Әуезовтың Көк иті немесе Қодар не деді?
М.Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясында бір сюжет бар. Ол ат жалын тартып мінген Абайды ауыртып, оны ересектер қатарына қосқан оқиға – Қодардың өлімі. Сол оқиға барысында Құнанбай бастаған дала билеушілерінің зорлығынан басына өлім қаупі төнген Қодардың аузынан «көп ит бір жақ, көк ит бір жақ» деген бір ауыз сөз шығады. Мені қызықтырған осындағы «көк ит» деген сөздің мәні.
М.Әуезов «Абай жолы» роман-эпопеясын бастап жазған тұс (жоғарыдағы сюжетті жаратқан кезең) өткен ғасырдың жиырмасыншы-отызыншы жылдарына тура келеді. Ол Қазан төңкерісі мен екі рет отқа ораған дүниежүзілік соғыстың дауылы ұйытқый соққан кезең болатын. Гегелдің диалектикалық философиясынан туындаған «қарама қарсылықтың бірлігі» теориясы Маркстің көзқарасымен шыңдалып, Лениннің қолымен қоғамдық өзгерісте жаңа қырынан көзге түскен тұс еді. Бір мәдениеттің айдынында, бір жүйеде өмір сүріп келгеніне қарамастан, қоғам от пен судай отаспайтын екі арнаға жіктеліп, жіктеліп қана қалмай бірін-бірі еш аяусыз құртып, жойып жіберуге дейін бара жатқан болатын. Тарихты диалектикамен түсіндірген танымдағы мұндай бөгделену ушыққан төңкеріс пен саясат шеңбері ішінде ғана емес, жалпыбеттік шартсыз ақиқатқа айналған кезеңде болған.
Бұлар М.Әуезовтің таным көкжиегінде із қалдырмай қалған жоқ. Романдағы автордың қаламынан туған Қодар мен Құнанбай бастаған билеушілердің тартысында орын алатын ырғақ пен нәтиженің бар болмысы да осыны аяғақтайды. Бірақ, өмір мұндай қарапайым емес. Тарих диалектиканың заңдылығына ғана сия бермейді. Бұл түйінді жазушы ретінде М.Әуезовтің де бейсаналы тұрғыда аңғаратынында дау жоқ. Әйтпегенде, ол Қодардың аузына «көк итті» салмас та еді.
Басына өлім қаупі төнген Қодардың аузынан шыққан «көп ит бір жақ, көк ит бір жақ» деген сөз бір қарағанда тартыстың екі жағын түсіндіріп тұр. Оның бір жағы Құнанбай бастаған дала билеушілерін меңзесе, екінші жағында жалғыз басынан басқа ешкімі жоқ Қодар тұр. Бірақ, жоғарыдағы тіркестегі «көк ит» деген сөз «көп ит» дегенге қарама-қарсы «жалғыз» деген мағынаны білдіріп қана қалмайды. Бұл сөздің мағынасы одан әлдеқайда терең. Бұл жердегі «көк ит» деген сөз «жалғыз» дегенді ғана емес, «өзгеше», «басқаша» деген мағынаны да береді. Соңғы мағыналар таным тұрғысынан көпше мағынамен екі жақтылы қарсылас бола бермейді.
Гоголь бастаған орыс жазушыларының сыртқы күш Жаратушыны тылсым ретінде қарастырып, соның құдіретімен (Абайдың Қодардың өліміне жолыққаны сияқты сюжетпен) адамның көкірек көзін ашып, дін мен моральдың қос бірдей шыңдауынан шыққан біртұтас адами құндылықты тұлғалайтын тәсілге жиі баратыны бар. Осы дәстүрді бойына мықты сіңірген М.Әуезов романның желісінде Абайды есейту үшін немесе белгілі бір сыртқы күш арқылы Абайдың көкірек көзін ашу үшін Қодарға қатысты сюжетті пайдаланады. Бұлар енді бір қырынан М.Әуезовтің назарында Қодарға қатысты сюжеттің қоғамдық саяси тартыстан әлдеқайда күрделі қайшылық ретінде қарастырылғанын, сондай-ақ, Қодар образына жинақталған адам характерінің күрделілігін де түсіндіреді. М.Әуезов Қодардың аузынан шыққан «көк ит» деген сөзге билеушілер мен биленушілер арасындағы саяси теке-тіресті және одан да өзге дүниелерді қамтыған күрделілікті сіңірген.
Постмодернистік танымда ұқсастық пен парықтың түп мәнінен алғанда қарама қарсылыққа бармайтынын, олардың бірін-бірі қамтып жататынын, оларды қарсы қою танымда ақылдық «менге» сүйенген логосизмге бой алдыру екенін ескерсек, «көп ит» Қодардың аузынан шыққан «көк иттің» құшағына сіңіп жоғалып кететінін аңғарамыз.
Мен тілдің табиғатындағы тылсымнан қуат алатын мұндай күрделіліктің әдеби мәтіннен басқа еш жерде кездеспейтінін атап айтқым келеді. Ол, әсіресе, поэзиялық мәтінде көп ұшырайды.
Ardakh Nurgaz
Ақын, сыншы һәм драматург.