзаға сап болады, қалғаны итаяқ пен саптаяқ болады» дейтін үкілі үмітті адырам қалдырып, тіпті, одан найза саптық біреуі де шықпайтындай жағдайға кез болатыны рас. Бұған, сіз, таңғалмаңыз.
Ұқсастық ـ ештеме тудыра алмайтындарды: жазаланбау үшін немесе «бәрекелдіге» ие болу үшін өмір сүретіндерді тудырады. «Егер адам жазаланбау үшін немесе атаққа ие болу үшін ғана қайырымды, өнегелі болса, бұдан ештеңе шықпайды» (Эйнштейн).
Өмірдің бір аты ـ науқан. Науқансыз өмір жоқ. Бір науқан ақырласса, келесі біреуі басталмаққа дайын тұрғаны. Ал науқанның күллісі өтпелі, өтпелі екен деп науқанға танауын желбіретпейтін тобыр тағы жоқ. Ілу де бірі болмаса, көбісі-ақ, науқанға ілесіп, «бөркі далаға кетіп, екі көзі алақтап, ессіз шауып бара жатқаны»...
Науқан өмір ـ науқаншыл әдебиетті тудырады, науқанның қызуымен науқаншыл әдебиет те бір мезгіл салтанат құрар. Әттең, оның да сол науқанмен бірге тез қартайатыны, жылдам өлетіні, қызуы тез тарқайтыны, қынжылтады да!
Алда-жалда қарағайға сап болар бір жарамдысы шықса, оның күні не болмақ?! «Ұлы ақылдылар әр қашан орташа қабылеттылердің жойқын қарсылығына ұшырайды. Орташа ақылды адамдар, соқыр нәнім-сенімге бас июден бас тартып, есесіне батыл әрі шынайы түрде өз ақылын пайдаланатындарды түсінбейді» (Эйнштейн) деудің кебін киер, әрине!
Бірақ, біздің таңдауымыз, бәрібір, орташа қабылеттылердің жойқын қарсылығына ұшыраса да, өміршең қуат табушы салиқалы ойға, ұлы әдебиетке түссер еді.
«Айтары бардың ойдан, ойланудың толғағынан қорқуының өзі мәдениетсіздік» (А. Сүлейменов).
Бір кейіпкер бар: сырты ізгілік дейтін әдемі сөзбен сырланған, бірақ «... сенің ізгілік туралы идеяң ешқашан орындалмайтын, сол себепті қоғамда үнемі қайшылықтар тудыратын өлі заң секілді» («Парасат майданы» Төлен Әбдік) дейтіндей қисын-қағиданы еске салатын ...
Бір кейіпкер бар: «жаман деп жүргенімізді жақсы деуге батылымыз жеткен күні біздің өмірімізде ұлы кезеңдер басталады» (Ф.Нитше) дейтіндей «одағай» ойдың ақиқаттын ишаралайтын...
Дәл қазір ойымызға жазушы Оразхан Ахметтің «Рақымбайы» (1982ж.) мен Қаусылқан Қозыбайұлының «Алғашқы адымда» (1957ж.) атты әңгімесі түсіп отыр.
Ілгерідегі орта мектеп оқулығына («Әдебиет» 2-бөлім «Шинжяң оқу-ағарту баспасы» 1998-жылы 6-ай) кірген екі әңгіменің тақырыбы бір болғанымен, айтары басқа болғандығы үшін де екі шығарманы әдейі қатар атадық.
Алдыңғы ғасырдың 50-жылдарының басынан, 80-жылдардың соңына дейін жалғасқан (шалғай-түкпір өңірлерде) еліміздегі шаруашылықтағы коммуналасу (кооператцияласу) науқанын арқау еткен екі әңгіменің айтар ойы екі басқа болыпты, оқырманға екі түрлі ой бағытын сілтепті.
«Алғашқы адымда» деп аты айтып тұрғандай шаруашылықтағы социялистік коммуналасу жолы-халықты нұрлы болашаққа бастаушы ақиқат жолы, дейтін идеяны дәріптегенін әңгімедегі Асқар мен Марияның күрес жолы пәш етсе де, өкінерлігі уақыт-төреші халықты нұрлы болашаққа бастайтын жол-шаруашылықты коммуналастыру жолы еместігін әлдеқашан дәлелдеп қойған-ды.
Ал Асқар мен Мариядай емес, Рақымбайдың жүні қызыл. Түсінігі тіптен бөлек. Елдің ақиқат деп таныған ісіне бұның кежегесі кейін тартады. Ел ілгері басса, керісінше, бұл кері тартады, көткеншектей береді. Оның мұнысы тағы қасақаналық. «Неге өзін-өзі қиыншылыққа батырғысы келетініне» ел ренжулі. Иә-әу, жалқау Рақымбайдың тірлігі ешкімге таңсық емес шығар! Бірақ, оның идеясы, түпкі ойы бір түрлі, елден бөлекше екенін оқырман әлі сезініп үлгірмеген.
Рақымбай - бір ақиқатты мықтап дәлелдеуші болатын: «Жалғандық сұлулықты жамылып жеңіске жетеді. Қаншама әдемі айтылған, қиыннан қиыстырылған жалған ойлар жеңілтек жолбасшыдай адамдарды адастырып жүр» («Парасат майданы» Төлен Әбдік) дейтіндей шетін ойдың ақиқаттығын дәлелдеуші болатын.
Малға кедей Рақымбай, ақылға кедей болмапты. Бағыт түзелгендегі Рақымбайдың да түзелуі ـ кейіпкер характеріне үлкен бұрылыс тудырған көркемдік тосын шешім-ді. Өзінің шын бейнесін ол сонда тапқан, жайшылықта көзге қораш, көңілге олқы Рақымбайдың соңғы кездегі қауырт қимылы (түзелуі) бәрімізді таңғалдырған. Тіпті оның жайшылықта аузынан тастамайтын «бейқайрат-бос әурешілік!» дейтін елеусіз айтылған мақалының өзінде үлкен ақиқаттың жатқанын мына жұрт ақыры түсінді-әу, сірә!? Мәнісін енді білді-әу, тәйірі!? түсінгендер: «Әй, Рақымбай!» деп басын шайқар, оңашада өзінше күлер... риза болар!
Айтып-айтпай, Қытай қазақ әдебиеті шаруашылықтағы коммуналасу дейтін қауырт науқанды Қаусылқан Қозыбайұлының «Алғашқы адымда» атты әңгімесі арқылы кекілінен сипап қарсы алып алыпты да, керісінше, Оразхан Ахметұлының «Рақымбайы» арқылы коммуналасу дейтін науқанның сауырынан сипап шығарып салған сияқты.