Әзімхан Тышан: John Keats-тың екі өлеңі

97abba99dc9a1b798e8f8aa9b47c73f0.jpg (1280×850)


Талантқа тағдырдың сауабы қашан да теріс келетін тәрізі бар. Ағылшын ақыны  John Keats(1795ж.–1821ж.) жарлы отбасында дүниеге келіп, жалғанның жарығын 25 -ақ жыл көрген жан. Солайда, ол осы азғантай ғана өмірінің ішінде ағылшын көгінде құйрықты жұлдыздай жарық етіп, артына өлмес өлеңдер қалдырып кетті. Жұрт оны батыстың романтикалық поэзиясының кемеліне келтірген зергері деп санайды. Назарларыңызға ұсынып отырған «Түн бұлбулы» мен «Ежелгі Грек құмырасы» оның ағылшын поэзиясының жауһары атанған атақты екі лирикалық өлеңі. Екі өлеңнің символдық бітімі екі басқа: бірі қозғалыстағы күй, енді бірі тыныш күй. Қозғалыс күйдегі бұлбұлдың құдіреті — сайраған үні; тыныш күйдегі құмыраның құдіреті — ыңсыз-жыңсыз тұлғасы. Бірі тұлғасыз үн, бірі үнсіз тұлға, сонда, екеуі де қиялға кереметтей қанат бітіреді.

«Түн бұлбулы» сегіз шумақтан тұрады. А дегенде-ақ «жүрегі сыздаулы» екенін аңғартқан ақын, бұлбұлдың үні тұла-бойын балқыта бастағанда, қайғысын ұмыту үшін аңыздарда айтылатын үміттің өзеніне қарай құлаш ұрады. Үміттің ең елгезек қолғанаты көңілдің масайрауы екені хақ, сол себепті, ақын өлеңнің екінші тармағында жүзім шарапты еске алады. Бұл шарап жәй шарап емес, жер астынан, табиғаттың өз тұнығынан шыққан жалғанның қайғысын ұмыттырып, жасыл жерді, жарық дүниені еске түсіретін шарап. Онда ақындық шабыт музаның да суы бар. Бірақ сол шақ реалға қайта оралған ақын, үшінші шумақта өмірдің, өз басының нақты трагедиясына көшеді. Тоғыз жасында әкеден, он төрт жасында шешеден, ілешала қалған бірден-бір сүйеніші нағашы атасынан айрылып, осы өлеңін жазар алдында ғана көкірек ауруы інісінің қыршынын қиған,  ақын өмір қайғысын ұмытайын десе де ұмыта алмайды. Оны ұмыттыруға үміттің суы да, жүзім шарап та ес қата алмайды. Қайту керек? — көз көрмес, құлақ естімеске кетіп, қарасын өшіру керек. Төртінші шумақта өлең пірінің қанатына шыққан ақын, бұлбұлдың соңынан шексіз қиянға самғайды. Бесінші шумақта армандағы осы қиянға да жеткен екен ақын, ұлы табиғаттың әсем дүниесін аралап, не бір көрікті гүлдерді көреді. Бірақ осы көрікті гүлдердің өзі де лезде ғайып болатын қас-қағымдық дүние. Олай болса, мұндай баянсыз дүниеде жасап әуре тартудың не керегі. Алтыншы шумақта ақын осы бір болмашы қуаныш бойын билеп тұрған шағында бұл дүниеден қарасын өшіруді ойлайды. Бірақ өлі жанға бұлбұл үнінен не мәзе? Сонымен, қараңғы түнек дүниеден безгісі келген, бірақ бұлбұлдың үнінен айырылғысы келмеген ақын жетінші шумақта ықыласын бұлбұл үнінің мәңгілігіне аударады. Замандар бойы хан да, қара да, «Тәураттағы» Руз ханыша, аңыздардағы  иен аралдағы сиқырланған арулар да осы үннен медет тауып, осы үннен ләззат алып келе жатқанын, ғасырлардың кешуі, адамзат дүниесінің өзгерісі оны жоюға дәрменсіз екенін, бұлбұл үнінің мәңгілікті жасайтынын ескерген ол, осы арқылы көркемдіктің мәңгіліктігін әйгілейді. Сол шақ ел-жұртынан айрылып айдалада масақ терген жалғыз ханыша, теңіз қиянындағы жалғыз арал, аралдағы жалғыз қорған, қорғандағы қамалып отырған жалғыз ару — осы көп жалғыздықтың өзінің де жалғыздық хәлін есіне түсірген ақын шарық ұрған қиял бұлты шарт сейіліп, реал өмірге күрт оралады. Бірақ өзі қайтып келгенімен, ой дүниесі әлі арман қиянында еді. Оқырманын да сол қияннан қайырғысы келген ол, өлеңнің соңын екі сұраумен түйіп, ой ұшығын онан бетер ұзаққа сілтейді де, кылт тынып қалады.

«Ежелгі Грек құмырасында» қиялға тізгін берілген. Жасыл жапырақпен нақышталып, жер-судың келбеті, мифтік әңгімелер образы өрнектелген ежелгі құмыра «ибалы қыз» (қазіргі шағы), «жер-судың тарихшысына» (өткен шағы), «уақыттың баласына» (келер шағы) баланып, осы бір үнсіз өлі зат өткен ұлан-асыр, қазіргі қызықты, келешегі шексіз жанды дүниеге айналып, осы арқылы көркемдіктің  мәңгілігі жырланады. Ағаштың түбіндегі қыз бен жігіт бірін-бірі мәңгі сүйіп, ән айтып, би билейді; сыбызғыдан тәтті күй сыңғырлайды; ағаштар жапырағы мәңгі көкпеңбек жасыл орманға айналады; таң атып келе жатады; тау қойнауындағы қалашық, құрбан шалуға шыққан қалашықтың барша жандары харекет қалыппен тегіс көрінеді. Мыңдаған жылдардың алдында мүрдемге кеткен бұл дүниенің бұлайша құлпыруы — көркемдіктің құдіреті, көркемдіктің мәңгілігі емей немене? Ақын өлеңнің соңын да осы ойды айқын түйіндейді.   


Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті ©Білге - Мәдениет пен өнер сайты